Адасқан жастардың айыбын кімге арытамыз?

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

10.09.2021, 13:13

1847

Қарағандының көшесінен адасқан жастарды көптеп кездестіруге болады. Олардың дені өмірдегі бағытын бір арнаға түсіре алмай адақтап жүр. Әрқайсысы лайықты жұмысқа зәру екенін айтады. Қыз-жігіттердің білімі жоқ емес, білдей университетті бітірген, табақтай дипломдары бар. Тірліктеріне кейіген жандардың сырына қанықсақ, бар гәп – жанұядағы «солақай саясаттың» жемісі екенін аңғардық. 

– Әке-шешем кезінде ой-арманыммен санаспады. Актер болғым келген. Олар тиын-тебенге жарымай өтесің деп мені заңгерлік мамандыққа тықпалады. Сабаққа құр сүлдерімді сүйретіп әрең барып жүрдім. Шынын айтсам, жарытып білім алмадым. Ата-анам күнде  жұмыс тап деп құлақ етімді жеп тынышымды кетіреді. Заңгер болып бір күн істей алмасым анық. Себебі, менің табиғатыма жат кәсіп әрі қабілетім жетпейді. Сондықтан ол мамандықты алып жүре алмаймын. Үйдегілерге осылай деп ашық айтсам түсінбейді, – дейді 21 жастағы қала тұрғыны Самат Әділов.

–  Ата-анам  мені де құлдық санаға айналдырған. Анам теледидардағы қайсыбір дикторға көңілі ауған. Мектепті бітірген жылы сүйікті кейіпкерінің үйдегі көшірмесін жасап алу үшін  мені осындағы университеттің журналистика бөлімшесіне апарып түсірді. Дизайнер болуды армандадым.  Тұмса табиғатты шексіз сүйемін. Ақыры не керек, анам оқу ақыма жылда 200 мың теңге жуық қаржыны шытырлатып төлеп отырды. Шешем диплом алғанымда ойға алған мақсатым орындалады деп ойлады. Керісінше, анама: «Енді теледидарға жұмысқа тұруыңа болады!» – деп, дипломымды қолына ұстаттым. Анам бұлқан-талқан болып ашуланды. Түсінемін, оған бұл қылығым ауыр тиді. Бірақ оның бір күндік қиналысы менің 4 жылғы арпалысымның жанында түк емес. Жақында аймақтағы ақылы бір жоғары оқу орнының дизайнер мамандығына құжатымды тапсырдым. Студентік өмірім енді басталғандай. Оқуға жан-тәніммен кірісем деп өзіме серт бердім. Сабақтан тыс уақытта жұмыс істеп, оқу ақысын өтемекпін», – дейді Айгүл есімді бойжеткен.  

Кезінде жүрек қалауына таңдау берілмеген жастардың көбі құрдымға кетудің алдында. Айналып келгенде, бұл отбасы үшін шығын, қолдан жасаған қиямет. Психологиялық соққы жастардың өресін өсірмей отыр. Нарықтың белдеуіне шыққан шетелдің азат ойлы жастары кәсіби білімін тереңдетіп, жаңа бәсекеге қам жасауда. Біз заманауи ақпаратпен қаруланған ел ертеңінің қадамына шідер салып, өткен ғасырдың әдетінен арыла алмай отырмыз.

Мамандық таңдауға мектеп араласу керек

– Кеңес дәуірін көксегеніміз емес, келмеске кеткен кейбір жүйесін осы заманға лайықтап қайта енгізген абзал, – дейді 40 жылға жуық білім саласын басқарған бірегей ұстаз Төлеген Арконов.

– Ертеректе, облыстық және аудандық оқу бөліміндегі инспектор-әдіскерлер оқушыларға кәсіптік бағдар беретін. Олар оқушы мен ата-анаға жүйелі түрде  мамандық таңдау жайында мол мағлұмат пен әдістемелік көмек көрсетіп тұрды. Кейін бұл бөлімдер жекешелендірумен бірге тоқырауға ұшырады. Бүгінде түлектің өмірлік таңдауын ата-ана жасайтын болды. Осылайша бала көнбіс кейіпкерге айналды. Дұрысында, таңдауды балаға қалдыру керек. Өз мамандығын жүрек қалауымен таңдаған түлек ешқашан  адаспайды. Қайта, сол кәсіпті ілгерілетіп, елдің әл-ауқатын көтеруге септігін тигізеді, – дейді КСРО және Қазақстанның оқу ісінің үздігі Төлеген Жұмашұлы.

Рас, қазір мектепті айтпағанның өзінде, жоғары оқу орындарында түлектің мамандық таңдау ерекшелігін айқындайтын сауалнама алынбайды. Мұндайда, ақылы алысқа кеткен Жапондардан үйренеріміз көп. Күншығыс елінде баланың мамандық таңдау қабілеті бастауыш сыныптан назарға алынады.

Жапонияда бастауыш сыныпты бітіретін әр оқушыдан мамандық таңдауды айқындайтын тест алынады. Мұндай сынақ жоғары сыныпта тереңдетіліп өткізіледі. Ұстаздар тест нәтижесіне қарай, әр баланың таңдауына қарай қажетті пән сабақтарын саралайды. Бұл зерттеу оқушының белгілі бір кәсіпке икемділігін анықтауға септігін тигізеді. Бізде жастардың  қалауын орындау  қаржыға келіп тіреледі.

– Біздің елде мемлекеттік грант бойынша бөлінетін мамандықтар саны шектеулі. Екіншіден, несиеге ілінбеген түлек ата-анасының қаржысына тәуелді. Ал, бұл жағдайда көбіне әке-шешенің дегені болады. Алайда, кездейсоқ мамандық бойынша диплом алған жастар түптің-түбінде сол салада жұмыс істемейтіні анық. Бұл – ата анаға да, мемлекетке де шығын, –дейді Төлеген Жұмашұлы.    

–  «Қазіргі жастар ғаламтормен жетілген буын. Демек, олар жаhан қажеттілігін жақсы түсінеді. Жақын уақытта біздің еліміздің еңбек нарығына  интернет-маркетинг, ойын индустриясы, киберспорт менеджменті, Digital-коммуникациясы, ойын құрастыру және гейм дизайнері, виртуалдық көріністерді жасайтын сәулетші секілді таңсық мамандықтар енгелі тұр. Осы кәсіптің қайсыбірі қазірдің өзінде, біздегі құрылыс саласында сұранысқа ие.  Олай болса, әр ата-ана баласын жаңа мамандыққа машықтандыру керек.  Сонда ғана білімге салған капиталдың қайтарымы жоғары болады, – дейді экономика ғылымдарының докторы Әбілдә Әмірханов.

 Еліміз егемендік алған кезде басталған отандық білім саласындағы жүйесіздік пен үйдегі үлкендердің үстемдігі жастардың ойын іске асыруды тежей бастады. Салдарынан, «адасқан ұрпақ» синдромы көбейді. Мұның зардабы  жастардың мемлекетке масыл болуына алып келді. Бүгінде облыстық жұмыспен қамту орталығында 7424 жас тіркеуде тұр. Аймақтағы жұмыс берушілер тарапынан  балабақша тәрбиешісі, математика, әдебиет, тарих пәнінің мұғалімі, сондай-ақ дәрігер-педиатр, фельдшер мамандарына сұраныс көп. Бұл ресми факті. Өзін-өзі еңбекпен қамтып жүрген бейресми  жұмыссыздар қанша екені жайында дерек табу қиын. Бір анығы, кеше ғана жоғары оқу орнын бітірген жастар бұрынғы жұмыссыздармен бәсекеге түсуде. Бұл күрмеу қашанға дейін жалғасатыны белгісіз. Олар кәсіп тапқан күннің өзінде, бәсекелес еңбек нарығына еркін төтеп бере ала ма? Күмән туғызатын жайт.   

Тегтер: экономика инвестиция кедейлік шегі халық нарық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Ажар ОРЫНБАСАР 22.10.2021, 13:32
Мамандықтың озығы бар, тозығы бар
Қуаныш ЕРМЕКОВА 22.10.2021, 12:00
Тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғаларының алдын алу жұмыстары күшейтілуде
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 21.10.2021, 08:55
«Қазпошта» қазаққа жау ма?!
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 20.10.2021, 09:10
Сүйек-саяқты қанағат тұтып...
Нұрболат ӘЛДИБЕК 19.10.2021, 09:46
Жамбылда жол апаты неге жиілеп кетті?
Дос КӨШІМ 19.10.2021, 08:24
«Қажет болған кезде...» қазақ тілін өлтіре салыңдар!

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31