Жәнібек жарады!

Жамал ҚАМАШ

16.11.2022, 11:45

883

АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында кәсіпқой бокс кеші өтті. Сол жарыстың басты жекпе-жегінде қазақ боксшысы Жәнібек Әлімханұлы мен ұлыбританиялық Дензел Бентли жұдырықтасты. Олар орта салмақтағы WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын сарапқа салды.

Дензел Бентли1995 жылдың 29 қаңтарында Лондонда туып-өсті. Әуесқойлар арасында пәлендей табыстарға қол жеткізе алмағаннан кейін кәсіпқойлар арасында бақ сынауға бел буды. 2017 жылдың күзінде Касей Блэйрды бірінші раундта ұрып жығып, көпшілік назарын өзіне аударды. Одан кейін қатарынан 13 бәсекеде өз қарсыластарынан басым түсті. 2020 жылдың 12 қыркүйегінде Марк Хефронмен тең түсті. Арада екі ай өткеннен соң дәл сол боксшыны ұтқанымен, келесі жылы Феликс Кэштен нокаутпен жеңілді. Соңғы үш жекпе-жекте Бентлидің Сэм Эванс, Линус Удофия және Маркус Моррсионнан мерейі үстем болды. Кәсіпқой рингте ол барлығы 19 кездесу өткізіп, 17 рет жеңіс тойын тойлады. Дензелдің екі дүркін Ұлыбритания чемпионы деген атағы бар.

Жәнібек Әлімханұлы 1993 жылдың 1 сәуірінде Алматы облысы Алакөл ауданының Жыланды ауылында дүниеге келді. Бокстың әліппесін ол Мұрат Сиқымбаев сынды білікті бапкерден үйренді. Сондай-ақ оның мықты спортшы болып қалыптасуына Қанат Сиқымбаев пен Дастан Сәдуақасов сынды жаттықтырушылар елеулі еңбек сіңірді. Әуесқой рингте Әлімханұлы өзін түбегейлі мойындатты. Алматы қаласындағы «Шаңырақ» ықшамауданында орналасқан спорттағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатта тәлім-тәрбие алған ол 19 жасында ересектер арасында Қазақстан чемпионы атанып, ұлттық құрама сапына қабылданды. Республикамыздың бас командасы сапында әлем және Азия чемпионы атанып, Азия ойындарында алтын медальді иеленді. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарында өнер көрсетті. Сол жарыстың ширек финалында ойда жоқта әзербайжандық Камран Шухсуварлыға есе жіберді. Осы сәтсіздіктен кейін дарынды боксшы кәсіпқойлар арасында күш сынасуға бел буды.

Кәсіпқой рингте 12 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен Әлімханұлы сегіз қарсыласын есінен тандырды. Биылғы жылдың 21 мамырында ол Ұлыбританияның өкілі Дэнни Дигнумды екінші раунда ұрып жығып, орта салмақта WBO нұсқасы бойынша уақытша әлем чемпионы атанды. Осы жеңістен кейін ол толыққанды чемпиондық атақ үшін Андраде Деметриуспен айқасуға тиіс еді. Алайда АҚШ-тың әйгілі боксшысы басқа салмаққа ауысуды құп көрді. Соның арқасында Жәнібек жекпе-жекке шықпай-ақ, алтын белбеуді иеленді. Міне, сол атағын сақтап қалу үшін жексенбі күні қазақ жігіті Дензел Бентлимен шеберлік байқасты.

Көпшілік осы жекпе-жекте Жәнібек қарсыласын нокаутқа жіберетін шығар деп үміттенді. Бірақ Дензел оңайлықпен берілмеді. Қазақтың өрені бәсекенің басынан аяғына дейін шабуылдап, оны үнемі қыспаққа алғанымен, британиялық соның бәріне шыдап бақты. Әсіресе, соңғы раундтарда Әлімханұлы қарқынын күрт күшейтті. Жұдырығын ары да, бері де сілтеді. Алайда соның өзі Бентлиді есінен тандырмақ тұрмақ, есеңгірету үшін жеткіліксіз болды. Нәтижесінде, бәсеке тағдырын төрешілер шешті. Қазылардың барлығы да қазақстандық былғары қолғап шеберінің мықтылығын мойындады. Сөйтіп, Жәнібек Әлімханұлы әлем чемпионы атағын қорғап қалды. 

 

Тегтер: спорт футбол хоккей ақпарат дерек ұйымдастыру. Олимпиада

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 10:57
Қазақтың «Соңғы самурайы»
Жексен АЛПАРТЕГІ 09:44
Ниязбек әжі
Жамал ҚАМАШ 02.02.2023, 17:24
Болат НИЯЗЫМБЕТОВ: Намысты қолдан бермеуге тырыстым
Бифат ЕЛТАЕВА 31.01.2023, 10:50
Бақыт Қажыбай, актер: Алаш рухын оята алсақ, үлкен жетістік сол!
Сайт әкімшілігі 30.01.2023, 10:40
Елена Рыбакина алғаш рет әлемнің үздік теннисшілері ондығына енді
Сайт әкімшілігі 30.01.2023, 08:34
Димаш Құдайберген Шанхайдағы фестивальға қазылық етеді

Аңдатпа


  • Жемқорлықтың «сорпасын» қайнатып жүргендер көп
    07:32
  • Ресей Путиннен қашан құтылады?
    07:17
  • Қайдасың, инвестор?
    07:23
  • Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.
    02.02.2023, 07:20
  • Әкімдер ай қарап жүр ме?
    02.02.2023, 07:16