«Жас алаштағы» жасын жылдар

      «Жеті қарақшы»

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ

15.07.2021, 10:58

8087

 «Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қыс» демекші, Кеңес өкіметінің бір сомнан жүз сомға дейінгі ақшасының аяғы аспаннан келіп, теңгеміз дүниеге енетін жылдың басында «Жас Алашқа» қабылдандым.

«Республикалық «Жас Алаш» газетіне Жамбыл облысынан қаламы ұшқыр меншікті тілші іздейміз» деген хабарландыруды көріп қалдым. Хабарландырудағы шарт бойынша редакцияға әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани сияқты тас дәуірінен бермен қарай таусылмай келе жатқан мәселенің бірін тауып алып талдап, таразылап тұрып мақала жіберу керек екен. «Е-е, мынау ой «мүжіп», запыран «құсып» жүрген мен сияқты журналиске сұранып тұрған конкурс екен» дедім де, көкейімде бұрыннан жүрген «анау неге алай, мынау неге былай» деген сауалдарды термелеп, дереу жазып кеп жібердім.

Көтерген мәселелерім бойынша тарау-тарауға бөлінген мақаламның алғашқысы – православ ағайындардың бас көтерерлері салдырып жатқан шіркеу ғимаратының топографиялық орны жайлы еді. Әйтпесе христиандардың діни сенімдеріне, олардың поптары мен қасиетті әкейлерінің жеке бастарында титтей де шаруам жоқ, шіркеулерін салсын, діндеріне адал қызмет етсін, мәселенің мәнісі сол ­– діни қызмет үйін салуға қажетті жерді біздің басы мықты жұмыс істейді деген облыс, қала қожайындары басқа жер құрып қалғандай шаһарымыздың ең көрікті көшесінің бойынан бере салған ғой. Ұмытпасам, мақалам «Шіміркендіріп шіркеу бой көтерді» деп басталатын. Оны «өндіріске» дайындаған газет қызметкері де осал емес, қазақ журналистикасының қара нарларының бірі – Жанболат Аупбаев ағамыз болатын. Кейін газетке қызметке келген кезімде «Мақалаңды дайындаған мен едім» дегені есімде.

Сөйтіп, дін, діл және тіл туралы мәселелерді көтере жазған мақалам жолымды ашып, «Жас Алаш» газетіне алғаш рет қызметке қабылдандым. «Алғаш рет» дейтінім, бір жарым жылдан кейін «Егемен Қазақстан» газетіне ауысып, арада төрт жылдай уақыт өткенде қайтып келгенім бар.

Мақала жарияланғаннан кейін мені газет редакциясына шақырды. Сөйтіп, 1993 жылдың 22  қаңтарында менің «Жас Алаш» газетінің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі болғаным жөнінде №10 бұйрық шықты.

Газеттің бас редакторы онда Уәлихан Қалижан. Бірақ сол «тарихи» күні бас редактор әлдебір себеппен жұмыста болмай қалды ма, білмеймін, әйтеуір, мені жұмысқа алу туралы бұйрыққа бас редактордың орынбасары Қасымхан Әзімханов көкем көркем жазуға ұқсас қолтаңбасымен қол қойды.

Ол кезде «Жас Алаштың» жеті меншікті тілшісі бар. Анда-санда Алматыдағы «Көк базардың» қасына орналасқан зәулім ғимараттың 7-қабатындағы редакцияда бас қосамыз.

Жетінші қабаттағы гу-гу әңгіме «Жетісу» қонақүйіндегі ду-ду отырыстарға жалғасады. «Жас Алаштың» жігіттері жақсы жазуды ғана емес, әдемілеп көңіл көтеруді де білетін. Сондай бір жақсы отырыста жеті меншікті тілшіге «Жеті қарақшы» деп ат қойдым.

Бас редактор Төрехан Даниярдың «өкпесі»

         «Жас Алаштағы» жыл жарым уақыт зыр етіп өте шықты. Есті жұрттың есінде қалса, біраз дүние жазылды.

 «Тұрымтай тұсымен, балапан басымен» дегендей, жұрттың бәрі қарақан басының қамын күйттеп кеткен 94-тің ақпанында Ташкент барып, Төле би бабаның мазарына зиярат етіп, «Дала Демосфені» деген мақала да жазылды. Мазар ішін мекендеріне айналдырған қайыршылардан, алқаштардан қалған қоқыстарды жиренбестен тазалап, ішіне ел тыжырынбай енетін жағдай жасаған қаймана қазақ – шырақшыны  кездестіріп, сол тұстағы Оңтүстік Қазақстан облысынан екен өзі, риза болғанбыз.

Содан бір күні облыстағы «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Мейрамбек Сатыбалды басқа жұмысқа ауысатын болды да, өзінен босаған орнын маған ұсынды.

Көп ұзамай екеуміз Алматыға келіп, Ержұман аға Смайылдың алдында отырдық. Бас редактор Нұрлан Оразалин жауапты жұмыстардың бәрін, тіпті кадр мәселесіне дейін бірінші орынбасары Ерекеңе сеніп тапсырыпты.

Ерекең менің «Жас Алашта» істейтінімді, ондағы «Нарық нақыштары» айдарымен жарық көрген мақалаларымды біледі екен, қарсы болған жоқ. Бір-екеуін күле отырып еске алды.

«Егемен Қазақстан» газетіндегі «шаруаны» тастай қылған соң, аяңдап «Жас Алашқа» келейін. Шашы маңдайының бір жақ шекесі мен желкесін жапқан Сапарбай Парманқұл тар дәлізді еңгезердей денесімен көлегейлеп қарсы кездесе кетті де, «Рұқсатсыз  неғып жүрсің?» деп дүрсе қоя бермесе де, соған келіңкірейтін түр танытты. «Егеменге» ауысатын болдым» дедім. Сол кезде ғана «Е-е, бәсе, әйтпесе алдын ала айтпай келмеуші ең ғой...» дегендей Сапекеңнің түсі де өзінің өңді қалпына келіп, ыржия күлетін әдетімен құтты болсын айтты.

Бірақ бас редакторым Төрехан Данияр «жаңалығымды» естіп, тұнжырады да қалды. «Бізді тастап неге кетіп бар жатырсың?  Мен саған бәлен-түген дедім бе? Мен жаңадан басшы боп келіп жатқан кезде жақсы мақалалар жазып, «Жас Алашты» көтеруге атсалыспадың ба?» дейді.

Осының алдында ғана Төкеңнің тапсырмасымен Шу ауданына сапарға барып, бір бетке жуық көлемді мақала жазғанмын. Тоқсаныншы жылдардың басы ғой, «рэкет» дегендерге еліктеп-солықтап жүрген ауыл жігіттерінің түнгі төбелесінде біреуі ауыр соққыдан көз жұмады. Ал өлтірген бала бұрын милиция қызметкері болған әкесінің ақылымен соққыдан өлген әлгі баланы «өзі асылып өлді» деген қисынға келтіру үшін марқұмды қорасының ішіне әкеліп, мойнынан жіппен «байлап» (?) кетеді.

Міне, осы қылмыстық істі зерттеп, ауылда өткен сотқа қатысып, екі жақтың да жауаптарын мысалға келтіре отырып мақала жазғанмын. «Жас Алаш» араласқан соң шығар, ақшаның күшімен ақталуға жақын тұрған әлгі қылмыскер бәленбай жылға сотталып кете барды.  

 Төкең соны да айтты. Сол мақала үшін менің Баубек Бұлқышев атындағы сыйлыққа ие болғанымды да еске салды.

Айтайын дегенім, сол жолы Төрешжан шын көңілімен қимаған екен, арада үш жарым жыл өткенде «Егеменді» тастап, «Жас Алашыма» қайтып оралдым.

«Түсіне тендер кіретін әкім»

Бұл кезде «Жас Алаш» жаңа түр, жаңа мазмұн, жаңа тақырыптарға көшкен. Еліміздегі өзі батыр, сөзі батыл, сыны да өткір бірден-бір газетке айналған. Мұндай газетте қызмет ету қай журналистің де арманы. Өйткені ол кездің әлеуметтік мәселені билікке ашық айтатын сайты да, фейсбугі де  «Жас Алаш» болатын. Бас редактор Нұртөре Жүсіп, орынбасарлары мен журналистері де кілең «сен тұр, мен атайын» дейтін сайыпқырандар.

         «Солармен теңесе алатындай не жазу керек?» деймін өзіме-өзім. Ойыма сап ете түсті. Сол кезде «жекешелендіру», «тендер» деген енді-енді күшіне міне бастаған. «Бояушы бояушы дегенге сақалын бояпты» дегендей, бір ауданның әкімі «жекешелендірудің» қызығына берілгені сонша ­– Алматы–Ташкент тас жолының бойындағы Ақыртөбе деген жерден асхана, дүкен ашып, ары-бері өткен автобус толы жолаушыларға сауда жасап, тапқан-таянғандарымен күн көріп, бала-шағасын асырап, «тәубе» деп отырған қарапайым халықтың күнкөріске жарап тұрған аумағын дүние-мүлкімен қоса, конкурсқа салып жіберген ғой. Ал ол жерді «адамдарымен қоса сатып алып, табысқа қарық болам» деген ауқаттылар да әлекедей жалаңдап шыға бастаған.

Дәл сол кезде «Түсіне тендер кіретін әкім» деп «ұрып» кеп жібердік. Облыс басшысы «баж» ете қалмаса да, мені көрсе алайып қарайтын болды. Пәтерақыға, жарық пен газдың ақшасына қарыз екенімді облыстық газеттері арқылы бетіме басты. Тексеріп қарасам, байлар мен бақуатты басшылардың арасындағы коммуналдық төлемдерге қарызы ең азы мен екем. Бірақ соған қарамастан, жергілікті биліктің «нысанасына» ілігіппін. «Нысанаға» ілігетін себебім – түсіне тендер кіретін әкімнің білімсіздігін әшкерелеп қойдым. Өйткені ол қанша жерден әкім болса да, сауда-саттықпен айналысатын адамдардың жол бойындағы орындарын жекешелендіруге болмайтынын білмеген. Ал жекешеленетін – тек қана бұрынғы мемлекеттік нысандар.

Бірақ қуанышымда шек жоқ. Өйткені «Түсіне тендер кіретін әкім» деп аталатын әлгі мақаламның арқасында 1998 жылдың 14 қыркүйегіндегі бұйрықпен «Жас Алашыма» екінші рет оралдым.

      Нұртөре мен Қали

         Басшыларым, бірі – бас редактор Нұртөре Жүсіп, екіншісі – оның орынбасары Қали Сәрсенбай, азат ой, өткір сын, еркін стильдің нағыз жанашырлары екен, соларды «бәрекелді» дегізейін деп, жазуға аянбай кірістім. Кейде тіпті облыс шеңберінен шығып, елге, жерге, яғни барша Алаш жұртына ортақ тақырыптарға баратын болдым. Оған Нұртөре де, Қали да қуанбаса, қарсы болмады.

         Мысалы, «Щеголихин пәренжіден неге қорықты?», «Өзбектер «оятып», орыстар «ұйықтатып» жүр», «Қазақтың «богомаздары» көбейіп тұр», «Той мақсаты «той генералдарын» тойдыру емес», «Заң-зәкүнді шетелдіктердің қас-қабағына қарап қабылдауды қою керек, мырзалар»,  «Қазақтың «папа», «мама» деп тілі шыққан бір ұрпағы қартайды», «Киллер шалдар келе жатыр»,  «Үш алыпқа мінгескен Қазақстан немесе жап-жақсы БЭК-тің жаманы қай жағында?», «Алматы шаһарына қанша жыл болды немесе Виктор Храпуновқа тарихтан тәпсір айтатын «штаттан тыс кеңесші» керек сияқты»  деп аталатын тағы басқа да көптеген мақалалар жалт қаратар тақырыбымен де, көтерген, айтқан мәселесімен де бүгінгі фейсбуктегі өткір сындар сияқты үлкен резонанс тудырды. Соның бәрі, әрине, Нұртөре мен Қалидың қабілет-қарымымыз жете алған жерге дейін еркіндік бергенінің арқасы. Тізгінімізден тартпайтын, аяғымызға тұсау, мойнымызға бұғау, қолымызға кісен салмайтын. Мемлекетіміздің мүддесі үшін жанымызды салып жазған дүниеміздің бәрі жарияланып жатты. «Ананың көкесі телефон шалды», «мынаның әпкесі келіп кетті» деп, мақаламызды нөмірден алдырып тастаған кездері жоқ. Өздері де қорықпайтын, журналистерін де жаужүрек етіп тәрбиеледі.

Бұлардан бөлек, менің «Жас Алашта» жарық көрген «Тәкеннің әкесін дұшпандары у беріп өлтірген немесе Тәкеннің жарияланбаған хаттары»(осы хаттар жақында бір газетте жарияланды. Ал «Жас Алаш» оларды осыдан жиырма жылдай уақыт бұрын жариялап қойған) атты және басқа да мақалаларым, сонымен бірге Шыңғыс Айтматовпен, Әбіш Кекілбайұлымен, Шерхан Мұртазамен, қырғыз әртісі Гүлсара Әжібековамен (Шыңғыс Айтматовтың повесі бойынша түсірілген «Қызыл алма» фильмінде талантты әртіс Сүйменкул Чокморовпен бірге басты рөлде ойнайды) сұхбаттарым жарияланды.

Бірде «Жас Алашқа» тарихи-ғылыми конференциядан жазылған мақалам шықты. Тоқсаныншы жылдардың басында әр рудан бір-бір батыр жасағыш әсіретарихшылар көбейіп кетіп еді ғой. Солардың «белсенділігінің» салдарынан ауыл, қала көшелеріне жөні келсін-келмесін, бар-жоғы да белгісіз батырлардың аттары көптеп беріле бастады. Сондай ырың-жырыңда Тараз қаласында Рим деген көше пайда болды. Ол әлі де солай аталады. «Неге Рим?» деп таңдана сұрағандарға, ол кезде «Кезінде Тараз қаласына Рим легионерлері келген екен» деген жауап берілді. Міне, осы «келген екен» деген «дерек» үшін ғана біздің ономастикалық комиссиямыз «Айдаладағы Римнің атын Тараз қаласының бір көшесіне беруге лайық па, жоқ па?» деп ойланып, бас қатарып жатпастан бере салды.

Жә, сонымен тарихымызға арналған бір конференцияда сөз сөйлеген шешен пікірінің қисынсыз екенін айту үшін «Әжептеуір ән еді, пұшық шіркін қор қылды» деп, қазақтың әлімсақтан келе жатқан мақалымен бастағам ғой мақаламды, сөйтсем, әлгі ағамыз «мені пұшық деп айтты» деп, Тараз қалалық сотына шағымданыпты. Сөйтсем, ол «пұшықпын» деп, өзінен-өзі қорланып жүретін адам екен, онысын мен қайдан білейін. Редакцияға да «мені пұшық деп айтты» деп арыз жазыпты. Міне, мен сол кезде көрдім, мықты редакторлардың мінезін: Нұртөре де, Қали да «сот», «арыз» дегендермен қорқытып-үркіткендерге түк те қыңбады. Өздері де аласармады, «кешірім сұра» деп мені де төмендетпеді.

Жүсіпбектің жолы

2002 жылдың сәуір айы болатын. Нұртөре Жүсіп бір күні «Жас Алаштың» бірінші бетіне «Мен кеттім!» деп, бір ауыз сөзін бомба сияқты бұрқ еткізді де, ұжыммен қош айтысты. Орнына бас редактор болып Жүсіпбек Қорғасбек келді. Жүкең бұған дейін «Қазақ әдебиетінің» бас редакторы болған, өзімен бірге «Жас Алашқа» Әмірхан Меңдекені, Дәурен Қуатты ала келді. Екеуі де қазақ әдебиеті мен журналистикасына танымал жігіттер.

Сөйтіп, «Жас Алашта» жаңа өмір басталды.  Сол тұста Қырғыз еліндегі саяси жағдай тұрақсыз боп тұрған. Жүкең телефон шалып, «Көсаға, сол жақа барып, оқиғаны өз  көзіңізбен көріп, саяси сараптама жазсаңыз дұрыс болар еді» деп өтінді. «Жазған құлда шаршау бар ма» дегендей, өзім де тың тақырып, қызық сапар болса деп ынтығып тұратын адаммын, қырғыздардың ортасынан бір-ақ шықтым.

Бішкек шаарының (шаһары) жағдайы сол сәтте кәдімгідей үрейлі еді. «Адамдар көп жиналады-ау» деген жердің бәрінде автобустар мен брезент жамылғылы машиналар қаптап тұрады. Қару асынған әскерилер шоғыры да көп. Бейсеует жүрген адамды қолтығынан жетелеп алып кетеді. Мен көзге түспей, алаңды бір шолып өтем де, қырғыз газеттерін үйіп тұрып сатып алып, «Семетей» қонақүйіне келем. Оны «тілшілер қосына» айналдырып алғанмын. Содан сол жерде отырып, көрген-білгенімді қағазға түсірем де, Алматыға телефон шалып, «диктовать» ете бастаймын. Ал «Жас Алаштың» қыздары оны сол сәтте жазып алып, Жүкеңе табыс етеді. Сөйтіп, айдың күні аманда Орта Азиядағы «ыстық нүктенің» біріне айналған Бішкектен бір ай бойы сериялық сараптамалар жазып тұрдым.

Айтпақшы, бірде Әмірхан Меңдеке телефон шалды. «Сені бір оқырманың іздеп жатыр» дейді күліп. «Көкектің балапаны» деген мақала жазғанмын. Түйінін қазақ тілінің тағдырына әкеліп тірейтінмін. Сол мақаланы оқып, ұнатқан бір адам «Жас Алашқа» хабарласады. Сұрастырса, «Тараз қаласынанмын» деп айтады дейді. «Ендеше іздеген тілшіңіз сол қалада тұрады» деп жауап беріпті Әмірхан.  

Кейін білдім, сол кездегі бір банктің директоры екен, оның «Жас Алашты» жаздырып алатынына, оқитынына, оның ішінде тіл туралы мақаланы ұнатқанына риза болып іздеп барсам, жасы кеп қалған қария кісі екен, әңгімеміз жараса кетті.

Бір күні Қали Сәрсенбай хабарласты. «Көсеш» дейтіні бар еді, сонысын айтты да, «Сені редакция алқасының мүшесі деп жазып қойсақ, қарсы болмайсың ба?» дейді. Қалжыңдап тұр екен деп қалдым. «Ойбай, ондай атты күн қайда?!» деймін сонда да. Сөйтіп, бас редакторым Жүсіпбек Қорғасбектің ұйғаруымен газеттің облыста тұратын меншікті тілшілері арасынан тұңғыш рет редакция алқасының мүшесі болдым.

Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевты орысша оқығанға қазақ газеттерін қарамайды екен деп жүрсем, бір күні Алматыдағы жиында кездесіп қалып, қасындағы жолдастарына «Мына жігіт облыста тұрса да, «Жас Алаштың» редакциялық алқасының мүшесі» деп, өзіне тән күлкісімен жадырай күлген.

                                       Үмбетовтің «үкімі»

Бір күні жұмыста отыр едім, облыс әкімінің баспасөз хатшысы Мейрам Жанәділов телефон шалды. «Алтыншы қабатқа тез көтеріл, қазір облыс әкімі ардагерлермен жедел жиын өткізеді, сені де келсін деп жатыр» дейді. «Ұрыста тұрыс жоқ» деген, шақырған уақытта облыс әкімдігі ғимаратының алтыншы қабатына көтерілдім.

Кіріп келсем, облыс орталығында тұратын ардагерлердің арасындағы сорпаның бетке шығарларының бәрі залдағы дөңгелек үстелді айнала отыр. Түстері суық. Төрде облыс әкімі Серік Үмбетовтің өзі.

Содан не дейсің, ардагерлердің бәрі облыстың экономикасында, әлеуметтік саласында, тарихында, мәдениетінде, өнері мен спортында түк мәселе жоқтай, сөздерін менен бастап, менімен аяқтаумен болды. Тіпті кейбіреулері «Жас Алашта» жарияланған «Киллер шалдар келе жатыр» деген мақаламнан өздерін «тауып» алып, әкімге «мынау қара пұшық дегені – мен», «ал анау түрік тақия киіп, түк білмегенсіп жүретін қызыл көз бәле дегені –  бәленше» деп  шағымданады ғой, баяғы. Бірнеше күн бойы өзара сөйлесіп, «бүй» деп айтамыз, «үй» деп айтамыз» деп, әбден келісіп алғандары көрініп тұр.

Үмбетов үнсіз тыңдап отыр. Шалдардыкін дұрыс деп те, бұрыс деп те ештеңе демеді. Мен бірдеңе демек болып ем, «жә» деп сөйлетпеді. Тұрсынхан Мүсірәлиев деген бұрынғы партия, кеңес ардагері бар еді, тәуелсіздік тұсында Меркі ауданын да басқарған, сол ағамыз кезек өзіне келген сәтте үлкен мәселе айтудың орнына жастармен жағаласып, ұсақталып кеткен қатарларының қылығына ұялды, білем:

— Онда бұл жігітті қабырғаға тұрғызып қойып, атып тастайық та, – деп гүр ете қалды.

Жиырма шақты шалдың айтқандарының ішінен менің жаныма жаққаны осы сөз болды. Өйткені оның үнінде «осыны да сөз деп, әкімге айтып кеп отырсыңдар ма» деген реніш басым.

Ал Үмбетовтің жүзінде «Ал, сонда маған не істе дейсіздер? «Жас Алаш» – республикалық газет, оның осы облыстағы тілшісі біз талқылап, тәртіпке шақыратын басыбайлы қызметкеріміз емес» деген уәлі уәж тұрған. Ардагерлер «қабылда» деп елші жіберіп, қыспаққа алып қоймаған соң, лаж жоқ, жиын шақырған адамның кейпі. Секеңнің мені сөйлетпей қойғаны да «сөз қуған дауға жолығады» дегендегісі.

Сөйтіп, мақаланы оқығандары да, оқымағандары да келісіп алғандай, мені жамандай жөнелген ағаларыма қарап отырып Серік Үмбетов:

— Қоярда-қоймай қауырт жиын шақыртқандағы айтқан ақсақалдық әңгімелеріңіз осы ма? – деп таусыла, түңіле сөйледі.

Сөздің түбін түсіне білетіндерге Секеңнің бұл сөзі өте ауыр үкіммен бірдей еді.

Сол күйі тарадық. Қаламұшын жалаңдатып келген облыстық газеттің тілшілеріне де жиыннан ештеңе жазылмасын деген тапсырма берілді.

                                                    ***

Бүгінде мұның бәрі тарихқа айналған. Біз де пайғамбар жасына келіп қалдық. Шүкір дейтінім, сол кездері жарияланған мақалаларымның дені кітабыма енді. «Жас Алашта» өткен жасын жылдар шежіресі жадымыздан өшпеуі үшін ол да керек.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ 16:19
Көрсеқызар
Жарлы БАЙҒАНИН 23.09.2021, 16:30
Жемшелек
Бейсенғазы ҰЛЫҚБЕК 23.09.2021, 10:10
Жадымның мықтылығы арқасында аман қалдым
Жарас КЕМЕЛЖАН 23.09.2021, 10:02
Арман Қани: Біздің ел екі теңіздің ортасындағы көл сияқты
Жабайыл БЕЙСЕНОВ 22.09.2021, 17:15
Ауылым – алтын қазығым
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.09.2021, 11:00
Облыстық радио келмеске кеткені ме?

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39