26.04.2022, 15:30
1822
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үндеуінде қоғам дамуыда білім, мәдениет саласында жастардың білімді болып, кәсіби бәсекелестікте өз алаңын құра алатындай белсенді болуы тиіс екендігін айтқан болатын. сол себепті, қазір жастардың ең бірінші патриот болуы міндетті болып саналады. Ал жастарды патриотизмге тәрбиелеуде «Алматы» студенттер Альянсы» корпоративтік қоры белсене жұмыс жасауда. Осыған орай Жасұлан Бостандыұлымен «Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқандығы жөнінде әңгімелескен едік.
- Биыл жастарға арналған «Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бойынша кешенді іс-шаралар» жобасын бастапсыздар. Сол жөнінде толығырақ айтып берсеңіз.
— Бұл жоба Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ гранттық қаржыландыруы негізінде «Алматы студенттер Альянсы» ұйымы жүзеге асырады. Жобаның негізгі мақсаты жастар арасында өзін-өзі тану, патриоттық сезімдерін арттыру, жастар арасында Қазақстан Республикасының Ұлттық басымдықтарын ілгерілету болып табылады. Жоба аясында әскери-патриоттық клубтар және басқа да патриоттық бірлестіктермен тікелей жұмыс атқарылатын болады. Жоба 2022 жылдың наурыз-қараша айларында Республикалық деңгейде өткізіледі. Осы тұста айта кету қажет, гранттық қаржыландыру аясында «Алматы студенттер Альянсы» бұл жобаны 2019, 2020 жылдары жүзеге асырған болатын.
— Осыған қатысты қандай жұмыстар жоспарларыңызда бар?
— «Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бойынша іс-шаралар кешені» жобасы аясында көптеген шаралар өткізу жоспарда бар. Оның ішінде, республика бойынша 17 өңірде онлайн шеберлік сабақтарын өткізу, жастар арасында республикалық мрафондар мен челленджер ұйымдастыру. Бұл өз кезегінде әлеуметтік желілер арқылы көп жастарды қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жастардың танымын кеңейту мақсаттында «Әскери-патриоттық керуен» шарасы аясында әскери-патриоттық музейлерге, әскери бөлімдерге, соғыс және тыл ардагерлерімен кездесу, арнайы акциялар ұйымдастырылатын болады. Жастарды тек рухани және патриоттық тұрғыдан дамытпай, интеллектуалды қабілеттерін арттыру мақсатында республикалық «IQ Дода» сайысы өтетін болады. Зияткерлік сайысқа онлайн форматта іріктеу ұйымдастырылады және финалға өткен 10 команда офлайн форматта жолығатын болады. Ақпарттық жұмыстарды күшейту мақсатында жастардың патриоттық сезімін арттыру үшін арнайы әлеуметтік бейнероликтер әзірленіп, YouTube канал жұмыс жасайтын болады.
Жоба аясында бірінші рет жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бойынша шағын гранттар конкурсы өткізіледі. Бұл жобаның жастар арасында кеңінен насихатталуына және әскери-патриоттық клубтардың жандануына әсер етері сөзсіз. Жоба соңында қоғамдық тыңдалып өткізіліп, үздіктер марапатталады. Жоба барысында үздік деп танылған жастар арнайы дайындалатын «Жігер-2022» журналына енгізіледі.
— Жалпы жастардың бойындағы отансүйгіштік, әскери-патриоттық сезімдерін қалай оятып, борышын орындауға қалай тәрбиелеуге болады деп ойлайсыз?
— Жастар бойындағы отансүйгіштік, әскери-патриоттық сезімдер – еліміздің ертеңін бағамдайтын шарттардың бірі. Бүгінгі әлемде орын алып жатқан оқиғалар жастар арасында әскери-патриоттық жұмыстарды күшейту қажеттігін көрсетуде. Әскери-патриоттық тәрбие беру шаралары тек жобалармен шектелмей, балабақша және мектеп, колледж, университет қабырғаларында кеңінен қолға алыну керек. Бүгінгі таңда құндылықтарға негізделген білім беру жүйесінде бұл бағыт та қарастырылып жатыр деген сенімдемін. Сонымен қатар, бұл мәселе отбасынан бастау алуы қажет.
Бұл мәселе толығымен идеологиялық жұмысты қажет етеді. Әр азаматтың отанына деген сүйіспеншілігі оның жұмысына, тіліне, дініне, ұлтына қарамастан, осы елде тұрып жатқандықтан, барлығында дерлік жоғарыда деңгейде болуы керек. Отансүйгіш, патриот азаматтарымыз көбейген кезде елдің жағдайы жақсаратындығы сөзсіз. Себебі, әрбір патриот азамат өзі және өзі тұрып жатқан елі үшін атқарып жатқан жұмысын сапалы түрде атқаруға тырысатындығы сөзсіз.
— Жастар саясатына қатысты қандай мәселелер бар және ол мәселелер қалай шешілуде?
— Жастар саясатында бүгінгі күні күн тәртібінде тұрған мәселе – жастар саясаты туралы заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу. Қазіргі таңда заң жобасына өзгерістер енгізу бойынша депутаттар жұмыс жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, қазір Президентіміз көтеріп отырған жастар саясатындағы мәселе NEET санатындағы жастар тобын әлеуметтендіру, олармен жұмыс істеу тәсілін анықтау. Бүгінгі таңда жұмыссыз жастар саны да көбейіп отыр. Бұл мәселенені шешу бойынша мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылатын «Менің бірінші жұмыс орным», «Қоғамдық жұмыс», «Жастар практикасы» бойынша өзгерістер енгізілуде. Оның ішінде «Жастар практикасы» бағдарламасының мерзімін 6 айдан 12 айға дейін созды. Бұл өз кезегінде жастардың тұрақты жұмысқа тұруына жақсы ықпал етеде деген сөз. Елімізде студент жастарға жатақхана жетіспейді. Бұл мәселе, әсіресе, Нұр-Сұлтан және Алматы қаласында қатты байқалады. Бұл мәселені шешуде «Қаржы орталығы» АҚ жатақхана салу бойынша механизмдерге өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар атқарып келеді.
— Сұхбатыңызға рақмет!
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР