Жандостың әдемі әлемі

17.07.2018, 13:30

649

Қазақ киносына Жандос Құсайын атты жас келді. Дұрысы, жазу-сызуға, режиссерлік кәсіпке сонау 2007 жылдан араласа бастаған ол араға он жыл салып, яғни нағыз орда бұзар шағында өзін көрсете бастады. Ең бастысы, сонау 90-жылдары бой көрсеткен  «жаңа толқыннан» бастап, басқаша сипат иеленіп, өз қағынан өзі жеріп шыға келген қазақ киносы енді өз топырағына, өз табиғатына қайта бет бұрар деген үміт оянды. Ал бұлай деуімізге не себеп? Тырнақалды туындылары көзіқарақты көрермен назарына іліге бастаған Жандос Құсайын туралы біз не білеміз?Білетініміз, Алматы облысының Балқаш ауданы Желтораңғы ауылында дүниеге келген. Жастайынан әдебиетке құмартып, том-том кітаптарды жата-жастана оқыған. Сөз киесі бойына осылай сіңген жас ұлан сұлулыққа құштар, өнерге жақын болып өседі. Сөйтіп, ауылдағы қоңырқай, бірсарынды өмірге мойынсұнғысы келмей, аңсары қалаға ауады.  «Мен әрқашан әдемі өмір сүргім келетін, қызыл-жасыл, жалт-жұлт салтанатты жаным қалайтын. Үнді киноларындағы әдемілікті айналамнан көре алмаған соң, сондай сұлулықты кинода жасау керек екенін түсіндім. Ол менің 10-11 жастағы кезім болса керек», – дейді өзі.Арманы алысқа алып ұшып, ауылға сыймаған жасөспірім 14 жасында  Қаскелеңдегі әпке-жездесінің қолына келеді. Үлкен ортаға деген құштарлық қиындыққа да қаратпайды. Өзі айтпақшы, ол кезең Жандостың есінде мектеп пен үй арасындағы төрт шақырымға жуық жерді жаяу жүріп өтуімен есте қалған көрінеді. Сөйтіп жүріп еркін күрес үйірмесіне де қатысып үлгереді әрі кино түсіруге деген ынтызарлығын да жоғалтпайды. Мектепті бітірген бойда Т.Жүргенов академиясына келеді, бірақ шығармашылық конкурс өтіп кеткендіктен кеш қалады. Содан қаланы аралап жүріп, Абай атындағы педагогикалық университетке кез болады. Сұлулыққа құштар баяғы әдетімен оқу орнының ғимаратынан көз айыра алмай қалады. Сол сәтті енді: «Қандай керемет! Мен осы әдемі ғимаратта оқығым келеді дедім де, құжат қабылдап жатқандарға бардым. Мектепте физика, математика пәндерін жақсы оқығанмын. Сөйтіп, сол факультетке тапсыра салдым. Қызық болғанда, грантқа оқуға түсіп кеттім», – дейді күле әңгімелеп.Сол бойы ғылым жолымен кетер ме еді, кім білсін, кездейсоқ жағдай болмағанда… Айтуынша, жазғы демалыс кезінде жұмыс істемек болып  жатақханада қалып қояды. Бірақ ыңғайлы ештеңе табыла қоймайды. Содан бір күні «Алматы ақшамынан» «Жастарды кино түсіруге шақырамыз» деген хабарландыруды көріп қалады. Көрсетілген мекенжайға салып ұрып барса, Еркін Рақышев атышулы «Жаралы сезімін» түсіргелі жатыр екен. Нағыз «іздегенге – сұрағанның» кері келеді. «Еркін ағаның Субару импреза деген ескілеу көлігі болатын. Содан қашан кино түсіріліп біткенше, яғни бір жыл бойы соның алдыңғы орындығынан түспедім», – дейді Жандос.Әуесқой жастың кино әлеміне қадамы осылай басталады. Ары қарай «Хабар» агенттігіне «Кеш қалмаңыз» бағдарламасына режиссердің көмекшісі болып орналасады. Өзінің сөзіне жүгінсек, әуелде барып кел, шауып келге мәз болып жүрген бозбала рекордтық мерзімде, яғни бас-аяғы 7-8 айдың ішінде қоюшы режиссер болып шыға келеді. Бұл үшін, әрине, кезінде өзіне үлкен сенім арта білген Серік Абас-шах, Мұрат Бидосов, Назым Басқынбаева, Шара Дәуірханқызы сияқты аға-әпкелеріне алғысы шексіз. Аға буын әріптестерінің сенімі өз алдына, бұл ретте, табиғатынан зерек Жандостың терең дүниетанымы, жиған-терген білімі көп көмектескені анық. Осылайша алғыр жас телевизия саласындағы жаңа технологияларды да тез меңгере білді. Әртүрлі мерекелік және ағымдағы мюзиклдерден бастап, «Орталық Хабар», «Сонымен солай дейік», «Дудар-ай» сыңды басқа да көптеген бағдарламаларға режиссерлік етті. Аталмыш арнада он жылдан астам қызмет етіп, кәсіби тұрғыда шыңдалған Жандос сонымен бірге «жер бетінде мысқалдай болса да, жақсылық пен сұлулық жасауға себім тисе...» деген арманынан да қол үзген жоқ. Сол үлкен арман оны ақыры киноға алып келді. Сөйтіп, көркем фильмдер, деректі туындылар түсіре бастады. «Қазақстан» ұлттық арнасы, «Асыл арна», КТК арналарының тапсырысы бойынша түсірілген «Әли», «Көке», «Сергелдең» фильмдері Жандос Құсайынды қазақ қоғамына тән өзекті мәселелер қаузалған, ұлттық нақыштағы мағыналы дүниелерге бара алған суреткер ретінде танытты.Ал жақында ғана өткен халықаралық «Еуразия» кинофестивалінде тұсауы кесілген «Шабдалы» фильмі жас режиссерді жаңа бір қырынан көрсетті. Жандос бүгінгі киногерлер назарынан мүлде тыс қалып отырған бір жайт, атап айтқанда, киноны таңдаулы әдеби шығармалар желісіне құру мәселесіне көңіл аудартты. «Шабдалы»  белгілі жырау Алмас Алматовтың осы аттас әңгімесі негізінде түсірілді. Жастайынан әдебиетке жақын, өзінің де сатиралық өлеңдерді түрте жүретін өнері бар, кино сынына да қалам тартқан Жандос бұл фильмнің сценарийін өзі жазыпты. Соған орай, әрине, авторлық біраз өзгертулер, қосымша детальдар да қосқан.Осы фильм туралы фейсбукте «Шабдалы десе  – шабдалы. Тәтті, сөлді» деп жылы пікір қалдырған Бекболат Тілеухан туыстық қарым-қатынас, ата-анаға құрмет, дүниеге де, мансапқа да қаратпайтын шынайы махаббат, қазақы кең пейіл мен өміршең салт-дәстүр бір-бірімен тұтасып, шебер әрі табиғи түрде киноның өне бойына тұтасып тұрғанын айтыпты. Айтса айтқандай, режиссердің шығарманы экрандауға кірісуіне де ондағы ұлт тұтастығын ұлықтайтын идея түрткі болыпты. «Қазаққа тән мінез-құлық пен қарым-қатынастағы кейбір нәзік мәселелерді басқалар түсіне бермеуі де мүмкін, түсінуі шарт та емес шығар. Өзім ең әуелі қазаққа түсінікті, қазақ үшін маңызды фильмдер түсіргім келеді», – дейді Жандос. Ол сонымен бірге бүгінде ойдан сценарий құрау, сюжетті голливудтық шарттылыққа құру үрдісі белең алып бара жатқанын жоққа шығармайды. Өз есебінше, қазақ әдебиетінде киноға сұранып тұрған шығармалар жетеді және көпшілігі заңдылыққа сай. Тек сәтті адаптация жасалса болғаны. Ал адаптация – көп еңбектенуді қажет ететін өте қиын процесс. Жандос болашақта С.Шаймерденнің «Қарғаш», М.Гумеровтің «Құпия дәптер», Б.Соқпақбаевтың «Он алты жасар чемпион» шығармалары бойынша кино түсіргісі келеді. Негізі, режиссер қандай болуы керек деген мәселеде әлемде екі түрлі пікір қалыптасқан екен. Бірі – «режиссерге жазудың қажеті жоқ, тек суретшілік қасиеті болуы шарт» десе, екінші пікір – «режиссердің жазушылық қабілеті болуы тиіс» дегенге саятын көрінеді. Жандостың көкейіне қонатыны да –  екінші пікір. Дегенмен «Кез келген шығармашылықтың төркіні бір. Ол  мейлі сурет, мейлі музыка, мейлі әдебиет арқылы болсын, қандай да бір мәселеге қатысты өз көзқарасыңды білдіру ғой. Кино синкретті өнер болғандықтан, әрине, сәл күрделірек. Бірақ оны да игеруге болады», – дейді Жандос.Үздіксіз іздену, талмай еңбектену арқылы айрықша қолтаңбасын танытып үлгерген талапты да талантты жастың асар асуы әлі алда. Ең бастысы, Жандос Құсайын бекзат өнердегі дара соқпағын тапты, бала кезінен аңсаған өзіндік әдемі әлемін қалыптастырды. Тек тани білсек, жауапты жүк арқалата алсақ болғаны.Фото: kerekinfo.kz  
Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 20.03.2023, 10:33
Тоқаев Елена Рыбакинаны жаңа жеңісімен құттықтады
Сайт әкімшілігі 20.03.2023, 08:34
Елена Рыбакина әлемдік рейтингте өз рекордын жаңартты
Кәкен ХАМЗИН 17.03.2023, 07:20
Есімде, бәрі есімде
Кемел ЖАН 17.03.2023, 05:30
Берлин көрмесінің көзайымы
Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ 16.03.2023, 17:53
Ғаламдағы адам
Асқар ТҮКБАЕВ 16.03.2023, 10:11
Қазақ мультфильмінің атасы – Әмен Қайдаров

Аңдатпа


  • Сайлау– 2023: Бір өкініш, Бір үміт...
    06:56
  • Оқшауланған Ресей: Путин тұтқындала ма?
    06:37
  • 13-премьер: құт па, жұт па?
    06:45
  • Қандай елде өмір сүреміз?
    17.03.2023, 05:35
  • Сайлау: Мойның жуан болса мақтан, жіңішке болса - сақтан!
    17.03.2023, 05:28