Жарылқап БЕЙСЕНБАЙҰЛЫ. «АҚҚУЫҢДЫ ҰМЫТПА» ДЕЙТІН

Сайт әкімшілігі

22.05.2023, 05:11

3801

Сейдағаң жастар газетін 16 жыл басқарған екен. Маған осы ұлы редактордың қарамағында 15 жарым жыл жұмыс істеу мүмкіндігі, қаламгерлер арасында «Сейдахмет Бердіқұлұлы мектебі» деп даусыз айғақталған әйгілі «ұстахананың» көрігі дүрілдеген құнарлы тәліміне тереңінен қанығу бақыты бұйырыпты. Расында да ол кездегі жастар басылымындағы шығармашылық ахуал қандай еді, шіркін! Кілең жүрдек қалам иелерінен іріктелген албырт жұрналшылар әрбір жазғандарын оқылымды ету үшін неше алуан стилдік, көркемдік  ізденістерге баратын. Әдетте тақырыбы тартымды емес деп есептелетін өндіріс, шаруашылық, жастар ұйымдарына қатысты мақала, суреттемелердің өзін де түрлендіре орындаудың бар амалдары қарастырылатын. Жақсы шыққан дүниелерге бәрі  бір кісідей қуанып, әрқайсысы да дәл сондай үздік материалдар жазуға ұмтылып, өзара адал, шынайы бәсекеге түсетін.

Өз басым Сейдағаң бас сарашы болған жылдары спорт, секретариат, мәдениет және ғылым, жұмысшы жастар, адамгершілік тәрбие бөлімдерінде қызмет еттім. Олардың әрқайсысында жүрген кездерде де редакторлық біліктіліктің, биік эрудицияның, жұрналшылық шалымдылықтың ықпал-әсерін тікелей сезінудің талай сәттерін бастан кештік. «Спортты жазған кезде сол жарыстың қалай өткенін қайталап айтып шығудың түк қажеті жоқ, – дер еді Сейдағаң. – Оны жұрт радиодан, теледидардан онсыз да естіп, көріп отырады. Жарыстың, бәсекенің, жекпе-жектің арғы қалтарыстарында не боп жатыр, спортшының көңіл күйі қалай, соған үңілу керек, соны жазу керек. Яғни тақырыптың «кухнясын» ашу қажет». Спорт бөліміне әуел барған кезде мақалаларды көңілімдегідей шығара алмай, қиналғаным әлі есте. Олай илеймін, бұлай илеймін, икемге көнсейші. Сұп-суық, домбаз көрінеді де тұрады. Сол шақта Сейдағаңның «Жұмыр жерде теңбіл доп» деген кітабы шыға қалсын. Бас алмай оқып шыққан замат бар кілтипанның сыры бірден ашыла кетті. Қалам да көсіліп жүре берген. Спортты жазуға тақырып «кухнясына» терең бойлайтын Сейдахмет Бердіқұлұлының стилі керек екен. Ол кісі қазақ спорт журналистикасының тілін аса зергер көркем әдебиет тіліне айналдыра алған бірден бір тұлға.                                   

Лездемелер кезінде әр бөлімдерге қатысты тапсырмалар беріліп, жаңа  тақырыптар қалай көтерілуі керек деген әңгімелер қозғалған кездегі Сейдағаң сөзіне ұйығаннан басқа лаж қалмаушы еді. «Мына бір тақырып көрінбей жатыр, соның ретін тауып беру жағын қолға алу керек, ізденіңдер, байқаңдар, ал соны былай жасаса қайтер  еді», – деген тұрғыда идеялар айтылған сәтте, өз-өзінен сол мәселеге редакторымыздың көзімен қарағандай қал кешетінбіз. Себебі сол тақырыпты Сейдағаңның өзі игерер болса, ешкімге ұқсамайтын бір тәсіл тауып, тамаша орындап шығатынына шүбәсіз сенер едіңіз.                                        

Бір күннің ішінде қайталана шығып тұратын әлемдік атақты газеттерге қызығатын. Олардың дүниеде не болып жатқанын бес саусағындай біліп отыратын атжалман репортерлерін мысалға тартатын. Өзі басқарған жастар газеті титтей де болса, сол басылымдарға ұқсап шықса ғой, шіркін, деп арман ететін. Алайда «бесжылдық тынысын жаз, қой шаруашылығына жастарды шақыр, екпінді құрылыстарды ұмытпа, комсомолға партия басшылығын көрсет, партия съезінің шешімдері бойынша жұмыс істе» деген секілді сан-сапалақ тапсырмалардың қалай орындалғанын қалт жібермей қадағалап отырған жоғарғы партия, комсомол басшылығы аяққа қайта-қайта тұсау салып, адымыңды аштыра бермейтін. Ол заманда төл тарихыңның тереңіне бойлайтын, ұлттық мәселелерді сөз ететін, қазақ тілінің аянышты тағдырын қозғайтын дүниелер жариялайын десең, «әлемдегі ең әділ коммунистік қоғамымыздың идеясына жат пиғыл», «ұлтшылдық көзқарасты өршіту» дегендей саяси айыптар тағып, «ағаш атқа мінгізе салу» оп-оңай. Сейдағаң осы жөнсіз тыйымдарға жаны күйзеле жүріп, қызметкерлерімен ақылдаса келе, қырағы көздердің құрығын айналып өтетін жаңа тәсілдерді іздестірер еді мұндайда.

Санаткер редактор әрбір жұрналшылық ізденіске жаны қалмай қуанатын кісі еді. Мәдениет және ғылым бөлімінің тілшісі кезім. 1975 жылы Шоқанның 140 жылдығына орай, ұлы ғалымның 1856 жылы жасаған «Ыстықкөл сапарының күнделігі» жолжазбасының ізімен жүріп өту идеясы туындады да, оның жоспарын жасап, картасын сызып, бөлім меңгерушісі Орысбай Әбділдаұлы екеуміз редакторға кірдік. Таныстырдық. Сейдағаңның өңі бал-бұл. «Тауып кетіпсің», – деп риза болды. Біраз ақылдасып, жаз бойы үш кезеңге бөлініп, Семейден Ыстықкөл төңірегіне дейін, одан кері қарай – Қапал, Шұбарағашқа дейін жалғасатын іссапар жайымен келісіп болғасын, бөлмемізге қайта оралып жайғасқанымыз сол еді, соңымыздан редакторымыз кіріп келсін. «Ұмытып кетіппін, бұл сапардың жайын ешкімге айтушы болмаңдар. Жұрт газет шыққан кезде бір-ақ білсін», – деді. Жүзінде тоят тапқан адамның мерейлі қалпы. Қазақ баспасөзінде ол заманда бір-бірінен тақырыптарды қағып алып кететін әбжілдік, ұтқырлық жоқ екенін тарс ұмытып, сол сәт өзін нақ бір бәсекелесе, үзеңгі қағыса шығатын шетелдік газеттердің редакторындай сезініп тұр, ағамыз...

Қазір ойлаймын ғой. Егер сол кезде жастар газетінде редактор Сейдағаң емес, басқа адам болса, мұндай бір жаз бойына ұласатын ісссапарға жіберер ме еді? Қайдам. Ол Бердіқұлұлындай сергек редактордың ғана қолынан келетін тәуекел секілді көрінеді маған. Шоқан тақырыбына сол Сейдағаңның газетте ұзақ уақыт редактор болуы арқасында он жылдан кейін тағы да оралудың сәті түсті. Бұл жолы ұлы ғалымның 1985 жылы тойланатын 150 жылдығына орай, Шоқанның дүниеге келіп, ғұмыр кешкен, еңбек еткен, саяхаттармен барған мекендеріне сапар шектім. Сол шынайы қолдаудың нәтижесінде, Шоқан менің төл тақырыбыма айналды. Газетке шоғыр-шоғыр жолсапарлар ретінде жарияланған мақалалар, іле-шала «Шоқан ізімен» (1977), «Жасын-тағдыр жарқылы» (1987) атты кітаптарға айналып қана қоймай, арада жиырма жылдай уақыт өткеннен кейін – 2009 жылы «Қазақстан» баспасынан жарық көрген көлемі 40 баспа ғұмырнамалық «Шоқан» роман-эссесіне ұласты. Сол кітап 2015 жылы Ресейдегі Қазақстан елшілігінің демеушілігімен орысшаға аударылып, оның арнайы таныстырылымы автордың қатысуымен Орыс географиялық қоғамының Мәскеудегі штаб-пәтерінде болып өтті.

Жастар газетінің «Аққу» эстетика клубы бойынша әлемдік бейнелеу өнерінің  ұлы тұлғаларына қатысты эсселер жазуымды қуаттап, ары қарай жалғастыра беруіме де Сейдағаң көп түрткі болып еді. «Аққуыңды» ұмытпа, жұрт сұрап жатыр. Өзің орайын тапқан тақырып қой, жаза бер, кейін бәрін қосып, кітап етіп шығаруға болады емес пе», – дейтін. Айтқаны келді. 1981 жылы «Өнер» баспасынан «Буырқанған бояулар» атты түрлі-түсті суреттермен безендірілген әдемі кітап жарық көрді. Алғашқы данасын қолтаңба жазып, ағамызға бергенімде, өзінің кітабы шыққандай риза болды. Парақтап отырып: «Бұл енді тәуір еңбек, кітапханамдағы қадірлі кітаптардың қатарына қоямын», – деген шынайы пейілін білдірді. Кезекшілікке түскен күндері басылғалы тұрған газетті редакторға қаратып алу үшін Сейдағаңның үйіне талай барғанымда, оның расында да сондай кітаптардың қатарында тұрғанын көретінмін... 

 «Сейдахмет Бердіқұлұлы мектебінен» өткен шәкірттерінің көбі кейіннен  бірталай басылымдар мен баспалардың тізгінін ұстады. Біз де кезінде «Ана тілі» газеті ашылып, оның жұмысын жүргізуді қолға алғанда, сол тәлімі түгесілмес ұстаханадан көргенімізді жүзеге асыруға ұмтылғанымызды әрдайым айтып жүреміз. Тақырыптарды игеру барысында «осы мәселені Сейдахмет ағамыз қалай тарқатар еді» деген ойлар әркез қаперімізде тұратын. Сәтті шешімдер туындай қалса: «Мынау Сейдағаңды риза ететіндей  шешім болды-ау», – деп масайрап қалатынбыз.  Әлсіздеу дүниелер шығып кетсе: «Ағамыз байқап қалды-ау», – деп іштей қуыстанатын қал де кешетінбіз. Оқта-текте ағамызбен жолыға қалғанда, газетімізге деген ризалығын байқатып отыратын. Бірде: «Қазіргі газеттердің арасында өзіне қатысты тақырыпты сенің газетіңнен артық көтеріп жүрген біреуі жоқ», – десе, енді бірде: «Сен өзіңді Сейдахметтің шәкіртімін деп ылғи айтып жүреді екенсің, әнеугүні жоғарыда отырған жігіттерден естідім», – дегені есте… Сейдағаң 60 жасқа толғанда, «Ана тілі» апталығының бетінде қадірлі ұстазымыз туралы «Ұстахана дүрілдеп тұр» деген мақала жаздым. Шәкірттері атынан ұзақ өмір тілегенбіз. Алайда тағдыр олай бұйыртпады. Бір жыл өтер-өтпестен аты жаман ауыр кесел бар болғаны 61 жасқа енді келген ағамызды арамыздан алып кетті...

Әйткенмен, ол кісінің редакторлық шеберлігі, спорт тақырыбын көркем қаламгерлікпен тарқатуда атқарған еңбегінің ерен екендігі ол кісіні ұстаз тұтатын шәкірттерінің, кейінгі ұрпақтың жадынан өше қоймасы анық. Сейдағаңның қазақ журналистикасы тарихында ойып тұрып орын алар санаткерлік, тәлімгерлік ұстаханасының алаулы шоғы әлі де талай уақыт өшпейді, көрігі дүрілдей береді…                                           

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Жақсылық Қазымұратұлы 16.09.2023, 13:50
Әлем әдебиетін оқыту орыс әдебиетінен бас тарту ма?
Есей Жеңісұлы 16.09.2023, 11:57
«Барыс» Қазақстанның командасы емес
Сайт әкімшілігі 16.09.2023, 09:45
Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына іріктеу кезеңін жеңіспен бастады
Сайт әкімшілігі 14.09.2023, 15:10
Жәнібек Әлімханұлы «Канелоны» жекпе-жекке шақырды
Сайт әкімшілігі 14.09.2023, 11:55
Екі ресейлік спортшы Қазақстан азаматтығын алады
Сайт әкімшілігі 12.09.2023, 16:45
Роналду Қазақстан құрамасының Солтүстік Ирландияға қарсы ойынын көрген (фото)

Аңдатпа


  • Әлем әдебиетін оқыту орыс әдебиетінен бас тарту ма?
    16.09.2023, 13:50
  • Ақтөбеде терроризмді насихаттады деген күдікпен 2 адам ұсталды
    16.09.2023, 13:15
  • Алматыда Астана алаңы мен Сәтбаев көшесінің бір бөлігі жабылады
    16.09.2023, 12:52
  • Ет туралы ертегі
    16.09.2023, 12:33
  • Біздің қоғам шындықтан қорқады
    16.09.2023, 10:55