«Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім

Сайт әкімшілігі

16.11.2021, 10:00

2308

Биылғы жылы ұлт басылымы саналатын «Жас Алаш» газетінің 100 жылдығы атап өтілуде. Осы жүз жылдың 60 жылы маған да тиесілі екен. 1960 жылы он төрт жасымда комсомолға өтіп, сол замандағы жастар газеті – «Лениншіл жаспен» таныстым. Жаз айында көрші кеңшарға барып, шөп дайындау науқанында жұмыс атқарған бригаданың бір мүшесі болып, ептеген табыс тапқан соң, сол заманның талабына сәйкес, алғаш 1961 жылға «Лениншіл жас» газетіне жазылып, содан бері оның тұрақты оқырманына айналдым.

Ата-анадан ерте айырылған мені әкемнің ағасы асыраған екен. 12 жасымда ол кісі де марқұм болып кетті де, енді жеңгемнің қолында қалдым. Бестөбе деген алтын кенішінде туып-өскен маған күн көру үшін еңбекке ерте араласуыма тура келді. Жетімдіктің зардабын татсам да, ерік-жігерімнің жасымауына осы «Лениншіл жас» көп септігін тигізді деп есептеймін. Жақын туысы жоқ маған өгей адамның қолында тұру оңайға соқпады. Қатарымнан қалмай, заман ағымына ілесуге жанымды сала отырып, мектепті үздік бітіріп, инженер-механик мамандығы бойынша жоғары оқуды да тәмамдап, бұйырған қызметтерді атқарып, дүниенің соңына түспей, барды қанағат тұтып, ел қатарлы отбасын құрып, балалы-шағалы болып, немере, шөбере көруді Алла маған нәсіп етіпті.

Студент кезімде газетті сатып алып оқысам, 1970 жылдан бастап осы уақытқа дейін үзбей жаздырып алып оқитын тұрақты оқырмандарыңызға айналған жайым бар.

Облыстық, аймақтық, аудандық көлемде ғана жария көрген біраз жазбаларым бар екен. Оның өзінде жазуды өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастаған екенмін. 2014 жылдан бастап шежіре деректерін жинастырып, өз аталарым туралы шежірені өлеңмен жазып, 2016 жылы «Арғын Қанжығалы азаматтары» атты екінші шежіре кітапты бастырсам, 2018-2020 жылдары «Ананың жаны» атты әңгімелер жинағы мен «Намыс» атты өлеңдер жинағын да өз қаражатыма бастыртып шығардым. Бұл енді елдің қажетіне жарамаса да, өз ұрпағыма естелік болсын деген ой, үміт қана...

Жастайымнан әкемнің ағасы, марқұм Нұртауық атам берген тәрбиенің әсері болар, кітап оқу, іздену, ұлттық мүддені бірінші орынға қойып, елімнің тарихын зерттеп-зерделеу сүйікті ісіме айналды. Орысша аталып жүрген екі ауылдың атын қазақшалауға атсалыстым. 150 жылға созылған қазақтың басына түскен бодандық қамыт елім деген азаматтарды ойландырмай қойғаны рас. Сонау жоңғар шапқыншылығынан бастап, Исатай, Махамбет, Кенесары заманынан бері арпалысқа түскен Алаш азаматтары мен желтоқсан жастарының жанкешті істері ел жадында мәңгі сақталып, болашақ ұрпағымызға үлгі боларлық атқарған тіршіліктерін мақтан тұтарлық үрдіс қой. Бұл жөнінде «Жас Алаш» үнемі ел есіне салып, елең еткізіп отырғанына ризашылығымды білдіремін. Кейінгі екі кітабымда сіздер берген және «Аңыз адам» журналынан алынған деректерді ойыма арқау етіп, дәлел ретінде келтіріп отырдым.

Мен үшін қызмет, мансап екінші-үшінші орындардағы мәселе болатын. М.Л.Кинг: «Зұлымдықты қарсылықсыз қабылдайтын адам оның жақтасына айналады» – дегендей, кеңес дәуірі мен тәуелсіздік алған кезеңдегі билік тарапынан көріп отырған зұлымдыққа қалай жақтас болайын. Қазіргі биліктің елге, әсіресе қазақ халқына жасап отырған бассыз әрекеттері мені бей-жай қалдырған емес. Елдегі көзі ашық, көкірегі ояу деген азаматтардың ұстанымдары мен өз ойларымның астасып жатқанына қуаныштымын. Бағытым дұрыс екеніне сенімді бола отырып «Намыс» атты кітабымды баспадан шығардым.

Қазіргі кезде ғұмыр кешіп жатқан замандастарымның пиғыл-ниетін бақылай отырып мынадай ой түйген екенмін: «Қазіргі кезде билікте жүрген, өмірдің ащы-тұщысын көрді деген ағаларымыз бен замандастарымыздың санасы тұмшаланып, 180 градусқа кері айналып, билік пен еңбексіз ғайыптан келген байлықтың буына піскен түрлерін көрсең, адам танымастай болып өзгерген. Егемендігіміздің 30 жылында өздері құрған сұрқия, әділетсіз қоғамда балабақшадан бастап билік мансабына дейін «иномаркадан» шықпай өскен, асфальттан басқа Жер Ананың иісін сезбейтін, ешкіні қойдан, есекті тайдан айыра алмайтын, өмірдің ащы-тұщысын көрмеген, оқтау жұтқан, екі көзі «барби» қуыршақтың шыны көзіндей шатынаған жансыз, ана тілі мен ұлттық мүдде деген ұғымнан, ұлттық тәлім-тәрбиеден мүлдем ада, ақшаны Құдайдай көретін өздерінің имансыз ұрпағына биліктің тізгінін жанталасып ұстатып жатқанын көргенде тұла бойың түршігіп, бағы ашылмаған қазақ байғұстың көретін құқайы әлі алда ма деп қамығатынымды несіне жасырайын… Олар түгілі қарапайым халықтың да пейілі тарылып, ар менен намысын кейінгі орынға ысырып жатқанын көре отыра, осындай әділетсіз авторитарлық режим билік еткен қоғамда елін сүйген адал азаматтарға өмір сүрудің өте қиын екенін сезінгенде өзегің өртеніп, жаныңды жегеннен басқа амалың қалмайды екен. Әйтеуір, артының қайырын берсін».

Намыс демекші, қазақта намыс жоқ десем, артықтау болар. Әшірбек Сығай айтпақшы: «қазақта намыс аз екені» – рас сөз. Сондықтан да қазақтың намысын қозғайын деген үмітпен кітабымның атын «Намыс» деп атап, намыс туралы біраз сөз қозғауым. Желтоқсан көтерілісі мен тәуелсіздігіміз егіз ұғым. Бірін еске алсақ, екіншісі ойда тұратыны айдан анық. Осы егізді ажыратып тастаған биліктің қисынсыз саясатын қалай түсінуге болады? Желтоқсан көтерілісін еске алмақ түгілі тәуелсіздік алған күнімізге деген билік тарапынан құрмет бар ма? Мен жоқ дер едім. Себебі тап желтоқсанның 16 күні емес пе: Жаңаөзенде биліктің пәрменімен қазақтарды қоянша қуып жүріп, аулап атып, қырып салатыны. Осыдан кейін Тәуелсіздік күні деп аталған желтоқсанның 16-жұлдызында қандай көтеріңкі көңіл-күй болмақ, өзгесін айтпай-ақ, қаза болғандарды аза тұтатын күнге айналып отырса?!

Бұл күн мен үшін сұрықсыз сұр күндердің қатарында. Осы туралы ойланған қазақ бар ма өзі?! Мен осыдан кейін Тәуелсіздік күні деп қабылдаудан қалып, билік керексіз қылған 25 қазанды мойындаймын да...

Желтоқсан көтерілісіне осы уақытқа дейін әділ, саяси баға берілген жоқ. Сол кездегі 18-20 жастағы жас өркеніміз 55-ке толады екен. Отаршылдардың сапер күрегінен аман қалған азаматтарымыз небір теперіштерді көріп, еліміздің тәуелсіздік алуына өз үлестерін қосты емес пе?! Марқұм болып кеткендері де аз емес болар, солар туралы, аман жүрген азаматтар туралы деректерді ел білуі керек деп есептеймін. Газет редакциясынан сұрайтыным: Егемендігіміздің 30 жылдығы мен Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығына, газеттің 100 жылдығына орай, баспа бетінде осы оқиғаларға байланысты жаңа айдар ашып, желтоқсан көтерілісіне байланысты әр нөмір сайын материалдар бассаңыздар құба-құп болар еді.

 Астананың Қараөткел деген ауылында тұрып жатқалы 6 жылдан асқан екен. 20 мыңдай халқы бар (99 пайызы қазақ десем өтірік емес) «Жас Алаш» газетін жаздырған екі адам ғана екенбіз. Сол 2015 жылдары ғой деймін, пошта таситын әйелмен газет туралы сөз туындап, осы газетті оқып шығуға кеңес бердім. Газетті поштаға барып өзім алып тұратынмын да, келесі бір жолыққанда әлгі әйел: «Аға, газетті оқып шықтым, газетте жазылғандар – барып тұрған соғыс қой! Қорықпай қалай жаздырып алып жүрсіз?! Сондықтан болар, бұл газетке екі адам ғана жазылатыны...» – дегені бар. Расында солай ғой. Ерейментау жақта елде жүргендерден де жазылып оқитын адам шамалы болатын. Ауыл кітапханашысынан газет туралы сұрағанда: «Аудан басшылығы жаздыртпайды, қаражатты басқа басылымдар үшін ғана береді», – деген соң, газеттің тағы бір данасын кітапханаға деп жаздыртып беруді әдетке айналдырған едім. Оқырман көбейсін деген оймен.

 Жасыратыны жоқ, 1995 жылы бізде Квятковская деген қатынның жаласын негіз етіп жоғары кеңесті таратқаннан кейін, ақын Олжас Сүлейменовтің: «Если в России парламент распустили танки, в Казахстане хватило одной Таньки», – деген мысқыл сөзі қамшы болды ма, тәуелсіздік эйфориясы жайына қалып әрі биліктің тірлігінен көңілім қалып, ойымның оппозициялық көзқараста осы уақытқа дейін болып отырғаны рас.

Туып-өскен ауданым әкімдерінің келеңсіз істерін бетіне айтқаным үшін қуғынға ұшырата бастағанда, аптықтарын өлеңмен басқан едім.

Алдыңа қызмет сұрап барғаным жоқ,

Дүние қуып, жамандық қылғаным жоқ.

Адамның эталоны мен емеспін,

Мендей болса, қазақтың арманы жоқ!

Десе де, қыл арқанның бұрауы бар,

Айтады судың да бір сұрауы бар.

Жойылған мал, құлазыған ел мен жердің,

Қиямет күні тап өзіңнен сұрауы бар!

Өлеңнің құдіреті болар, қыр соңыма түскен әкімдер осыдан кейін қуғындауын қойған болатын. Жаңағы пошташы әйел айтпақшы, аудандық масштабтағы шайқастың бел ортасында жүріп жаттым. Бұл жайлар соңғы екі кітабымда баяндалады. Мен өзімді ақындар қатарына қоспаймын. Тек ашынғанда, толғаныста болғанда кейбір оқиғаларға байланысты өлеңдер шығып кететіні рас...

Иә, қазіргі билік халықтың мысын басып, «менінен» айыру жолында саясат құрып жатқанын екінің бірі түсінсе де, бұғуын қояр емес. 1990 жылы желтоқсан көтерілісін тексеру комиссиясының тұжырымындағы 13-бапта көрсетілген ұсынысында былай делінген екен: «...1986 жылдың желтоқсанындағы қайғылы оқиғаларды есте сақтау үшін, мұндай іс Қазақстан тарихында қайталанбасын деген ниетпен желтоқсанның 17-жұлдызы – еске алу күні болып жариялансын». Билік осы ұсынысты қабыл алғанның орнына желтоқсан қырғынын қайталап, Жаңаөзенде тағы да қырғын салғаны рас емес пе?! Тәуелсіздік күнін билік құрмет тұтпай жатқанда, осыдан кейін қай қазақ, қай басқа ұлттың өкілі Тәуелсіздік күнін құрметтеп тойлайды?! Парадокс деген осы болар. Осы ойларым дұрыс па, бұрыс па, халық сарапқа салып көрсін деп осы тұжырымдарымды жолдап отырмын.

 Теміртас АХМЕТОВ,

«Жас Алаштың» тұрақты оқырманы

Ақмола облысы

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Төреғали ТӘШЕНОВ 18:01
ҚАҢТАР. ҚАРА ҚҰЗҒЫН
Бифат Елтаева 25.01.2022, 14:28
Жанат Бақыт: «Қазақи киімді тек наурыздың 22-сі күні киетін әрекетіміз ұнамайтын»
Думан Рамазан 25.01.2022, 10:36
ТОР (әңгіме)
Ғарифолла ЕСІМ 20.01.2022, 16:06
Ойлан, қазақ!
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 18.01.2022, 16:08
Қаза тапқан сарбаздардың ордені ата - анасына табыс етілді.
Сайт әкімшілігі 14.01.2022, 14:20
Бір Алла дегеніне сеніп қалдық – Тұрсынбаеваның тренингіне қатысқандар өкініп жүр

Аңдатпа


  • Байлар 30 жыл «жиып-тергенін» «Қазақстан халқына» қия ма?!
    20.01.2022, 08:50
  • Біреуге бас қайғы, біреуге «мал» қайғы
    20.01.2022, 08:49
  • Алматыны «терроризм астанасы» етпек болды
    20.01.2022, 08:48
  • Қазақстанда билік төңкеріледі - үндістандық көріпкел Арченаның айтқаны келді
    19.01.2022, 00:00
  • «Аш адам ұрысқақ келетінін» ұмытпасақ екен...
    19.01.2022, 08:48