Алмат ҚОДАСБАЕВ: Адам жанын арашалауға ұмтылыс жеке басқа деген қауіпті ұмыттырды

Сайт әкімшілігі

22.09.2020, 09:43

2210

        Бүкіл әлем коронавирустың екінші толқынына әзірленіп жатыр. Алғашқы легінің өзі әлемнің астын үстіне шығарған індеттің «ізі» әлі өшкен жоқ. Ауық-ауық бой көрсетеді, күніне 50-60 адамнан қауіпті инфекция табылады. Алғашқы сынақтан сабақ алдық па? Отандық медицинада қандай жаңалықтар бар? Коронавирус жүрекке қалай әсер етеді?  Бұл сауалдарды біз Алматы қалалық кардиология орталығының директоры, медицина ғылымының кандидаты Алмат Қодасбаевқа қойған едік.    

  – Алмат Тұрысбекұлы, әлемді жайлаған алапат індет медицина қызметкерлерінің жұмысын еселеп арттырды. Әрі жауапкершілігін де күшейтті. Көктемнен басталған сол алашапқын кезеңдерден не түйдіңіз?

— Иә, жұмыр жерді шарпыған кесел бүкіл әлемді сынаққа салды. Негізгі сынақ – қай мемлекеттің, қай елдің немесе қай жеке тұлғаның қолынан не келеді дегенді ашып көрсетті. Көп адамдар бұл ауруға төтеп бере алған жоқ. Оның себептері өте көп. Жаңа вирус болғандықтан, күрес тактикасы жиі өзгеріп отырды. Халықтың енжарлығы мен немқұрайдылығы да індеттің өршуіне соқтырды. Осының кесірінен Еуропа елдері басынан кешкен күрделі жағдай бірер ай шамасында бізге де келіп жетті. Ауруханаларда орын болмады. Төсек-орын жетіспеді. Орын болғанның өзінде, ол жаңа заман талаптарына сай келмейтін. Кейбір науқастар ірі медициналық орталықта жатып, күшейтілген ем түрін қабылдағанның өзінде де, сырқат салмағын көтере алмады. Демек, қанша жерден ғылым дамыды, медициналық құрал-жабдықтар жаңарды, сынама алатын жаңа аппараттар пайда болды десек те, медицина тосын келген вирустың алдында өз дәрменсіздігін көрсетті.

— Дегенмен халық дәрігерлерге үміт артты. Отандық медицина мамандары қолынан келгенше күресіп бақты...

— Әрине, оттың ортасында жүріп дертпен күрескендер нақ осы сала мамандары. Тек дәрігерлер ғана емес, медбикелер де, санитарлар да, ауруханада кім жұмыс істейді – солардың барлығы індетпен күресте аянған жоқ. Бұған қоса, әскерилер мен құқық қорғау органдарының да еңбегі зор. Халықтың жүріп-тұруын қадағалауда, бекітілген санитарлық талаптарды бақылауда осы сала мамандары да көп күш жұмсады.

— Таяқтың екі ұшы болатыны секілді қауіпті вирус кесапатымен қоса, өз жаңалықтарын да ала келді. Жұмыстарыңызға қосылған тың серпін, жаңа әдіс-тәсіл ретінде қандай дүниелерді атар едіңіз?

— Оныңыз рас. Медицина дүр сілкініп, күш-қуат жинайтындай сабақ алды. Бұрын қажетсіз көрінген ауруханалар, орталықтар қайта жабдықталды. Ең бастысы, тәртіп күшейді. Ауруханалар ішінде «жасыл» және «қызыл» аймақтар пайда болды. Науқастардың қозғалысы, кіретін, шығатын есіктердің  қатаң бақылануы бір жүйеге келтірілді. Ауруханаларға дене қызуын қашықтан өлшейтін тепловизорлар қойылды. Кіреберіске қойылған бұл құрылғы адамның дене қызуын өлшеп қана қоймайды, бейнебақылау камерасы ретінде де жұмыс істейді. Демек, күніне қанша адам кірді, олардың дене қызуы қандай, кім бетпердесін дұрыс тақпай тұр, міне, осының барлығын бақылап отырады.

Жуырда біздің орталыққа жүректі ультра-дыбыстық зерттеу аппаратының жаңа түрі қойылды. Жүректің құрылысын, жиырылу қуатын, қақпақшаларының жағдайын анықтайтын УЗИ аппараттары, негізінен, барлық жерде бар. Ал мына аппараттың артықшылығы – үш көрсеткішті бір сәтте береді. Біріншіден, жүректің жиырылу қуатын, соғу жылдамдығын көрсетеді. Екіншіден, дәл сол кездегі жүректің ультра-дыбыстық зерттеу нәтижесін ұсынады. Үшіншісі бұлардан да маңыздырақ. Өйткені науқас арнайы құрылғылар арқылы өз жүрегіне салмақ түсіреді. Сол кезде жүректің шыдамдылығы тексеріледі. Әрі салмақ түспеген кездегі жүректің ақаулары анықталуы мүмкін. Яғни әлі біліне қоймаған, бірақ болашақта шығуы мүмкін сырқат белгілері дәл анықталады. Мұндай аппарат Алматы қаласы бойынша тек бізде ғана бар. Былтыр екі қызметкеріміз Мәскеуге арнайы барып, тағылымдамадан өтіп келді, қазір осы құрылғымен науқастарға қызмет көрсетіп жатыр. 

— Коронавирустың өкпеге шабатынын қазір жұртшылық тегіс түсініп болды. «Қант диабетіне шалдыққан адамдарға да қауіпті» дейді мамандар. Ал жүрегі ауыратын жандарға қаупі қаншалықты?

-  Әрине, коронавирус инфекциясын жұқтырған адам айналасына үлкен қатер төндіреді. Бірақ одан да қауіпті жағдай бар. Егер жүрек ауруы асқынса, инфаркт алса немесе өзге де себептермен денсаулығы қауіпті деңгейге түссе, біз COVID сынамасының қорытындысын күтпей-ақ бірден іске кірісеміз. Өйткені бірінші кезекте науқастың жанын алып қалу қажет. Сондықтан пандемия кезінде бірден емдеу шаралары қолға алынды. Көптеген науқастарға шұғыл ота жасалды. Кейін дәл сол науқастардың кейбірінен коронавирус анықталып жатты. Мұндай жағдайлар өте жиі кездесті. Бірақ бір адамға өмір сыйлап, оның жанын алып қалғандағы қуаныш, өз еңбегіңе деген разылық қауіпті індеттің жеке басыңа қатерін мүлде ұмыттырып жіберді. Осы әсер, осы сезім қатерлі індетті психологиялық тұрғыда жеңгендей күй кештірді. Күш-қуат сыйлады.

— Сонда коронавирус жұқтырған адамдар кардиологиялық орталықта да емделді ме?

— Мұны былай түсіндірейін, өмірі қыл үстіндегі науқастарға COVID сынамасының нәтижесін күтпей-ақ көмек көрсетуге тура келді. Өміріне қауіп төнген науқастарды дереу өзімізге алдырдық. Себебі коронавирус жұқтырғаны расталса да,  мұндай сырқаттарға шұғыл ота жасау қажет еді. Карантин кезінде дәл осындай төрт науқастың жүрегіне ота жасап, кардиостимулятор аппараттарын қойдық. Жағдайы түзелген соң ғана олар жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырылды.

       Білулеріңіз керек, COVID жұқтырғандарды, негізінен, Алматы қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханалары қабылдады. Ал біздің дәрігерлер жүрегі ауыратын немесе қант диабеті бар науқастар үшін аурухана мамандарына онлайн кеңес беріп отырды.  Тіпті бір тәулікте он шақты науқасқа дейін осындай көмек көрсетілді. Демек, біздің кардиологтар орталықтан тыс жерде де сырқатпен күреске өз үлестерін қосты. Жүзден астам қызметкеріміз екі ай бойы үйлеріне барған жоқ. Инфекция жұқтырған науқастармен жақын қарым-қатынаста болғандықтан, аурудың тарау қаупінен сескендік. Олар орталыққа жақын маңдағы жатақханада жатып, жұмыс істеді.

— Жоғарыдағы сұраққа қайта оралайық, коронавирус жүрегі ауыратын адамдарға қаншалықты қауіпті?

— Әлем бойынша жүрек қан тамырлары сырқаттарынан болатын өлім көрсеткіші барлық ауру-сырқаудың ең алдында тұр. Ал коронавирус оны тіпті өршітіп жіберді. Еуропалық кардиологтар қоғамының нұсқауы бойынша жүргізілген зерттеулер инфекцияға шалдыққан сырқаттардың 10-15 пайызы жүрек ауруларымен сырқаттанатынын көрсеткен. Демек, коронавирус жүрегінде ақауы бар адамдар үшін өте қауіпті деп санаймыз. Оның тағы бір себебі, жалпы, жүрек ауруларын емдеу ісінде ұсыныстар көп. Ал біздің орталық,  негізінен, Еуропалық кардиологтар қоғамының нұсқаулығына сүйенеді. Коронавирус өршіген кезеңде бірқатар науқастарға  «COVID-тен кейінгі жүректің қабынуы» деген диагноз қойып, емдеу шараларын жүргіздік.

— Оқырмандарға түсінікті болсын, коронавирустың жүрекке қауіпті әсерін қарапайым тілмен қалай түсіндіруге болады?

— Вирустың өзі жүрек қан тамырларының қызметін әлсіретеді. Бұл – бір. Екіншіден, науқас пневмонияға ұшыраған жағдайда өкпе қабынады. Газ алмасу үдерісі төмендеген кезде  қанды жүргізу қиындайды. Демек, жүрекке қосымша салмақ түседі. Оның үстіне пневмонияны емдеуге арналған дәрі-дәрмектер мен антибиотиктерді шамадан тыс пайдалану жүрек бұлшық еттерін қабындырады. Сондықтан  COVID жұқтырған жандар негізгі емін алғанымен, ары қарай жүрек қан тамырлары аурулары бойынша толық курстан өтуге міндетті. Коронавирус жүрегінде ақауы бар адамдарға қауіпті дейтініміз де сондықтан.

— Жүрек қан тамырлары ауруларын емдеуде отандық медицинаның қауқары қаншалықты?  

 - Жоғары деп айтуға болады. Бірақ шетелдік әріптестерімізбен үнемі тәжірибе алмасып отыруымыз керек. Карантин талаптары біздің алға қойған жоспарларымыздың кейбірін өзгертуге мәжбүр етті.  Мысалы, біздің кардиологиялық орталық тек емдеп қана қоймай, медицина қызметкерлерін дайындайды, С.Асфендияров атындағы медицина университетінің оқу-тәжірибелік базасы болып саналады. «Кардиолог боламын», «кардиохирург боламын» деген жастар осы жерде тәлім-тәрбие алады.

         Кореяның «Северанс» клиникасымен бірігіп, жылына бір рет шілде айында мастер-класс өткізетінбіз. Ол жақтан  білікті мамандар мен профессорлар келетін. Аритмология, кардиохирургия және кардиология саласы бойынша кеңестер беретін, тәжірибе алмасатын, оталар жасалатын. Қазір бұл жұмыстар онлайн режимге ауысты. Қыркүйек айының соңында бір күнді арнап отырмыз, осы күні сырқаты алдын ала нақтыланған науқастарға кореялық әріптестермен бірге, онлайн режимде күрделі оталар жасаймыз.

       Мұндай байланыс Израиль  дәрігерлерімен де орнатылған. Алматы оқу-методикалық орталығы арқылы  Израиль клиникаларымен байланысқа шықтық. «Қан айналым жүйесінің аурулары және коронавирустық инфекция» деген тақырыптағы лекция осы айда өтіп жатыр.  21 дәрігер онлайн режим арқылы осы шараға қосылды. Мұндағы бір ерекшелік – бұл шара тек лекциядан тұрмайды, сұрақ-жауап, пікір алмасу деңгейінде өтеді.

 - 2012 жылы Қазақстанда тұңғыш рет жүрек алмастыру отасы Астана қаласында жасалды. Мұндай күрделі отаны алматылық дәрігерлер жасай ала ма?

 - Жүрек алмастыру, жалпы, трансплантология – өте күрделі сала. Өйткені мұнда  дәрігерлердің біліктілігі ғана есепке алынбайды. Бүкіл зертханалық жұмыстардан бастап, заңнамалық мәселелерге дейін бір жерге тоғысуы керек. Қазақстан бойынша жүрек алмастыру оталары Нұр-Сұлтан қаласындағы кардиохирургиялық орталықта жасалады. Себебі бұл орталық жүрек алмастыруға лицензия алған. А.Н.Сызғанов атындағы орталықтың да рұқсаты бар. Егер қажеттілік туған жағдайда осы орталық жүрек алмастыра алады. Бірақ күнделікті тәжірибеге сүйенсек, бауыр алмастыру оталарының басым бөлігі Сызғанов орталығында жасалады. Бұл орталық осыған маманданған. Бұл салада тәжірибелері өте жоғары. Осындай маманданған орталықтар тиімді. Меніңше, Қазақстан үшін жүрек алмастыратын бір орталық жеткілікті.  

— Демек, Алматы кардиологиялық орталығында мұндай оталар әзірге жасалмайды ғой?

— Жасалмағанымен, екі орталықтың жұмысында байланыс көп. Мәселен, бізде жүрек жетіспеушілігі ауруын емдейтін бөлімше бар. Ол жерде арнайы дайындықтан өткен дәрігерлер жұмыс істейді. Ем қонбаған немесе ем нәтижесі қанағаттандырмаған науқастарды осы бөлімшеде ұзақ уақыт бақылап, емдеу шараларын жүргізіп, құжаттарын, бүкіл зерттеу нәтижелерін Нұр-Сұлтандағы орталыққа жібереміз. Екіншіден, ол жақта күрделі отадан өткен Алматы және Алматы маңындағы науқастар  біздің орталықта аптасына бір рет тексеруден өтеді. Бұл соңғы 10 жылдағы отандық медицинаның қол жеткізген табыстарының бірі. Сол науқастарды тексеру, бақылау сенімі бізге артылып отырғаны  үлкен мәртебе. Өйткені Алматыда үлкен ғылыми орталықтар бар, бірақ соған қарамастан, бұл жауапкершілік жүгі бізге артылып отыр.

– Әңгімеңізге рақмет. Жұмыстарыңызға табыс тілейміз.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Махамбет САПАРМҰРАТОВ 15.10.2020, 09:48
Қоғамдағы көп кеселді қолдан жасап отырмыз
Айжан БҮРКІТБАЕВА 13.10.2020, 11:32
Қазақта қайткенде баспана болады?
Сайт әкімшілігі 08.10.2020, 10:06
Балабақша: сан бар, ал сапа қандай?
Жарлы БАЙҒАНИН 08.10.2020, 09:13
Домбырам басы дың, дың!
Әділбек ЖАҚЫП 06.10.2020, 09:43
Сталин неге Шығыс Түркістанның тәуелсіздігін құрбан етті?
Қарлығаш Зарыққанқызы 01.10.2020, 11:07
Халықтың аш құрсақ екенін Үкімет қашан сезінеді?

Аңдатпа


  • Мақаншыда «қинау» фактісі бойынша ауыл тұрғыны полиция қолынан қаза тапты (видео)
    19.10.2020, 15:16
  • Ашық хат
    15.10.2020, 10:44
  • Билік жұртта қалған елу отбасыны көшіре алмай отыр
    15.10.2020, 10:38
  • Біржақты қарамайық...
    15.10.2020, 10:30
  • Жетім бала елге аманат
    13.10.2020, 10:33