Әділдік қай жақта

"Жас Алаштың" сараптама орталығы

25.05.2022, 07:47

3169

Бұған дейін бірқатар телеграм арналар Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты жайсыз хабар таратқан болатын-ды. Көп ұзамай, Ұлттық музей директорының «құпия» белгісі бар белгісіз диагнозбен ауруханаға түсіп қалғаны туралы мәлімет те пайда болды.

          Сонымен, дау неден басталды? Жақында Ұлттық музейдің лауазымды тұлғалары 146 миллион теңгені заңсыз пайдаланды деген күдікке ілінді, деп жаза бастады әлеуметтік желілер. Бұлай деп тұжырым жасаудың өзі қате екен. Мемлекеттік аудит Музей мен Exponat ЖШС келісімшарты бойынша аталған фирма музейге тапсырған витринаның айырмашылығы 146 миллион (негізі басқа сома) деген қорытынды жасайды. Алайда, музей аудиттің бұл қорытындысымен келіспей, қолданыстағы заңнама аясында қарсылық білдіріп отыр.

          Тұңғышбай Жаманқұлов болса, «Арызды мен жаздым!» деп жарияға жар салды...

***

          Осы және басқа да мәселелерді анықтаған «ЖА»-тың сараптама қызметі музейдің бірқатар өкілдерімен, директордың баспасөз орталығымен хабарласқан еді.

          Жуырда әлеуметтік желілерде тараған бейне үндеуінде А.Мұхамедиұлы дау 2014 жылы Мәдениет министрі болып тағайындалған соң, басталғанын айтады. Осы тұста ғарыш кеңістігі туралы күмәнді фильмнің іргесі қаланып жатты. Талғат Мұсабаев және Тұңғышбай Жаманқұловпен кездесуіне тура келген-ді.

          Бір кездесуде ғарышкер Талғат Мұсабаев бұл жобаның шикілігі көп, ғарышқа еш қатысы жоқ, қайдағы бір қияли дүние екенін алға тартып, жобаға қатыспайтынын мәлімдеді.

          Әрине, мұндай күдік болған соң, рет-ретімен тексеріле бастады. Сосын, Тұңғышбай Жаманқұлов фильмді түсіруге америкалық «Алдамис» деген үлкен компанияның қатысатынын айтты. Арыстанбек Мұхамедиұлының сөзінше, Тұңғышбай Жаманқұлов фильм түсіруге арналған 550 миллион теңгенің 100 миллионын алғаны туралы қажетті құжаттарды «Қазақфильмге» растамаған.

          Кейін «Қазақфильм» мен Жаманқұлов басқаратын Turan Universal Business компаниясы арасында сот болды. Сот «Turan Universal Business компаниясының жалған құжаттармен жұмыс істегенін дәлелдеді. Аппеляциялық сотта да Жаманқұловтың компаниясы жеңілді. Кейін «Алдамис Рус» компаниясының осы шара үшін тіркелген бір күндік компания екені де анықталды. Бұл компанияда  қаржылық операциялар мүлде жүрмеген. Жеке қорында тек 10 000 рубль немесе 50 000 теңге ғана болған. Міне, осындай фактілердің барын анықтаған А.Мұхамедиұлы ақшаны ресейлік жалған компанияның қалтасында кетуіне жол бермеді.

          – Бар кінәм осы. Әрі қарай, «Алдамиса Рус» компаниясының қайдан шыққанын, америкалық «Алдамис» компаниясымен (үш жыл бұрын жұмысын тоқтатқан) қандай байланысы барын тексеру үшін арнайы сұраныс жібердік. Осы кезде Тұңғышбай Жаманқұлов «Алдамис» компаниясынан хат келді деп құжатты ұстатып еді, ол да жасанды бір өтірік хат болып шықты.  Соңында қойылған электронды қолы да жалған, – дейді А. Мұхамедиұлы.

           Бұрынғы Мәдениет министрі «Алдамис Рус» пен америкалық «Алдамис» компаниясының арасында ешқандай байланыс жоқ екенін сол жылдары дәлелдеген.          

          Болған оқиға осы. «Үлкен жобаға» тосқауыл болып, қарсы шыққанды Тұңғышбай Жаманқұлов жақсы көрсін бе? Бұрыңғы министрге 3 миллион долларды «Алдамис Рус» компаниясына аудармасаң, оған шабуыл жасалатынын, өмірінде үлкен мәселе туындайтынын айтып, айбар шегеді.

          «Ендігі жерде, сол 3 миллионды «Қазақ хандығының 550 жылдығына» орайластырылып шығарылған «Алмас қылыш» фильмінің түсіріліміне бағыттағаным үшін кінәлімін бе? Бұл туынды сөз жоқ, рухымызды көтереміз, өзімізге деген құрметімізді асырамыз, намысымызды жанимыз, деген ниеттен туса керек!» дейді экс-министр.

          Ұлттық музей директорының  президентке жазған хат мәтініне назар аударайықшы. «… Алайда, түрлі айла-шарғыларымен мені қаралауға көшкен топ бар болатын. Оның ту сыртында кезінде Дариға Назарбаеваның, Бағлан Майлыбаевтың және тағы да басқалардың тұрғаны және солардың айтағы екені де белгілі.  Тұңғышбай Жаманқұлов мені ата жауындай көріп, күні бүгінге дейін жөн-жосықсыз арызданып келеді».   

          Кейін, министрдің өзі осы жанжалға байланысты істі болған әртістің қамаудан босатылуына қолқа салған. Тіпті, белгілі бір мөлшерде кепіл ақысын да мойнына алып, төлегені бар! Шартты түрде жазасын алған Тұңғышбай Жаманқұлов елбасыдан бастап, бүкіл әлемге ренішін білдіріп, А. Мұхамедиұлына тұзақ құру жоспарына кіріссе керек, әлі күнге дейін, жеке басын қаралаудың да, жаны мен тәнін жаралаудың да неше түрлі айла-шарғысын қолданып келеді.

          Түбінде, ақиқат анықталар. Кеңестік дәуірде ер жетіп, білімі мен білігін тиянақтап, өзінің таным-түйсігімен, уақыт талабын сергек сезіну қабілетімен жастайынан атқа мініп, араласқан қайраткер Арыстанбек Мұхамедиұлы осындай жағдайға дұшар бола қалған екен, біздің кейбір өнер «қырандары» да қызық, сауал қойсақ болды, ат-тондарын ала қашады. Десек те, бұрыңғы министрге қолдау көрсетіп жүрген Қазақстанның Халық әртістері Асанәлі Әшімов, қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегенова, Нұрғали Нүсіпжанов, Алтынбек Қоразбаев, Талғат Теменов, белді өнер қайраткері Ая Қалиева, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық дәрежедегі төреші Қайрат Қашқынбаев, атақты спорт жаттықтырушысы Еділ Тұрсынов және көптеген тұлғалар болашақта ерте ме, кеш пе, әділдіктің орнайтынына еш күмән келтірмейді.

          Расында, министр болған кезінде Арыстанбек Мұхамедиұлының тұсында қыруар жұмыстар атқарылды. «Қазақ хандығының 550 жылдығы»,  Рио-де-Жанейро қаласындағы ХХХІ жазғы олимпиада ойындары өтті, Қазақстан тарихында алғашқы «Кинематография туралы» Заң қабылданды, «Тарихи-мәдени мұралар туралы» заң дайындалды және тағы басқа игі шаралар атқарылды!

          Ал басынан дауы арылмаған Тұңғышбай Жаманқұлов туралы, естеріңізде болса, 2000 жылдардың басында «Қазақ әдебиеті» газетінде   даулы материал шыққан-ды. Онда актердың құрылысшыларға үй салдырып алып, ақшасын төлемей кеткені жөнінде айтылады. Артынан Жаманқұлов бұны жала деп, теріске шығарумен әлек болғанын ешкім ұмыта қоймаса керек.

          Сол секілді Алматы қаласы Алғабас ықшам ауданында туындаған жер дауы барысында жеті отбасыға тиесілі 70 соттық жер телімі қалай екені белгісіз, актердың қожалығына ауысып кеткен фактісі да ел арасында біраз шу шығарған.

           Алматыдағы Мұхтар Әуезов театрының директоры кезінде де келе сала, сол ұжымда жанжал шығып еді. Тұңғышбай Жаманқұлов өзінің ұстазы Әзербайжан Мәмбетов, Меруерт Өтекешова, Құман Тастанбеков сынды белді әртістерді жұмыстан шығарды. Мұны ол осы актерлердың жасы келгенімен, театрға енді жастарды тарту керектігімен түсіндірді. Сөйтіп, мәселе сотқа дейін жетті. Ақиқат бәрін орнына қайтарды.

          Жаманқұлов өзі түскен «Көшпенділер» (2005 ж.) кинотуындысына түскені үшін алған еңбекақысына қатысты арызданып, соттасқанын да білеміз.

          Жаманқұлов басқарған Қазақстан Театр қайраткерлері одағында да жік шыққанын қалай ұмытамыз? Осы шығармашылық ұйымындағы былықтарды жіпке тізіп, ашық хат жазған жас актерлар оның басшылықтан кетуін талап етті емес пе!

           «Айта берсек, жанға бататын жара көп. Жаманқұлов басқарған соңғы 8 жылда жас актерлар мен режиссерлерге арналған ешбір фестиваль, ешбір байқау өткен жоқ (тек Таразда Тұңғышбай Жаманқұлов атындағы бір фестивальдің («Тұңғышбай әл-Тарази Таразға шақырады» атты театр фестивалі – ред.) өткені бар. Бұл қалай? Елдегі театрлар қауымдастығының жұмысын жандандырады, театрды күшейтеді деп сайлаған Тұңғышбайымыз өнерді алға сүйреудің орнына қайдағы бір сыншылар мен «аппаратчиктерді» қаптатып қойды», делінген хатта.

          Сөйткен Жаманқұлов ақырында, қияли фильмі үшін мол көлемде ақша жымқырды деген айыппен ұсталғанын әп-сәтте ұмытып, енді құзыретті органдарға арызданып келеді. Осы біз, тасада тұрып, тас атуға неге құмармыз? Неге шындық атаулыға ел құлықсыз болып барады? Ақындар жырлағандай:

                    Осы да өзі әділдік пе, қарашы,

                    Адамдықта қандай мұның бағасы? – дегендей, неге біз біреудің ғана ығына жығыла кетеміз?

          Президенттің жуырда Ақордада бизнес өкілдерімен өткен кездесуін еске алайықшы. Қасым-Жомарт Тоқаев:

           – Әрине, Бас прокуратура құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қиялынан туған қылмыстық істерді тоқтатуға тиіс. Мұндай күмәнді істерге бастамашы болғандарды жауапқа тарту керек, – деген  мемлекет басшысы өз сөзінде МЕМЛЕКЕТТІК АУДИТ жүйесімен байланысты мәселелерді де қозғады. Оның айтуынша, тапсырыс беруші мемлекеттік органдарға қатысты мемлекеттік аудит тексерістерінің нәтижесі тапсырыс орындаушы кәсіпкерлердің қылмыстық қудалауға ұшырауына жиі негіз болады. Бұл ретте, Мемлекет басшысы кәсіпкерлердің мемлекеттік аудит қорытындысына шағым түсіріп, немесе негізсіз қылмыстық істен құтыла алмайтынын, жүйенің солай құрылғанын атап өтті.

          Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аудит нәтижесіне шағым түсірудің барлық мүмкіндігі қарастырылмайынша, қылмыстық іс қозғауға жол бермейтін механизмді енгізу қажет екенін айтты.

          Ал мемлекет басшысына жазған ашық хатында Ұлттық музей ұжымы: «Қазіргі уақытта Ұлттық музей Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитеті Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің 2022 жылғы 6 мамырдағы №93 аудиторлық есебіне заңды түрде қарсылық білдірмек.

Руханият ордасы – Ұлттық музей өз қызметін адал атқаруда. Сол тұрғыда әділет қашанда жеңеді деп сенеміз», — деп атап өткен.

          Президенттің айтқаны мен Музей ұжымының ашық хатындағы үндестік бекер болмаса керек.

          – Тепе-теңдік және тежемелік механизмдер жүйесі мен қоғамдық бақылау – осы реформаның табысты формуласы. Құқық қорғау органдары тарапынан жасалған әрбір рейдерлік әрекет немесе негізсіз қысым жасау дерегі Бас прокурордың жеке бақылауында болуға тиіс, – дейді мемлекет басшысы.

Егер шын мәнінде, тексеру шаралары әділ жүргізілсе, шешімнің де әділ болатыны сөзсіз.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Жарас КЕМЕЛЖАН 24.06.2022, 09:06
Серікқали Брекешевті киіктің киесі ұрады
Марат ТОҚАШБАЕВ 23.06.2022, 14:00
Германия неге соғыс ашты?
Жарас КЕМЕЛЖАН 23.06.2022, 09:23
Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 23.06.2022, 09:20
«Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 22.06.2022, 08:33
Тоғжановтың қиялы...
Күлтегін БЕК 21.06.2022, 08:30
Тоқаев мінез танытты...

Аңдатпа


  • Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
    23.06.2022, 09:23
  • «Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
    23.06.2022, 09:20
  • Ертең «мың ұлысты Қазақстан» боп тұрмайық
    23.06.2022, 09:11
  • Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
    22.06.2022, 08:36
  • Тоғжановтың қиялы...
    22.06.2022, 08:33