Әбдірахымовқа қатысты құпиялар көбейіп тұр

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

31.01.2023, 07:42

1567

Өткен аптада бірқатар ақпарат құралдарында Шымкенттің бұрынғы әкімі Ғабидолла Әбдірахымовқа қатысты қылмыстық істің антикордың өндірісінде екендігі хабарланды. Бұған дейін, дәлірегі былтыр маусымда «зың әкім» мен экс-премьер Кәрім Мәсімовтің ісімен «аса ірі көлемде алаяқтық жасау» бабы бойынша Алматы қаласы Полиция департаментінің айналысып жатқаны айтылған еді. 

Маусымнан бері міне, жеті айдан асты. Әбдірахымовқа қатысты тергеу амалдары әлі аяқталмады. Тіпті бұл іске осы уақытқа дейін жартымды түсініктеме берген не антикор, не прокуратура жоқ. Тек рас-өтірігі белгісіз, ұзынқұлақтан жеткен мәліметтер ғана бар.

Осындай деректерге сенсек, Мәсімов пен Әбдірахымовтың үстінен белгілі бизнесмен, «Forbes Қазақстан» басылымның тұжырымы бойынша елдегі ең дәулетті деген 50 бизнесменнің тізіміне кіретін Сайдулла Қожабаев арызданған. Қылмыстық әрекеттер осыдан 10 жыл бұрын, яғни 2013 жылы болған. Бизнесменді әлдебіреулер қорқытып, 20 миллион доллар талап еткенге ұқсайды. Осы кездері Қожабаевқа премьер-министрдің кеңсесінде жұмыс істейтін Рашид Аюпов деген азамат келіп, оның иелігіндегі Кентау трансформатор зауытына аудит жүргізуді, басшылықты ауыстыруды және өзін зауытқа директор етіп тағайындауды ұсынған. Аюпов Қожабаевты сол кезде Президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқаратын Ғабидолла Әбдірахымовпен таныстырған. Ал Мәсімовтің бұл уақытта Президент әкімшілігінің басшысы қызметін атқарғаны белгілі. Әбдірахымов бизнесменді қамқорлығына алып, оған мемлекет тарапынан қаржылай қолдаулар көрсетуге ықпал ететінін білдірген көрінеді. Тағы бірде Аюпов Әбдірахымов пен Мәсімовтің атынан келіп, бандиттермен арадағы проблемаларды шешетінін, оның есесіне 10 миллион доллар нақтылай ақша және Кентау трансформатор зауытының 50 пайыз акциясын беру қажеттігін айтқан. Қожабаев қарамағындағы қызметкерлермен ақылдаса келе, оларға 3,5 миллион доллар бергенге ұқсайды.

 Мінекей, былтыр, яғни арада 9 жыл өткенде, Қожабаев осы жөнінде құзырлы органдарға арызданған. Алайда Әбдірахымовтың өзі ақпарат құралдарына берген сұхбатында мұның бәрін жоққа шығарды. 

Ал жоғарыдағы қылмыстық істе аты аталған Рашид Аюпов кезінде «зың әкімнің» ең сенімді кадрларының бірі болған. Әбдірахымов Шымкентке әкім болған жылдары оның аппаратына жетекшілік жасады. Онымен бірге «Нұр Отанда», кейін қайтадан Шымкент қалалық әкімдігінде қызмет еткен. Аюпов бұдан соң Түркістан қаласының әкімі, Түркістан облысы әкімінің орынбасары, ал Қожабаев құзырлы органдарға арызданып, Әбдірахымовтың аты елді шулатып жатқан кезде Кентау қаласының әкімі қызметін атқаратын. Қылмыстық істің ішінен өзін креативті шенеунік ретінде танытып жүрген Аюповтың аты шыққан кезде көпшілік аң-таң қалды. Дегенмен ол да айыптауларды жоққа шығарды. Әлеуметтік желідегі парақшасында:

— Құзырлы орган қызметкерлері өз жұмыстарын абыройлы атқарып, бәрін өз орнына қояды деп ойлаймын. Қазақстан Республикасының азаматы ретінде мен өз міндетімді орындауға және өз құқымды қорғауға дайынмын. Қалғанын уақыт көрсетеді, – деп жазды. Аюповтың қаншалықты ағынан жарылғанын қайдам, бірақ арада екі ай өткенде ол Кентау қаласының әкімі қызметінен босатылды. Осыдан кейін Аюпов туралы ешқандай ақпарат жоқ.

Енді арызданушы Сайдулла Қожабаев туралы бірер деректерге тоқталсақ. Ол жалпы оңтүстік өңіріне белгілі азамат. «Alageum Group» компаниясында бақылау кеңесінің төрағасы. Аталған компанияның құрамында Қазақстанның әр өңірінде жұмыс істейтін 14 кәсіпорын бар. Оның ішіндегі ірісі – Кентау трансформатор зауыты. Айта кетері, «Alageum Group» компаниясы 2018 жылы, яғни Әбдірахымов Шымкентте әкім болып тұрған кезде қуаттылығы 220, 500 кВт болатын жоғары кернеулі трансформатор шығаратын зауытты іске қосқан. «Asia Trafo» деп аталатын кәсіпорын үшінші мегаполистегі «Тассай» индустриалды аймағында орналасқан. Жобаның жалпы құны 18,9 миллиард теңгені құраған. Әбдірахымов пен Қожабаев зауытты осы жылдың желтоқсанында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен телекөпір барысында салтанатты жағдайда ашқан...

Айтпақшы, Әбдірахымовтың уақтысында Қайрат Сатыбалдымен  жақын байланыста болғаны көп айтылатын. Қазір Қайрат Сатыбалдының бұрынғы жұбайы Гүлмира Сатыбалдының ісі сотта қаралып жатыр. Алдын ала таратылған мәліметтерге қарағанда, Г.Сатыбалдыға тиесілі деген «Ария-Жаңа Астана» компаниясы Шымкентте ірі көлемде тендер алып, қазынаның 747 миллион теңгесін талан-таражға салған. Бір қызығы, аталған компанияның Шымкентке келіп, жол жөндеуге қатысты 10 миллиард теңгенің тендерін «бір көзден» ұтып алуы – Әбдірахымовтың әкім болған кезеңімен сәйкес келеді.

Әйтеуір, Әбдірахымовқа қатысты құпиялар көбейіп тұр.   

Тегтер: әкім әрекет жоспар

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еркенұр ҚОНЫСБАЙ 05:32
Кәсіптік білім. Диплом тарату – маман дайындау емес
Сайт әкімшілігі 29.03.2023, 10:59
Пікір айтқанда әділ болайық!
Махамбет САПАРМҰРАТҰЛЫ 29.03.2023, 05:46
Жетісайдың «күрескер» әкімі Жыңғылмен күресіп жүр
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 28.03.2023, 06:00
Кешіккен кодекс: Дүйсеноваға миллион, кедейлерге 70 мың теңге
Сайт әкімшілігі 27.03.2023, 05:59
Үй құрылысы азайды, көрсеткіш тағы да төмендей беруі мүмкін
Жарас ШӨКЕ 24.03.2023, 08:53
Салалық журналистиканың медиа өнімдері сұранысқа ие бола бастады

Аңдатпа


  • Үкімет кетті, «Халық әртісі» мен Қошанов қайта оралды
    05:37
  • Айтыскер, блогер һәм тренер
    05:34
  • Кәсіптік білім. Диплом тарату – маман дайындау емес
    05:32
  • Жетісайдың «күрескер» әкімі Жыңғылмен күресіп жүр
    29.03.2023, 05:46
  • Нұртай Базарұлы, зейнеткер: Қарағұсованың заңына қарсылық білдіремін
    29.03.2023, 05:44