Жақсы істерге жарымаған Абай жылы

Мариям МАҚСАТ

08.01.2021, 13:53

1164

Былтыр елімізде ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы аталып өткені мәлім. Жер-жерде онлайн түрде мерекелік концерттер, көрмелер, шығармашылық кештер ұйымдастырылды. Қысқасы, қисыны келсін-келмесін көптеген шараны біртуар тұлғаның туған күніне орайластырып жатты. Десек те, күллі қазаққа ортақ ойшылдың мерейтойын дәріптеуде Павлодар облысы көлеңкеде қалып қойған сыңайлы.

Желтоқсан айының соңында Павлодар қаласының қақ ортасында, облыстық әкімдіктің дәл алдында ақынның еңселі ескерткіші ашылды. Бұл өзге ұлт өкілдерінің саны қазақпен теңесетін аймақ үшін рухани серпіліс болғаны анық. Бойында қазақтың қаны тулап жатқан жергілікті ұлтжанды қауым бөркін аспанға атып, бір қуанып, бір марқайды. Белгілі ғалым, академик Қаныш Сәтбаевтың есімін арқалаған орталық көшенің бойынан өткен-кеткеннің бәріне енді жоғарыдан Абай атамыз қарап тұрады. Еліміздің солтүстік-шығысында жатқан облыстың ақынның мерейтойына жасаған ең үлкен әрі пайдалы тартуы осы ғана болды.

Одан басқа, атын атап, түсін түстеп көрсетер игі іс жоқтың қасы. Жыл басында аймақ тізгінін қолға алған Әбілқайыр Сқақов биыл бұрын-соңды жолы жөнделмеген көшелерді ретке келтіруді қолға алатынын баяндаған болатын. Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай, жол жөндеу жұмыстары ойшылдың атымен аталатын көшеден басталды. Жер жіпсіп, күн жылына сала мердігер компания үш жарым шақырымдық жолы бар Абай көшесін жақсартуға кірісті. Бірақ бұған сол көшенің тұрғындары қарсылық білдірді. «Алдымен жылу трассасын тарту керек. Содан соң ғана жаңа асфальт төсеуге болады. Әйтпесе келесі жылы тағы шұңқыр қазуға тура келетін түрі бар», – десті олар бірауыздан.

Көпшілік наразылықтарын бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы жеткізе бастаған соң, облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов құрылыс алаңына барып, мердігер компанияның жұмысын сынаған еді. Жолжиектердің қисықтығын, істің сапасыздығын алға тартып, бір «сілкіп» алды. Бірақ одан жұмыс сапасы бірден жақсарып кеткен жоқ. Қазынадан қалпына келтіруге 600 млн теңге бөлінген Абай көшесіндегі жолдың «жыры» осындай болған еді. «Ұлы ақынның мерейтойына орай, көшесін қатырамыз» деген биліктің ойы  шикі болып шықты.

Ал облыстағы шағын шаһар – Ақсу қаласы тұрғындарының тілегі тіпті назарға алынған жоқ. Ұлттық мәселелерге бейжай қарамайтын қарапайым халық қаладағы орталық көшелердің біріне Абай Құнанбайұлының есімін беру туралы бастаманы бұған дейін де бірнеше рет көтерген екен. «Бұл ұсыныс ақынның 175 жылдығы аясында ескеріліп қалар» деген үміттері жанбай жатып өшті. Мәселе мынада: Ақсу қаласында Абай көшесі жоқ емес, бар. Бірақ оның ұзындығы бар-жоғы – 94 метр. Бір шақырымға да жетпейді. Оның бойында небары 19 үй түтін түтетіп отыр. Салыстырмалы түрде алып қарасақ,  шамамен 50 мың адам тұратын шағын шаһардағы Ленин көшесі екі шақырымды, Пушкин көшесі төрт шақырымды алып жатыр.

— Қазақтың кең жерінде дара тұлғамыз – Абай Құнанбаевқа бір шақырымға жетер-жетпес көшенің, ал ел тарихында түк орны жоқтарға бәленбай шақырымдық кең көшелердің берілуі өзегімізді өртейді. Тым құрығанда 175 жылдық мерейтойы кезінде ақынымызға іргелі көшелердің бірі бұйырмағаны өкінішті-ақ, – дейді Ақсу қаласының тұрғыны Қанат Құрманұлы.

Мерейтойда атқарылмаған істің биыл қолға алынып, белгілі ақын Сәбит Дөнентаев туған өлкеде Абай көшесінің кеңеюі күмәнді, әрине. Жалпы, былтыр Павлодар облысында көшелерді қазақыландыруға қатысты бөліп-жарып айтарлықтай іс атқарылған жоқ. Дегенмен бұрынғы әдетімізше «үмітсіз – шайтан» деп, босағамыздан аттап кірген жаңа жылдан көп жақсылық күтеміз. Оның ішінде Абай есімін тек мерейтойы болған жылы емес, кез келген уақытта ұлықтау һәм әспеттеу де бар.

Тегтер: тарих тағылым рухани жаңғыру пайым пікір

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН 14.01.2021, 16:30
Марио Варгас ЛЛОСА: Олар мәдениет саласындағы жұмысты әуестік деп түсінеді
Амангелді СЕЙІТХАН 14.01.2021, 13:01
Қуат Хамитов: Қазағы көп жерге кетіп барамын
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ 09.01.2021, 18:46
Жолдасбек жайлы жылы сөз
Әділ АҚЫЛБАЙ 07.01.2021, 12:47
Ұлттық киноны қолдау орталығын тергеу немен тынды?
Жеңісхан КЕНЕСАРИН 07.01.2021, 10:31
Қақбас
Серғазы ҚАЛИҰЛЫ 07.01.2021, 10:01
«Айтарын ашып айтқан абайламай, Махамбеттер, Абайлар-ай!»

Аңдатпа


  • Жұрт жадындағы Жолдасбек
    10.01.2021, 00:33
  • «Жас Алашым» – жастық шағым
    15.01.2021, 10:07
  • Қуат Хамитов: Қазағы көп жерге кетіп барамын
    14.01.2021, 13:01
  • «Әр таңымызды үреймен қарсы аламыз» (видео)
    14.01.2021, 11:41
  • "Жас Алаш" жазды, Егіндібұлақ елінің еңсесі көтерілді
    13.01.2021, 07:11