02.02.2023, 07:16
2089
Жалпы,бір нәрсе қисынға келмейді. «Әкімдер халыққа шын жаны ашып, жұмыс істейді»,дегенге сену қиын. Әйтпесе, жылдар бойы қордаланған түйткілдер шешілер еді ғой. Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте көптің көкейінде жүргенекі мәселені ашық айтты. Бірақ оған басы ауырып отырған бір әкім бар ма?
Ал қордаланған проблемалардың шешілмей келе жатқанының сыры неде? Өйткені Тұңғыш президентті мақтап, өздеріне ыңғайлы жүйе жасап алған шенеуніктер әлі күнге дейін жұмыс істеп отыр. Олар жаңа Қазақстанды, Әділетті Қазақстанды құруға ынталы емес. Өздеріне қолайлы бұрынғы жүйеден шыққысы келмейді. Енді дерекке қараңыз. Әлі күнге дейін, яғни бес-алты жылдан бері ЭКСПО мәселесі сөз болып келе жатыр. Бүгін Тоқаев тағы ЭКСПО-ны сөз етті.
– Мысалы, бізде ЭКСПО аумағы бар. Бір қарағанда, өте әдемі жер. Бірақ қаңырап бос жатыр. Шын мәнінде, оған жан бітіріп, жұрт жаппай демалатын орынға айналдыруға болады. Қоғамдық кеңістікті дамытудың бірыңғай тұжырымдамасын қабылдаған жөн. Нысандарды жобалау және салу кезінде осы тұжырымдамаға сүйену қажеттігі заңды түрде бекітілуге тиіс, – деді Қ.Тоқаев.
Бірақ ең бір алаңдатарлығы, ғаламат қаржыға салынып, бүкіл бюджеттегілердің айлығынан жұлымдап жиналған ақшаға салынған аумағы атшаптырым ЭКСПО бүгін, шын мәнінде, бос тұр. Халықтың игілігіне пайдаланып жатқан бірі де жоқ. Бір ғана мысал, 2017 жылдан бері ЭКСПО павильондарын күтіп ұстауға бюджеттен 6.7 млрд теңге қаражат жұмсалған. Бұл электр энергиясы, сумен жабдықтау, басқа да шығындар. Барлық шығынды былайша айтқанда, қазір мойнымен халық көтеріп отыр. Демек, халықтың қаржысына салынған қаржы өз-өзін ақтап отырған жоқ. Ал олай болса, мұндай есепсіз, қайтарымы жоқ нысанды салудың қажеті бар ма еді? Кезінде алаулатып, жалаулатып, ЭКСПО құрылысын салдық. Көрмені өткіздік. Міндеттеп, мәжбүрлеп, оқушыдан бастап, мұғалім, дәрігерге дейін республиканың түкпір-түкпірінен адамдарды тасыдық. Сөйтіп, өтірік, қолдан ішкі туризмді дамыттық. «ЭКСПО біткеннен кейін ғимарат қаңырап бос тұрмайды, халықтың қарапайым кеңсесіне айналады» деді. Ал бүгін соның бірі жоқ. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізуге бес жыл ішінде 565,1 миллиард теңге жұмсалды. «Бұл бұған дейін әлемде салынған ЭКСПО ғимараттарына қарағанда, көп ақша емес», деп өзімізді алдадық. Ал мұндай жалған ақпаратты таратудың кімге керегі бар еді? ЭКСПО-ның даңғаза, бос мақтан екенін мына бір деректің өзі аңғартып тұрған жоқ па? Осыдан екі-үш жыл бұрын Forbes басылымы «Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінің жалпы шығыны – 3 млрд доллар. Бұл, шамамен, 950 млрд теңгені құрайды», деген ақпарат таратты. Демек, ЭКСПО салу, тіпті, тиімсіз болғаны ғой. Ал бүгін біз кешегі Назарбаев жүйесі салған керексіз нысанды қалай пайдалануды білмей отырмыз. Өйткені мұны пайдаланудың өзі халыққа қолайлы болмай тұр ғой. Ал ЭКСПО құрылысында ақша жеген Талғат Ермегияев 14 жылға сотталып кетті. 2015 жылдың жазында оның орнына Ахметжан Есімов келді. «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы ретінде құрылысты сәтті аяқтағаны үшін Ахметжан Есімов 2017 жылы Назарбаевтың қолынан «Қазақстанның Еңбек ері» атағын алды. Іс бітті, қу кетті. Ал ЭКСПО қаңырап бос қалды.
Бұл Астанада тиімсіз болып шыққан бірінші жоба. Екіншіден, президент Тоқаев кешегі кеңесте астаналықтардың маңдайына сүйел болып, көзге қораш көрініп тұрған екінші LRT жобасы туралы тағы айтты.
– LRT-ға қатысты жұмысты мейлінше, тездетіп аяқтау керек. Мен бұрын да айттым, LRT жобасы негізінен, қате болды. Бірақ қазіргі таңда басқа амалымыз жоқ, бұл жобаны жүзеге асыруымыз керек. LRT-ның құрылысын тоқтатсақ, шығын одан да көп болады. Ал балама жобалар жоқ. Жалпы, әкімдікке үкіметпен бірлесіп, Астананың көлік жүйесін дамытуға арналған кешенді бағдарлама әзірлеуді тапсырамын, – деді президент.
Бұл кешегі әңгіме. Ал осыдан төрт жыл бұрын, яғни 2019 жылдың 8 қазаны күні Елорданы дамыту туралы өткен жиындағы әңгімеге тағы бір назар аударып көрейікші. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жиында: «LRT туралы шешімді әкімдік қабылдады. Тереңірек тексеріңіздер, бұл өте даулы жоба, экономикалық тұрғыда түсініксіз», деді. Сонымен қатар, LRT құрылысы ісін тергеуді жеделдету туралы тапсырма берді. Ал 2022 жылғы 13 тамыз күні өткен жиында президент Тоқаев тағы LRT проблемасын тілге тиек етіп, «бұл сыбайлас жемқорлықтың исі мүңкіп тұрған жоба», деп атап көрсетті.
– Елорда тұрғындарын ашуландыратын тағы бір мәселе – ЛРТ құрылысы болып отыр. Ол кәдімгі инфрақұрылымдық жобадан елдің абырой-беделіне нұқсан келтіретін күрделі проблемаға айналды. Қазірдің өзінде орасан зор қаражат жұмсалды, қарыздар тартылды, шетелдік әріптестер алдында ауқымды келісімшарттық міндеттемелер қабылданды. Бұл жоба бастапқыда-ақ үлкен қателік болды, оны мойындау керек. Сонымен қатар, бұл сыбайлас жемқорлықтың исі мүңкіп тұрған жоба, – деді мемлекет басшысы Тоқаев.
Рас, енді Астананың мәңгілік жырына айналған LRT жобасына келейік. 2019 жылдың сәуір айында LRT жобасының құрылысы Тоқаевтың сөзінен кейін тоқтатылды. Қыруар қаржыны жымқырғандарға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазақстанның бюджетінен ұрланған 5,7 миллиард теңге желге ұшты. Күдіктілердің кейбіреуі ұсталды, бірсыпырасы шетелге қашты. Әлі іздестірілу үстінде.
Ал біздің айтпағымыз, LRT жобасы тоқтатылған кезде Астананың әкімі Бақыт Сұлтанов еді. Одан кейін қалаға басшы болып Алтай Көлгінов келді. Екеуі де өсіп кетті. Көлгіновтің орнына жақында Қарағандыдан Жеңіс Қасымбек келді. Бірақ LRT жобасының мәселесі әлі күнге дейін шешілген жоқ. Президент бұл жәйтті дереу шешу туралы соңғы үш жылдағы арнайы жиында төрт-бес рет айтты. Бірақ бірде-бір әкімнің оны жедел шешуге құлқы да, ниеті де жоқ. Өйткені қабырғасын кеше Назарбаев жүйесі қалап кеткен бұл «жемқорлық жобаны» жалғастыруға бәрі де қорқады. Өйткені бұл қыруар қаржыны қажет ететін жоба. Егер жобаны жалғастырса, біраз уақыт өткеннен кейін тағы тексеріс басталады. Сондықтан қол қоюға бәрі де секемденеді. Өйткені ешқайсысы жауапкершілікті мойнына алғысы келмейді. Десек те, LRT жобасын аяқтау туралы мемлекет басшысы тарапынан тапсырма берілгеннен кейін құрылыс аяқталуы керек қой. Бірақ жыр болған жоба бітер емес. Президент тапсырмасын орындамайтын әкімдер осылай уақыт өткізіп, ай қарап жүре бере ме?
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР