Зұлымдықтың зауалы

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

05.05.2022, 05:41

2674

Жалғасы...

Сталиннің шет елге кетуіне рұқсат беретініне сенімді болған жазушы, ең алдымен, тиранға арнап жазған «Шебер мен Маргарита» романының алғашқы нұсқасын өртеп жібереді. Зұлым тиранды ақтап алуға тырысқан мұндай туындыны ол өзімен бірге шет елге әкеткісі келмеді. Алайда, тиранның сеніміне кірдім деп ойлаған Булгаков оңбай қателесті.

1934 жылы шет елге қоныс аударғысы келген жазушы жұртқа күлкі болып, мазаққа ұшырады. Ең алдымен, әкімшіліктен ресми шенеунік телефон шалып, шет елге кетуі үшін олардың Моссоветке келіп, тиесілі құжаттарды толтыруын өтінеді. Бақыттан бастары айналған Булгаков пен жұбайы  Моссоветке қарай құстай ұшады.  Бір-бірімен әзілдесіп, анкетаны толтырып болғанда, шенеунік жұмыс күнінің аяқталғанын хабарлап, ертең келулерін сұрайды. Ертеңіне де, арғы күні, одан кейін де бірнеше мәрте осы оқиға қайталанады. Жүні жығылып, әбден үміті үзілген кезде ғана олардың шет елге шығуына рұқсат берілмегені туралы ресми жауап келеді. Әлі де Сталиннің мейірімінен дәмеленген Булгаков болған жағдайдың барлығын тәпіштеп түсіндіріп, қайтадан тиранға хат жазады. Сталин ол хатқа жауап бермейді. Содан бері жазушы мен тиранның арасында болған «жақсы» қарым-қатынас алты жыл бойы үзіліп қалды.

1939 жылдың көктемінде «Иван Сусанин» қойылымының ашылу салтанатын тамашалауға келген Сталинді жазушының көзі алыстан шалады.  Қаламгерді қайтадан сайтан иектей бастады. Енді Булгаков тиранның көңілінен шығу үшін ол туралы «Батум» деген пьеса жазбаққа бел буды. Жағымды жаңалықты естіген барлық театрлар атақты прозаиктің пьесасын қоюға ниет білдіріп, қатты құлшыныс танытты. Ресейдің ірі қалаларындағы театрлардың бәрі ұмытып кеткен жазушысын қайтадан естеріне түсіріп, оған үсті-үстіне телефон шалып, пьесаны сахналауға ниет танытып, «Батумды» репертуарға да енгізіп, бірнеше келісімдер де жасалып қойылады. 1939 жыл пролетариат көсемі Сталиннің алпыс жылдығы. Әрине, елдегі театрлардың бәрі де Булгаковтың пьесасын қойып, жақсы жағынан тиранға көрініп қалуды көздейді.

Қош, сонымен тамызда қойылымды сахналайтын режиссерлар мен актерлардың шығармашылық тобы пьесадағы оқиғалар орын алатын жерлерді көздерімен көріп қайту үшін Грузияға аттанады. Серпухова стансасына жеткенде, олардың купесіне пошташы әйел кіріп, пьесаны қоюдың қажеттілігі тумай қалғаны туралы жоғары жақтан жіберілген телеграмманы жазушыға табыс етеді. «Құмырсқа әліңді біл» дегендей болған Сталин жазушыдан өшін алып, оны достарының алдында мазақ етті.  Шарасыздықтан не істерін білмей, жыларман бола жаздаған Булгаков «Люся, ол мені өлім жазасына кесті» дейді әйеліне қарап.

Атақты жазушының пьесасынның қойылуына неге Сталиннің құлық танытпағаны туралы мәліметтерді іздестіргенімізбен, осыған байланысты қандай да бір нақты деректерді біз таба алмадық. Тек белгілі режиссер Немирович-Данченкомен әңгімелескенде, пролетариат көсемі «пьеса жақсы жазылған, бірақ қоюдың қажеті жоқ» деген көрінеді. Менің ойымша, бастапқыда мінез көрсеткен қаламгердің кейіннен жүні жығылып, қалай сағының сынғанын көргенде, тиран одан түңіліп кеткен сияқты. Бәлкім, жазушы Сталинге қайта-қайта жалынып-жалпайып, хат жазбағанда, мазақ болып, қорлануға дейін бармағанда, ол оны көбірек құрметтер ме еді? Кім білсін? Шындығында да бұрын жазушы әдебиеттің нағыз қасқыры болды. Зұлым заман мен тағдыр тауқыметі оның рухын сындырып, қанденге айналдырды. Ал Сталин еш уақытта да құлдық ұруға дайын тұратын  қандендерді жақсы көрген жоқ.  Өйткені, оның өзі де айдаһар уақыттың қанды ауыз қасқыры болатын-ды. 

          Соңғы демі таусылғанға дейін тираннан жақсылық дәметкен  Булгаковтың «Шебер мен Маргарита» романын миллиондаған адамдардың қанын судай ағызған қанішер тиранға арнап жазғанына менің еш күмәнім жоқ. Жазушы бұл туындыны 18 жылдан астам уақыт жазды деген сөздер шындыққа сәйкес келмейді. Романның жаңа нұсқасын ол өмірінің соңғы жылында жылдам жазып шықты. Өз басым атақты шығарманың өте талантты жазылғанын мойындағаныммен, идеялық концепциясын үзілді-кесілді қабылдай алмаймын. «Шебер мен Маргарита» туындысының жазушы өртеп жіберген алғашқы нұсқасының қандай болғанынан әрине, біз бейхабармыз. Бірақ екінші нұсқасының тез жазылғанына қарағанда, оның біз оқып жүрген романнан айырмашылығы шамалы болды деген ойдамын.

Дейтұрсақ та кезекті тақырыптың шымылдығын ашпас бұрын, Сталинге өлердей сеніп, қамқорлығынан үміттенген Булгаков өмірінің ақыры қалай болғанына қысқаша тоқтала кетейін. Соңғы оқиғадан кейін жазушының жүйкесі сыр беріп, күйзеліске ұшырап, қатты сырқаттанып қалады. Алайда, соңғы романын жазу үшін жазушы барлық күш-жігерін салды. Бірақ жоқшылықтан қиналып, уайым жанын кемірген Булгаковтың денсаулығы күннен-күнге нашарлай берді. Мәскеу көркем академиялық театрының актерлары Булгаковтың емделуі үшін, Италияға баруына рұқсат беруін сұрап, жоғары жаққа хат та жазды. Бірақ билік Булгаковқа аяушылық жасамай қойды. Қайтыс боларының алдында оған Жазушылар Одағының хатшысы Александр Фадеев келіп кетеді. Сырқаты қатты титықтатып, жүдеп-жадап шаршаған, көзі де көрмей, зағип болып қалған жазушының бөлмесінен Одақ хатшысы шықаннан кейін Булгаков әйелін шақырып алып, «Екінші рет келсе, бұл адамды үйге кіргізуші болма», деп бұйырады. Орыстың талантты қаламгері Михаил Афанасьевич Булгаков 1940 жылдың 10 наурызында дүние салды. Сол күні олардың үйіне белгісіз біреу Сталиннің қабылдау бөлмесінен телефон шалып, жазушының қайтыс болғанын анықтағаннан кейін кім екенін де айтпастан, телефон тұтқасын қоя салыпты.

                                                     ***

Орыс әдебиетінде Булгаковтың «Шебер мен Маргарита» романы жөнінде дау-дамай көп. Бәріне тоқталып, жіпке тізе берсек, кірпіштің қалыңдығындай нән кітап жазып шығуға болатын материалдар таба аламыз. Өз басым бұл романды орыс әдебиетіндегі ұлы туындылардың қатарында тұруға лайық көркем шығармалардың санатына қоса алмаймын. Романға байланысты пікірталастың нүктесі әлі қойылмағанымен, менің ойымша, Булгаковтың бұл шығарманы пролетариат көсемі Сталинге арнап жазғандығын дәлелдегісі келетін әдебиет зерттеушілерінің айтқан сөздерінің жаны бар.

          Айтқан сөзімізді дәлелдеу үшін әуелі «Шебер мен Маргарита» сияқты романдардың дүниеге келуіне жазушыны қандай жағдайлардың  итермелейтіні және қандай себептер мәжбүр ететіні жайында ой толғап көрейік. Иә, әңгіменің қызуымен, ең басты деталь – неліктен романның жаппай репрессиялар белең алған жылдары жазылғаны жайлы білетін дерегімізді оқырманмен бөлісуді ұмытып барады екенбіз-ау. Шығармаға жасайтын шағын талдауымызды содан бастайық.

          1938 жылы Совет Одағындағы «халық жауларын» тұтқындаулар өрттей қаулаған шақта Мәскеуде белгісіз бір тылсым күштердің болып кеткенін суреттейтін екі үлкен шығарма дүниеге келді. Әрине, біріншісі Михаил Булгаковтың – атақты «Шебер мен Маргарита» романы. Әйгілі шығармада – Воланд деген адам кейпіндегі сайтанның Коровьев, мысық Бегемот сияқты қызметшілерімен бірге Мәскеуге келіп кетіп, неше түрлі оқиғалардың куәгері ғана емес, сонымен бірге, олардың қалай қатысушысы болғаны баяндалады. Айтқанына көнгісі келмейтін Берлиоз сияқты адамдарды Воланд пен оның қызметшілері аяусыз жазалайды. Ақыр соңында, пәтер мәселесі пиғылдарын бұзып жіберген мәскеуліктердің пендешілік табиғатын өзгерте алмайтынын түсінген сайтан Мәскеуді тастап, ұшып кетеді.

          Екіншісі, жазушы Леонид Леоновтың «Пирамида» романы. Жұрттың көбісі, аса біле бермейтін бұл туындының алғашқы бөлімінің 1938 жылдары жазылғанын айтпай кетуге болмайды. Леоновтың романында сайтан емес, керісінше, бір періште Мәскеуге ұшып келіп, ол осы елдің қожайынымен, яғни, Сталинмен жүздеседі. Қожайын оған адамзат баласының қатты дамып бара жатқанын мысалға келтіріп, осындай қарқынмен кете берсе, түбінде  адамзаттың өзін-өзі құртып тынатынын айтып, оның екпінін тежеуге көмек сұрайды. Қожайынның қорқынышты өтінішінен шошып кеткен періште адамзатты құртуға арналған сталиндік жобаға қатысқысы келмей, ұшып кетеді.

          Жұрттың сана-сезіміне әсер етуді көздеген мұндай шығармалар тегінен жазыла салған жоқ. «Шебер мен Маргарита» және «Пиримида» романдарын тағы бір мәрте үлкен ықыласпен оқып шықсаңыз, одан сол уақыттағы жаппай белең алған репрессияға баға бергісі келген екі талантты жазушының көзқарасын ғана емес, сонымен бірге, азаматтық ұстанымдарын да анғара аласыз. Шығармашылық шеберлік емес, дәл осы азаматтық принцип тұрғысынан алғанда, Булгаковпен салыстырғанда, Леонид Леонов әлдеқайда зор құрметке лайық. Себебі, адамзатқа қасірет шеккізетін зұлымдықтың қандай түрін болса да қолдау – кешірілмейтін күнә. Әулие Толстой айтпақшы, «Зұлымдық жолмен келген жақсылықтың рахатын көргеннің, сол зұлымдықты жасағаннан еш айырмашылығы жоқ».

            Өкінішке қарай, «Шебер мен Маргарита» романының әр тарауынан біз сол зұлымдықты ақтап алғысы келетін жазушының ниетін көргендей боламыз. Сталиндік жаппай репрессияларға баға беріп қана қоймай, оны  ақтап алғысы келген пиғылын байқаймыз. Әсіресе, Булгаков пәтер мәселесі пиғылдарын бұзып жіберген мәскеуліктердің тұтқындалуын айызы қанып, суреттейді. Енді тақырыбымыздың топырағын қаза түсіп, зұлымдықты моральдық тұрғыдан ақтап алғысы келген жазушы ойының шығармада қалай көрініс тапқанын тереңірек індетіп көрейік.  

           Жалпы, Совет заманында жазылған көркем шығармаларды шартты түрде үш топқа бөлуге болады. Біріншісі – Советтік заманды қолдап, жасампаздығын дәріптеген туындылар. Билікке құлша қызмет етуге дайын тұратын жалпақшешей жазушылар қай заманда да көп болғандықтан, қызыл империяның сойылын соққан шығармалар әдебиетімізде де жетіп артылады. Күресінге лақтырылған ол туындыларды қазір ешкім де оқымайды.

Екінші топқа – қызыл биліктің саясатын қолдамаған, оған деген ішкі қарсылығын білдірген туындыларды жатқыза аламыз. Олардың көбісі эмиграцияда жазылып, шет елдерде жарық көрді.

Жоғарыда аталған екеуіне де ұқсамайтын – үшінші топтағы шығармалар да бар. Ол – билікке ықпал ету үшін, оған хат ретінде жазылған көркем туындылар. Бір қызығы сол замандағы ең жоғары марапат саналған Сталин сыйлығы советтік биліктің ұлылығын насихаттаған шығармаларға емес, билікке ықпал ету үшін жазылған осындай туындыларға беріліп отырған. Мысалы, орыстың талантты жазушысы Леонид Леоновтың «Шабуыл» пьесасын алайық. Пьесада халық жауы атанған Федор Таланов деген азаматтың немістер басып алған қалаға келіп, партизандық қозғалысқа басшылық ететіні суреттеледі. Советтік билікке адал қызмет етуге ант бергендердің бәрі жауға сатылып кетті. Кімнің-кім екені күрделі ситуация барысында ашылып, түрмеде отырып шыққан Талановтың нағыз патриот, Отанына бар жан-тәнімен берілген арда азамат екені анықталады. Бұл пьесасы арқылы Леонид Леонов «Халық жауы ретінде сотталған азаматтардың бәрі сені, шын мәнісінде, жақсы көреді, жолдас Сталин.  Олар сен үшін жанын беруге дайын. Ал саған жағымпазданып жүргендердің бәрі де шетінен конформистер. Олар бір күнде сені сатып кетеді», деген сыңайдағы ойды тиранға астармен жеткізген болатын. Пролетариат көсемі «Шабуыл» пьесасы арқылы айтпақ болған Леоновтың ойын түсініп қана қойған жоқ, тіпті, оны бірінші дәрежелі Сталин сыйлығымен марапаттады.  Ал ақылды Леонов болса, бірден ол ақшаны жаңа самолеттің құрылысына аударып жіберді. Қатты риза болған Сталин жазушыға арнайы алғыс хат жазып, ресми түрде рақмет те айтты. Содан бері Леонид Леоновтың әдебиетте ешқандай проблемасы болған жоқ. Немесе тағы бір мысал ретінде жазушы Галина Николаеваның «Егін орағы» романы төңірегінде болған оқиғаны есімізге түсіріп көрейік. Советтік цензорлардың қырағы бақылауынан әрең өтіп, әзер жарық көрген шығармада соғыстан кейінгі колхоздастыру науқанындағы асыра сілтеушіліктер баяндалады. Әңгімемізді соза бермей, тоқ етерін айтсақ, романдағы қаламгердің Сталинге жеткізбек болған ойы мынаған келіп саяды. «Біз сіз үшін қандай да болса қиындықтарға төзуге дайынбыз, жолдас Сталин. Бірақ тапсырмаңызды орындайтын басшылар соның бәрін мейірімді жүзбен атқарса, сізге деген біздің ризашылығымыз шексіз болар еді». Сталин бұл жолы да романдағы жазушының айтпақ болған ойын түсініп, асыра сілтеуге жол берген басшыларды қатал жазалады. Ал жұрттың көбі жыға тани бермейтін Галина Николаеваның бағы жанып, Сталиндік сыйлықты иеленді.  

Булгаковтың «Турбиндердің күндері» пьесасын Сталиннің он алты рет көргеніне байланысты орыс әдебиетінде түрлі пікірлер айтылып келеді. Мықты екеніне сенімді біраз сыншылар «Сталин осы туындысы арқылы жеткізбек болған жазушы ойын түсіне алмағандықтан, оны он алты рет тамашалады» деген мағынадағы шындықты дәлелдегісі келеді. Менің ойымша, бұл түбегейлі қате, үстірт пікір.

Сталиннің миллиондаған жазықсыз жандардың қанын судай ағызған жауыз екенін мойындағанымызбен, тиранды өнерден мүлде бейхабар адам ретінде көрсетуге тырысып жатқандардың пікірімен келісу қиын. Ол – ұлы туындыларды көріп қана қоймай, одан өзіне қажетті тағылым да ала білді. Әңгімемізді жазу барысында «Турбиндердің күндерін» қайталап оқып, тіпті, осы пьесаның негізінде талантты актер, әрі режиссер Владимир Павлович Басовтың түсірген көркем фильмін көріп шыққаннан кейін, өзім үшін үлкен  жаңалық аштым. Өзіне лайық бағасын әлі алмаған «Турбиндердің күндері» пьесасының орыс әдебиетіндегі теңдесі жоқ шедевр, Чеховтың драмаларымен бір қатарда тұруға лайық туынды екеніне көзім жетті.  Пьесада ақылды адамдар ғана түсінетін, ишарамен жеткізілген психологиялық астарлар көп. Өте көп. Сондықтан да Сталин бұл пьесаны қатарынан он алты рет тамашалап, одан талай нәрсені үйреніп, өмірлік тәжірибеде оны қолдана алды.  

Мысалы, пьесада бас штабтың полковнигі Владимир Робертович Тальберг есімді кейіпкер бар. Айталық, осы полковниктің іс-әрекетіне,  әйелімен арасындағы әңгімесіне қарап, оны таяз адам деп ойлап қаласыз. Ал шындығында, Тальберг өте сауатты, кіммен қалай сөйлесу керек екенін жақсы білетін өте ақылды адам. Сондықтан да әйелінің ой-өресін жақсы білетін ол жұбайыммен әңгімелескенде, соның деңгейінде сөйлесіп, қалыптасқан жағдайды түсіндіреді. Жалпы, шын мәнісіндегі, ақылды адам еш уақытта да елдің көзіне білімді, сауатты, парасатты болып көрінуге тырыспайды, сол қасиеттерді өмірде тиімді қолдана біледі. Ол заманда бас штабты басқаруға оқығаны мен тоқығаны мол ілеуде біреудің ғана қолы жеткен. Ендеше, Тальбергтің таяз болуы ақылға сыймайды.

Пролетариат көсемі Сталиннің кейбір іс-әрекетіне қарап, оның Тальбергтің бойындағы осы бір ерекше қасиетінен алған тағылымын байқағандай боламыз. Айталық, ол сұрапыл соғыстың басында халыққа арнап айтқан бір сөзінде оның ұзаққа созылмайтынын мәлімдеген көрінеді. Алайда, 1942 жылы партизан қозғалысының басшыларымен әңгімелескенде, «соғыстың, кем дегенде, бес-алты жылға созылатынын, бірақ партизан соғысының арқасында, оның мерзімін қысқартуға болатынын» айтыпты.   Көрдіңіз бе, «Турбиндердің күндерін» он алты рет көрген Сталинге, одан алған тағылымының өмірде зор пайдасы тиді.   

Ендеше, Сталиннің ишарамен жеткізілген көп дүниені түсінетін ерекше қабілеті бар екенін жақсы білген Михаил Булгаковтың басына «Шебер мен Маргарита» сынды тиран ғана ұға алатын роман жазу туралы ойдың келгеніне таңғалудың қажеті шамалы. Булгаков дәл бүгін болмаса да, жазған шығармасының келешекте жарық көретініне кәміл сенімді болды. Және жазушы үміті ақталып, «Шебер мен Маргарита» совет заманында жарық көріп, оқырман қолына тиді. Айталық, Василий Гроссманның «Өмір мен тағдыр», Александр Бектің «Жаңа бағыт» туындылары совет заманында жарық көре алмады. Ал Булгаковтың жын-сайтандар қаптаған «Шебер мен Маргаритасы» кітап болып шықты. Қандай шығармалардың советтік идеологияға қарсы, ал қандай туындылардың нағыз советтік болып табылатынын жақсы білетін цензорлар романның жарық көруіне аса үлкен кедергі де келтірмеді. Сондықтан да 1973 жылы роман толық күйінде шығып, оқырманға жол тартты. Өйткені романның айтпақ болған ойы, автордың шығармашылық концепциясы советтік биліктің идеологиясына сай келетін. Еш күмәніңіз болмасын, «Шебер мен Маргарита» – нағыз советтік туынды.

Орыстың әдебиет зерттеушісі Дмитрий Быков романның атауына байланысты мынандай бір жаңалық ашты. Оның айтуынша, «шебер» сөзі Булгаковтың прозасы мен драматургиясында «Шебер мен Маргарита» романы жазылғанға дейін мүлде кездеспейді. «Театр романы» туындысында ғана бұл сөз бір-ақ рет, оның өзінде жағымсыз мағынада қолданылады. Романның алғашқы нұсқаларында «Шебер» сөзі атымен жоқ. 1934 жылдан кейін ғана бұл сөз Сталиннің ең жақсы көретін атауларының бірі екені анықталғанда, ол кенеттен Булгаковтың жаңа шығармасының басты тақырыбына айналып шыға келді. Жалпы, «шебер» сөзі сол замандағы советтік және ресейлік суретшілердің арасында жағымсыз мәнге ие еді. Ең алғаш рет бұл сөз Сталиннің аузынан шыққанда ақын Осип Мандельштам шошып кетіп «Жоқ, мен шебер емеспін» деген болатын. Мандельштам тағы бірде басын аман алып қалу үшін Сталинге қалай ода жазарын білмей, қиналғанда, «Жоқ мен шебер емеспін. Мен шебер жаза алмаймын. Ал Сельвинский – нағыз шебер. Ол мұндай дүниелерді қиналмастан жазып шығар еді» деген екен. Расында да Сельвинский советтік шығармалар жазудың шебері болатын. Шын мәнісінде, шебер дегеніміз өзіне берілген кез  келген тапсырманы жеріне жеткізіп орындай алатын кәсіпқой ғана. Ал суреткер кәсіпқой шеберге айналғанға дейін, яғни өнердегі өз жолын іздеп жүрген кезінде суреткер болып қалады. Бірақ Сталин үшін өнер адамының ең басты өлшемі – оның кәсіпқой шебер болуы еді. Ол өнердегі суреткерлерден гөрі шеберлерді жоғары бағалайтын. Пастернакпен екеуінің арасындағы Мандельштамның тағдыры туралы болған әңгімесінде Сталин ақыннан: «Ол шебер ма? Шебер ма?» деп сұрапты. Бұл сауалға Пастернак, жақсы өлең үшін де, жаман өлең үшін де адамды түрмеге қамауға болмайтынын айтады. Алайда, Сталинді адамның қаншалықты өз ісінің шебері болып табылатыны көбірек қызықтырады. Сондықтан да диктатордың көңілінен шығып, оған суреткерді сақтай білу керек деген ойды жеткізу үшін Булгаков суреткер деген атауды шебермен ауыстырды. 

Әрине, мен ешкімге де бұл романды оқымаңдар деген мағынадағы кеңес бергім келмейді. Оқыңыздар. Бірақ шығарманың зиянды идеясымен ауырып қалмаңыздар. Ол идея тәтті у сияқты бойымызға тарап, нәтижесінде, зұлымдықты да ақтап алуға болады екен ғой деген жалған ұғым қалыптасуы мүмкін қоғамда. Мұндай зұлым идея өзге елдерге тізесін батырғысы келіп, үстемдігін жүргізуді мақсат еткен империялық мемлекеттерге майдай жағуы ықтимал. Ал біз сияқты саны аз, ұлт ретінде әлі қалыптасып үлгірмеген халық үшін өте зиянды.

Атағы айдай, әлемге жайылған шығарма жайында түрлі болжамдар айтылып, сәуегейлік жасалды. Біреулер романдағы шебердің өмірдегі түпбейнесі – пролетариат жазушысы Максим Горький, екіншілері – Мандельштам, үшіншілері – Булгаковтың өзі екенін жарыса жазды. Әдебиет зерттеушілерінің бұл болжамдарының ешқайсысы да қисынға келмейді. Шын мәнісінде, Шебер дегеніміз Сталинге түсінікті болуы және оған ұнауы үшін Булгаковтың ойдан шығарған образы. Шебердің – Сталин көргісі келетін суретшінің автопортреті екенін ақыл таразысына салсақ, роман арқылы айтпақ болған жазушының ойы өздігінен түсінікті бола қалады. Қысқаша тұжырымдасақ, романдағы Сталинге айтылмақ болған ойдың тоқетер түйіні мынандай: «Біз сенің зұлымдық екеніңді түсінеміз, сен де оны жақсы білесің. Сен зұлымдықсың. Бірақ халық үшін керек зұлымдықсың. Сен болмасаң, біз құрып кетер едік. Әрине, сен бізге өмірдің тәртібін үйретуге келген сайтансың. Сен мына жұрттың бәрімен ойыңа келгеніңді істесең де, суреткерді сақтай біл. Сонда біз саған осы зұлымдықтарыңды одан әрі жалғастыруға моральдық құқық береміз». Өте қорқынышты идея. Қорқынышты болса да романдағы жазушының ишарамен білдірмек болған, дәлірек айтсақ, Сталинге жеткізбек болған қауіпті ойының сұлбасы, шамамен, осындай болып келеді.

Орыстың фантаст-жазушысы, әрі әдебиет зерттеушісі Александр Исаакович Мирердің «Михаил Булгаковтың інжілі» деп аталатын осы романды егжей-тегжейлі талдаған ғылыми еңбегі бар. Жазушының монографиясы 1988 жылы АҚШ-та жарық көріп, 2003 жылы Ресейде қайта басылып шықты. (Бұл еңбекті мына сілтемеден интернеттен де оқып шығуға болады. http://royallib.com/read/mirer_aleksandr/evangelie_mihaila_bulgakova.html#0 )

Міне, осы еңбегінде Мирер романның оқырман жақсы көретін інжілдік бөліміне тоқталып, мысалдар негізінде Булгаков шығармасындағы Иешуаның болмыс-бітімінің Ғайсадан қандай айырмашылығы бар екенін жан-жақты талдайды. Ақиқатында, романдағы Иешуа ол құдай адам емес, ең алдымен, адам. Ол ешкімді де құтқара алмаған құтқарушы. Мирер өз еңбегінде романда тілге тиек етілетін адам бойындағы барлық кемістіктердің ішіндегі ең сорақысы, қорқақтық болып табылатыны туралы әйгілі сөздердің мәнісін түсіндіреді. Олар анығында, саяси ишарадан сескенген, Иешуаның айтқан сөздері император Тиберияның беделін түсіретіндіктен, Каифаның шағымынан қорыққан Пилатқа арналған. Бірақ Мирер біз байқамай келген мүлде басқа ақиқаттың бетін ашты. Шындығында, Булгаковтың романында тап осы Пилатқа қатты мән беріліп, ол Ғайсаның екінші көрінісі ретінде оқырманға ұсынылады. Қалай болған күнде де Ғайса ақиқат пен жалғандықтың, ізгілік пен зұлымдықтың ара-жігін ажыратып беру үшін келген  тұлға. Ол – ғаламат құдіреттің көрінісі. Романда Інжілдегі  Ғайсаның түпбейнесі болып табылатын Иешуа Го-Ноцри өте әлжуаз, нәзік жан болып суреттелген. Бір сөзбен айтқанда, ол ешкімге де көмектесе алмаған құтқарушы. Булгаковтың шығармасынан біз қаламгердің «Пилат. Сен бәрімізге де қажетті әрі пайдалы зұлымдықтың көрінісісің. Сен ғана Иуданың сазайын тартқыза аласың», деген мағынадағы адамзат үшін өте зиянды және қауіпті ойын оқимыз. Жалпы, Булгаковтың адам табиғаты туралы көзқарасының аса жоғары болмағанын атап өткен абзал. Бұл тұрғыда оның диктатор Сталиннен айырмашылығы шамалы. Зұлым тиран да қарапайым адамдарға ұлы істерін жүзеге асыру үшін пайдаланатын материал ретінде қарады. Булгаков та қарапайым адамдарды аса жақсы көрмейді. Біз Булгаковтың да Сталин сияқты суреткерлерге ғана зор құрметпен қарағанын жақсы білеміз. Ал қарапайым адамдар ол үшін эволюциялық дамудың ең төменгі сатысында тұрған мақұлықтар. Сондықтан да «Шебер мен Маргарита» романындағы Римский, Варенуха, Лиходеев, Бенгальский, Берлиоз, сондай-ақ пәтер мәселесі пиғылдарын бұзған мәскеу тұрғындары соншалықты жағымсыз кейіпкерлер болып суреттелген. Романда жағымсыз кейіпкерлердің қалай жазаланғанын жазушының айызы қанып, рахаттанып отырып, суреттегені тайға таңба басқандай, анық көрініп тұр. Яғни керек емес адамдардан қоғамды тазарту үшін Сталин керек екен ғой. Расында да эволюциялық дамудың төменгі сатысында тұрған мақұлықтарды аяудың қаншалықты қажеті бар. Олардың бәрін тәртіпке келтіру үшін Сталиннің прототипі болып табылатын сайтан Воланд пен қатігез Пилаттай зұлым тирандар ауадай қажет. Ең қорқыныштысы, әлемде әлі күнге дейін адамзатты сақтап қалу үшін керек пайдалы зұлымдықтың құдіретіне имандай сенетіндер көп. Сондықтан мына дүниеде өгей шешеден туғандай болған адамдарға қарсы қаншама зұлымдықтар жасалуда. Діні мен ділі, тілі, өркениеті, тіпті терісінің түрі басқа болғаны үшін ғана қаншама ұлттар мен ұлыстар жер бетінен жойылды. Қайталап айтамын. Зұлымдықтың қандай түрі болса да еш уақытта да ол адамға жақсылық әкелген емес. Оның пайдалысы немесе пайдасызы болмайды. Ол адамзат баласына тауқымет тартқызып, қайғы-қасірет шеккізгеннен басқа ештеңе әкелмеді. Ал қайғы-қасірет бірде-бір халық түгіл, бірде-бір адамды жақсы ете алмайды. Жиырмасыншы ғасырда қазақтан артық қасірет көрген халық жоқ. Бірақ осы өткен жүзжылдық барысында болған ашаршылық, соғыс, репрессиялар біздің халқымызды жақсы ете алды ма? Жоқ, жоқ, тағы да жоқ. Жақсы өмір сүрген халық қана адамгершілікке, ізгілікке, имандылыққа бір табан жақын болады. Ал қайғы-қасіреттен көз ашпаған халықтың жаны қарайып кетеді. Санасы тұманданады. Сезімі мұз құрсанады. Жақсы мен жаманның, адамгершілік пен имансыздықтың, ізгілік пен зұлымдықтың шекарасы жойылып кеткен ондай қоғамда адам бақытты бола алмайды. Міне, осы тұрғыдан алғанда, жазушы Достоевскийдің «қайғы-қасірет арқылы адам тазара түседі» деген мағынадағы идеясының адасушылық болғанын ХХ ғасыр дәлелдеп берді. Зұлымдықтың қандай формасы болса да, халық одан бас тартуы тиіс. Сондықтан да мен Булгаковтың «Шебер мен Маргарита» романының идеялық концепциясын мүлде қабылдай алмаймын. Зұлымдықтың пайдалысының болатынына сенбеймін.

Жалпы, жалғыз Булгаков қана емес, «Құдайдың өлгенін» жария еткен ницшеандық идеямен сырқаттанған күміс ғасыр әдебиетінің ақын-жазушыларының бәрінің да пайдалы зұлымдықтың болатынына кәміл сенгені әдебиет тарихынан мәлім. Сондықтан да «Құдайдың қайтыс болғанын» жария еткен Батыстың сандырағына сенген күміс ғасыр қаламгерлерінде жүйелі білім, терең таным мен халыққа деген ұлы махаббат болған жоқ. Құдайын жоғалтқан халыққа сайтан қожалық ететінін олар түсінбеді.

Булгаковтың халықты қара тобыр санап, оны аса жақсы көрмейтіні «Иттің жүрегі» повесінен ғана емес, «Шебер мен Маргарита» романынан да анық байқалып қалады. Жазушы дамудың ең төменгі сатысында тұрған халықты тәртіпке келтіре алатын зұлым биліктің құдіретіне имандай сенеді.  Сондықтан да «Шебер мен Маргарита» романының көңіліңде жағымды ой қалдыратын кейіпкерлері мейірімді Иешуа мен Шебер емес, зұлым Пилат пен Воланд болып шыққан. Роман туралы пікірін білдірген көптеген сыншылар Пилаттың өте сәтті шыққан ғана кейіпкер емес, жазушының ең жақсы көретін сүйікті образы да болып кеткенін жақсы жазды. Мысалы, романдағы Пилаттың құпия полицияның бастығы Афранимен арасындағы әңгімесін сүйсінбей оқымау мүмкін емес. Әрине, біз құпия полицияның қандай да болса көрінісін жақсы көрмеуіміз мүмкін, алайда Булгаков оны бар шеберлігін салып, соншалықты сүйкімді етіп суреттейді. Бұл детальдардың бәрі Кирилл Есковтың «Афранидің Інжілі» деген кітабында жан-жақты талданып, өте жақсы түсіндірілген. Есковтың айтуынша, Булгаков өз романында Пилатты ақтап алғысы келіп, зұлымдықтардың бәрін Афранидің жасағанын көрсетуге тырысады.  (Бұл кітапты мына сілтемеден оқи аласыздар http://lib.ru/PROZA/ESKOV_K/afranij.txt ). 

Әңгімемді қорытындай келе, әдебиетке келіп жатқан жастарға мынаны айтқым келеді: «Совет Одағы өте күшті, сиқырлы зұлымдық болды. Ол заманды аңсайтындардың сағынышы әлі күнге дейін басылған жоқ. Кез келген зұлым заманның өз Пилаты мен Воланды бар. Олардың соңынан ергендер тәуелсіздігін жоғалтып, күндердің күнінде зұлым идеялардың құлына айналады. Воланд – берген уәдесін орындамайтын өтірікші. Өмірлеріңді Булгаков сияқты қайғылы аяқтағыларың келмесе, сайтан биліктен ештеңе дәметпеңдер, материалдық игілікті де сұрамаңдар. Беріп тұрса да алмаңдар».

               

Қарғыс атқан туынды немесе тақырыптың түйіні

Ресейдегі режиссерлік ортада жазушы Михаил Булгаковтың әлемге әйгілі романының басты кейіпкері «сайтан» болғандықтан, бұл шығарманың қарғыс атқан туынды екені жайында әңгіме ұзақ жылдан бері айтылып  келеді. «Шебер мен Маргарита» шығармасы төңірегінде адам айтса сенбейтін, мистикалық жұмбақтар көп. Романды экранға шығарғысы келген режиссерлардың талай талпынысы сәтсіз аяқталды. Ресейдің бір мықты режиссері «Шебер мен Маргарита» желісінің негізінде кино түсірмек болғанда, он жыл бұрын дүние салған Елена (Булгаковтың жесірі) түн ортасында оның үйіне келіп, «Михаил Афанасьевичтің бұл кинотуындыны түсіруге қарсы екенін» жеткізіпті-мыс. Әрине, қиял-ғажайып ертегіге ұқсайтын мұндай оқиғаның өмірде болғанына сене қою қиын. Бірақ кім біледі? Мына дүниеде адам баласы ақылмен түсіндіріп бере алмайтын тылсым әлемнің сан-алуан жұмбағы жасырынған емес пе?

Дегенмен, ұзақ жылдан бері талай мықты режиссерлар түсіруге тәуекел ете алмай қойған шығарманы 2005 жылы Владимир Бортко экранға шығарып, көрермен назарына ұсынды. Басқаша сөзбен айтқанда, ол бір атақты режиссердің адам сенбейтін әңгімесіндегі Булгаковтың қайтыс болған жұбайының түн ортасында о дүниеден келіп, жеткізген тілегіне құлақ аспай қойды. Расында да мұндай аңыз әңгімеге сене берудің қажеті қанша? Міне, осы Владимир Бортко фильмді түсіретін кезде атақты актер Олег Янковскийді қара магияның профессоры Воландтың рөлін сомдауға шақырыпты. Бірақ ақылды Янковский «Мен адам баласы Құдайдың да, сайтанның да рөлін ойнамауы керек деп есептеймін» деп оны ойнаудан бас тартыпты. Әйткенмен, айтқанынан қайтпайтын Бортко көздеген мақсатына жетіп, кинотуындыны түсіріп, ол 2005 жылы көрерменге жол тартты.

Зұлымдықты қолдамайтын Құдайдың құдіреті дейсіз бе, әлде жазмыш дейсіз бе, оны өзіңіздің патша көңіліңіз білсін. Фильм экранға шыққан соң, «Шебер мен Маргарита» киносына түсуге тәуекел еткен 18 актер бірнеше жылдың ішінде көз жұмып, о дүниелік болып кетті. 

Қарғыс атқан туындының ең алғашқы құрбаны, кинодағы Воландтың іздеу ісін жүргізген тергеушінің рөлін сомдаған 47 жастағы Александр Чабан болды.  2005 жылдың 2 қазанында өзінің пәтерінен оның өлі денесі табылды. Актердың қандай жағдайда қаза тапқанының себебі әлі күнге дейін анықталған жоқ.

2006 жылдың 28 қыркүйегінде фильмдегі ақын Иван Бездомныйдың киімдерін жымқырып әкететін ұрының рөлін ойнаған актер Павел Комаров кенеттен қайтыс болды. «Группа риска» музыкалық тобын құрған Комаров Царицын жастар театрының белді актері еді.

2006 жылдың 27 желтоқсанында кинодағы сыншы Латунскийдің рөлін сомдаған актер Станислав Ландграф кенеттен дүние салды.

2007 жылдың 27 сәуірінде фильмдегі Понтий Пилаттың рөлін асқан шеберлікпен ойнап шыққан КСРО халық әртісі Кирилл Лавров бақилық болып кетті.  

2007 жылдың 27 сәуірінде, яғни атақты актер Кирилл Лавров дүние салған күні кинодағы есепшінің рөлін ойнаған Евгений Меркурьев балық аулауға барып, мұздың астына түсіп кетіп, оқыс оқиғадан қаза тапты.

2008 жылдың 3 қаңтарында кинодағы Коровьевтің рөлін ойнаған атақты актер Александр Абдулов қайтыс болды.

2008 жылдың 7 сәуірінде актер Андрей Толубеев дүние салды.

2009 жылдың 28 қаңтарында эпизодтық рөлге түскен актер Юрий Оськин (швейцар Николай) өмірден озды.

2009 жылдың 23 желтоқсанында кинодағы жеміс-жидек сатушы әйелдің рөлін сомдаған Галина Баркова қайтыс болды.  

2010 жылдың 25 ақпанында фильмдегі ақын Иван Бездомныйдың рөлін ойнаған Ресейдің еңбек сіңірген актеры Владислав Галкиннің өлі мүрдесі пәтерінен табылды. Ол бар-жоғы 38 жаста болатын.

2010 жылдың 20 сәуірінде кинодағы психиатриялық ауруханадағы медбикенің рөлін сомдауға түскен Валентина Егоренкова дүние салды.

2010 жылдың 20 тамызда фильмдегі Понтий Пилаттың хатшысының рөлін ойнаған актер Станислав Соколов бақилық болды.  

2011 жылдың 11 тамызында «Шебер мен Маргарита» фильмінде эпизодтық рөлге түскен Михаил Суров көлік апатынан қаза тапты.

2012 жылдың 10 мамырында 30 жасқа да толмаған актер Станислав Пряхин ақ қан ауруынан қайтыс болды.

2012 жылдың 11 қарашасында фильмдегі қаржы директорының рөлін ойнаған атақты актер Илья Олейников өмірден озды.

2013 жылдың 30 наурызында фильмдегі Николай Иванович Босойдың рөлін сомдаған атақты актер Валерий Золотухин қайтыс болды.  

2013 жылдың 5 сәуірінде фильмдегі қорқынышты пәтерден жоғалып кеткен адамдарды іздеумен айналысқан КГБ агентінің рөлін ойнаған Дмитрий Поддубный қайтыс болды.

2014 жылдың мамырында фильмдегі Торгсин дүкеніндегі қызметшінің  рөлін ойнауға түскен Станислав Фесюнов дүние салды.

Соңы...

Басы мына сілтемелерде: 

1. Зұлымдықтың зауалы

2. Зұлымдықтың зауалы

Тегтер: тарих тағылым рухани жаңғыру естелік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Бифат ЕЛТАЕВА 20.05.2022, 14:08
Бақыт Әмірбек: «Ескі әндердің орны әрқашан бөлек»
Әділ АҚЫЛБАЙ 20.05.2022, 10:40
Киелі жердегі мәдениет фестивалі
Айнұр ӘЛИ 17.05.2022, 11:25
Dаrknet: қараңғы әлем
Бекен КӨКІШҰЛЫ 17.05.2022, 08:57
Халықтың ұлы
Дос КӨШІМ 13.05.2022, 14:10
Түлкі мен тырна
М.СӘУЛЕБЕК 13.05.2022, 08:58
Мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын шалғайдағы ауыл халқы көріп отыр ма?

Аңдатпа


  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01
  • Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
    23.05.2022, 10:30
  • Мусин міз бақпайды
    19.05.2022, 08:52
  • Сор болған стрестік активтер
    19.05.2022, 08:56