Жасымнан жол сілтеген шамшырағым

Ғабдул-Сәбит ЮСУПОВ

23.04.2021, 09:03

4036

Мен «Жас Алаштың» штатында қызмет істеген журналист емес, алпыс жылдан бергі тұрақты оқырманымын. Негізгі мамандығым – құрылысшы. Бір  ғасырдан бері қарапайым адамдардың жоғын жоқтап, мұңын мұңдаудан танбай, қазірге дейін сол жасындай жарқыраған жауынгерлік мінезінен ауытқымай, халыққа адал қызмет етіп келе жатқан бұрынғы «Лениншіл жас», қазіргі «Жас Алашыммен» мектептегі оқушы кезімде табысқан едім.

       Ұмытпасам, мектепте оқып жүргенімде өзімнен алты жас үлкен студент әпкем Гүлжиһан осы газетті жайдақ үстел басына отырып алып, бас алмай оқып отырғанын көрдім. Бір кезде оқып бітірді-ау деймін, «сен спортты жақсы көресің ғой, мә, мынаны оқы» деп, қолыма газетті ұстатты.

       Газеттің төртінші бетінде «Тұңғыш» атты мақала ма, очерк пе, ол кезде айырмаймын ғой, бір бет толық көлемді материал жарияланыпты. Материалдың орта шенінде орта бойлы, палуан мүсінді, бұлшық еттері өзімнің Алакөлімнің толқындарынша ойнап тұрған, қырандай өткір көзінде жігер оты менмұндалап жанып тұрған спортшы аға. Анықтап қарасам… Құдай-ау,  Гүлжиһаннан үлкен әпкем Шолпанмен өзіміздің ауылда бірге оқыған штангист, бала жасымнан кумирім болып, үлкейгенде мен де штангашы болам деп үлгі тұтып жүрген Амангелді ағам. Аяғының астында нешеме дөңгелектен құралған, «қане, мықты болсаң мені көтеріп көр» дегендей мелшиіп жатқан зіл батпан штанга. Дереу шілденің ыстығында алыстан сусап келген жолаушыдай құныға оқуға кірістім. Жарияланым мазмұнын қысқаша қайырғанда, жерлес ағамыз Амангелді Рымқұлов Моңғолияда өткен ауыр атлеттер додасында топ жарып, ССРО спорт мастері нормасын орындап, қазақтың абыройын асқақтатып қайтқан екен. Жазған адамның кім екені, арада алпыс жыл өтіп кеткендіктен, қазір есімде жоқ.

        Автор Амангелді ағамыздың ерік-жігерінің мықты, намысқойлығы мен жеңіс жолында табандылық танытып, ерінбей шелектете тер төге еңбек ету қасиеттерін қалай шебер суреттеген десеңші. Шіркін-ай, Амангелді ағам емес, мен өзім жеңіске жеткендей танауым желпілдеп, көзім ежірейіп, көрші тұратын Сағымхан, Мұрат, Өмірзақ достарыма құстай ұштым. Бәрін жинап алып, олар әріп танымайтындай, газетті өзім жеделдете оқып бердім. Сонымен тынышталамыз ба, Амангелді ағамыздың болаттан құйғандай сом мүсінін, таң бозынан тұрып, пәлен шақырым жүгіріп келіп штанга көтеретінін, артынан өзіміздің жырадағы мөлдір бұлақтың мұздай суық суына шомылып, шынығатынын бірімізден біріміз асыра мақтап шуласа жөнелдік. Бұрын «Пионер» газетінен басқа басылым оқып көрмеген басым «Лениншіл жас» газетіне ғашық болып шыға келдім. Ол аз болса, «қайтсем де журналист боламын» деп, іштей өзіме-өзім серт бердім. Алайда серт беру бар екен де, оның орындалуы тек бір өзіңе ғана байланысты бола бермейді екенін кім болжап білген?! Өмір – мұхиттың жал-жал толқындары мені басқа арнаға бұрып жіберіп, қолыма қауырсын қалам емес, күрек, ара алып, кірпіш қалап, бетон лақтырып, құрылысшы болып шыға келдім. Бірақ қаламгер болу арманымнан үкілі үмітімді үзгенім жоқ.   

         «Шын жыласаң, соқыр көзден де жас шығады» деген аталарымыздың тәмсілі рас екен. Бір таңғаларлық жайт, кейінгі кезде қолым қаламға тартып, өз-өзімнен бірдеңе жазуға аңсарым ауып тұратын болдым. Бастапқы кезде  өзіме жақсы таныс құрылыс тақырыбына жазып жүрдім, кейін төселе келе кез келген тақырыпқа, әсіресе сыни мақалаларға қаламды еркін сілтейтін дәрежеге жеттім. Қазақстан журналистер одағына мүше болып қабылдандым.

Түрлі шығармашылық  байқауларға, мемлекеттік тіл конкурстарына қатысып, жүлдегерлер қатарынан көріндім. Келе-келе көркем әдебиетке қалам тарта бастадым. Құрылыс, өндіріс тақырыбына жазған тұңғыш повесім 2005 жылы Талдықорғандағы «Алтал» баспасынан «Мәңгілік күрес» деген атпен жарық көрді. Содан бері, міне, бірнеше повесть, бір детектив, әңгімелер мен публицистика жанрындағы жинақтарым, өткен жылы «Соғыстан соңғы ұрпақпыз» атты роман-трилогиям басылып шықты.

        Осылардың бәрін мен неліктен жіпке тізіп мақтанғандай айтып отырмын? Журналистика немесе филология факультетінде оқымасам да, жастайымнан өзімді жігерлілікке, намысқойлыққа, шыншылдық пен батылдыққа баулып, ана тілімді, Отанды сүюге, рухымды шыңдап, патриоттыққа тәрбиелеген «Жас Алаштың» менің қаныма сіңірген өлшеусіз ерен еңбегі деп білемін. Жүз жасың құтты болып, жасындай жарқыраған қалпыңда жаны жабырқап, жүрегі жаралы халқыңа қалқа болып, ғасырдан-ғасырға жете бер, жастайымнан жол сілтеген шамшырағым, жаныма жақын «Жас Алашым!»

                                                      

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Амангелді СЕЙІТХАН 11:19
Сегізбаевтың сексені
Амангелді СЕЙІТХАН 12.05.2021, 08:27
Оныншы тур. Озған бар
Құрманбек ӘЛІМЖАН 07.05.2021, 08:41
Тәуелсіздік жолында ту көтерген хан Кененің қазасы
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ 06.05.2021, 10:52
Қысқарған іс немесе отқа оранған «Икарус»
Бифат ЕЛТАЕВА 06.05.2021, 09:21
Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
Қымбат ӘБІЛДАҚЫЗЫ 04.05.2021, 16:02
«Айгөлектің» әкесіндей болдыңыз...

Аңдатпа


  • Қор болған Қазақстан
    11.05.2021, 11:12
  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06