Жерім деп өткен ер еді...

Зинаханым КҮНЕШҚЫЗЫ

01.12.2022, 11:24

2512

Филология ғылымының кандидаты, журналист, жазушы, 1986 жылдан Қазақстан Республикасына ерекше еңбегі сіңген зейнеткер, «Жер және қазақ тағдыры» жазушылар комиссиясының төрағасы. Сапабек Әсіпұлы осындай елім, жерім деп өткен асыл азамат туған халқының бар қайғысын, ауыртпалығын өз мойнына артып, саналы өмірін еліне, жеріне қызмет етуге арнады. Көзі тірі болғанда биыл 97 жасын тойлар едік. Сапекең Торғай облысы Амангелді ауданының Алакөл ауылында 1925 жылдың 21 қарашасында дүниеге келген. Бала кезінен өте зерек болып, 1942 жылы 17 жасында «Социалистік шаруа» газетіне жұмысқа алынады. Төрт айдан соң, 1943 жылдың 7 қаңтарында Қызыл әскер қатарына шақырылады. Әскери дайындықтан өтіп, ұрысқа енді кіреміз деп жүргенде денсаулығы сыр беріп, тамыз айында елге қайтады. Қостанайдағы «Большевиктік жол» газетіне «Қазығұлда» деген суреттемесін бастырады. Редакцияның бөлім меңгерушісі Сырбай Мәуленов суреттемені ұнатып, авторын редактор Қайыржан Бекқожинге апарады. Сөйтіп, Сапекең облыстық газеттің әдеби қызметкері боп шыға келеді. 1954 жылы осы газеттің Амангелді, Торғай, Семиозер аудандарына меншікті тілші болып, 1958 жылы Жангелдин аудандық «Социалистік ауыл» газетінің редакторы болып бекітіледі.

1959-63 жылдары Алматы жоғары партия мектебінде оқып, білім алады. 1972 жылы Алматы Қазақ энциклопедиясы бас редакциясына қызметке алынып, кейін 1973 жылы ғылым кандидаты атағын қорғады. Жетекшісі академик, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин өзі болады. 1974 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының төрағасы Сапекеңді Қазақ Совет энциклопедиясы Бас редакторының бірінші орынбасарлығына жоғарылатады. Сапекең осы жерде 12 томдық энциклопедияны шығаруға қосқан белсенді еңбегі үшін Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталады.

Сапекеңнің жазған кітаптары тұнып тұрған тарих. Ресейдің қазақ жерін отарлау тарихы. Өзгелер айта алмай жүрген шындықты жайып салған. Кітаптары «Қазақ қасіреті», «Қатерлі дерт, қалжыраған халық», «Танталовы муки степи», «Қауқарсыз қазақ мәселесі», 4-таған эпопеясы жарыққа шыққан. Халқымыздың Ресей патшалығына бодан болған 1731 жылдан бергі озбырлық тарихы, қазақтың құнарлы жерлерін тартып алып, сусыз шөлге қуылған қалың елдің тұщы су ішіп жарымай, не малын суара алмай, орыстан көрген қорлығын, азабын жазып, зерттеген. Әділдіктің жолында 10 жыл айдауда болған Ермұқан Бекмахановтан кейін, қазақтың көрген қорлығын, зорлығын кітапқа жазған осы Сапекең еді. 1-ші думаның депутаты Тимофей Сидельников те шындықты ашып, біраз дүние жазған, бірақ ол кітапты бұқараға шығарып оқытпай, «Совершенно секретно» деген айдармен Санкт-Петербург кітапханасына тығып тастаған екен, сол кітапты тауып оқып, ұлтымыздың орыстан көрген азабының бетін ашқан осы Сапекең болды.

АҚШ-та осындай шөлейт жердегі тұрғындарға, үндістерге экология мәселесін ескеріп, табысына 200-250% үстемақы береді екен. Біздің еліміз бай бола тұрып, шөлейт жерде отырған халыққа үстемақы неге төленбейді деген мәселені бірнеше рет Н. Назарбаевқа жазып, отырыс, жиналыстарда депутаттар назарына да өткір тілімен төтелеп айтқанда да бірен-саран қолдау көрсеткендер болмаса, жалпы үнсіз қала берген.

Сапекең кітаптарын Мемлекеттік сыйлыққа ұсынғанда 21 адамнан тұратын комиссия мүшелері іштарлықпен үндемей қалғанда, тек Серік Қирабаев қана қол көтерген екен. Ғылыми атағы – кандидаттығын «Нұрхан Ахметбековтың поэтикалық әлемі» тақырыбына жазып, тіл шеберлігі мен білгірлігіне таңғалған комиссия төрағасы, фразеология саласының докторы Ісмет Кеңесбаев ұсыныс жасап, Сапекеңе докторлық атағын қоса берейік дегенде, тағы да осы С.Қирабаевтан басқа ешкім үндемеген.

Осындай іштарлықтан 1932–33 жж. қазақтар қырғынға ұшырады. Сапекең ол жайында «Қызғаншақ қайраткерлер, қызыл қырғын құныкерлер» деген тақырыпта ол жөнінде толық жазады. Еліміздің алғашқы білімді азаматтарының бірі, большевик Әліби Жангелдинге В.И.Ленин өте қиын тапсырманы тапқырлығымен орындағанына риза болып, Свердлов, Троцкиймен келісіп, Қазревкомға басшы болуға келісім шығарады. Мәскеуде бірінші, екінші Думаның депутаттарымен бірге Қаратаев, Байтұрсынов, т.б. азаматтарымыз қатысқан. Ұлттық қатынас халық комиссары И.Сталин қабылдап, Ә.Жангелдинді Қазревком төрағасы етіп тағайындау туралы ұсынысын ортаға салады. Сонда бір қазақ орнынан тұрып: Ә.Жангелдин тұңғыш большевик, өте жақсы қайраткер. Бірақ біз үш жүзге бөлінеміз, үшеуміз үш жаққа тартып кетеміз, сондықтан басқа ұлттан сайлау керек дейді. Сталин қуанып кетеді.

Іштарлықтың кесірінен елімізге басшы боп поляк ұлтынан Станислав Пестковский сайланды. Қолдан жасалған ашаршылықтан 3 млн қазақ құрбан болды. Біз сондай халықпыз. Сапекеңнің 4-тағанынан басқа да айтулы еңбектері бар. «Еменнің жасаруы», «Өз заманының ұлы тұлғалары», «Топжарған», «Молдахмет Кенбаевтың суреткерлік әлемі», «Әліби Жангелдин», «Ыбырай Алтынсарин», т.б.

Сапекең жерім деп өткен ер еді, жермен сөзімді аяқтайын:

Ар да жоқ, ұят та жоқ сатылмаған,

Қазаққа таянғандай ақырзаман.

Түске еніп жүр: «Неге жер сатқыздың?» деп,

Көрден басын көтеріп батыр бабам.

Қазағымның жанашыры, қайран асыл жарым Сапекем, жаның жәннатта жүргей. Артыңдағы халқың қорлық көрмей, ұрпағың құл болмаса екен.

Тегтер: қоғам пікір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 10:57
Қазақтың «Соңғы самурайы»
Жексен АЛПАРТЕГІ 09:44
Ниязбек әжі
Жамал ҚАМАШ 02.02.2023, 17:24
Болат НИЯЗЫМБЕТОВ: Намысты қолдан бермеуге тырыстым
Бифат ЕЛТАЕВА 31.01.2023, 10:50
Бақыт Қажыбай, актер: Алаш рухын оята алсақ, үлкен жетістік сол!
Сайт әкімшілігі 30.01.2023, 10:40
Елена Рыбакина алғаш рет әлемнің үздік теннисшілері ондығына енді
Сайт әкімшілігі 30.01.2023, 08:34
Димаш Құдайберген Шанхайдағы фестивальға қазылық етеді

Аңдатпа


  • Жемқорлықтың «сорпасын» қайнатып жүргендер көп
    07:32
  • Ресей Путиннен қашан құтылады?
    07:17
  • Қайдасың, инвестор?
    07:23
  • Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.
    02.02.2023, 07:20
  • Әкімдер ай қарап жүр ме?
    02.02.2023, 07:16