Жастармен бірге тыныстайтын басылым

«Ақиқаттың алдаспаны» республикалық эссе байқауы!

Индира БІРЖАНСАЛ

30.11.2021, 18:08

2711

Биыл қымбатты да қастері Тәуелсіздігіміздігімізге – 30 жыл! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халқымызға арнаған биылғы Жолдауында «Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес. Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы» деп атап айтты.

Тәуелсіздігіміздің тұғырын нықтап, қадамын бағып келе жатқан басылымдардың бірі – республикалық «Жас Алаш» газеті. Егемендік алысымен «Жас Алаш» деген атаумен жарық көріп, қара ормандай оқырманның қолына тиіп келе жатқан аса беделді әрі байырғы басылым. Алғашқы санының шыққанына биыл 22 науырызда 100 жыл толған «Жас Алаш» – шындықты айтатын, әділдіктің тура жолын ұстанған республикадағы бірден-бір басылым. «Жас Алаш» –  адалдықты, турашылдықты, әділдікті қалайтын барша ағайынның сырласы, сенімді серігі. «Жас Алаш» – тіл мен ділді, салт-дәстүр мен жөн-жоралғыны ұлықтаған, ұлттық құндылықтарымызды әркез жоғары қойып, ұлт руханиятының темірқазығына айналған, қоғамдық сананы жаңғыртқан тәрбие мен білім институты іспетті. Бір жағынан ағартушы басылым деуге де келеді. Басылымды жас пен кәрінің жарыса оқуы да көп нәрсені аңғартса керек. «Жас Алаш» қанша буын ұрпақты тәрбиелеп шығарды. Берері әлі де мол.

Біздер, тәуелсіздік жылдары дүниеге келген бүгінгі жастар өзімізді «Жас Алашпен» тел өскен бауырдай сезінеміз. Ес біліп, айналаны тани бастаған сәттен осынау байырқалы басылымның беттерін парақтап, оның әр сөзін көкірегімізге сәуле қылып септік. Әр санын күтіп елеңдеп тұратын көңіліміз ересек атанғанда да пәсейіп қалған жоқ. Біз неге «Жас Алашқа» осынша арбалдық? Бізді тартқан нендей сиқыр? Оған пәлендей ғылыми негіз іздеп жатудың қажеті шамалы. Бізді өзіне баурап алған басылымның ерекше атмосферасы болса керек. Ондағы әр мақала, ондағы әр тақырып пен әрбір сөз жан-дүниеміздегі толқыныспен дәл тоғысып, көңіл пернемізді дөп басып жатты. Біз газет авторларының мақаласын оқып емес, олармен сөйлесіп отырғандай күй кештік. Біз өзімізді оқырман емес, сол редакцияның қызметкері, сол газеттің шығарушыларының бірі секілді сезіндік. Содан болар, аяғымыз Алматыға тиген бетте, өзімсініп «Жас Алашты» іздеп, енді шын мәнінде сол басылыммен біте қайнаса ғұмыр кешкіміз келді. Ол махаббат әлі сөнген жоқ. Басылым барда оның өше қоюы да неғайбыл.

Газеттің байыпты сұхбаты, терең сараптамасы бұл команданың баспасөз айдынындағы бағытының оң, көшінің көп ұжымнан көш ілгері екенін аңғартып тұрады. Көп БАҚ-тың батылы бармайтын, батылы жетсе де тісі бата бермейтін тақырыптарды тауып алуы, әрі соның ықпыл-жықпылын түгел зерделеп, асқан кәсібилік пен қазақы юморды ұштастыра отырып, оқырманға ұсынуы газет стилін қалыптастырды һәм басылым шоқтығын биіктете түсті. Содан болар, өмірдің тек күнгей тұсын ғана емес, теріскейін де көргісі келген, жаны әділдік пен шындық іздеп шырылдаған жан «Жас Алашты» іздейді, базынасын «Жас Алашқа» айтқысы келеді.

Биыл қараша айының 9 жұлдызындағы №90 санында «Тоқаев ел басқарған 882 күн. Елге сенім  ұялата алды ма?!», «Қой терісін жамылған тендерлер», «Түркістандағы қаржы пирамидасы», «Қымбатшылыққа қазақтың жалтақ билігі кінәлі»,  «Ұлтшылдық пен Ұлтсыздық» атты сараптамалық мақалалар бірінші беттен бастап жарияланыпты. Бәрінің айтары анық, тұжырымы дәлелді, берері көп. Нұрсұлу Нұрмұханбетованың «Біз, өзі, өткеннен қортынды шығаруды білеміз бе?» атты мақаласы да қоғамдағы, айналамыздағы шынайы шындық туралы орынды мәселе көтерген. Газет тілшісі республикамызда өзіне-өзі қол жұмсау – суицид жасау әрекетінің азаймай отырғанын, бұдан 4-5 жыл бұрын да айтылып, мәселеге айналғанымен жағдайдың оңала қоймағанына жұрт назарын аударады. Қазақстан өзіне-өзі қол жұмсау саны бойынша бұрынғысынша көш басында тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы мәліметтері бойынша еліміз әлемде 3-орын және Орталық Азия елдері арасында жетінші орын алады. 2021 жылдың үш айының ішінде ғана 834 қазақстандық өзіне-өзі қол жұмсаған. Жасөспірімдерге келетін болсақ, жыл басынан бері 105 адам өз өмірін қиған. Тағы екі жүзге жуығы соған әрекет жасаған. Мұндай қайғылы оқиғалардың жастар мен жасөспірімдер арасынан ұшырасуы шын мәнінде жүрегімзді ауыртып кетеді. Адамды өлімге, өзіне-өзі қол салуға итемелейтін, мәжбір ететін жағдайлардың бар екенін ойласақ, еріксіз күрсінеміз. Бұл статистика білімі таяз, ойы жетілмеген әлеуметтік желінің жетегінде кеткендерден құралған деп ойлаймын. Ал, мерзімді баспасөзді өміріне серік еткен жастар мұндай дерттен ада.

«Жас Алаш» газетінің «Безбен», «Қоғам», «Әлеумет», «Аймақ» секілді тұрақты айдарлармен беретін материалдарының бәрі оқырманына ой салады, танымын кеңейтеді, өмірге жаңаша көзқараспен қарауға үйретеді. 4 қарашадағы №89 саны «Қариялар көбейіп бара жатыр», «Мұнайлы Қазақстанда электр энергиясы неге тапшы?», «Маңғыстау – майшелпек емес!», «Халықтан бұрын, қызығын жемқорлар көретін «Қымбат құрылысты қоя тұрамыз-ау...» атты сараптамалық мақалалардың да көпке ой салғаны анық. «Жас Алаш» газеті республикамыз ғана емес, әлемде болып жатқан дүниелерге де жаңаша, байыпты көзқараспен қарауға үйретеді. «Татарстан тәуелсіз ел бола ма?» атты мақала соның бір көрінісі. Газет әрдайым оқырманын жаман әдеттерден аулақ болуға шақырады. Қоғамда орын алып отырған не түрлі сұмдықтардың бетін ашып көрсетеді. Не де болса соған еліктегіш келетін жас ұрпақты жаман әдеттерден сақтандырып отырады. Газеттің 4 қарашадағы кезекті номерінде жарық көрген Еңлік Арықбайдың «Ұл – қызға, қыз – ұлға айналған заман» атты мақала ешкімді бей-жай қалдырмайды. «Медицина қаншалықты дамыса да, жаратылысқа қарсы шығып, ерден әйелге, әйелден ерге ауысу – басыңды өлімге тігумен бірдей. Бір сөзбен айтқанда, өз қолыңмен өзіңді мүгедек жасап қана қоймай, Жаратқанның ісіне қарсы шығып, үлкен күнә арқалайсыз. Сондықтан да бала өмірге келген сәттен бастап ұл баланы ұлша, қыз баланы нәзік қалпында тәрбиелеуде қателік жіберіп алмайықшы!» деп түйіндейді тілші жүрек толғанысын. Әділдіктің жолы, шындықтың ауылы осында. Біз газеттің «Студент», «Руханият», «Алдаспан», «Ақ отау» секілді қосымшаларын үзбей оқып отырамыз. Газеттің турашылдығы, өткірлігі, жаңашылдығы әрі тапқырлығы ұнайды. Жоғарыда атап айтып өткеніміздей, әр мәселеге, қоғамда орын алған оқиғаға жаңаша көзқараспен қарап, терең сараптама жасап отырады. Ақпаратты мейілінше обьективті жеткізеді.

«Жас Алаш» бір күнде «Жас Алаш» болған жоқ. Газеттің өмірге келуіне қазақ жастар қозғалысының көшбасшысы Ғани Мұратбаев ықпал етсе, одан кейінгі уақыттарда басылым бетінде Ілияс Жансүгіров, Смағұл Сәдуақасов, Ахмет Байтұрсынов, Бейімбет Майлин, одан беріде Сейдахмет Бердіқұлов, Шерхан Мұртаза, Ақселеу Сейдімбек, Оралхан Бөкеев, Нұртөре Жүсіп, Жүсіпбек Қорғасбек, Рысбек Сәрсенбаев сияқты азаматтар қаламының ізі қалды.

«Жас Алаш» – қазақ баспасөзінің бренді. Біздіңше, басылым осындай анықтамаға әбден лайықты. Шыққанына ғасыр толған басылым жасай берсін, оқырманы жыл санап өсе түссін, елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын адал һәм әдепкі мұратынан айнымасын деген тілек айтамыз!

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Төреғали ТӘШЕНОВ 18:01
ҚАҢТАР. ҚАРА ҚҰЗҒЫН
Бифат Елтаева 25.01.2022, 14:28
Жанат Бақыт: «Қазақи киімді тек наурыздың 22-сі күні киетін әрекетіміз ұнамайтын»
Думан Рамазан 25.01.2022, 10:36
ТОР (әңгіме)
Ғарифолла ЕСІМ 20.01.2022, 16:06
Ойлан, қазақ!
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 18.01.2022, 16:08
Қаза тапқан сарбаздардың ордені ата - анасына табыс етілді.
Сайт әкімшілігі 14.01.2022, 14:20
Бір Алла дегеніне сеніп қалдық – Тұрсынбаеваның тренингіне қатысқандар өкініп жүр

Аңдатпа


  • Байлар 30 жыл «жиып-тергенін» «Қазақстан халқына» қия ма?!
    20.01.2022, 08:50
  • Біреуге бас қайғы, біреуге «мал» қайғы
    20.01.2022, 08:49
  • Алматыны «терроризм астанасы» етпек болды
    20.01.2022, 08:48
  • Қазақстанда билік төңкеріледі - үндістандық көріпкел Арченаның айтқаны келді
    19.01.2022, 00:00
  • «Аш адам ұрысқақ келетінін» ұмытпасақ екен...
    19.01.2022, 08:48