Жанат Бақыт: «Қазақи киімді тек наурыздың 22-сі күні киетін әрекетіміз ұнамайтын»

Бифат Елтаева

25.01.2022, 14:28

3658

Телевизия саласында қазақы нақыштағы киімдерімен есте қалған тележүргізуші, бүгінде бірнеше кәсіптің тізгінін ұстап жүрген кәсіпкер Жанат Бақытпен әңгімелесудің сәті түсті.

– Жанат ханым, сізді бұрыннан телевизия саласындағы журналист ретінде танитынбыз. Не себепті жұмысыңызды ауыстырдыңыз?

– Иә, телеарна саласында 12 жыл жұмыс жасадым. Бірнеше арнада, түрлі бағдарламалар, жаңалықтар жүргіздім. Қазақта «Тұрған су сасиды» деген сөз бар. Түсінгенім, өмірде бір орында тұрып қалмай, ағысымен бірге жүру керек.

Менің мамандығым – тіл маманы. «Телеарна жүргізушісі болам-ау» деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Алла Тағалаға бір шүкіршілік ететінім, әрқашан керек сәтте мені керек жерге жетелейтіні.

Студент кезімде қыз сыны байқауына ойламаған жерден қатысып, сол сыннан сүрінбей өтіп, бірінші орын алдым. Ал ертесі телеарнаға шақырту келді. Кастингке бардым. Сөйтсе, бағдарлама эфирге шығуы керек болған екен. Бәрі дайын. Ал жүргізуші сол сәтте басқа қалаға кетіп қалып, жүргізуші іздеп жатыр екен. Аяқасты мені эфирге кіргізіп жіберді. Өзіме беймәлім «телеарна саласының қазанында» осылай бірге қайнап кеттім.

Дәл солай 2005 жылы тағы бір арнада тұңғыш рет қазақ тілінде жаңалықтар шығатын болып, диктор іздеп жатыр екен. Бағымды сынап көрейін деп түйіндемемді апарып едім. Сол бойда өтіп кетіп, жаңалықтар дикторы болып жұмысқа орналастым.

– Сән үйіңіздегі киімдеріңіз ерекше қазақы үлгіде шығады? Бұл стильді таңдауыңызға не себеп болды?

– Жаңалықтарды есіңізде болса, қазақи нақыштағы камзолдарды киіп жүргізетінмін. Әрине басшылық тарапы қарсы болды. Бірақ қазақи киімді тек наурыздың 22-сі күні киетін әрекетіміз ұнамайтын. Сол себепті бұл стереотиптен арылу үшін күнде кие бастадым.

Қазақстанның түкпір-түкпірінен түрлі дизайнерлерден сыйға қазақи камзолдар келе бастады. Көптігі сол, шифонеріме сыймай қалды. Енді құрбыларым, көрермендерім қызығып қазақша киіне бастады.

– Аяқастынан кәсіп ашу қаншалықты қиын болды?

– Бірде «Неге дүкен ашпасқа?» деген идея келді. Кәсіптегі керек қасиет, идея келді. Үйден шықтым да, қаланың шет жағындағы бір сауда орталығынан жалға бутик алдым. Қалтамда 100 мың теңге екен. 50 мыңын жалға алған бутикке төледім де, ескі киім киіп ішін ақтап, үйден жиһаз апарып, сөремде сыймай тұрған киімдерді әкеліп қойдым. Қазақша киім тігетін дизайнерлер де көмек берді. Осылай кәсіп басталды. Әрине оңай болмады. Себебі — сатушы да, СММ маман да, курьер де, еден жуушы да өзім едім. Әрі бұл кезде телеарна саласында емес, прокуратураның баспасөз хатшысы қызметін қоса атқардым.

Бірақ екі кеменің басын ұстап жүру қиын болды. Таңдау жасауға тура келді. Қиын болса да еркіндікті, яғни кәсіп саласын таңдадым. Жүрегімді тыңдағаныма ешқашан өкінбеймін.

Қазір «100 мың теңгемен кәсіпті бастап едім» деп айтсам ешкім сенбейді. Сенбейтін несі бар? Ниет дұрыс болса, әрі жеңілмей, күн-түн демей еңбек етсең, бәрі мүмкін. Ал ниетіңді кір шалып, біреуге бірдеңе дәлелдеу үшін, мақтаныш үшін бизнес бастасаң, 100 мың емес, миллиардтарың болса да түбі банкрот боласың.

– Өміріңізде қатты өкініп, қателігіңізден сабақ алған кезіңіз болды ма?

– Жоқ, ешқашан. Өкінуге қақым жоқ. Алла Тағала өзінің жаратқан ғажап жаратылысына көре алатын көз берді, он екі мүшемді сау етіп өмірге әкелді. Қайырымына – Алғыс, Шүкіршілік айтуым керек емес пе? Өкінішпен күнімді өткізсем күпіршілік болмай ма?

Кешегі күніміз өлген адамды тірілтумен пара-пар, ертеңгі күн-сағым. Бұл екеуінің ортасында мен үшін бары – БҮГІНГІ КҮН, ҚАЗІРГІ СӘТ. Сол себепті Құдайдың берген әр секундынан ләззат аламын. Жанталаспаймын. «Бұйырған кетпейді» деген сөз бар, несібем болса бұйырады.

– Қазіргі таңда өзіңіз де хабардар шығарсыз, коуч-тренинг жасайтын әйелдердің саны артып кетті. Оның ішінде белгілі ханымдар да, алаяқтары да бар, соның барлығына қыз-келіншектер көп алданып, қаржыларынан айырылып жатыр. Осындай тренингтерге әйелдер алданып қалмауы үшін нені білгені жөн деп ойлайсыз?

– Сұраныс бар жерде ұсыныс бар. Сұраныс болған соң болар көбейіп кеткені. Шыны керек, ешкімнің тренингіне қатысып көрмеппін. Сол себепті не үйрететінін білмеймін. Себебі менде бос уақыт болмады. Тренинг деп шапқылап жүрсем, мешоктарымды кім көтерер еді? «Тәрбиесіз алған білім –– адамзаттың қас жауы» деген сөз бар. Сол секілді сырттың пікірімен жүріп, шешім қабылдай алмау адам үшін өте қауіпті мінез. Көп қыз-келіншектің бойынан байқаймын, жекеге «Былай істесем бола ма?» «Бастайын ба?» «Тастайын ба?» деген сарында көп хат келеді. Не үшін өзгенің өмірі үшін біреу жауапкершілікті мойнына алу керек? Әр болмыс шешімді өзі қабылдамай ма? Екі ортада әккілерге ұрынады. Сосын байбалам салады. «Миллионер болам деп қанша дұға жасасам да» онымнан түк шықпады» дегендей көп хаттар келеді. «Әй, әрекет жасамасаң, еңбек етпесең, ұйықтамай тілек тілесең де түк табыс таппайсың ғой» деймін мен. Еңбек ет. Біреудің ақылын тыңдамай-ақ бос уақытыңда кітап оқы. Ата-бабамыз жазып кеткен даналықты санаңа түй. Міне, сонда рухани да, материалдық тұрғыда да өсесің. Ал бір адамның рухани өсіп, есеюі – мыңға көмек. Бір түйір сіріңкенің бір қорапты өртейтіні секілді. Сөздің шыны керек, жұмысшы іздесең таппайсың, бәрі жеңіл жолмен ақша тапқысы келеді. Тіпті, осы 5-6 жылда «қасыңызда жұмыс жасап, бірдеңе үйреніп, кәсіп ашсам деп армандаймын» деген бір жас келмеді. Егер келсе, адал жұмыс жасаса болды. Барымды беріп үйретер едім. – Сізге негізі қай жұмысыңыз ұнайды? Дикторлық па, әлде кәсіпкер болған ба?

– Телеарнаға шықпағалы көп жыл болды. Жақында үлкен жоба жүргізуге ұсыныс түсті. Алла қаласа, қайта эфирге шығып қалармын. Оны уақыт көрсетер. Кәсіпке келсек, шүкір, жүйеге қойылды. Әр өңірде дүкендерім бар. Алайда салыстырмалы түрде келсек, кәсіп-кәсіпкердің ішінен шыққан баласы іспеттес. Сондықтан әлбетте кәсібім жақын. Қазір рухани қырымды шыңдау үшін уақытымды көбіне оқу-тоқуға арнап жүрмін.

Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Бифат Елтаева

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Бифат ЕЛТАЕВА 20.05.2022, 14:08
Бақыт Әмірбек: «Ескі әндердің орны әрқашан бөлек»
Әділ АҚЫЛБАЙ 20.05.2022, 10:40
Киелі жердегі мәдениет фестивалі
Айнұр ӘЛИ 17.05.2022, 11:25
Dаrknet: қараңғы әлем
Бекен КӨКІШҰЛЫ 17.05.2022, 08:57
Халықтың ұлы
Дос КӨШІМ 13.05.2022, 14:10
Түлкі мен тырна
М.СӘУЛЕБЕК 13.05.2022, 08:58
Мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын шалғайдағы ауыл халқы көріп отыр ма?

Аңдатпа


  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01
  • Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
    23.05.2022, 10:30
  • Мусин міз бақпайды
    19.05.2022, 08:52
  • Сор болған стрестік активтер
    19.05.2022, 08:56