22.09.2022, 10:13
1797
Жұмекеннің рухы
Тарихта кездейсоқ ештеңе жоқ. Сөз жүзінде ғана сипаты советтік болған әдебиетіміздің қилы кезеңдерді басынан өткере жүріп, ұлттық мінезі мен бет түзер бағдарынан адасып кетпеуінің түрлі тарихи себептері бар. Қол астындағы халықтарға тізесін батырып, ноқталап ұстаған алып империяларда күйреу нышанының белгілері біліне бастаған шақта, отарлық езгіде жаншылған халық рухының бұлқынып, темір құрсауды бұзып шығуға талпынып, кемелденіп кететін дәуірі болады. Ұзақ жылдар бойы бодандықтың қыспағында жүріп, қайраты шынығып, ширыға түскен елдің азаттыққа ұмтылған ұлттық мұраты сол уақытта оның әдебиетінен көрініс тауып, қоғамдық санаға қозғау салады.
Кеңестер империясының аспанын тітіркентіп, найзағайдай күркіреген алпысыншы жылдар әдебиеті халқымыздың рухани тыныс-тіршілігіне құт-береке әкеліп, алтындай сәулесін ұйытқан, қазақтың бағзысы мен бүгінгісін сұрыптап, келешектегі бағытын айқындап берген сөз өнеріміздің ғажайып дәуірі болды. Тоталитарлық тоқыраудың тоңы жіби бастаған уақытта киелі шаңырағымызға уықтай қадалған санасы сергек қаламгерлеріміз, ұлттың арман-аңсарын оқырман жүрегіне жеткізетін жаңа жол тапқысы келіп, ізденіс иіріміне түсті.
«Құмнан су іздеген құландай» (Мұқағали) творчестволық тынымсыз ізденістер жемісін бермей қалған жоқ. Ең алдымен ол поэзиямыздан көрініс тауып, дүниенің сырынан ой түюі мен жазу мәнері бір-біріне ұқсамайтын талантты ақындардың легі әдебиетіміздің алып мұхитына теңіздей болып құйылды. Көктемнің жылы лебін ала келген жыл құстарындай болған олардың бәрі де қазақ поэзиясының көкжиегін кеңейтіп, танымын тереңдетіп, өрісін ұлғайтып, өрнегін түрлендіріп жібергенімен, Мағжан мен Қасымдардың ізін басқан санаулы ақындар ғана бодандықтың бұғауынан босап шығудың бақытын армандаған мақсаттарға қол созып, қалғып кеткен халықтың санасын оятатын амал іздеді. Ұлт қасіретінің шоғына жаны күйе жүріп, өлең жазған сондай жыр алыптарының қатарында болған Жұмекен Нәжімеденовтің өнер аспанында құс жолының ізіндей сайрап жатқан дара қолтаңбасы мен өз биігін жасап кеткен шығармашылық әлемі бар. Бұрынғы өткен ақындарды қайталамайтын ол ерекшелік Жұмекеннің кез-келген өлеңінен тайға басқан таңбадай анық көрініп тұр.
Сәл шыдай тұр, ағайын, мен өнерде енші алам, ұқсамайтын ешкімге жаңадан бір жол салам. Сай қуалап, жұрт құсап, соқпақ қуман жымысқы, басқан ізін ешкімнің аңдымаспын тіміскіп, керек болса, ағайын, нағыз бұлақ, нағыз ән, – қара шыңның төбесін тесіп тұрып ағызам.
Нағыз ақындардың өмірі мен ұлт тағдырының кіндігі бір. Алпысыншы жылдардың белесінде әдебиет есігін ашқан басқа бірде-бір ақынның шығармашылығы дәл Жұмекеннің өнеріндей ұлт тағдырымен тығыз түйіскен емес. Жұмекен поэзиясын тереңірек үңіліп, өлеңдегі әр жаңа қадамына жітірек назар салсаңыз, одан тек өмір қазанындағы бұрқ-сарқ қайнаған тіршілікті ғана емес, ұлтқа жасалып жатқан әділетсіздіктермен жаны қайшылыққа түскен ақын ойының даму эволюциясын да көресің.
Соған қарамастан, әлі күнге дейін әдебиетімізде Жұмекендей жаратылысы бөлек, дара құбылыстың тарих сахнасында қалай пайда болғанының себебін түсіндіріп беруге тырысқан жұмыстар жасалмағандықтан, біз әр нәрсенің басын бір шалып, малтығып келеміз. Тіпті қып-қызыл даудың тұтанып кетуінен сескеніп, ол сұрақты қоюға жүрегіміз дауаламайтын да сияқты ма, қалай? Жұмекен творчествосы төңірегінде әңгіме қозғалғанда, емтихан «тесттерін» жаттап алған пысық оқушыдай «жұмбақ ақын», «күрделі ақын», «ХХІ ғасырдың ақыны» деген сөз тіркестерімен жұрттың басын қатырып, оқырманға бағыт-бағдар берудің орнына, оны керісінше, қара орманға кіргізіп, жолынан адастырып жібергендейміз. Ең өкініштісі ұлы ақынымызды поэзиядағы құбылыс болған «жұмбақ», «күрделі» өлеңдерді жазуға қандай ірі себептер мен әлеуметтік жағдайлардың итермелегенін сана сүзгісінен өткізіп, саралап та көрмеппіз. Әдебиетіміздің көрнекті өкілі Темірхан Медетбек қана «Тереңдік» деп аталатын мақаласында, бұрын-соңды көп адам байқамай келген шындыққа айрықша назар аударып, нағыз ақынның өмірін туған халқының тағдырынан бөліп қарауға болмайтынын жақсы жазды.
«Ақын – ұлттың ұлы ақыны деңгейіне көтерілуі үшін, ол сол ұлттың қайғы-қасіретінің қанды жасын ішіп, оның бүкіл азабын жан-жүрегімен көтере білуі керек. Қанша ол тынысты, қанша ол қуатты болғанмен, қанша ол образ, теңеу, метафораларыңызды иіріп алып кеп өлеңге қызмет еткізіп қойғанмен, ол өлеңдердің өзегінде ұлттық рух пен ұлттық мүдде жатпаса, онда ол ұлы ақын бола алмайды. Ірі ақын болуы мүмкін. Мықты ақын болуы мүмкін. Бірақ ол ұлттың ұлы ақыны бола алмайды». (Темірхан Медетбек, Үш томдық таңдамалы жинағы. ІІІ – ші том. 263 бет)
Тауып айтылған тамаша тұжырым. «Ұлттың ұлы ақыны дегеніміз кім?», деген сауалға, осыдан артық қандай қисынды жауап болуы мүмкін? Айтылған сөздің ақиқатына көз жеткізгіңіз келсе, қасіреттің пышағына жаны жаралана жүріп ұлт ақыны атанған Рудаки мен Дантелердің, Шенье мен Байрондардың, Мицкевич пен Шевченколардың, Пушкин мен Абайлардың, Махамбет пен Мұраттардың, Мағжан мен Қасымдардың, Мұқағали мен Жұмекендердің, Кеңшілік пен Жұматайлардың және ақындық сертіне адал болып қалған Темірхандардың өлеңдерін оқыңыз. Сонда нағыз ақындардың барымен мақтанып емес, ұлтының жоғын түгендеу үшін тер төгіп, әдебиет майданындағы ақ алмастай жарқылдаған Рухтың алдаспаны екеніне көңіліңізде иненің сынығындай да күдік қалмайды.
Темірхан ағамыз өз мақаласында, ақын өмір сүрген кезеңде майы таусылған шамдай өз-өзінен өшіп, бойынан нәр кеткен шөптей өз-өзінен семіп бара жатқан ұлт тағдырын да, оның әлсіз болса да жүрегінің бір түкпірінде жатқан арманды аңсарын да жазу мүмкін болмағаны екенін айта келіп, Жұмекен жөнінде мынандай ойдың басын қайырады.
«Міне, осы тұста ол «Күй кітабын» жазды. Күй тілінде сөйлеп тұрған ұлтының зары мен шерін, мұңы мен наласын, қайғы мен қасіретін өлең тілінде сөйлеткісі келді. Құрманғазылар заманындағы отарлық тепкі мен Кеңес Одағы кезіндегі отарлық астамшылдықтың бір-бірінен түк айырмашылығы жоқ екенін ұқты. Айырмашылығы үстеріндегі киімдерінде. Ол замандағы адамдар үстеріне күпі мен шекпен киіп құл болған, ал бүгінгі адамдар галстук тағып, костюм киіп құл болып жүр. Бар айырмашылық осы. Ал зорлық – сол зорлық. Қиянат – сол қиянат». (Темірхан Медетбек, Үш томдық таңдамалы жинағы. ІІІ-ші том. 263 бет)
«Күй кітабын» оқыған кездегі біздің де алған әсерімізді айна қатесіз, қаз-қалпында жеткізген Темірхан ақынның байқампаздығына тағы да ризашылығымды білдіремін. Орыстың ұлы жазушысы Н.В.Гогольдің «...ұлттық сипат дегеніміз сарафанды сипаттауда емес, халық рухының өзегінде жатады» дегені, осындайда есіңе еріксіз оралып, ойыңды сан-саққа жүгіртеді екен. Ой бесігімізді тербеген осы сөздердің растығына мойындағанымызбен, егер де біз табанға түсіп, тапталып жатқан ұлтының тағдырын ақын ең алғаш «Күй кітабында» суреттеді деген тұжырымға тоқтам жасасақ, қара түнек басқан заманда халқының жанына рухының жарығын түсіріп, жүрегін елжіреткен Жұмекен жырларының ұлылық қасиетін түсінбеген болар едік.
Асылы, әр ұлы ақын «әдебиет– халықтың жаны» (Аймауытов) екенін әу бастан түйсігіне түйіп, оған адал қызмет етуге ішінен ант етіп, азаматтығы мен ар-ұяты сыналатын күреске дайындықпен келетін болса керек. Мойнына құрық салдырмайтын мінезі асау ақындарымыздың тырнақалды туындыларын парақтағанымызда, дүниеге іңкәр жүрегінің лүпілін ғана сезіп қоймай, жан әлемінің кіршіксіз тазалығы мен азаматтық бейнесінің сағымданған сұлбасын көргендей әсер алатынымыз да сондықтан. Егер Жұмекен поэзиясына ат үсті қарамай,әдебиеттегі жүріп өткен жолының әр қадамына ықыласпен зейін салсақ, оның ірі тұлғасының тарих сахнасында пайда болуының заңды құбылыс екенін аңғаратынымыз анық.
Жұмекеннің алғашқы жинағындағы өлеңдерінен-ақ халықтың Рухы үшін болатын мылтықсыз майдандардағы шайқастарға тас түйіндей бекініп келген ақынның күрескерлік тұлғасы менмұндалайды емес пе.
Кетті ұлы адам. Қайда кетті? Кім білген,
Кетті әйтеуір хош айтысып бұл күнмен.
Жас ұялап қимас көздер қалды артта,
Аспанының ақ иығын ілдірген.
Енді… енді туа ма оған жан ұқсап,
Қараңызшы көкжиекке анықтап:
Күншығыс жақ арайланды, батысқа
Бара жатыр қара табыт қалықтап.
Құлады ма күзге ұрынып гүл-үміт, Туған жерден тамырымен жұлынып? Кімнен ғана айырылдық жұртым-ау, Қара жалау қалыпты ғой ілініп!
1961 жылы ұлы Әуезов дүние салғанда шерлі жүрегінен толқып туған «Мұхтар қайтқанда» деп аталатын лирикалық туындыда, ертеңіне алаңдап қалған тұтас бір ұлттың қамырықты күйі асқан шеберлікпен соншалықты дәл, әрі шынайы кестеленіп, бұлыңғыр болашағына деген алаңдаушылығы қалай керемет сүгіреттелген. Басқалардың жоқтауына ұқсамайтын, өрнегі өзгеше өрілген өлеңді соңына дейін оқып шыққаныңда аза бойың қаза болып, Әуезовті қара жердің қойнына қимай-қимай тапсырып, жан дүниесі күңіреніп, ішкі әлемі теңселген миллиондаған жанарлардан «ұлттық рухымыздан айырылып қалған жоқпыз ба?» деген көңілдердің алаңдаушылығы мен ауға түскен балықтай қиналған сезімдердің арпалысын көріп, ақынның қасірет жамылып айтқан ойының тылсым тұңғиығына тереңдеп, тұншыға жаздайсың.
Күні кешеге дейін ақын творчествосына тоқталған талай еңбекті оқысам да, бірде-бір ақын, жазушы, әдебиетші, һәм философтың Жұмекеннің осы өлеңіне көңіл дүрбісін салғанын өз басым байқамадым. Басқаларын айтпағанда, тіпті, Жұмекен мұрасының бірден-бір жанашырлары болған Зейнолла, Әбіш, Темірхандардың да сөз арасында болса да осы туындыға бір тоқталмай кеткеніне қайранмын. Поэзия аспанындағы Темірқазықтай жарқыраған жұлдызды қалай елемеуге болады.
Біз мысалға келтірген осы өлеңдегі «Мұқтардан да жүк қалғанын сезем мен» деп аяқталатын ең соңғы түйінді сөзді әдебиеттің киелі босағасынан аттаған кездегі Жұмекен жүрегінің адал анты, айнымас серті ретінде қабылдасақ та қателеспейміз. Күңіренген көңілдердің күрсінісін жеткізген жалғыз ауыз сөзде Жұмекеннің ғана емес, алпысыншы жылдары әдебиетімізге келген мінезді ұрпақтың ұлтымыздың жоғын толтыру үшін арпалысып, жанталаса әрекет еткен күресінің мақсатты мәні түйінделген. Жұмекен творчествосы ұлттық мінезімізді қалыптастырып, әдебиет шаңырағының шайқалып, рухымыздың түсіп кетпеуіне тірек болған күресте шарболаттай шыңдала түсті.
Түрлі көзқарас тұрғысынан ақын туындыларын талдап, шашыраған шындықтардың басын біріктіруге тырысқанымызбен, әлі күнге дейін біз Жұмекен поэзиясында кенеттен жарқ ете қалған ұлы ойдың (великая мысль) ақын жүрегінде қалай тұтанғанын зерттеуге талпынып көрмеппіз. Мағынасы терең әбзел сөздеріне ғана сүйсініп, жауабын іздемек түгіл, «ұлы ойдың ұрығы ақын жанына қалай түсті?» деген күрмеуі күрделі сауалды өзімізге қоймаған да екенбіз. Әдеби сынымыздың Жұмекен әлемінің мұхиттың түбіндей тереңіне бойлай алмай, бетінде қалқып жүргенінің негізгі себептерінің бірі осында жатқан жоқ па екен? Жан-жақты зерттелмей келе жатқан ақын шығармашылығының сан қырлы табиғатына тоқталмас бұрын, әуелі осы тақырыпты індетіп, шамамыз келгенше жоғарыда қойылған сұрағымыздың жауабын табуға тырысып көрелік.
***
«Әр халықтың өзіне тиесілі еншісі бар» екенін айтқан неміс философы Гегель әлемдік ақыл айналымына тұңғыш рет «халықтық рух» ұғымын енгізген-тұғын. Оның айтуынша, халықтық рухтың арқасында тарихи үдеріс жүзеге асады. Бүгінгі таңда аксиомаға айналған қисынға сүйенсек, күні кеше ғана тәуелсіз ел атанып, азаттыққа қол жеткізген бақытымыздың әлдекімдер айтып жүргендей оңайлықпен бұйыра салған олжамыз емес, отарлық тепкіге де, шапқыншылыққа да, тоталитарлық қыспаққа да шыдай жүріп, келешектен күдерін үзбей күресіп, ұлпа жүрегі шерге толған халқымыздың тарихтан алған еншісі екеніне еш күмән қалмайды. Ұлтымыздың ең ұлы мұраты — тәуелсіздікке жету жолындағы өрмегі үзілмей, ғасырлардан-ғасырға жалғасқан рух майданында елдігімізді қалыптастырып, халқымыздың жігерін жанып, намысын қайраған сөз өнеріміздің атқарған қызметі өлшеусіз зор.
Қазақтың рухы сергелдеңге түсіп, қолынан билік кете бастағаннан бергі өліара уақыттың бәрінде ұлттық арманымызға айналған азаттық идеясы ақындарымыз жырлаған ең негізгі тақырып болды. Жоңғар-қалмақ шапқыншылығы мен орыс отаршылдығы төбе көрсеткен тұста ұлт болып ұйысуға шақырған Бұқар бабамнан бастап, ұлт-азаттық көтеріліс поэзиясының дарабозы Махамбет, жат жұрттық езгіге қарсы күреске үндеген зар заман ақындары Мұрат, Шортанбай, Дулаттар мен Абайдың рухынан қуат алып ХХ ғасырдың басында Алаш идеясын тарих алаңына алып шыққан зиялыларымыз Ахмет, Міржақып, Сұлтанмахмұт, Мағжандардың қаламын қанды жасына малып отырып жазған шығармаларының өзегі азаттық идеясымен жараланған.
Ұлтымыздың бас көтерер азаматтарының бәрін де жайындай жалмаған жиырмасыншы ғасырда қазақтың санасына шуағын төгіп, рухын кемелдендірген екі үлкен ұлттық құбылыс болды. Біріншісі, Абай ұстанған -ағартушылық бағыт, екіншісі, ұлттық тәуелсіздігімізді алып беруді көздеген — Алаш идеясы. Жалғыз пайғамбарынан айырылса рухымызға жегі түсіп, бордай тозып кететінімізді әріден ойлаған данышпан Әуезов халқымызға Абайды аманаттап кету үшін, жанкештілікпен еңбек етті. Ұлы Мұқаңның толып жатқан тақырыптарға қарамай, Абайға ғана көңіл назарының бұрылуында әдебиетпен бірге ұлтымыздың да ең ұлы мұраты болып табылатын халықтың рухын сақтап қалуды көздеген мақсат жатты. Жүз жыл бұрынғы тарихи ситуацияларды саралаған кейбір ғалымдарымыз Алаш идеясы бесігінде тұншықтырып өлтірілді деген тұрғыдағы ой айтып жүр. Мен мұндай қисынсыз пікірмен түбегейлі келіспеймін.
Тәуелсіздіктің арқасында ұлттық топырағымызда қайтадан гүлдеп, жапырағы жайқала бастаған Алаш идеясы тақыр жерге өсіп шыққан бәйтерек емес-тін. Ұлттық мұратымызды айшықтаған идеяның рухани тамыры егемендікті аңсаған халқымыздың жүздеген жылдар бойғы арманын көрікті ой, кестелі тілмен жеткізген барлық ұлы ақындарымыздың азаттықты жырлаған елдік мүддесінен бастау алады. Мысалы, Алаш көсемдерінің бірі Міржақып Дулатұлының мына шерлі толғауы, одан бір ғасыр бұрын өмір сүріп, елі үшін қайғырып, көкірегі қарс айырыла жаздаған Махамбет пен Дулаттардың зарымен үндесіп қана қоймай, мағыналық жағынан толықтыра түсіп, әдемі үйлесімділік тауып тұрған жоқ па.
Кешегі қара күндерде,
Жұлдызсыз, айсыз түндерде,
Жол таба алмай сенделіп,
Адасып алаш жүргенде,
Бұл күнгі көп көсемдер,
Сұраймын, сонда қайда едің?
Күрескерлік қайраты жоғалып, жігері таусылып, халық жер бетінен жойылып кетпесе, көңіл бесігінде тербетіліп, жүрегінде әлдиленіп, ғасырлардан ғасырларға аманатталып, ұлттың топырағына өсіп шыққан ұлы идеясын тамырымен жұлып тастау алып империялардың да қолынан келмейді. «Ақын сөзіне жұрт рухының сәулесі түспей қоймайды», – деген Ахаңның (Байтұрсынұлы) тұжырымы ақиқат болса, Алаш идеясы халықтың жанынан пана тауып, ұзақ жылдар бойы әдебиетінің қан тамырында бүлкілдеп соғып тұрды деуге толық негіз бар.
Келісу, келіспеу, шарт емес. Дәуірлер барысында тереңдігінің сыры ашыла түсетін Жұмекен поэзиясының жұрт шеше алмай жүрген құпиясының кілті «Мұқтардан да жүк қалғанын сезем мен», деген ойдың астарында жасырынғандай болып көрінеді маған. Қайғының жаңбыры үдей түскен өлең жолдарын оқығанда Мұқаң аманат етіп кеткен, түпкі мақсаты – Алаш идеясымен сабақтасып жатқан жүктің ауырлығын сезіп, халықтың рухы үшін болатын күрестің бұрынғыдан да шиеленісе, бұрынғыдан да қиындай беретінін таразылап:
Бір күй шертем деп едім – шерте алмадым, енді маған ақылдың бер тарланын.Күй алғалы көп болды көңілімді, жүрегімді көп болды өрт алғалы.– деп көмейіне кептелген ащы шындықты ашық айта алмай, өмірі құсалықпен өткен ақын жүрегінен шыққан күрсіністің сырын шын ұға бастайсың.
Қара көздің басырын, ақ шел қаптап бара жатқан заманда өмір сүрген Жұмекеннің жан күйзелісін түсінуге болатын еді. Ол – халықтың көкірек көзін ашып, елдің рухын сілкіндіретін мүмкіндіктердің бәріне кісен салынған Абай заманынан да күрделі, әрі қайшылықты уақытта өмір сүрді ғой.
Абай заманында халқымыздың күндердің-күнінде өз азаттығын алатынына аздап та болса, алыстан мұнартқан нәзік үміт бар-тын. Гуманизмнің туын биік көтерген ұлы Толстой дүние салғаннан кейін ол үміттің сәулесі біржолата сөнді.
Заманның қара бұлты қоюлана түскен, Жұмекен өмір сүрген өліарада орыс әдебиетіндегі рауандап атқан руханияттың шапағындай жарқыраған гуманизмнің жалқын сәулесі де қалмай, отаршыл елдің көрсеткен зорлық-зомбылығы мен озбырлығы жылдан-жылға күшейіп бара жатты. Қалың қазақтың тағдыры қара қазандағы бидайдай қуырылып, қымызымыз жауымыздың таңдайында, қыздарымыз қас дұшпандарымыздың борбайында кеткен ақтабан шұбырындыдан да өткен нәлет заманның езгісі ұлттық рухымызды жойып жібере алмаса да, тұғырын шатқаяқтата бастаған-тын.
Әрине, Абай атамыз қазақты қынадай қырған орыс отаршылдарының халқымыздың көзіне көк шыбын үймелетіп, озбырлықпен жасаған жантүршіктірерлік зорлық-зомбылығын, санасында сәулесі бар азаматтарының бәрін итжеккенге айдатып әкетіп өлтірген айуандығын көрген жоқ. Ал Жұмекен күйеулері «халық жауы» болып атылып кетіп, жесір қалған апаларының сорғалап аққан жасына тұншыға жаздаған қасіретін көзімен көрген – зар заманының тірі куәгері, әдебиет түгіл, бір-бір елдің патшасы болуға лайық арыстарынан айырылып, ботадай боздап, жаны жазылмастай жараланған халықтың ұлы болды.
Желтоқсанның ызғарлы желіндей тоңдырған дәуірдегі барша қазақтың орны толмас қайғысын жеріне жеткізіп суреттеген «Мұқтар қайтқанда» атты ақынның зарлы толғауындағы «Құлады ма күзге ұрынып гүл-үміт, Туған жерден тамырымен жұлынып? Кімнен ғана айырылдық жұртым-ау, Қара жалау қалыпты ғой ілініп!», – деген өлең жолдарын оқығаныңда халқымыздың жан жарасының сыздап бара жатқанын сезіп, жон арқаңа кірпі аунағандай күй кешіп, тұла бойың түршігеді.
Жиырмасыншы ғасырдағы екі ел әдебиетінің дамуына зер салсаңыз Пушкин кемелдендіріп кеткен орыс поэзиясының күрт құлдырап, ал қазақтың жыр әлемінің керісінше, кемелденіп, ойының тереңдеп, өрнегі айшықталып, ұлттық бояуының қырғауылдың қанатындай құлпырып кеткеніне көңіліңіз сүйсінеді. Нәубәттан көзімізді ашқызбаған кезеңдердің артынан, еркіндіктің көбесі сөгіле бастаған алпысыншы жылғы жылымықтан соң біздің поэзиямызға Ғафу Қайырбеков, Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Жұмекен Нәжімеденов, Өтежан Нұрғалиев, Тұманбай Молдағалиев, Дүйсенбек Қанатбаев, Қадыр Мырза Әлі, Өмірзақ Қожамұратов, Сағи Жиенбаев, Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шаханов сияқты қазақ өлеңінің бояуын құлпыртып, ою-өрнегін түрлендіріп жіберген талантты ақындардың үркердей шоғыры қосылды. Ондаған жылдар бойы қазақ поэзиясының жан әлемінде тұншығып, қамалып қалған сезімдері кенеттен жарылып, сел-тасқындай болып ағылды. Кіші халықтарды торына тары шашқан бөденедей ұстап, айтқанына көндіріп, айдаған жағына қарай жүргізгісі келген Ресейдің әдебиеті болса, керісінше, шовинистік пиғылмен уланып, ұлттық тамырынан ажыраған орыстың поэзиясын даңғырлаған әуен басты. ХІХ ғасырда жанартаудай болып атылып, адамзаттық ойдың асқарына көтеріліп, әлемді таң қалдырған орыс сөз өнерінің топырағы тозып, халықтың жаны болған әдебиетіне жегі түсті. Жазушы, әрі сыншы, Дмитрий Мережковскийдің «Қазіргі кезде біз әдебиетіміздегі пушкиндік рухтың жоғалып бара жатқан мезгілін бастан кешудеміз», («Дмитрий Мережковский «Вечные спутники», 414-ші бет, «Азбука-классика» Баспа үйі, 2007 жыл) – деген сөздерінің астарында, осындай бір көңілсіз шындық бар.
Сөз жоқ, алпысыншы жылдардағы орыс поэзиясы өлеңді түрлендіру мен ойды беру жағынан әжептәуір дамыды, зор табысқа жетті, бірақ, тамырынан жұлынып кетіп, халықтық рухы мен ұлттық құнарынан айрылды. Пушкиндерден бастау алған поэзиясының ұлы дәуірі Есениндермен аяқталып, алпысыншы жылдары орыс өлеңін стадиондар мен алаңдарға алып шыққан Маяковскийге еліктеген бір топ ақындары, оны Қытайдың алмасындай дәмсіздендіріп жіберді. Данышпан Толстойдың өз елінің отаршылдық пиғылымен күресе жүріп мәпелеп өсіріп кеткен ұлы идеалы күйреп, Ресейдің өнер алаңы орыстар мен еврейлердің айтыс-тартысына айналып, жылдан-жылға әдебиеті батпаққа бата берді. Вадим Кожинов сияқты әдебиет зерттеушілерінің аса ірі ақын болмаса да, өлеңдеріндегі ұлттық мінездің шырайы бұзылмаған Николай Рубцовтарды көтеру үшін, монографиялық еңбектер жазып, жырларын насихаттауға жанын сала кірісуінің артында, орыс поэзиясындағы халықтық рухты сақтап қалуға ұмтылған ниет жатқанын аңғару қиын емес.
Алпысыншы жылдардағы қазақ поэзиясының сезім тасқынын селдетіп, жапырағы жамыраған ағаштай жайқалып кетуінің ең басты себебі – ұлттық топыраққа табан тіреп қалып, рухани өзегіне жегі түсіріп алмауында. Бодандықта қорлық көрген қазақтың әдебиеті рухы түсіп, жүнжіп кетудің орнына, қайта тоталитарлық жүйеге айбат шегіп, сес танытып, мінез көрсетті. Дәл осылай болуы заңдылық-тын. Ақынның шерлі жүрегінен ащы запырындай болып шыққан сөзімен айтсақ:
Қыңыр болды не керек – болайын деп болды ма,
бір үн болды керемет – болайын деп болды ма;
ол асау да болмас ед – болмасына қойды ма
түрме, бұғау, қудалау. Дала және домбыра.
Қыңыр болмас еді ол – түзу болса тағдыры,
жұмыр болмас еді ол – ғұмыр бойы қаңғыды.
Үміт ішті кеседен – бар керегі түзде еді,
Түңілейін десе де – әлденені іздеді.
Ұқты ма оны көп адам – тапты бәрін жаңадан,
түрме, бұғау, қудалау, домбыра мен даладан.
Іздеді ол түздегі бал-арадай азайып,
гүлден бірақ бал емес, тұз жинады ғажайып;
әйтеуір бір асқарда – бұлақ барын түсінді.
Әйтеуір бір бастарда – құлақ барын түсінді.
Төзім етсе – бұлақтан бір қануға болар деп,
Өзі кетсе – құлақта үн қалуға болар деп.
Ер тірлігін ойласа – ер тірлігін ойлады,
ер тірлігін ойласа – еркіндігін ойлады.
Сондықтан да үзілмей шертілді күй ұдай бір,
дүбірі мен жүйріктің, сыңғырындай бұғаудың.
Өкінішке қарай, бізде де қазір Жұмекендей ұлы ақындарымыз гүлден тұз жинағандай болған әдебиетіміздің ғажайып дәуірі аяқталып, күрескерлік жігеріміз сарқылып, халықтық рухымыз жоғалып бара жатқан қорқынышты уақытта өмір сүрудеміз. Ар-ұятымыздың алтын Күніндей жарқыраған әдебиетіміздегі Рухтың сәулесі сөніп, қайтадан алып империялардың қармағына түсіп, құлдықтан көз жаза алмай, бірте-бірте жойылып кетеміз бе деген үрей салқынының жылдан-жылға бойымды мұздатып бара жатқанын несіне жасырайын.
Бірақ бүгінгі заманның шым-шытырық шырғалаңы кімдердің нағыз ақын, кімдердің жемсауын толтырған бұлбұл, кімдердің батыр, кімдердің қорқақ, кімдердің бұқарашыл, кімдердің билікшіл, кімдердің күрескер, кімдердің рухын сатқан алаяқ екеніне анық көзімізді жеткізді. Дәл қазіргідей ақынның азаматтығы мен ар-ұяты сыналатын аласапыран заман тумағанда біз мына өмірден кімдердің кім екенін білмей-ақ өтер ме едік. Халықтық рухтың сөзімізде ғана бар, ісімізде жоқ әрекетке айналып, әдебиетіміздің өзегіне жегі түсіп, күннен-күнге ұлттық мінезімізден айырылып бара жатқанымыз – қорқынышты құбылыс.
(Жалғасы бар)
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР