Жемшелек

Жарлы БАЙҒАНИН

23.09.2021, 16:30

1438

Жемшелек – бұл адам аты!

Яғни лақап ат, кличка, погоняла!

Бұл жүгермектің азан шақырып қойған аты – Нұрсұлтан!

Қазақстан тәуелсіздігін алған жылы Өзбекстаннан өліп-талып өз еліне қоныс аударғанда ар жақта туылған алтаудан кейін осы сәтті күтіп жатқандай шегарадан өтер өтпесте топ ете түскен пысықай.

Ана Тәшкен көрмек түгілі, сол Тәшкеніңнің іргесінде туылған алтаудың ауызын айға қаратып кетеді, бұл сабазың!

Өзбек десе де өзімізге тиеді демекші, бүкіл Тәшкен өзбекше «гәпіргәнімен» бұлар көбіне өзара орысша шүлдірлесекенді жөн санайды.

Сонысы қызық.

Мүмкін сонысымен де қазақ шығар?..

Анда-мында ана алтауы келісе алмай керілдесе қалса:

— Әй, өзбектер, тыныш!  – деп шамдарына тиіп, тәртіпке де шақырып қоятыны бар.  

Ондайда аналар ештеңе дей алмай күйінеді.

Төлқұжаттарында туған жері Ташкент деп тайға таңба басқандай жазылып тұрса қайтсін енді?..

Алтаудың арасында алшаң басатын қазақстандық Жемшелек осы!

Ана алтауы да өзбек деп өкпелете берген соң мұны сыртынан Жемшелек атағанды жөн көреді.

Күйдіріп бара жатса көзінше де қойып қалатындары бар.

Нұрекеңнің бұл есімді иемденуінде (погоняла) жатқан соншалықты бір құпия сыр да жоқ.

Бала кезінен соншалықты пысық болғандағысы мен қомағайлығына қарап әкесінің қоя салған лақап аты.

«Әке балаға сыншы» демекші, ана Ташкент көрген алтаудың алдына шығып кеткен тәштек ұлдың тарелкасы болсын, кесесі болсын, тіпті біреудің қалдығы демейді сыпырып-сиырып жеп алатынына қарап әкесінің аузынан бір шығуы мұң екен Нұрсұлтан – Жемшелек атанып жүре берді.

Сол Жемшелек бүгін жиырма жетіге келіпті.

Енді туған күнін бір дүркіретіп атап өтпекке ақша жасап жүгіріп жүр.

Пысық, пысық деген сайын кейде мұның да «қуып кететін» тұстары жоқ емес.

Өткен жолы өздері салып болып қалған сарайдың көлеңкесінде көтіне жер иіскете қойғаны сол екен, көрші ағасы келіп:

— Дуалымды өру керек еді, іргетасы оқтаудай құюлы тұр, тек алты жүз алпыс блок дұрыстап өрілсе болды, жүз мың ғана ақшам бар, – деген еді.

Бұл танауын көтере түсіп:

— Аға, көрші екенсіз, сізден көп сұрамаймыз ғой, бірақ қасымда балдар бар… Но, штугін 120 теңгеден кемге қаламаймыз. Келіссеңіз, кешке мына жұмыс бітісімен осы бригада сол күйі сіздің үйге көше қоямыз,  – десін.

Көрші ағасы да бір бар болғыр екен, басы салбырап үйіне келген бетте дауыстап:

— Жұмсақ, әй, Жұмсақ! – деп әйелін шақырды.

Етегіне сүрініп есіктен аттай берген әйеліне рулетка, қағаз-қалам, калькулятор ала шығуын бұйырсын. Жазған құлда жан бар ма, ә дегенше әлгінің бәрін көтерген әйелі де лып етсін.

— Келісті ме, не деді? – деп сұрап қояды.

— Үйде қанша тұр?!

— Сол өзің қойған 100 мың ғой. Мұртын бұзғам жоқ, сол күйі… Не, жетпейтін түрі бар ма?..

Көкейіндегісін айта алмай күмілжи күңкілдеген күйі рулетканың бір ұшын әйеліне ұстатқан күйеуі кірпіш санап әлек.  

Әр беріден соң отыра қалып, еңкейіп-тоңқайып блогын санады.

Шығатын түрі жоқ.

Өз көзі тұрмақ, калькуляторға сене алар емес.

Қайта әйелі пысық екен, машинкаға бір салып, қағазға бір жазып тарс-тұрс шығарды да берді.

Тура 79 200 теңге.

660 блок, штугі 120 теңгеден болғанда 79 200 теңге.

Анығына әбден көзі жеткесін, күлкісін іркіген қалпында Жемшелекке қарай аяңдады.

Ол да мұны күтіп тұрғандай:

— Не болды, аға, жеңешемді көндірдіңіз бе? – десін.

Бұл үнсіз басын изеді.

  • Хоп, майлы, бопты, кешке салқынмен бастап кетеміз.

Кері бұрылған көрші, үйге жетіп тағы бір мәрте нақтылап алуға кіріскен.

Жемшелек те уәдеге берік екен, сағат алтыда сақадай сай сарбаздарын ертіп кеп әй-шәйға қарамастан опыр-топыр бастап жіберді.

Ештеңеге қарайлауға мұршалары жоқ.

Тезірек бітіріп, ақшаларын алып тайып тұру.

Тура бір көрші айтқанынан айнып қалардай.

Бұлардың қасына жақындай бере:

— Жігіттер, сонымен қалай келістік, 100 мың жарай ма? – дей бергені сол екен:

— Аға, по рукам, штугі 120 теңгеден деп келістік қой, болды! – деп бой берер емес Жемшелек, даңғырлап.

Екеуі бәрінің көзінше қол алысты.

Енді екі жақтың да ішкі есептері түгел!

Екеуі де қатырдық деп мәз.

Әбден қараңғы түскенше қалаған жігіттер де біраз өндіріп тастағандай.

Істеріне риза кейіпте:

— Таңертең ерте келеміз, аға, – деген күйі күректерін көтеріп үйлеріне кеткен.

Ертесіне тауықтан бұрын тұрған тас қалағыштар кештете бітіріп, көршінің көзінен қуаныш нұрын байқаған соң:

— Қалай, аға, енді есептесе береміз бе? – деп қутыңдап қояды.

Бұл не десін:

— Жарайды, санаңдар.

Жемшелек былай да санайды 660 блок, былай да санайды 660 блок.

Іш жағынан да, сырт жағынан да санайды 660!

Жатып та санап көрді.

Бірі көзін көтерер емес.

— Жұмсақ, ақшаны әкел, – деп гүж ете қалды көрші.

— Мә, еңбектерің ғой, сдача керек емес деп 80 мың теңгені алдарына қойған көршіге ешкім ләм-мим деп жауап қатпақ түгілі жанарларын жерден көтерместен иықтары салбырап кете барды.

43 күннің кемдігі-ай, демекші, Ташкент көрмегендігінен талай таяқ жер ме екен бұл Жемшелек?!

Әй, Жемшелек, Жемшелек.

  

Тегтер: проза поэзия ақын пайым пікір

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Бекболат ТАСБОЛАТҰЛЫ 22.10.2021, 15:44
Ескерусіз қалған ерлік
Жарас СӘРСЕК 22.10.2021, 10:16
Құрышпын деп жүргенің құрып кетсе-қайтесің?
Жарас ШӨКЕ 22.10.2021, 09:03
Боксшы қыздар нені бөлісе алмай жатыр?
Сайт әкімшілігі 20.10.2021, 18:56
Айман Алдаш зерттеулеріндегі терминология және аударма мәселелері
Фархад ОМАРБЕКОВ 20.10.2021, 15:17
Қожанасыр. Қожа – ғасыр
Бифат ЕЛТАЕВА 20.10.2021, 14:00
Әлеуметтік желіде «жалдамалы жазбалар» көбейіп барады

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31