Алдаусыратқан ұсыныстар, «хайп» қуған депутаттар

   Халықтың қамын ойлайтын жан бар ма?

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ

28.07.2021, 08:35

5317

Елімізде мәжілісмен, сенатор мандаттары ең «майлы» қызметтердің бірі. Үйіп-төгіп, орындалмайтын уәде беріп, халықтың сайлауымен депутаттық орынтаққа қолы бір  жетіп алса, әрі қарай бес жылға дейін жоғары жалақы, жан-жақты жасалған жағдаймен халық қалаулысы атанып, алаңсыз өмір сүре беруге болады. Орындалмайтын уәде демекші, депутаттарымыз «хайп» үшін ақылға қонбайтын ұсыныстар айтуды да меңгеріп алған.

  

Мысал келтіре кетсек, тұрмыс жағдайы төмен халық үшін әлеуметтік мәселелер өтімді. Осы орайда, әлеуметтік мәселелерді отырыс құрғатпай көтеріп жүретіндердің бірі – Айқын Қоңыров. Мәжілісмен былтыр несие амнистиясын жариялап, жерді де тегін таратып беруді ұсынған болатын. Несие мен жер – халықтың жанды жері. Жерсіз қазақ көп болса да, несиесіз қазақ жоқ. Сондықтан несие төлеуді тоқтата тұрып, бар халыққа жер бөліп беру кез келген адамға жағары сөзсіз. «Өз құқықтары шектелген қаржы институттарының қысымымен қалу қаупі бар жеке және заңды тұлғалар үшін кең ауқымды кредиттік рақымшылық жүргізу қажет», – деді депутат. Ұсыныс айтылған кезде халық үміттеніп елеңдеп қалды. Өйткені алдында ғана үкіметтің бастамасымен несие төлей алмағандар үшін үш ай несие төлемей, уақытын ұзартуға рұқсат берілген болатын. Сол межелі мерзім біткен кезде депутат тарапынан айтылған ұсыныстың халыққа жаққаны рас. Бірақ… үш айға кейін шегерілген несиені кейін халық еселеп қайтарды. Өйткені уақыты ұзарған несиенің сол уақытқа сай пайызы да көбейіп, халық одан сайын тоналды. Банк секторы ұтпаса, ұтылмады. Бірақ оларға «бұларың қалай» деп, тоналған халыққа араша түсер ешкім болмады.

Депутат Ерлан Смайылов та халықтың қолайына әбден жағатын, бірақ іске асуы екіталай ұсынысты айтып қалды. Оның есебінше, «Елімізде аналық капиталды енгізу қажеттілігі туындап тұр. Мемлекет жаңадан туған сәбиге кемі 4 млн 200 мың теңге ақша төлеуі керек. Өйткені еліміздегі әрбір алтыншы бала кедей отбасында тәрбиеленеді екен. Бұл қаражат отбасының баспана мәселесін реттеуіне немесе баланы оқытуға, ананың зейнетақы жинағына жұмсалуы керек». Көпбалалы аналардың күштеуімен атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, аналардың ашуы басылған соң, кеміп қалған жәрдемақының көбеймесі белгілі. Бастапқыда көпбалалы аналардың қаһарынан қорқып, АӘК-ті оңды-солды таратып алып, кейін «заңсыз тағайындалған» деп, төленген 73 714 отбасыдан жәрдемақыны кері қайтарып алып, даулағаны да есте. Мұндай жағдайда аналық капиталдың ешқашан тағайындалмайтыны түсінікті. Бірақ депутаттың ұсынысына орай, халық кәдімгідей дәметіп қалды.

Орындалмайтын ұсынысымен есте қалған тағы бір депутат – Александр Милютин. Ол «зейнет жасын 60-қа төмендету керек» деген ұсыныс айтып, «сүйкімін» кіргізді. «Азаматтардың жынысына қарамастан, зейнетке шығу жасын 60-қа дейін төмендету керек. Кезең-кезеңмен ұлғайту мәселесін көтерудің мәні жоқ. Ең төмен базалық зейнетақы жыл сайынғы орташа жалақыға тең болуы қажет», –деді Милютин. Шыны керек, тәуелсіздік алғалы зейнетке шығу жасы ұзармаса, төмендетілген емес.  1998 жылғы 1 қаңтарға дейін республика бойынша зейнеткерлікке әйелдер – 55, ал ерлер 60 жастан бастап шығатын. Ал 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап ерлер – 61, әйелдер 55 жасында, 1999 жылдың 1 шілдесінен бастап ерлер – 62, әйелдер 57 жасында, 2000 жылдың 1 шілдесінен бастап ерлер – 62,5, әйелдер 57,5 жасында, 2001 жылдан бастап ерлер – 63, әйелдер 58 жасында зейнетке шыға алатын болды. 2015 жылы зейнетақы заңнамасы өзгертілгеннен кейін, 2018 жылдан бастап кезең-кезеңмен әр алты ай сайын әйелдердің зейнеткерлік жасы көтеріліп жатыр. 2027 жылға қарай олардың зейнеткерлікке шығу жасы ерлердің зейнеткерлік жасымен теңесіп, 63 жасты құрайтын болады деп күтілуде. Дәл қазір еліміздің зейнетақы саласында осындай өзгеріс жүзеге асып жатқанда зейнет жасы төмендемесі анық. Бірақ халық алдында сүйкімін арттыруда зейнеткерлік жасты төмендету мәселесі таптырмайтын тақырып екені анық. Орындалмайтынын біле тұра, депутаттық сауал ретінде көтеріп, халықты бір емексітіп, дәмелендіріп қоюға тұратындай тақырып. Өйткені қазір зейнеткерлік жасты төмендету талайлардың арманы.

Орындалуы екіталай, бірақ халыққа ұнайтын ұсыныс айта алатын депутаттардың бірі – Айжан Сқақова ханым. Мәжіліс депутаты Айжан Сқақова жәрдемақы мен төлемдердің барлық түрлерін жойып, 18 жасқа дейінгі әр балаға бір әмбебап жәрдемақы, яғни  230 829 теңге төлеуді ұсынды. «Жәрдемақыларды көбейту керек. Біз жәрдемақылар мен төлемдердің барлық түрлерін жоюды және 18 жасқа дейінгі әр балаға Қазақстанның туу және азаматтығы құқығы бойынша барлық балаларға орташа жалақы сомасында тағайындалатын бір әмбебап жеткілікті жәрдемақыны енгізуді ұсынамыз», – деді депутат. Сонымен қатар ол бала күтімі кезеңін үш жасқа дейін ұзартуды ұсынды. Бірақ ешқайсысы орындалмады. Көптің көкейіндегі ұсыныс болғанымен, орындалмайтыны анық еді.

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса: «Негізі, біз жері үлкен, халқы өте аз елміз. Сондықтан қазақтың санын көбейту үшін қазақтың аналарын жұмыс істетпей-ақ, жәрдем беріп отыру керек», – деді. Бұл ұсыныс талай үй шаруасындағы аналарға ұнап-ақ қалды. Аналарды алдаусыратқан ұсыныс та орындалуы екіталай, бірақ халықтың оң жамбасына келетін мәселе болатын.

Рас, депутаттар тарапынан ұсыныс айтылғанымен, оны қабылдау-қабылдамау үкіметтің құзыретіндегі шаруа. Ендеше орындалмайтынын біле тұра, «хайп» үшін ертегіге бергісіз ұсыныс айтатын халық қалаулылары халыққа шын жаны ашып айтып жатыр дей аламыз ба?!

Осындайда еске түседі, былтыр пандемия кезінде, халық жаппай жұмыссыз қалып жатқанда Қырғыз елінің «Қырғызстан» парламенттік фракциясының өкілдері коронавируспен күрес үшін екі айлық жалақыларынан бас тартты. Аталмыш фракцияның мүшесі Қанат Исаевтың айтуынша, «көптеген қырғыз азаматтары жұмысынан айырылып, көптеген адамдар коронавирус инфекциясымен күресу үшін күш жұмылдырып жатқан кезде депутаттар тасада қалмауы тиіс». «Фракциямыз сәуір және мамыр айының жалақысынан бас тарту туралы шешім қабылдады. Өзге фракцияларды да бастаманы қолдауға шақырамыз. Үнемделген қаржыны медицина және құқық қорғау органдары қызметкерлеріне сыйақы ретінде беруге болады. Біз сонымен бірге үкіметті министрліктер мен ведомстволар, аймақтағы өкілдіктер, әкімдіктер, елшіліктер және тағы да басқа органдарға жұмсалатын шығынды азайтуға шақырамыз», – деді Қырғыз елінің жогорку кенеш депутаты.

Шыны керек, біздің депутаттарымыздың ел басына күн туған, төтенше жағдай кезінде бір күндік жалақыларынан ғана бас тартқанын естіп жатамыз. Талай адам 42 500 теңгені талғажау еткен өткен жылы біздің депутаттарымыз бір күндік жалақыларын да қимады. Осыдан соң халық қалаулыларының халқына шын жаны ашиды, популизмге толы ұсыныстары шын ниетпен айтылған деп айта аламыз ба?! Әлде жоғары жалақы, тұратын тегін үйі мен қызметтік көлігімен қамтылған халық қалаулыларының әрекеті «әркімге өз аузы жақынның» кері ме?! Пандемия, бір жағынан, қуаңшылық; екінші жағынан, қымбатшылық тап жағадан алған кезеңде түрлі ұсыныстарымен таңғалдырғыш, халыққа жаны ашығыш депутаттарымыздың ең болмаса «жалақымызды 50 пайызға қысқартып, үнемделген қаржыны ел игілігі үшін жұмсайық» дей алмағаны-ақ көп нәрсені аңғартады. Демек, орындалмайтын ұсыныстармен де халықты алдаусыратпағаны жөн-ау

Тегтер: депутат мәслихат сайлау

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ 23.09.2021, 09:05
Қазақстанға АЭС керек пе?
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ 22.09.2021, 15:00
Орынбасарлары орын ауыстырса да Ахметов өзгермейді
Расул ЖҰМАЛЫ 22.09.2021, 08:35
Ауған тартысы және қазақ мүддесі
Жарас КЕМЕЛЖАН 16.09.2021, 07:50
Арман Шораев: Кейбір саяси шешімдер Мәскеуге тәуелді
Берікжан БАЙБОТАЕВ 15.09.2021, 09:30
«Сұмырай келсе су құриды...»
Батыр ЖАСҰЛАН 15.09.2021, 08:16
Тілді талқыға салатын төрт топ бар

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39