«Жас Алаштан» шенеуніктер қатты қорқатын

Оралхан ДӘУІТ

05.03.2021, 09:32

1594

«Жас Алаш» газетінде екі мәрте жұмыс істеу маңдайыма бұйырған екен.

2004 жылдың желтоқсан айында «Жас Алаштың» Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі қызметіне кірістім. Ол кезде басылымның бас редакторы белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек болатын. Кейіннен газетке Рысбек Сәрсенбай ағамыз басшылық жасады. Бұл кісілердің мектебінен көп тәлім алдым.

Меншікті тілші болып табан аудармастан алты жыл жұмыс істедім. Жасыратыны жоқ, «Жас Алашқа» деген елдің ықыласы ерекше еді. Ол жылдары ел-жұрт баспасөзге құдайдай сенетін. Шынында, ол кездің оқырмандары да басқа еді ғой. Әсіресе «Жас Алаштан» шенеуніктер қатты қорқатын. Жазған сын мақалаларымыз көбінесе әкімдіктерде қаралып, бір қорытынды шығып жатушы еді. Осы «Жас Алаш» газетінің арқасында жазуымыз жетілді, азды-көпті танылдық, талайды мойындаттық.

Алты жылдан кейін Жамбыл облыстық «Арай» жастар газетінің бас редакторы болып ауысып кеттім.

«Жас Алашқа» екінші мәрте 2017 жылдың наурыз айында оралдым. Бұл жолы бас редактордың орынбасары болып ауысып келдім. Бас редактор – Руслан Ербота. Белгілі ақын Есей Жеңісұлы да бас редактордың орынбасары. Ұжымда Роза Қараева, Гүлзат Нұрмолдақызы, Елнұр Бақытқызы сынды майталман журналистер еңбек етіп жүр екен, кейіннен Өміржан Әбдіхалықұлы қосылды.

«Жас Алаш» қызметкерлерінің арасында бұрыннан «Жақсы газет шығару үшін жақсы мақала жазу керек» деген ұран болатын. Газет қызметкерлерінің барлығы «Жас Алаштың» жақсы шығуына бар күш-жігерлерін салды. Қоғамды селт еткізген әрбір оқиғаны қалт жібермей, батыл да ашық жазуға тырыстық. Әсіресе редакциядағы жайма-шуақ көңіл күй керемет ұнайтын. Ұжым өте ұйымшыл болды. Жыл сайын жазда ұжымның Ыстықкөл, Көлсай, Алакөлге барып демалуы дәстүрге айналып кеткен.

Осы тұста өзіме қатысты бір-екі нәрсені айта кетсем деймін.

Жұмысқа кіріскеннен кейін көп ұзамай бас редакторға «министрлер мен облыс әкімдерін ашық сұхбатқа шақырайық» деген ұсыныс айттым. Әрине, журналистикада лауазымды тұлғалардан сұхбат алу керемет бір тосын жаңалық емес. Жасыратыны жоқ, әкімдер және министрлермен әңгіме көбінесе былай жүретін: газет тілшілері сұрақтарын министрліктің баспасөз хатшысына жолдайды. Сөйтіп, сұрақтарға сол баспасөз хатшыларының өздері жауап бере салады. Бәлкім, министр бәрі дайын болған кезде бір оқып шығатын болар. Бірақ мәтіннің 90-100 пайызын бер жағындағы қызметкерлер дайындап беретіні анық.

Ал біз лауазымды тұлғаларды бетпе-бет отырып ашық әңгімеге шақырдық. Сондай-ақ сұхбат берушімен міндетті түрде әңгіме барысында фотоға түсуіміз қажет. Әңгіме, негізінен, сол саланың өткір мәселелеріне арналып, оқырманды жалықтырмауы тиіс. Бас редактор бірден қолдады. Сонымен, «Жас Алашқа» сұхбат беруге ең алдымен сол кездегі білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев келісімін берді. Дәл осы кезде білім саласындағы реформалар қатты сынға ұшырап, оқулық мәселесі айқай болып жатқан еді. Ерлан Сағадиевпен Алматыда жолығып, екі сағаттан аса әңгімелестік. Білім саласындағы даулы мәселелердің барлығын дерлік бүге-шігесіне дейін түсіндіріп берді.

Дәл осылайша энергетика министрі Қанат Бозымбаевпен, премьер-министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов, еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевпен ашық әңгіме болды. Бұл лауазымды тұлғалардың ешқайсысы дайын мәтінді айтып бере салған жоқ. Сұрақтар тосыннан қойылды. Олар сол сәтте жауап берді.

Бас редакторға жасаған тағы бір ұсынысым – «Жас Алаштың» астанадан өкілдігін ашу болды. Бұған дейін басылымның ел ордасында меншікті тілшісі болған. Бірақ олар бұл қызметті қосымша атқарып жүрді. Алматыда жұмыс істеген алты айда бір-ақ мәрте жиналысқа барыппын. Өйткені негізгі жиындардың барлығы ел астанасында өтеді. Содан түрлі сайттарға, түрлі ақпарат құралдарында жарияланған мәтін, видеоларға үңіліп, мақала жазуға тура келеді. Сондықтан ел ордасындағы өкілдігімізді күшейту қажет болды. Бас редактор Руслан Ербота бұл ұсынысты да қабыл алып, ақылдаса келе, 2017 жылдың қараша айында мен бас редактордың орынбасары әрі елордадағы өкілі ретінде астанаға ауыстым. Бұдан газет ешқандай зиян шеккен жоқ деп ойлаймын. Үкімет үйі, парламентте болған жиындардан, басқа да оқиға орындарынан «Жас Алаштың» өкілі ретінде жылдам ақпарат беруге тырыстық. Газетпен қатар, сайтқа да ақпарат беріп отырдым.

Айтпақшы, 2017 жылдың маусым айында Бішкекте қазақ пен қырғыздың ежелден келе жатқан достығын паш етіп, екі елдің өнерін, мәдениетін, әдебиетін тел емген Рахымжан Отарбаевтың драматургиясы негізінде театр фестивалі өтті. Жалпы, қазақ-қырғыз театр өнерінің байланысы бұрыннан мықты ғой. Барыс-келісі ешқашан үзілмеген. Екі елдің өнерпаздары бір-бірін өте жақсы таниды. Бішкек төрінде өткен осынау театр фестивалі бір туған елдердің бауырластығын тағы бір белеске көтеріп тастады. Бір апта бойы Т.Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театрында Қырғызстанның түкпір-түкпірінен келген өнер ұжымдары Р.Отарбаевтың пьесаларын сахналап, көрерменді зор қуанышқа бөледі.

Осы сапарда Рахымжан аға әңгіме арасында күнделік жазатынын айтып қалып, «Осы дүниеңізді біздің «Жас Алашқа» беріңіз, ең алдымен біз жариялайық» деп жата кеп жабыстым. Айнып қалып, басқа басылымдар алып қоя ма деген күдігімнің де болғанын жасырмаймын. Ол кісінің мұндай дүниесін кез келген газет-журнал қуана-қуана басар еді. Сол кездері жиі хабарласып тұрдым. Жоқ, Рахаң уәдесіне берік адам екен. Күнделігін ең алдымен «Жас Алашқа» берді.

 Иә, «Жас Алаш» газеті бұған дейін де талай мықтының күнделіктерін жариялаған. Сол ескі дәстүрді жалғастырып, жазушы Рахымжан Отарбаевтың қаншама жылдан бері қағазға түсіріп отырған күнделіктерін нөмір аралатып жариялап отырдық. Қысқа да нұсқа жазылған осынау жолдар оқырманды бейжай қалдырмай, ғажап бір әлемге жетелегені анық. Жылдың аяғында ағаның күнделігін бір-екі мәрте бермей қалғанымызда, редакцияға, одан өзіміздің ұялы телефонымызға қаншама адам қоңырау шалды десеңізші… Бәрі «Күнделікті қашан бересіздер? Неге өткен нөмірде берілмей қалды?» деп сұрайды. Тіпті «осы күнделікке бола газетке жазылып едім» дегендер де болды. Қалай айтсақ та, Рахымжан ағаның күнделігі «Жас Алаштың» абыройын көтеріп, оқырманымыздың қатарын көбейткені анық еді.

Тағы бір айтары, Руслан Ербота газеттің сайтын жаңартты. Өз алдына редакция қылды. Сайтқа белгілі журналист Қанат Тілеухан басшылық жасап, кейбір облыстардан меншікті тілшілер қабылданды. Жылдам ақпарат таратумен қатар, өткір дүниелер де жазғандықтан, сайттың қаралымы күрт көбейді.

Міне, «Жас Алашта» жұмыс істеген жылдардан естелік жазып бересіз бе?» деп, редакциядан хабарласқан кезде осы жайттар бірден ойыма оралды. Жалпы, қандай заман, қандай басшы басқарса да, оқырман «Жас Алаш» газетінен бір ерекшелік, жаңашылдық іздейді. Әйтеуір, «Жас Алаштың» орны бөлек. Ендеше, жүз жасаған «Жас Алашым» аман болсын! Жасай берсін, өркендей берсін! Оқырманы көп болсын! Бұл тек «Жас Алаштың» мерейтойы емес, қазақ баспасөзінің мерейтойы, қуанышы, бір белесі деп айтуға болады.

Тегтер: басылым мерейтой пікір пайым лебіз

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16.04.2021, 11:41
Қазақтың аса көрнекті ақыны Есенғали Раушанов өмірден өтті
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН 16.04.2021, 09:47
Луиз ГЛЮК: Біз ешкім де емеспіз
Қоранбай ШӘКІРҰЛЫ 16.04.2021, 03:27
Бейқамдық па, бейшаралық па?
Еркежан Арын 14.04.2021, 20:32
«30 еңбек елшісі» – жастар саясатын жетілдіру бастамасы
Айт-МАН 13.04.2021, 15:24
Хан Кененің басы отанына оралмақ
Тұрсын ЖҰРТБАЙ 13.04.2021, 12:28
Қуанышқа – сүйініш

Аңдатпа


  • «Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
    16.04.2021, 10:32
  • 20 жыл тұрған баспанамыздан қуып жатыр (видео)
    15.04.2021, 12:06
  • Қонаевқа неге соқтыға береміз?
    14.04.2021, 09:08
  • Дағдарысты ауылдан жауап
    09.04.2021, 08:46
  • Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер
    08.04.2021, 14:24