Айбары жоқ оппозициядан қайран бар ма?!

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ

20.10.2022, 06:23

1752

Сайлаудың сәні лайықты қарсылас қой, негізі. Сондай бәсекелестік бар жерде ғана халық та сайлауға делебесі қозып, қатысады, ешкім қуаламай-ақ өз еріктерімен барып, дауыс береді, күштілердің тартысы қоғамды дамытады. Өкінішке қарай, отыз жылдың ішінде оппозицияның небір тұлғаларын атып, шетел асырып қуғындап, одан қалды, түрмеге тығып жоқ қылып жібердік. Соның салдарынан, бүгінгі күні аты-жөні белгісіз кім көрінген оппозицияның рөлінде ойнап, Президенттік сайлауға түсуде. Халық сеніміне лайық болмақ түгілі, көпшілікке түрі де таныс емес біреулер Президенттік сайлауға түсіп, бақ сынамақшы. Күлкің келеді. Ал оларға халық не деп дауыс береді? Дәл мынандай жағдайда Тоқаевтың «бәйгені шаппай бер» дейтіндей, салмағы барын көз көріп отыр. Олай болса, жалпы миллиардтар шашып, халықтың несібесін қалай болса солай ысырап етіп сайлау өткізудің маңызы бар ма?! Одан да сайлаусыз-ақ құзіретін ұзартып, 20,5 млрдты неге ел игілігіне жұмсамасқа?!

          Осы орайда, атап өтер жайт, 2019 жылы сайлауға 9,4 млрд теңге бөлінсе, енді үш жыл ішінде одан екі есе көп қаржы бөлініп отыр. Онсыз да елдің әлеуметтік жағдайы тұралап тұрғанда, миллиардтар бөлінетін, нәтижесі қарсыластарына қарап-ақ белгілі болып отырған сайлаудың не қажеті бар?

          Айтпақшы, осы сайлау алдында да көпшілік оппозициядан сайлауға кімдердің түсетініне қатысты қызығушылық танытқан болатын-ды. Қанша айтқанмен «Жаңа Қазақстан» деп ұрандатқан соң, сеніп те қалған болар. Үміт дегенді қойсаңшы, бір кездері Қосановқа алданса да, халық әйтеуір,  президенттікке лайық ұлдан дәмелі болып еді. Алайда кандидаттардың түріне қарап, сайлаудың нәтижесін ұққан қазақ енді сайлаудағы кандидаттардан гөрі оған жұмсалатын қаржыға алаңдап отыр. Тіпті, халықтың әлеуметтік желіде «мына кандидаттарды халық тұрмақ, туыстары тани ма екен» деуіне қарап-ақ лайықты тұлғалар емес екенін аңғарасың.

Саяси науқан кезінде халықтың дауысын бөлу үшін түсетін кандидаттардың жөні басқа. Осы ретте, Қазақстанда шынайы оппозиция бар ма өзі деген сұрақ көпшілікті мазалайтыны анық. Мәселеге орай, қоғам қайраткері Ермұрат Бапиге хабарласқанымызда: «Оппозиция бар, бірақ олардың басы бірікпей отыр. Сайлау алдында елдегі қарсылық қозғалысының өкілдері бір ауыздан уағдаға келе алмады. Екіншіден, елдегі Сайлау туралы заң оппозиция өкілінің кандидат болып тіркелуіне мүмкіндік бермейді. Сондықтан «биліктің сценарийімен сайлауға қатыспаймыз» деген шешімге келеді. Осындай мәселелерден соң, биыл да оппозицияның ешқандай өкілі кандидат ретінде тіркелмеді. Оппозиция қалыптастырамыз десек, Сайлау туралы заңды өзгерту керек», – деді.

 Тіпті, сайлауға кандидат ретінде тіркелгендердің кейбіреуі «асатпай жатып құлдық» деп, «басты мақсатым президент болу емес», деп айды аспанға шығарып жатыр. Олай болса, неге адасып жүргенін құдай білсін. Әлде оларды қызықтырып отырғаны кандидаттарға бөлінетін миллиондар ма? Сайлау бағдарламаларын насихаттауға 9 012 600 теңге, сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізу және үгіт материалдарын шығаруға 800 000 теңге, көлік шығындары 500 000 теңгеге бағаланып, жалпы шығын 10 312 600 теңге көлемінде қаржы белгіленгені айтылуда. Кандидаттық мақсаты белгісіз кейбіреулерге қарап, «осы қаржыдан кертіп жеп қаламыз ба», деген дәмесі жетектеді ме, деп ойлайсың.

Президенттік сайлаудан көңілі қалған халық қазір сайлау десе, селт етпейтін де болыпты. Халықтың мемлекетке сенімі бар заманда әжептәуір науқан еді. Үлкендер асыға күтетін еді. Осындайда еске түседі Алматыға ауылдан келген қазаққа баспана түгілі тіркеуге тұру қиын заманда жер беріп, Шаңырақ деген ауылды құрып беруге ықпал еткен, «өзін-өзі үш рет атқан» Заманбек ағамыз да президентке лайық тұлға еді. Екі серігімен жер жастандырған Алтынбек ағамыз да президенттікке кандидат болып тіркелуге де, Мемлекет басшысының өзі болатындай тұлға еді. 1994-1997 жылдары Қазақстанның премьер-министрі қызметін атқарған, кейін 1998 жылы президенттің кеңесшісі атанып, сол жылы мемлекет басшысы лауазымына сайлауға түспек болғаны үшін жазықты болып қалып, қуғындалған Әкежан Қажыгелдин де президенттікке кандидат болуға лайықты-ақ тұлғалар еді. Бірақ сол кездері Орталық сайлау комитеті оның үміткерлігін қабылдаған жоқ. Арада бір жыл өткен соң, Қажыгелдинге халықаралық іздеу жарияланды. Ол кезде экс-премьерге билігі мен қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тағылды. Бүгінде ағамыз Еуропада тұрып жатыр деген мәлімет бар. Шын мәнінде, оппозиция болуға да, ел басқаруға қарым қабілеттері де бар, халықтың шын жанашыры деуге тұрарлықтай азаматтар еді. Тұлға десең, тұлға, оппозиция десең, оппозиция деуге де лайық. Қуғындап, атып, қастандық жасап, баудай түсіріп, енді микрофон лақтырған, стакан сындырған әртіс оппозициялардың кәнсертін тамашалап отырмыз.

Тіпті, қазір оппозицияның бар жоғы да білінбейді. Мұндай әрекетсіздікпен оппозиция қашан есейіп, қуатты саяси күшке айналады? Сайлауда билікке қарсы тұрып, қалай жеңіске жетеді? Бір анығы, Назарбаев пен ол құрған саяси режим отыз жылда оппозицияны түбегейлі жойып жіберді. Соның зиянын бүгінге дейін тартып келеміз, әлі қанша уақыт тартарымыз белгісіз.

         

Тегтер: сайлау оппозиция

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Мәкен УАҚ 11:59
Ататүрік қашан «бостандыққа» шығады
Ораз ҚАУҒАБАЙ 02.02.2023, 12:42
Қонаев ата-тегінің ақиқаты
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 02.02.2023, 09:07
Қарағандыда ашылған жаңалық Еуропада резонанс тудыруда
Батыр ЖАСҰЛАН 02.02.2023, 07:16
Әкімдер ай қарап жүр ме?
Әділ АҚЫЛБАЙ 01.02.2023, 07:26
Қазақстан қашанғы кландар меншігі болады?
Жарлы БАЙҒАНИН 31.01.2023, 09:00
№36

Аңдатпа


  • Жемқорлықтың «сорпасын» қайнатып жүргендер көп
    07:32
  • Ресей Путиннен қашан құтылады?
    07:17
  • Қайдасың, инвестор?
    07:23
  • Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.
    02.02.2023, 07:20
  • Әкімдер ай қарап жүр ме?
    02.02.2023, 07:16