«Жасымды сүрткен «Жас Алаш» еді...»

Сұхбаттасқан Алмас НҮСІП

09.06.2021, 16:06

1050

        100 жылдық мереке аясында облыстарда «Жас Алаштың» күндері өтіп жатыр. Кезекті сапар Жезқазған аймағында жалғасты. Карантинге байланысты әдеттегіден бірнеше есе кіші форматқа ауыстыруға мәжбүр болған шағын кездесулер, жергілікті әкімдермен жолығысу, музейлерді аралау, тарихи орындарға бару...

       Байқағанымыз, «Жас Алаштың» аты естілгенде оқырмандар негізінен аймақтағы ірілі-ұсақты проблемаларды айтып қалуға тырысады. Әрине, тілек-батаның жөні бөлек: «Жақсы көретін газетіміз» дейді; «Шындықты жазатын санаулы басылымның бірі» дейді; «Ұлылар қызмет еткен қасиетті шаңырақ» дейді… Міне, осындай отырыстардың бірі – Сәтбаев қаласының әкімімен кездесу өтіп жатқан. Шағын отырыс, ары кеткенде 15-20 шақты адам. Негізгі топ – жергілікті зиялы қауым өкілдері және Алматыдан келген газет ұжымы.

       Әкім «ардагер журналисіміз» деп, Майра Жаппасбаеваға арнайы сөз берді. Ол кісі сөзін «Жас Алаштың» менің өмірімде алар орны ерекше» деп бастады. Біздің осы өңірде жұмыс істеген бұрынғы тілшіміз бе, әлде жас кезінде Алматыда істеді ме екен деп, елеңдесіп қалдық. Сөйтсек, мүлде басқа жағдайға байланысты оқиға екен.

        «2000 жылы менің ұлым әскери борышын өтеп жүріп қайтыс болды. Сол жақтағы бір офицердің қолынан қаза болды. Бірақ сот процесі жүрмей, әскерилер оқиғаны мың құбылтып, жауып тастауға тырысты. Сол кезде соттың бетін бері қаратуға БАҚ пен журналистердің рөлі зор болып еді. Соның ішінде осы «Жас Алаш» та болды. Алматыға барғанымда көптеген газеттер есіктерін жауып алғанда, менің мұң-зарымды тыңдаған, арнайы мақала жариялаған осы газет еді. Есей Жеңісұлы қазір қайда? Сол жігіт «Сарбаз Отанын қорғай ма, өзін қорғай ма?» деген мақала жазған...»

        Ары қарай тағы бірер ауыз сөз, сосын, Есей Жеңісұлына қайтара алғыс айтып, сәлем жолдады. Мақала шыққаннан кейін кездесе алмапты.

       Отырыс аяқталған соң, арнайы барып амандасып, осы мақаланың тарихын, жалпы, оқиғаны сұрадым. Алматыға келген соң да арнайы хабарласып, мән-жайды қағазға түсірдік. 21 жыл бұрынғы оқиға Майра апайды аз әуреге салмапты.

       Алдымен қайғылы оқиға жайлы бір ауыз сөз. 2000 жылдың 21 мамыры күні Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданы Қаракемер ауылындағы №6654 әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген 21 жастағы Еркебұлан Шахаев қаза болады. 25 мамыр күні подполковник С.Бегайдаров бастаған үш офицер жас жігіттің сүйегін алып, Сәтбаевқа барады. Подполковник болған жайды баяндайды: «Балаңызды сақтай алмадық. Не десеңіздер де, кінәмізді көтереміз. Балаңыз лейтенант Базаровтың қолынан мерт болды. Ол қазір түрмеде отыр, әскери трибунал арқылы жазасын алады», – дейді. Қара жамылған, жалғыз ұлынан айырылған шаңырақ есін жиып, айналасына қарағанда, істің сол күйі қозғалмай тұрғанын байқайды. Әлгі Базаров деген лейтенанттың бостандықта жүргенін естиді. «Кетер бала кетті, сен жүгіргенмен, қайта тіріліп келмейді» дейтіндер, әрине, табылады. Бірақ аруақ алдындағы міндет бар, көкіректі кернеген кек бар, ұлының қазасын жоқтап, Майра Жаппасбаева қазан айында Алматыға келеді. Осы қазаннан бастап, наурыздың ортасына дейін созылған сот процесі кейіпкерімізді әбден әуреге салыпты.

  • Ең алдымен қайда бардыңыз? Алматыда туыстарыңыз бар ма еді?
  • Бар ғой. Істің қалай жүріп жатқанын білейін десем, ешкім дұрыстап түсіндірмейді. Сот болады дейді, барсам куәгерлер жоқ, анау дұрыс емес, мынау дұрыс емес деп, уақытын созып қояды. Тіпті 5 минутқа сыртқа шығып кетсем, аңдып отыра ма, «шағымданушы келмей қалды» деп, істі тағы да кейінге қалдырады. Алматыдағы туыстарым тамақ әкеледі, сот залының есігін күзетіп отырып ас ішкен күндерім болды. Кейін білсем, қайғылы жағдай болғаннан кейін, түнгі сағат 12-де жағдайға куә болғандардың бәрін жинап алып, бәрін басқа бөлімдерге ауыстырап, жан-жаққа шашып жіберіпті. Қалғанының берген түсініктемелері «білмеймін», «нақты көрген жоқпын», «ұмытып қалдым» дегенге саяды. Тергеушілер де ауысып кете береді. Төрт мәрте ауысты. Ақыры күдерімді үзе бастадым. Өзім ол кезде әкімдікте ішкі саясатта істеймін, үкімет көмектеседі деп ойлайсың ғой, басқа кімнен көмек сұрайсың. Сөйтіп келгенмін, енді қарасам, ешқайсысы тыңдамайды.

Өзім әкімдікте істейтіндіктен (қалалық ішкі саясат бөлімін басқардым), «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правданы» оқимыз ғой, екеуі Алматыдағы бір ғимаратта отырады екен, соған бардым. Бір көмегі тиіп қалар, жазылса жоғары жақтағылар оқитын шығар деп ойладым. Олар мені тыңдамады да. Ішім толып қалған, қыстығып отырып «жазбасаңыздар жазбаңыздар, бірақ тыңдаңыздаршы» деймін.

  • Қосын жетекшісі кім еді ол кезде?
  • Ол кезде кімнің қабылдауына кіргенім есімде жоқ, бірден кесіп айтты: «Біз мұндай нәрсені бәрібір жаза алмаймыз, сіздің де, біздің де уақытты алып қайтеміз?» Қазір ойласам, өңшең қатып қалған әскерилер мен жылпылдап ұстатпайтын судьялардан әбден түңіліп, мұң шағатын адам таппай жүрген кезім екен-ау, ең болмаса әріптестерім тыңдаса деп барыппын. Сөйтіп жүргенде әлдекімдер «Жас Алашқа» баруға кеңес берді. Мақатаев көшесіндегі аласа, қораштау ғимаратта отырады екен. Редакторға кірдім бе, басқа кісі ме, білмеймін, сөзге келген жоқ, «қазір журналист сізбен сөйлеседі» деді, сосын, осы Есей келді. Менің баламнан бір жас қана үлкен, ол кезде жап-жас жігіт. Бүкіл жағдайды айттым. Арасында сұрақ қойып отырып, түгел тыңдады. Артынша көп ұзамай, газетке «Сарбаз Отанын қорғай ма, өзін қорғай ма?» деген мақала шықты.
  • Сіз бұл мақаланы алып, біреулерге бардыңыз ба? Жалпы, мақаланың шығуы сот процесіне қалай әсер етті?
  • Ол кезде тек «Жас Алаш» қана емес, өзге газеттерге де бірнеше мақала шықты. «Экспресс К» газеті, Жезқазғандағы «Подробности» газеті де арнайы жазды. Бұл газеттерді біреуге көрсеткенім есімде жоқ.
  • Алматыда қанша уақыт жүрдіңіз, сонда?
  • Сот процесі аяқталғанша жүрдім. Сот процесі төрт ай бойы бір адым да жылжымай қойды. Сосын, КТК, «31-арна», «Южная столица» арналары араласа бастады. Сол кезде парламент мәжілісінің депутаты Мұхамбет Көпеев біздің жерлес еді, соған қоңырау шалып, жағдайды айттым. Сол күні кешке соттан хабарласып, «ертең сағат 10-да процесс басталады, келіңіз» деді. Ол кісіге де алғыс айтамын, менің жағдайымды ұғып, баланың обал-сауабы үшін шығар, сот процесінің жүруіне ықпал еткен сияқты. Содан басталды ғой.

Бір күні сот өтеді деген күні келсем, сот залы жабық тұр. Жүрсін Ерман ағамыздың үйіндегі Бақытжамал Жаппасбаева – менің немере апам. Сол кісі айтып, КТК арнасын шақырғанбыз. Сот залын ашпай, әне-міне деп отырғанда солар келе қалды. Сол-ақ екен, «түсірмеңіздер, қазір отырыс басталады» деді де, куәгерлерді де, басқаны да жарты сағаттың айналасында түгел жиып алды.

  • Сотта жеңдіңіз ғой, ақыры?
  • Иә, 7,5 жыл берді. Мен 10 жыл сұрап едім, қылмыс орын алғанда ауруханаға апарғаны бар, отбасы бар, бұрын ешқандай ескерту алмаған, сонысын ескеріп 7,5 жылға азайтыпты. Неге аз деп едім, білетіндер «оған сол да жетеді, мынадай қылмыспен өзі де өлімші болып шығады» деді.
  • Кейінгі тағдырынан хабарыңыз бар ма?
  • Жоқ. Сот біткен соң әкесі келді. Ол да түрмеде күзетші болып істейді екен. «Менің балам жалғыз кетіп барады» деп, қасында болған тағы бір офицердің атын айтты. «Менің балама «қылмысты мойныңа ал, өзіміз ақтап аламыз» деп еді» дейді. Неге соны басында айтпайды? Неге мен жақ болмайды? Қарапайым кісілер екен, оларға бұл іс ешқашан ашылмайды деген ғой. Бұлар соған сеніп қалған. Істің сонша ұзаққа созылуының себебі де сол екен. Мен ары-бері жүріп шаршаған соң, қолын бір сілтеп кетіп қалады деп ойлаған сияқты. Кінәлі жақтың адвокаты соңғы отырыстарға келген жоқ. Үкім шыққан соң не болғанын білмеймін. Өзім де әбден қалжырадым, елге қайттым. Сол кездегі сот процесінің құжаттарын сақтап қойғанмын, өзіме ауыр тиген соң, бәрін жинап өртеп жібердім. Егер тағы да қуалай берсек, тағы біраз былықтың беті ашылар еді. Шаршап кеттім. Алғашқы подполковник айтқан нұсқа бойынша баламды соққыға жығып өлтірген. Ал содан кейінгі медициналық сараптамада мүлде басқа сөз жазылған. «Құлап, миы шайқалған, содан құсып, құсығына тұншығып қалған» деген қорытынды. Сонысымен қоймай, «құсықтың құрамында спирт бар» деп жазған. Кейіннен, іс дұрыстап қаралған кезде бәрі басқаша жазылып, бастапқы нұсқа расталды. Міне, осы сараптаманы жазған дәрігерді де соттатып жіберуге болар еді. Маған көмектесіп жүрген Шыңғыс деген тергеуші де соны айтты. Мен «онымен өзің айналыс, соттатасың ба, басқа қыласың ба, менің атымнан айналыса бер, менің шамам жоқ» дедім.
  • Адвокатыңыз болған шығар?
  • Басында мені Болат деген адвокатқа жіберді. Ол кісі «мен қазақша істерді жүргіземін, сіздің бүкіл ісіңіз орысша екен» деп, маған басқа адвокат тауып берді. Әбілхан Қастеевтің қызы – Гүлдария Қастеева. Заң қызметкерлері мен әскерилерден әбден көңілім қалған, адвокаттардан да күдерімді үзе бастағанмын. Сонда осы Гүлдария Әбілханқызы маған үлкен көмек жасады. Бүкіл іспен танысып шыққан соң, «сотта жеңіп шығамыз, уайымдамаңыз» деп, маған дем берген тұңғыш адам сол кісі. Ары-бері жүріп-тұруыма көп ақша кеткен, одан бөлек, енді адвокатқа төлеуім керек. «Сіздің ақшаңызды кейін төлейін» деп едім, жағдайды өзі де түсініп отыр, тек мемлекетке төленетін жарналарды ғана төлетті, оның өзіне жеңілдік жасатты, ұмытпасам. Қалғанын кейін сот аяқталған соң ғана түгел өтеп бердім. Міне, осындай жақсының тұяғы сол кезде мүлде танымайтын маған сеніп, істі соңына дейін ақша алмай жүргізді.
  • «Еркебұлан әскери адам болсам деп армандап еді» деп қалдыңыз және бұрынғы материалдарда «кейін әскер қатарында жүргенде бұл арманынан бас тартты» депсіз.
  • Иә, әскерилер арасындағы былық-шылық ұнамаған шығар. Бізге ештеңе айтқан емес, бірде-бір мәрте шағымданбапты. Кейін естідім, үйге демалысқа келген кезінде басқа балаларға «әскерге бармаңдар» деп ақыл айтыпты. Әйтпесе бала кезінен «генерал болам» деп өсті. Тіпті сырты былғарымен қапталған әскери куәлік сатып алып, оған өзінің суретін жапсырып, «генерал Шахаев» деп жазып қоятын. Маған «мама, қаракөл терісін алып қойыңыз, түсі сұр болсын, генерал болғанда керек болады» деп әзілдейтін. Міне, сондай балам әскерге барды да, әскерден оралған соң, басқа оқу оқимын деп өзгеріп шықты. Оның алдында Қостанайдағы әскери училищеге тапсырғанбыз, түсе алмай қалды. Сосын, әскерге барып келгендерді емтихансыз қабылдайды деген соң, Жезқазғанда оқып жүрген тау-кен училищесін тастап, әскерге кетті.

Әскерде жүргенде командирдің орынбасары болды. Тәртібі жақсы, өзі өнерлі еді, гитарамен ән айтатын, еңселі жігіт еді. Әскерден оралуына алты ай қалғанда қаза болды. Оны өлтірді деген жігітті көрдім ғой, менің балама шамасы келе қоймайтындай көрінді. Меніңше, олар жабылып ұрған сияқты. Сотталған лейтенанттың әкесі айтқан жайт рас болар деп ойлаймын.

  • Әділ соттан күдер үзген кезіңіз көп болған сияқты. Сот жүйесіне шағым айтушылар көп қой, қаншама адам күйіп кетіп жатады. Сотта жеңілсеңіз не істер едіңіз?
  • Қайдан білейін. Мен баламның жаны тыныш табу үшін соңына дейін күресер едім деп ойлаймын. Мен өзімді бос, болбыр адаммын деп есептемеймін. Бірақ тура сол сот кезінде мүлде ширақ, батыл болып кеттім. Әлі күнге таңғаламын. Куәгерлерді оңаша шығарып алып, өзім тергеген кездерім болды. Өйткені олар әртүрлі сөйлейтін. Сондай  күндері куәгер жігіттердің бірі бүкіл оқиғаны маған айтып берді. Баламды қалай ұрғанын, қайтыс болған соң, басқа бөлімдерге қалай ауыстырғанын, кейін іс жүре бастағанда қайта шақырғандарын… Мен осындай шындықтарды ашып, ұлымның қалай қаза болғанын білу үшін де осы істі соңына дейін жеткіздім ғой деп ойлаймын. Егер соны білмесем, тыныштық таба алмас едім.

      Алматыда «Батыр» деген қару-жарақ сататын дүкен бар ма? Мен бәрінен күдер үзген бір күні сол жерге бардым. Тапанша сұрадым. Ең шағындауы 60-70 мың теңге екен ол кезде. Соны сатып алам деп ойладым. «Қандай мақсатта сатып алмақсыз?» деп сұрады. Мен «адам ату үшін» деп жауап бердім. «Қалжыңдайтын нәрсені тапқан екенсіз», – деді сатушы күліп. Мен, шынында, сот әділ болмаса, тура сот залында менің баламды өлтірген баланы атамын да, өзім сотталып кетемін деп ойладым. Ашынған ана бәріне бара алады екен, сол кезде анық көзім жетті.

Қазір әскерде қайтыс болыпты, асылып қалыпты деген сөздерді естіп қаламыз. Мүлде сенбеймін. Тек елдің бәрі мен сияқты соңына дейін күреспейді, шаршаған соң, қолын бір сілтеп қоя салады. Егер мен сол кезде Алматыға келмесем, сотты қозғамасам не болар еді? Ештеңе де болмас еді. «Несчастный случай» деп, бәрін жылы жауып қоя салар еді. Ал мен бір жылдан кейін ғана шындыққа қол жеткіздім. Соның өзінде көптеген былық жабық күйінде қалды.

  • Сұхбат беруге келіскеніңізге рақмет. Мүмкін, сіз сияқты қайраткер аналардың ерлігі өмірімізді жақсы жағына өзгертетін шығар...
  • «Жас Алашқа» рақмет! Еңсең түсіп, жаның жабырқап жүргенде зарыңды тыңдап, жасыңды сүрткеннің өзі үлкен қолдау екенін ұмытпасақ екен.  
Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 30.07.2021, 12:31
«Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
Әнуар ҚАЙЫРБЕК 30.07.2021, 11:30
БҰҰ Қазақстанға ғаламдық мәселелерді шешуге мүмкіндік берді
Сайт әкімшілігі 29.07.2021, 14:29
Талантты жазушы Аягүл Мантай дүниеден өтті
Сайт әкімшілігі 29.07.2021, 10:45
Режиссер Болат Атабаев дүниеден озды
Қуаныш ЖИЕНБАЙ 29.07.2021, 10:20
Келді де, кетті
Бақдәулет БЕРЛІБАЕВ 29.07.2021, 09:11
Қазақтың төртінші жүзі

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58
  • Ташкенттен «Жас Алаш» газетінің түпнұсқасы табылды (видео)
    07.07.2021, 13:15