Жадымның мықтылығы арқасында аман қалдым

Бейсенғазы ҰЛЫҚБЕК

23.09.2021, 10:10

1829

Биылғы жылы кезіндегі Кеңестер Одағын дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасына отыз бес жыл толып отыр. Сол кездегі айтулы оқиғаға қатысқан жастардың алды алпыстан асып, қайсыбірі ел ағасы атанып, бүгіндері облыс  пен республикамызға танымал азаматтар қатарын толықтырды. Солардың бірі және бірегейі Сарманов Тоқтарғазы Халилулаұлы. Біздің жазғалы отырған кейіпкеріміз қазіргі күндері Семей қаласында тұрып жатыр. Жуықта жолымыз түсіп, Тәкеңмен біраз әңгімелесудің реті келген еді. Мен де сол бір сексен алтыншы жылғы оқиғаға қатысқан азамат болғандықтан, Тоқтарғазы Халилулаұлының айтқан әңгімесі, берген сұхбаты көңіліме жақын және әсерлі болып, қағаз бетіне түсірген едім.  

— Мен өзім Аягөз қаласында туған азаматпын. Кейіннен ата-анам жұмыс бабымен Тарбағатай (бұрынғы Ақсуат) ауданына көшіп барған екен. Сол өңірде 1972 жылы мектеп қабырғасын аттап, 1980 жылы сегізінші сыныпты аяқтап, Семейдегі құрылыс техникумына оқуға түстім. Осы техникумды аяқтаған соң, 1983-1985 жылдары әскер қатарына алынып, Отан алдындағы әскери борышымды өткеріп қайттым. Қазақтары басым өлкеде өскендіктен, сол уақыттарда орыс тіліне өте шорқақ едім. Дегенмен әскер қатарында жүргенімде орыс тілінде ойымды жеткізуге, пікірімді айтуға біраз төселдім десем артық айтпағандық. Әскерден қайтып келген соң, сол Кіндікті ауылында электрик болып жұмыс атқардым. Бірақ кезіндегі  алған білімім шамалы  көрінгендіктен, Алматы қаласындағы Ауыл шаруашылық институтына оқуға түсіп, ауыл  шаруашылығын электрлендіру мамандығы бойынша оқып жүрген уақыт болатын. 1986 жылы бірінші курста білім алып жүрген едім. Өзіммен бірге оқитын  Қызылордалық Сағымғали Мырзамұратов және Шымкенттік Қасқырбай Құрымбаев үшеуміз Тастақ ыкшамауданында пәтер жалдап тұрушы едік. 16 желтоқсан күні сабақтан келе жатқанымызда, бізге екі орыс жігіті көшеде жөнсіз байланысып: «Казахи, теперь вам хана», – деп себептен себепсіз шүйлігіп, дөрекі сөздермен балағаттап, намысымызға тиіскен соң, олармен сол арада қырық пышақ болып төбелесуге тура келді. Әскерде жүріп, қалай ұрып жығудың әдісін білетіндіктен, әлгі екеуін сылқита соғып, төбелес болған орыннан дереу қашып кеттік. Алайда әлгі екеуінің бізге не үшін тиіскендігін түсінбеген едік. Қойшы, ертеңінде сабаққа келгенде, Дінмұхамед Қонаевтың орнынан алынып, оның орнына Ресейден Колбин дегеннің келгенін бірақ түсіндік. Сонымен, келесі күні оқу корпусында жүргенімізде, Абай мен Фурманов көшелерінде қатты айғай-шу болып, біз жөнді сабақ оқи алмадық. Терезеден қарасақ, қазақтың қалың жастары қолдарында транспоранттар ұстап, ұрандатып өтіп жатты. «Менің Қазақстаным» әнін айғайлап айтып, алаңға қарай жылжып бара жатқанын көрдік. Бізді ә дегенде, оқу ғимаратынан шығармай, мұғалімдеріміз ұстап отырды. Біраздан соң, айғай-шу басылып, көше тынышталған соң, бізді «үйлеріңе қайтыңдар!» – деп сабақтан босатып жіберді. Қарыным ашқан соң, алдымен тамақтанып алайын деп, Тастақтағы пәтерімізге келдім. Апыл-ғұпыл тамағымды пісіріп, тамақтанып, қасымдағы бірге тұратын жолдастарымды күттім. Бірақ олар жуық арада келе қоймады. Сөйтіп, сағат тоғыздар шамасында Сағымғали мен Қасқырбай екеуі аласұрып жетіп келді. Айтқандары, алаңдағы жастарға барып қосылып, біраз ұрандатып келген екен. Келе сала дайындаған тамақты асығыс  ішіп, үшеуміз қалың киініп, алаңға тартып отырдық. Ол кезде алаң Брежневтің атымен аталатын. Жалпы, мен сабақта  староста болатынмын. Алаңға келсек, маған қарайтын студенттердің көпшілігі осында жүр. Егер нақтырақ айтсам: Ербол Жексембиев (Жамбыл облысы), Оразбек Қасымов (Семей қаласы) және Ерғали Қаятовты (Талдықорған қаласы) кездестірдім. Қасыма келген Ерболдың үсті-басы жағармай иісі  сасып тұр екен. Мұның не деп сұрасам: «Бағанадан он сегіз машинаны аударып, жағып жіберуге қатыстым», –  деп күліп тұр. Мен болсам: «Маған біреуін қалдырмадың ба?!» – деп  қалжыңдадым.  Біраз уақыттан кейін алаңның шетінде тұрған өрт сөндіруші машиналар бізге қарай қозғалып, үстімізге мұздай суық су шаша бастады, малмандай су болдық, өне бойымызға мұз қатып, қалтырап тоңа бастадық. Жастар болса, қолымызға іліккен  қиыршық тастарды алып,  топқа жақындап қалған машиналарға қарай лақтырдық. Біреуінің алаңның ортасына тақай беріп, моторы сөніп тұрып қалғаны. Мен және менің қасымдағы біраз жігіттер жүгіріп келіп, барлық күшімізді салып әлгі көлікті жабылып жүріп аударып тастадық. Және сол арада от қойып, машинаны өртеп жібердік. Жанымда жүрген Ерболға: «Міне, мен де сенің ізбасарың болдым», – дедім оған күле қарап. Бір уақытта қатарда тұрған әскерлер бұйрық алды ма, алаңдағы жастарға қарай қозғалып, лап берді. Қоян-қолтық ұрыс басталды да кетті. Қолымызға түскен түрлі заттарды бізге шабуылдаған солдаттарға қарай барлық күшімізбен аямай лақтыра бастадық. Олар болса, қолдарындағы қысқа әскери күректерімен қарсы келіп қалған қыздар мен жігіттерді ұрғылай жөнелді. Біресе оларды ығыстырып, кейде өзіміз артқа серпіліп алма-кезек ұрыс жүргіздік. Бұл әрекетіміз түн жарымы ауғанша жалғасты. Алаңдағы қар қан-жоса болды. Көпшілігіміз жарақаттанып, қан аққан жерлерімізді қасымыздағы қыздар көйлектерінің жеңдері мен етектерінен жыртып, таңып беріп жүрді. Таңға жуық шаршап-шалдығып, қарынымыз ашып, жарақаттарымызды таңып үйге қайттық. Түске жақын орнымнан әрең тұрып, сабаққа келдік. Келе сала өзіме қарасты  жиналған студенттерімді тексердім. Көбі келген секілді. Бірақ мұғалімдер келмей, неге екені белгісіз, сабақ болмады. Бәріміз жиналып, оқу ғимаратынан шығып, бізге жақын алаңға қайтадан келдік. Жиналған жастар кешегіден де көп екен. Сонымен қойшы, қайтадан ұрандатып топқа кіріп кеттік. Осылай солдаттармен соғысып жүріп, басымнан қатты соққы алдым. Есімді білмей құлап қалған екенмін. Абырой болғанда, мені солдаттарға бермей, қасымда жүрген екі қазақтың жігіті сүйреп, алаң шетіне алып келе жатқанда есімді жидым. Қазіргі Достық, бұрынғы Ленин көшесінде біраз жігіттер жиналып, қайтадан шеру жасадық. Дегенмен алаңға кіргізбеген соң, төмен жылжып Жазушылар одағына келдік. Ойымыз, сондағы ақылгөй ағаларымыздан ақыл-кеңес сұрамақ ниетте болдық. Бірақ ешкім шықпай қойды. Тек аз уақыттан кейін бір әйел адам ғана шығып: «Балаларым, сендер босқа құрбан болмандар», – деп егіліп жылап жіберді. Кім екенін әлі күнге дейін анықтай алмадым. Күндізгі екілердің шамасында алаңға жақындаған бізді, милиционерлер мен арнайы жасақ  тас-талқанымызды шығарып, таратып жіберді.  

   Желтоқсан оқиғасынан кейін мен оқуға жіберілмей,  үш айдай тергеуде жүрдім. Олардың қолына ұсталмасам да, группаны алаңға алып шықтың деп кінәлап, соны мойындатамыз деп, тергеуде неше түрлі амал-тәсілдер қолданды. Ұрып-соқты, намысыма тиетін қаншама сөздерді айтты, бір жазған анықтамамды қайта-қайта отыз рет жаздырды десем артық кетпегендік. Дегенмен жадымның мықтылығы арқасында қайталап  жазған қағаздарымды жаңылмай, сол күйінде жазып беріп отырдым. Жазғанымда сәл ауытқушылық кездессе, пәлеге қалатынымды іштей сездім (мектепте оқығанымда, математикадан үздік  болып, сонау Ригаға дейін олимпиадаға қатысқан едім).  Абырой болғанда, қаншама  айға созылған тергеу уақытының  аяғына дейін әйтеуір шыдадым. Күнде сұрақтың астына алатын орыс офицеры: «Сені түрмеде шірітемін», – деп айғайлаушы еді. Қалай дегенмен де аман-есен босанып шықтым. Тергеуде жүрген кезімде Бейіл Бекбаев деген азаматпен таныс болдым. Ол байланыс техникумында оқиды екен. Бір-бірімізге әрқашан тірек, демеуші болып жүрдік. Ол азамат та сотталмай құтылып кетті.

   Мұндай оқиғалар сол кезеңде жалғыз менің басымнан ғана өткен жоқ, мен секілді сол Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың көпшілігінің тағдырында кездесті. Қаншама ұл-қыздарымыз осы тәуелсіздік жолында құрбан болды. Қазіргі күндері сол бір Желтоқсанның ызғарлы күндерін есіме түсірсем жүрегім ауырады. Неге десеңіз, із-түзсіз, іздеусіз, сұраусыз жоғалып кеткендері қаншама. Сол кездегі Компартияның диктатуралық жүйесіне қарсы шығып, қатып қалған заңдылықты өзгертуге болатындығын көпшілігімізге дәлелдеп кетті емес пе! Алаңда болған сол күндердегі  жастар тәуелсіздігіміздің алғашқы қарлығаштары ретінде ойымызда осы күнге дейін сақталып келеді. Еліміздің алдағы келер  жастары да сол бір қанды Желтоқсан оқиғасына қатысқан  әпкелері мен ағаларының ерен ерліктерін  ұмыта қоймас, –  деп ойлаймын  үнемі. Қазір мен Семей қаласында тұрып жатырмын. Осы облыстағы JELTOQSAN – 86 қоғамдық бірлестігінің төрағалық жұмысын атқарып жүрмін. Отбасымда үш балам бар. Тәуелсіз еліміздің үлгілі отбасының бірі ретінде тұрмыс кешудеміз.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Бекболат ТАСБОЛАТҰЛЫ 22.10.2021, 15:44
Ескерусіз қалған ерлік
Жарас СӘРСЕК 22.10.2021, 10:16
Құрышпын деп жүргенің құрып кетсе-қайтесің?
Жарас ШӨКЕ 22.10.2021, 09:03
Боксшы қыздар нені бөлісе алмай жатыр?
Сайт әкімшілігі 20.10.2021, 18:56
Айман Алдаш зерттеулеріндегі терминология және аударма мәселелері
Фархад ОМАРБЕКОВ 20.10.2021, 15:17
Қожанасыр. Қожа – ғасыр
Бифат ЕЛТАЕВА 20.10.2021, 14:00
Әлеуметтік желіде «жалдамалы жазбалар» көбейіп барады

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31