Жолдасбек жайлы жылы сөз

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

09.01.2021, 18:46

2660

       1991 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітірген соң, «Лениншіл жас», қазіргі «Жас Алаш» газетіне жұмысқа тұру бақыты бұйырды. Ол кезде атақты Сейдағаң – Сейдахмет Бердіқұловтан қалған бір дәстүр бар еді. Жаңадан келген журналист алдымен жұмысын секретариаттан бастайтын. Макет сыздық, газеттің дизайнын жасауға атсалыстық. Бас редактор – Уәлихан Қалижан. Жауапты хатшы – Сапарбай Парманқұл. Сапарбай ағамыз макетің дұрыс шықпаса қайтарып жібереді. Сөйтіп жүріп секретариаттың бар жұмысын меңгеріп алдық. Бірер жылға жуық уақыт осы бөлімде жүрдім. Ол кезде қазіргідей компъютер жоқ, бүкіл қаріп  қорғасынмен теріледі. «Дәуір» баспасында қорғасынның иісін сезіндік. Қосымша материал жазып көзге түскен болуым керек, мені ақпарат бөліміне ауыстырды. Жөкең – Жолдасбек Дуанабаймен осы жерде жақынырақ таныстым.

      Жолдасбек Дуанабай – ақпарат бөлімінің меңгерушісі. Тапсырма береді. Барынша орындауға тырысамын. Ол кезде мақаланы кәдімгі ручкамен жазамыз. Жөкеңе көрсетемін. Қарайды, талдайды, өңдейді. Ескертулер жасайды. Сосын басуға машбюроға жібереді. Жөкең мақаламды өңдеген кезде намыстанып, қателік жібермеуге тырысатынмын. Мақала газет бетіне шыққан кезде Жолдасбек өңдеген алғашқы қолжазбамен салыстыратынмын. Сөйлемде сөз қайталамауды Жолдасбектен үйрендім. Біз осылай журналистикаға келдік. Ол өмірі шаршамайтын. «Жас Алашта» жұмыс істеп жүріп, балалар газеті – «Ұланда» қосымша істеді. Ол жақта да бөлім меңгерушісі, бұл жақта да бастық.

        Қазір хайп жасап, ақпараттың түр-түрін беретіндер шықты ғой. Жалған ақпараттар да көп. Мәселеге көздері жетпей, оны сайтқа жариялап жіберетіндер қаншама. Соңғы жылдары бірнеше сайтты басқарып, ақпарат жазуға мамандансам, мұның бастауы Жөкеңдей азаматтың шеберлігінде жатыр-ау деп ойлаймын. Бүгінде бірыңғай ақпаратты журналистер интернеттен, тиісті орындардан, ақпарат көзінен алады. Жолдасбек Дуанабайдың «Жас Алашқа» салып кеткен соқпағы – бір мектеп. Интернет деген жоқ, ол үнемі Мәскеуден шығатын «Московский комсомолецтен» бастап, «Комсомольская правда», «Аргументы  и факты»  және тағы басқа басылымдарды сатып алатын. Айлығының біразы соған кететін. «Жас Алаштың» бетінде арнайы айдар ашты. Аты  – «Оқи қалар оқиғалар». Оны көзіқарақты оқырман күні бүгінге дейін ұмытқан жоқ. Ақпаратты, тақырыпты  ойнатып берудің тәсілін Жолдасбектен үйрендік. Ол бұл әдісін «Айқынның» сайтын басқарғанда шебер қолдана білді.

        Ол оқырманмен байланыс жасаудың асқан шебері еді. Әсіресе 1сәуір – күлкі күні басылымның соңғы бетінде Жолдасбек небір ойын ойнатып,  викториналық сұрақтар әзірлеп, оқырманды басылымға тартты. Бірде сегізінші бетке бірнеше қызыл алманың суретін беріп, оқырманнан хат күткен.  «Бұл алманың шипалық емі бар, ауырған жеріңізге осы алманың суретін басып  бес минут отырыңыз, бәрі дұрыс болады, сырқаттан сауығып кетесіз». Он шақты күннен кейін редакцияға оқырманнан ағылып хаттар келе бастады. «Рақмет, саған «Айқын!» «Қолымның жарасы жазылып кетті», «Бетіме шыққан сүйелден арылдым».  Артынан ол «оқырманнан ұят болмасын» деп, «Қызыл алманың құдіреті» деген шағын мақала жазды. Адамға, оқырманның өзіне сенім арту арқылы ол осылай халықтың талай алғысын алған. Ол тақырып қою мен идея айтудың асқан шебері еді. «Сенің  бойың идея айтудан өспей қалған шығар» деп қалжыңдаушы едік.

       Оның жаны тұрақтылықты қалайтын. Тұрақты жұмыс орны Жолдасбекке шабыт берді. Оның атын «Жас Алаш» бен «Айқын» шығарды. «Жас Алаштан» кеткенде жұмыс таппай, сәл абдырап қалды. КТК телеарнасына барды. Ұзақ бөгелген жоқ. Артынан жаңадан ашылған «Айқынға» келді. Нұртөре Жүсіп Жолдасбек Дуанабайдың еңбегін бағалады. «Айқынның» тарихында ол екі рет жауапты хатшы болды. Әлеуметтік саланы Жолдасбектей шебер меңгерген журналист, рас, қазір некен-саяқ.    

      Ол бақуатты өмір сүрді. Ақшадан тарыққан жоқ. Қазіргілер бір шараға демеуші іздеп әуре-сарсаңға түссе, Жолдасбек Дуанабай «Айқынның» сайтын басқарған уақытта өз қаржысына оқырман арасында конкурс ұйымдастырып, 40-50 мың теңгесін шығындай беретін. Бірақ онысын ешкімге айтқан жоқ, бірнеше адам ғана білдік. «Мықты журналиссің, бір кітабың жоқ әлі, жинақ етіп шығар» деп талай айттық. Бес-алты кітабы бар пысықайлар әр жинағынан үзіп-жұлып мемлекеттік тапсырыспен жинақ шығаруға ұмтылғанда, Жолдасбек басын шайқаған. Ұмтылған да жоқ. Ақыры өз қаржысына «Дөңгеленген дүние» атты кітап шығарды. Ол ақпараттың ақмылтығы еді, Төреғали Тәшенов жазғандай, «дөңгеленген дүниенің тыңшысы» бола білді.

       Оның журналистік шеберлігі, сөз жоқ, бөлек әңгіме. Оның қайырымдылық шараларымен де айналысқанын екінің бірі біле бермейді. Бірде ол Алматыдағы бір колледжге барып, басын шайқап, таңғалып келгені есімізде.  Қазақша кітабы жоқ колледждің кітапханасын Жолдасбек рухани азықпен толтырды. Бұл ісін тоқтатқан жоқ. Өз көлігімен Алматының ондаған колледжінің кітапханасына қазақ журналистері мен жазушыларының кітабын тасыды. Әр колледжге 200-300 кітап апарып берді. Ол жастардың санасын рухани тұрғыдан байытуға күш салды. Тіпті Алматыда адамдар демалып отыратын, жиі баратын кафе, мейрамханаларға қазақ кітаптарын апарып, арнайы бұрыш аштырғанын да екінің бірі біле бермейді.

       Сейсен Ұлықбеков, Жолдасбек Дуанабай үшеуміз көбінесе түскі тамақты бірге ішетінбіз. Ол тазалықты жаны қалайтын. Көшеде темекі шегіп тұрған қазақ қызын көрсе, бұрылып барып, «сен болашақ анасың ғой, мына темекіңді таста, болмайды, зиян» деп, талай ескерту жасап кеткенін көз көрді. Тіпті үйінің жанындағы «Спутник» сауда үйінің алдында көк түтінді будақтатып тұрған талай қызға тоқтау салды.  Басшылығына кірді. «Осының бәрі саған неге керек?» дегенге, «бізге ұрпақтың саулығы қымбат» дейтін.

        Екеуміз арасында үзіліс болған үш-төрт жылды қоспағанда, 25 жыл бірге жұмыс істеппіз.  Бір-біріміздің мінезімізді  өте жақсы білдік. Сәл қиналған сәтте телефон шалып, «сенікіндей өрлік мінез жетіспей тұр» дейтін. Ол іштей қиналғанын да ешкімге білдірмеді. Күліп жүрді, сөйтіп, өмір сүріп жүрді. Жолдасбек бар махаббатын жұмыстан тапты. Өмірін арнады. Бар ләззатын, бар бақытын журналистикадан алды. Бірде бастығымыз Астанаға іссапарға кетті. «Айқынның» бүкіл шаруасы бітіп, енді баспаханаға басылым жіберілейін деп  жатқанда, жоғарғы биліктен бұйрық келді. «Бір бет мақала газетке аударылып берілуі керек». Орысша. Журналистердің бәрі кетіп қалған. Кезекші редакторды да жіберіп қойғанбыз. Түнгі сағат 12-де үйінде ұйықтап жатқан Жолдасбекке телефон шалдым. Қиналған жоқ. Екі сағатта аударып берді. Ол жұмысқа адал еді. Таң атпай сағат сегізде жұмыста отыратын.

       Біз оның журналистикадағы шеберлігін жиі сөз етеміз, ол тағдырдың қыспағын да көрді. Өткенде өзім жақсы сыйлайтын  Серікбол Хасан жазды, суретімен берді. Алматыдағы Абылай хан мен Әйтеке би көшелерінің қиылысында зәулім, айналасына көлеңкесі түскен үлкен ағаш бар. Жолдасбек  соған сүйсіне қарайтын. «Досжан, мынаны дұрыстап суретке түсірші» деп қайталап айтудан жалықпайтын. Мүмкін, өзі де мәуелі бәйтеректей ұрпағын кеңге жайғысы келген шығар. Жеңгеміз ерте қайтты, оның өмірі үшін арпалысты. Қызы Динаны бақты-қақты, өсірді. Жанынан тастамады. Тұрмысқа шыққанда алғашқы алған үйін сыйлады. Ол жиен немерелерін көріп кетті. Қызының бақытты отбасына барғанына көзі жетті. «Орнында бар оңалар» деген. Өткенде сөйлестім. Қызы Дина  әкесі Жолдасбек жайлы жинақ әзірлеп жатыр екен. Алматыда жазға салым журналистерді, сыйласқан азаматтардың басып қосып, әкесіне арнап үлкен ас бермек ойы бар.

        Жолдасбек денсаулығына асқан жауаптылықпен қарайтын. Таңғалатынбыз. Әрбір төрт-бес айда дәрігерге тексеріліп, тамақтың өзін кірпияздықпен, талғаммен ішетін. Бірақ өзін сақтай алмады. Журналистикадағы орнын,  шеберлігін бағалаған шығармыз, бірақ біз де оны сақтай алмадық. Үйде емделді. «Жолдасбек ауырып қалды» дегенді естіп, сәрсенбі күні телефон соқтым. Зорға алды. «Сырқаттанып қалдым», – деді ентіге демалып. Бар тілектестігімді білдірдім. Жұма күні тағы телефон шалдым. Алмады. Сенбі күні «не көмек керек» деп, тағы жазба жолдадым. Жауап болмады. Екі күннен соң жаманат хабар жетті. 10 қаңтар оның туған күні еді.

      Білім мен медицина саласында танымайтын адамы жоқ Жөкең «жұмыс-жұмыс» деп жүріп, мына тәжтажал індетке мән бермей қалды-ау. Ол араға 15 жыл салып, журналистикада жолы басталған өзінің «Жас Алашына» үшінші рет жауапты хатшылыққа келіп еді.

        Ол 6 шілдеде өмірден өтті. Сол күні түнде індеттен көз жұмған елдің қайғысына қарамай,  елорда шенеуніктері отшашу жасап жатты. 13 шілде күні мемлекет басшысы елде Ұлттық аза тұту күнін  жариялады. Жөкең қайтқаннан кейін он күннен соң,  мен асқар тауым – әкемнен айырылдым.

Шілде айы маған суық...

Тегтер: тұлға парасат пайым естелік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН 14.01.2021, 16:30
Марио Варгас ЛЛОСА: Олар мәдениет саласындағы жұмысты әуестік деп түсінеді
Амангелді СЕЙІТХАН 14.01.2021, 13:01
Қуат Хамитов: Қазағы көп жерге кетіп барамын
Мариям МАҚСАТ 08.01.2021, 13:53
Жақсы істерге жарымаған Абай жылы
Әділ АҚЫЛБАЙ 07.01.2021, 12:47
Ұлттық киноны қолдау орталығын тергеу немен тынды?
Жеңісхан КЕНЕСАРИН 07.01.2021, 10:31
Қақбас
Серғазы ҚАЛИҰЛЫ 07.01.2021, 10:01
«Айтарын ашып айтқан абайламай, Махамбеттер, Абайлар-ай!»

Аңдатпа


  • Жұрт жадындағы Жолдасбек
    10.01.2021, 00:33
  • «Жас Алашым» – жастық шағым
    15.01.2021, 10:07
  • Қуат Хамитов: Қазағы көп жерге кетіп барамын
    14.01.2021, 13:01
  • «Әр таңымызды үреймен қарсы аламыз» (видео)
    14.01.2021, 11:41
  • "Жас Алаш" жазды, Егіндібұлақ елінің еңсесі көтерілді
    13.01.2021, 07:11