«Жас Алаш» Түркістан төрінде

Сайт әкімшілігі

07.07.2021, 08:59

4052

Биыл 100 жылдығын атап өтіп жатқан «Жас Алаш» газетінің ұжымы өңірлерді аралап, оқырмандарымен кездесуде. Осы бір игі шара өткен аптада күллі түркі жұртының рухани астанасы ретінде мойындалған Түркістанда жалғасты.

Жалпы, Түркістан мен «Жас Алаш» бір-бірімен байланысты ұғым.  1918 жылы қазіргі Орталық Азия мен Қазақстанның оңтүстік облыстары аумағында Түркістан Республикасы құрылды. Бар-жоғы алты жыл тіршілік еткен жас республика  Ресей Федерациясының құрамындағы тұңғыш автономия еді. Түркістанда қазақтың қаншама зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері  еңбек етті. Осы республиканың астанасы Ташкентте 1921 жылы  Ғани Мұратбаевтың жетекшілігімен қазақ жастарының ең алғашқы басылымы – «Жас алаш» дүниеге келді. Міне, араға жүз жыл салып, 2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында Түркістан облысы құрылды. Бәлкім, бұл кездейсоқтық шығар. Бірақ мұның ар жағында тарихи сабақтастық, түркі елдерінің бірлігі туралы идеяның қайта жаңғыруы жатыр.

Ал Түркістанды «Жас Алаштың» түп-төркіні десек, қателеспейміз.  «Жас Алаш» оңтүстіктегі оқырманның көзайымы. Басылымның ең көп оқырманы да аталған өңірде. Биыл наурызда Шымкент қаласында «Жас Алаш» көшесі пайда болды. Мұндай көше Түркістанда бұрыннан бар. Ал Мақтаарал ауданы Алаш ауылындағы «Жас Алаш» атындағы мектеп жаңа ғимаратқа қоныс аударғалы жатыр.

Түркістандағы оқырмандармен кездесу Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің кітапхана залында өтті. Бұл жерде, жалпы, қазақ баспасөзінің бүгінгі жай-күйі әңгіме өзегіне айналды. Басылымның бас редакторы Қайрат Мәтіреков оқырмандардың қойған сауалдарына жауап беріп, газеттің бүгінгі беталысын, алдағы жоспарын таныстырып өтті.

– «Жас Алашқа» көпшілік оппозициялық басылым ретінде қарайды. Алайда, мен айтар едім, «Жас Алаш» – бірінші кезекте халықтың басылымы. Өйткені ол қай заманда да халықтың сөзін сөйлеген, халықтың мұңын мұңдап келе жатқан газет. Оқырман оны сол үшін  жақсы көреді, – деді Қайрат Мәтіреков.

Бүгінде ақпарат саласы шапшаң дамып жатыр.  Ғаламтор, әлеуметтік желі ең басты орынға шыққан заманда газетке  жазылу науқанын қалай ұйымдастыру керек? Кездесуге қатысушылар бұл тақырыпты да айналып өткен жоқ.

– Әрбір ақпарат құралының қоғамда өзіндік орны бар. Өңірлерді аралап жүріп байқағанымыз, шалғайдағы көптеген елді мекендерде газет әлі де болса негізгі ақпарат көзі болып отыр. Газет барлық уақытта ойлы оқырман үшін өз биігінде қала береді, – деді басылымның бас редакторы. 

Халықаралық қазақ-түрік университеті тәуелсіздік таңында ашылған еліміздегі іргелі оқу орындарының бірі саналады. Университетте журналистика кафедрасын жылына ондаған жас бітіріп шығады. Түлектер елордадан бастап, еліміздің әр қиырындағы беделді  ақпарат құралдарында қызмет етеді. Жиында кафедра студенттері мен ұстаздары өздерінің пікірлерін білдірді. Солардың бірі, журналист мамандарын даярлауға ширек ғасырдан астам уақытын арнаған Сейдулла Садықов газет басшылығына өзінің кітаптарын тарту етті. Өз кезегінде басылымның бас редакторы кездесуді жүргізген университеттің вице-ректоры Асхат Тұрғанбаевқа және басқаларға биыл жарық көрген «Қазақтың үні – «Жас Алаш» кітабын табыстады.

Кездесуге «Жас Алаш» газеті бас редакторының орынбасарлары Сейсен Әмірбекұлы, Алмас Нүсіп,  жауапты хатшы Нұрымжан Мауытов, атқарушы директор Ринат Рахым, дизайнер Марат Тұрсын, сондай-ақ басылымның өңірлердегі меншікті тілшілері Бақытжан Әбдірашұлы мен Нұрболат Әлдибек қатысты.

 Жүз жасқа толған «Жас Алашта» (кешегі «Лениншіл жас») түркістандық  көптеген  азаматтардың қолтаңбасы жатыр. Солардың бірі, газеттің облыстағы меншікті тілшісі қызметін 17 жыл абыроймен  атқарған, қазіргі уақытта «Егемен Қазақстан» газетінің Түркістан облысындағы меншікті тілшісі және Қазақстан журналистер одағы өңірлік филиалының жетекшісі  Ғалымжан Елшібай 100 жылдық мерейтойға қатысты өзінің жүрекжарды лебізін білдірді.

– Осыдан бірер жыл бұрын «Егемен Қазақстан» газеті 100 жылдығын атап өтті, биыл  «Жас Алаш» ғасырлық тойын тойлап жатыр. «Жас Алашта» танылған көптеген азаматтар қазір «Егеменде» жұмыс істейді. Бұл екі басылымның өзіндік бағыт-бағдары бар.  «Жас Алашқа» албырттық тән, одан әрдайым жастықтың лебі есіп тұрады, – деді Ғ.Елшібай.

Бұдан кейін қонақтар «Әзірет сұлтан» кесенесіне зиярат етті. Сапар одан әрі Түркістан қаласындағы туристік нысандарды, Отырар ауданындағы киелі, тарихи орындарды аралаумен жалғасты.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ 16:19
Көрсеқызар
Жарлы БАЙҒАНИН 23.09.2021, 16:30
Жемшелек
Бейсенғазы ҰЛЫҚБЕК 23.09.2021, 10:10
Жадымның мықтылығы арқасында аман қалдым
Жарас КЕМЕЛЖАН 23.09.2021, 10:02
Арман Қани: Біздің ел екі теңіздің ортасындағы көл сияқты
Жабайыл БЕЙСЕНОВ 22.09.2021, 17:15
Ауылым – алтын қазығым
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.09.2021, 11:00
Облыстық радио келмеске кеткені ме?

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39