Адалдық тұсалса, көзбояушылық күш алады

Махамбет САПАРМҰРАТҰЛЫ

30.11.2022, 08:41

1229

                                                «Әділдік дегенді іздеп әуре болмай-ақ қой:

                                          ол мүлдем жоқ, тек әлде бір шектеулер ғана бар».

                                                      Альбер Камю,

                                                             Нобель сыйлығының лауреаты

      Жаңа Қазақстан құрамыз деген құлшынысымыз бен талпынысымыз  соншалықты кең қанат жайып қарқын алмағанымен, жиі-жиі жарнамалап, сүйексіз тілмен тас үгітіп жатырмыз. Бұл да бір «Мәңгілік ел» сияқты қойыртпақтың қатарында қалып қоймаса екен деп тілейсің. Өйткені жаңа дүние қашанда оп-оңай жасалмайды, ол  жасампаздық рухпен ғана жүзеге асады. Мақтаншақтық идеологиясымен уланып, адалдықты тұсап, көзбояушылыққа көміліп, өзі айтқан өтірікке өзі қор болған бұрынғы биліктің салып кеткен ескі сүрлеу, көне соқпағынан теріс айналып, сара жол іздеп жатқандай жайымыз бар. Жолымызды бөгеген кедергі жаңа жол іздеуге мәжбүрлеген сияқты. «Нұрлы жол» опа бермеген соң, «Жаңа Қазақстан» эпопеясының алғашқы тарауларын жазуға кірісіп кеттік. Адам табиғаты қызық: бәріне де үйренеді, керек болса жақсылыққа да. Обалы нешік, бүгінгі билік жағымды бастама, тартымды жобалармен жарылқап-ақ жатыр, бірақ жақсылықтың бәрін қымбатшылық деген құрғырыңыз бауырына басып, бесігінде тұншықтырып жатқан сияқты. Айталық, аспандап кеткен бағаны ауыздықтай алмай, бәріне қанағатшыл қабақпен қарайтын қаймана қазақты қажытып отырған үкімет велосипед сияқты: үстінде рөл, асты шынжыр.

      Бір әке әдепсіз, бұзақы баласының көргенсіз қылықтарынан шаршаған соң, әсер етеді деген үмітпен, есік алдында өсіп тұрған ағаштың дініне баласының әрбір нашар ісі үшін бір шеге қағып қойып отырыпты. Біраз жылдар өткенде ағаш шегеге толып кетіпті. Балаға бұл қатты әсер етсе керек, тәртібі түзеле бастапты. Енді әке баласының әрбір көркем мінез, жақсы қылығы үшін бір шегеден суырып тастап отырыпты. Біраз жыл өтіп ең соңғы шегені суыратын сәт келгенде, бала бетін басып жылап жіберіпті. «Неге жылайсың?» дегенде, «Шеге жұлынып таусылғанмен, орындары үңірейіп тұр ғой», деген екен. Сол айтпақшы, тәуелсіздік жылдары «тар жол, тайғақ кешіп» жүріп, тамаша табыстарға жеттік деп, жерден жеті қоян тапқандай мақтанғанда алдымызға жан салмаймыз. Ал әлгі жұлынған шегенің үңірейіп тұрған орнына ұқсаған, кетілген тұстарымызды көргіміз келмейді. Ұлт дидарына түскен дақ пен тарих-ана бетіндегі ұят  ұмытылмайды.

      Шыбын да шырынға қонып, шіреге жабысады. Билік бұтақтарына қонақтап алып, елді аяусыз тонаған тойымсыз шенділермен ауыз жаласып, ашкөз шенеуніктермен қоян-қолтық араласып, ең биік лауазым иесімен тамыр-таныс болғандар бүгінде  түрлі кеңестерді басқарып, ардан аттап, ақыл айтып, көйлегінің түймесі тесігіне сай келмей тұрғанын білмейді. Бұл «Халық деген бейшара ғой, сойыл соғысқанда бірге соғысады, үлеске келгенде құм асайды» деген Әуезов сөзін еске түсіреді.  Өкінішті-ақ.

      Қазіргі қоғамның келбеті әлемтапырық: әділдіктің аздығынан ақсап жатқанымыз болмаса, бізде ағыл-тегіл бәрі бар. Саналы адамның ойын тығырыққа тірейтін, әділдікті аса қажет ететін екі мәселе: баспана мен жайылымдық және суармалы егістік жер төңірегінде әңгіме өрбітіп көрейік.

                                «Таба алмай жүрген асыңның,

                                 Ит жегенін көресің»

Біріншісі: ел тұрғындарын баспанамен қамту ең өзекті өмірлік маңызы бар, кезек күттірмейтін күйіп тұрған мәселе екені белгілі.  Әрбір отбасы бақытты болуға лайық десек, баспанасыз қазақ – бейшара қазақ. Үй-күйсіз «жетім бұрышты» жағалап, пәтер жалдап, жертөледе жан бағып отырған отбасыларды көргенде, зәулім сарайларда кофе ішіп, көңіл көтеріп отырған байшыкештердің тамағынан ас қалай өтеді екен деп ойлайсың. Бұл «мәңгілік» мәселені  тезірек шешуге тырысып-ақ жатқан сияқтымыз. Қараңыз, жер бетінде күн сайын Париж қаласының көлеміне пара-пар келетін ғимараттар тұрғызылады екен. Бұл ғажап дүниеге Қазақстанның да қосып жатқан үлесі аз емес. Тоқтаусыз, кідіріссіз жұмыс істеп жатқан екі сала бар: құрылыс алаңдары мен базарлар. Бәрібір баспана жетіспейді. Кезекте тұрған 6ОО мың адамның  ауыр мұңын Қазақстан әрен көтеріп тұр. Құрылыс қарқынды жүріп жатқанымен, баспана кезегі неге баяу жылжиды деген ой қауашағымызға маза бермейді.  Оның басты себебі, қалталылар жаңа салынған тұрғын үйлердің  5-1О, тіпті 2О пәтерін сатып алып, жалға беріп, пайда көзіне айналдырып отыр. Неткен әділетсіздік десеңізші! Тойып секіргендерге тоқтау болмаса, тоңып секіргендердің қатары арта береді.

      Екіншісі: жер жалға беріліп, жекенің қолына өткенде  жайылым мен суармалы егістік жерлер ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Жерді бөліп беру аудан әкімдерінің құзырында болған соң, қолдан келгендер қоныштан басып, ойларына келгенін істеді.  Қолы ұзындар  2ОО-5ОО га жерді иемденіп,  қатардағы шаруаларға  2-5 га жер бұйырды. Көп адамның қолы жетпей, үлестен қағылып, құралақан қалды.  Суармалы жер – көмулі жатқан алтынмен пара-пар десек, жерге қарық болғандар байыған үстіне байып, алақандай  жерге қолы жетпегендердің күні кіжінумен өтіп жатыр.

                                     «Ретсіз бөлген үлестің,

                                     Айтшы, Құдай төресін»

      Құдай қашанда әділетті, бәрін бүлдіріп, былықтырып жүрген әкімқаралар.  Сондықтан төрелікті Құдайдан емес, адалдықты тұсап, әділдікті аяқасты етіп, «бізде бәрі жақсы» деп отырған биліктен сұрауымыз керек. Ол үшін қолданыстағы үй-жайлар мен суармалы егістік жерлерді бір көзден өткізіп ревизиялап, инвентаризация жүргізсе, барлық былық су бетіне қалқып шығар еді. Бір басында бірнеше баспанасы бар, бірнеше жүздеген гектар суармалы егістік жерлерді бауырына басып жатқан байшыкештерден оңай «олжаны» кері қайтарып, қайта бөліске салу – уақыт талабы десек қателеспейміз.

      Күш атасы Қажымұқанды орыс достары оқу-жаттығуларға қатыстырып, тәжірибесін шыңдау үшін өздерімен бірге Санкт-Петербургке алып барған ғой. Алып күш иесі әліпті таяқ деп білмегендіктен, сауатын ашуға бір кітап әкеліп беріпті. Қажымұқан кітапты олай-былай ақтарып көріпті де, қабырғаға соғып күл-паршасын шығарыпты. «Мұқан, неге бұлай еттің?» десе, «Ішінде тышқаны бар екен», деген екен. Сол айтпақшы, ішінде «тышқаны» бар, «ағаштың шала жанған жаңқасындай» ескі-құсқы қолданыстағы  заң-зәкүндерімізді қайта қарап, халықтың талабы мен тілегі ескеріліп, жаңа заңдармен бекітсе, Жаңа Қазақстанның әділетті қоғам платформасының айқын бір көрінісі болар еді.

Тегтер: Жаңа Қазақстан жоспар шара

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Мәкен УАҚ 11:59
Ататүрік қашан «бостандыққа» шығады
Ораз ҚАУҒАБАЙ 02.02.2023, 12:42
Қонаев ата-тегінің ақиқаты
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 02.02.2023, 09:07
Қарағандыда ашылған жаңалық Еуропада резонанс тудыруда
Батыр ЖАСҰЛАН 02.02.2023, 07:16
Әкімдер ай қарап жүр ме?
Әділ АҚЫЛБАЙ 01.02.2023, 07:26
Қазақстан қашанғы кландар меншігі болады?
Жарлы БАЙҒАНИН 31.01.2023, 09:00
№36

Аңдатпа


  • Жемқорлықтың «сорпасын» қайнатып жүргендер көп
    07:32
  • Ресей Путиннен қашан құтылады?
    07:17
  • Қайдасың, инвестор?
    07:23
  • Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.
    02.02.2023, 07:20
  • Әкімдер ай қарап жүр ме?
    02.02.2023, 07:16