«Жас Алаштан» басталған журналистік жол

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

23.02.2021, 10:51

3310

      Өткен шақпен сөйлеген қандай ауыр. Оның өмірден өткеніне де  15 жыл болып қалыпты-ау.

      Журналистика саласында жүрген әріптестері мен көзіқарақты оқырман  «Жас Алаш», «Егемен Қазақстан» «Хабар» агенттігінде жұмыс істеген  Талғат Ілімжанның есімін ұмыта қоймаған болар. Талғат Асқарұлымен біз бес жыл бойы бірге оқыдық. Бірге жүрдік. Жиын-тойлар мен студенттік шақтың бал қызықты күндерін бірге бастан өткердік. Бір қарағанда, томаға-тұйықтау көрінгенімен, жан дүниесі ерекше, сөйлесе кетсең, парасаттылығы мен білімділігі өн бойынан сезіліп тұратын азаматтар болады. Талғат Ілімжан осындай абзал жан еді. Адам баласына ешқандай залалы жоқ, тек қана көмектесуге даяр тұратын жас жігіт өнегелі ғұмыр кешті.

 Ол жиырма жасында оқуға түсті. Алла тағала оны ақыл, парасатпен бай етті. Біз оның ақылдылығы мен зиялылығын еріксіз мойындайтынбыз және бағалайтынбыз. Қазір ойлап қарасақ, біздің студенттік уақыт ең ауыр және қызықты кезең болған екен ғой. Студенттік кезеңіміз экономиканың тұралап, елдегі әлеуметтік жағдайдың төмендеп жатқан шағымен тұспа-тұс келді. Бірақ санада жаңа дәуірге құлшыныс пен  демократиялық жылымық  орнай бастаған кез еді. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының алғашқы ауыртпалығын да біз бастан өткердік. Ол жөнінде әңгіме бөлек.

      Талғат еңбекке ерте араласты. Ол студент кезінен жұмыс істеді, Отбасылы болды. Курсымыздың ақылды аруы Гүлмира Сұлтанәлиевамен отау құрды. Расы керек, екеуіне былайғы жұрт, айналасы қызыға және қызғана қарайтын. Екі жас  бір-бірін толықтырып тұрды.

      Талғат 1989 жылы Алматыдағы баспалардың біріне аудармашы редактор болып жұмысқа орналасты. 1990 жылы ҚазМУ-дың 5-курсында оқып жүріп, «Жас Алаш» газетіне жұмысқа кірді.

     Ол кезде «Жас Алаш» журналистиканың ұстаханасы болды. Жұмысқа алғаш кірген адам алғашқы қадамын секретариаттан бастайтын. Секретариатқа келіп түскен мақалалар газетке қалай беріледі, оның тартымдылығы мен дизайны қалай, ол ең алдымен осы секретариатта жұмыс істеген журналистерге байланысты еді. Бұл Сейдахмет Бердіқұлов салған ізгі және бұзылмайтын дәстүр болды. Талғат Ілімжан да осы жолдан өтті. Секретариатта 7-8 ай жұмыс істеп, ол газеттің экономика бөліміне ауысты.       1991 жылдың тамыз айында Мәскеуде орын алған атақты ГКЧП төңкерісінен бес-алты күн бұрын мен Талғаттың орнына секретариатқа, «Жас Алашқа» жұмысқа келдім. Ал төрт айдан кейін Кеңес Одағындағы мемлекеттердің соңын ала, Қазақстан тәуелсіздігін жариялады. Біз қиын да ауыр, қызықты осындай сәттердің куәсі болдық. «Ғылыми коммунизм» және «Совет журналистикасының теориясы мен практикасы» атты пәнмен басталған біздің курсымыздың сабағы 4-5 курста нарықтық экономикамен аяқталды.

        «Біз қайда бара жатырмыз?» Әлі ұмытқаным жоқ, Талғат Ілімжанның осындай тақырыппен газеттің екінші бетінде «Жас Алашта» мақаласы жарияланды. Шындығында, біздің тәуелсіздікке қолымыз жеткенімен, дербес ел ретінде қайда бағыт аларымыз белгісіз еді. Бізге «Азияның жолбарысы» атанған сингапурлық жүйе қолайлы ма, жоқ әлде мемлекеттік меншіктен мүлде бас тартып, экономиканың барлық саласында жекеменшіктік жүйені қолданысқа енгіземіз бе? Талғат Ілімжан   осының барлығын талдап, аражігін ашып мақала жазды. Ол кезде экономикалық салада талдап жазатын журналистер тіпті аз еді. Сол буынның алғашқы легінде Талғат Асқарұлы  тұрды. Ол талдамалы сараптамалық мақалалар жазуға шебер еді. Ол қалай жазды, қалай ізденді?

— Талғат түн қараңғысына дейін отырып жазатын. Ол жылдары егемендігін енді жариялаған жас тәуелсіз мемлекетіміздің бұрынғы советтік жоспарлы-әкімшілік  экономикалық басқарудан нарықтық экономика жолына көшкен күрделі кезең еді ғой. Қарапайым адамдарға экономикада көп нәрсе түсініксіз болатын. Оның жазған мақалалары аса қызғылықты, жатық тілмен жазылған соң, қарапайым халыққа түсінікті болып шығатын. Талғат жас тәуелсіз мемлекеттің экономикалық саясатын қалыптастыру, ауылдың жағдайы мен ауыл шаруашылығындағы проблемалар, еліміздегі жекешелендіру үрдісі, қаржылық сауаттылық, халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге байланысты толайым материалдар жазды, – деп еске алады қазір жары Гүлмира Сұлтанәлиева.

        Қазір ғой, бүгінгі ұрпақ сенбейді. Бірнеше жыл бойы тұрмыстың зардабын тартқан халық  азық-түліктің тапшылығын көрді. Жетпейді. Ел дүкеннен азық-түлікті купонмен алатын жағдайға жетті. Ал қалада тұрақты тіркелімі жоқтар не істеуі керек? Азық-түліксіз қала ма? Әлі есімде, бір топ журналист сол кездегі бас редакторымыз Уәлихан Қалижанның кабинетіне кірдік. Бас редакторымыз бұл мәселені Талғат Ілімжанға тапсырған. Талғат қалалық әкімшіліктегілермен сөйлесіп жүріп, тұрақты тіркелімі жоқ 5-6 журналиске осылай азық-түлік алатын купон алып берген. Ол кезеңнен де өттік қой. «Жас Алашта»  экономикалық сараптамалық тақырыптарымен көзге түскен оны 1993 жылы «Сеймар» компаниясының президенті Марғұлан Сейсембаев  өзіне шақырып, жарнама бөлімінің басшысы етті. Талғат «Сеймарда» табысты жұмыс істеп, іс жүзінде нарықтық экономиканың тәжірибесінен өтті. Ал  1994 жылы «Егемен Қазақстан» газетінің сол кездегі бас редакторы Нұрлан Оразалин Талғат Ілімжанды  оның сараптамалық мақалалары мен сабырлы мінезін ұнатты ма, бірден жұмысқа қабылдады.

        Ол қалада өскендіктен бе, орыс тіліне жетік болды. Орыс әдебиетін түпнұсқасында оқып, Есенин мен Лермонтовты, Блокты жатқа айтатын. Буниннің шығармаларын жіктеп, талдайтын. Орыс тіліндегі басылымдарды көп оқитын.

        Талғат Ілімжан Торғай облысының Жанкелді ауданында дүниеге келіп, бес жасынан бастап Арқалықта өсіп-ержетті. 1984 жылы Арқалықтағы жалғыз қазақ мектебін бітіріп, облыстық «Торғай таңы» газетінің редакциясына жұмысқа орналасты. Анасы Мақпуза Жәлтенқызы осы газеттің баспаханасында жұмыс істегендіктен, Талғат кішкене кезінен бастап газеттің иісін жақсы біліп өсті. Ол еңбекке ерте араласты. Орта мектептің оқушысы болып жүріп, осы облыстық газетте курьер болып жұмыс істеді.

        Жары Гүлмира айтады: «Мектепте оқып жүрген кезінде анасы Талғатқа Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я» кітабын әкеліп бергенде, оның қуанышында шек болмаған. Ол кішкене кезінен кітап оқығанды жаны сүйген. Қолы босай қалса, кітапты қолына алып отыра қалады екен. Далаға шығып, басқа балалар сияқты доп қууға онша құмар болмаған. Кітап оқығанды жаны сүйген. Мінезі біртоға кішкене Талғатты үйдегілер «үндемес ишан» деп  атапты».

       Отбасылық жағдайға байланысты 1995 жылдың басында Талғат Минскіге көшіп, елшіліктің консулдық бөлімінде 1998 жылдың басына дейін жұмыс істеді. 1998 жылы «Хабар» агенттігіне журналист болып жұмысқа орналасты. Оның жинақылығы мен алғырлығы, жан-жақты білімі мен ізденгіштігі  теледидар саласында да жақсы репортер, ел таныған журналист болуына мүмкіндік жасады. Бұл арнада 1998-2003 жылдары мәдениет, ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша парламенттің тілшісі болды. 2002 жылы «Хабардың» Ақмола облысы бойынша меншікті тілшісі болып жұмыс істеді.  

        2004-06 жылдары «Хабар» агенттігінің Өзбекстандағы меншікті тілшісі болды. Ол Ташкенттен екі елдің саяси, сауда-экономикалық, мәдени ынтымақтастығы туралы, түрлі әлеуметтік шаралар жөнінде көптеген қызықты материалдар беріп,  көрерменнің көзайымына айналды. Талғаттың от пен оқтың арасында жүріп, 2005 жылғы мамырда Әндіжанда болған қанды оқиғаны таспаға түсіріп, «Хабардан» жария еткенін ешкім ұмыта қойған жоқ. Кейін әлемдік Би-Би-Си, Рейтер, Си-Эн-Эн бұл бейнежазбалар үшін кезекке тұрғаны туралы «Хабардың» журналисі, әріптес бауырымыз Еркін Байғабыл талдап жазды.

        Әндіжан оқиғасы кезінде біз де Талғатпен байланысқа шықтық. Ресми Ташкент әлемге қанды оқиғаны естіртпеу үшін бүкіл интернет көзін бұғаттаған. Не істеу керек? «Айқын» газетінің жаңадан ашылған кезі. Курстасымыз  Сейсен Ұлықбеков екеуміз дереу Ташкенттегі Талғатқа  телефон шалып, толыққанды  ақпарат алдық. Алайда жоғарыдан тапсырма келді ме, әлде газеттің сол кездегі басшылығы жарияламау туралы шешім қабылдады ма, талдап жазылған мақала газетке жарияланбай қалды.

        Әлі есімде, мен Талғатпен осы Ташкентке кетер алдында кездестім. Жұмысқа іздеп келді. Екеуміз Алматыдағы Ұлттық паркте отырып, ұзақ әңгіме-дүкен құрдық. Жүзбе-жүз отырып тілдесуім, оны соңғы көруім екен. Одан кейін Әндіжан оқиғасынан соң  хабарластық.

        Талғат өмірде сабырлы, ұстамды, өте биязы  болды. Анасы Мақпуза Жәлтенқызын ардақтап, ерекше жақсы көрді. Анасы 70-ке толғанда Гүлмира екеуі мерейтойын Ташкенттен арнайы келіп, ұйымдастырды. Өзімен тетелес апасы Алмагүл мен жалғыз қарындасы Тазагүлді  үнемі қорғаштап, қолдап жүрді. 

       «Орнында бар оңалар» деген. Бүгінде Талғаттың ұл-қыздары өсіп ержеткен. Ұлы Мағжан 2012 жылы Еуразия ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетін тәмамдап, қазір сыртқы істер министрлігінің Еуропа департаментінің екінші хатшысы болып жұмыс істейді. Талғаттың Таира және Амира атты қос немересі өсіп келеді. Қызы Аруна Тбилисидегі еуропалық мектепті үздік бітіріп, Назарбаев университетінің саясат ғылымдары және халықаралық қатынастар факультеті грантын жеңіп алды. Қазір студент. Ал жан жары, курстасымыз Гүлмира Сұлтанәлі Қазақстанның Грузиядағы елшілігінде кеңесші болып қызмет істейді. Қуанатынымыз, Гүлмира алдағы уақытта Талғат  туралы естеліктер жинағы шығатынын айтты. Оған бәріміз де атсалысармыз. Сен туралы жылы әңгіме толассыз айтыла береді, Талғат!

        Талғат Ілімжан 2006 жылғы 27 қарашада 41 жасында Ташкент қаласында дүниеден өтті. Суыт хабарды естіген сәтте төбемізден жай түскендей болды. Қимадық, сенер-сенбесімізді білмедік.

      Өмір – осы, кеше жақыныңдай сыйласып жүрген адамың бүгін жоқ. Есімізде естеліктер мен сағыныш қана қалды. Сенің өмірден өткеніңе де  15 жыл өтіпті-ау.  Алғашқы журналистік жолың басталған «Жас Алаш», міне, аз күннен соң 100 жылдық мерейтойын тойлайды. Сен жоқсың… Бірақ әріптестерің, достарың, курстастарың сені ұмытқан жоқ. Жарқын бейнең  жанымызда жаңғырып мәңгі қала береді.

Тегтер: басылым мерейтой пікір пайым лебіз

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 05.03.2021, 16:25
"Жас Алаштың" 100 жылдық мерейтойына орай бильярдтан турнир өтеді
Амангелді СЕЙІТХАН 05.03.2021, 12:29
Төрдегі төртеу - Түркістанда Қазақстан суперкубогын сарапқа салуда
Оралхан ДӘУІТ 05.03.2021, 09:32
«Жас Алаштан» шенеуніктер қатты қорқатын
Серік ШАЙМАН 03.03.2021, 10:12
Сейдағаңның серілері едік
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ 02.03.2021, 10:44
Бес тағдыр – бес тал гүл
Әкім ЫСҚАҚ 25.02.2021, 13:12
Буырқанған дауылда сыналған басылым

Аңдатпа


  • "Жас Алаштың" 100 жылдық мерейтойына орай бильярдтан турнир өтеді
    05.03.2021, 16:25
  • Қарағандыдағы үш газет қазақшаға қалқан бола ма?
    05.03.2021, 13:12
  • Әкім бол, туысыңа жақын бол!?.
    04.03.2021, 10:15
  • Сейдағаңның серілері едік
    03.03.2021, 10:12
  • Бес тағдыр – бес тал гүл
    02.03.2021, 10:44