Алматының мәселесін шешуге әкім Сағынтаевтың әлі жете ме?

Тоқтар ЖАҚАШ

12.11.2020, 12:40

1041

     Жыл өткен сайын Алматы қаласының аумағы ғана емес, проблемасы да ұлғайып барады. Соңғы жылдары мегаполис құрамына екі аудан қосылып, шаһар территориясы 23 мың гектарға кеңейді. Сәйкесінше, қаланың жолаушылар тасымалы, экономикасы мен инфрақұрылымы, денсаулық сақтау, тұрғын үй секілді әлеуметтік салаларға да жүктеме арта түсті. Бұрынғыдай «бәрін қатырам, бәрін зың қылам» дейтін популизмге бүгінде ешкімді сендіре алмайсың. Ал осындай күрделі мәселені ың-шыңсыз шешуге әкім Бақытжан Сағынтаевтың командасы қауқарлы ма? Біз осыған қатысты Алматы әкімдігінің бірнеше бағдарламасын талқылап, ой толғауды жөн деп таптық.    

                

                          «Шетсіз қала» – шексіз жоспар

      «Шетсіз қала» – «Алматы-2050» даму стратегиясына сәйкес, негізгі жеті басымдықтың бірі. Осыған байланысты Медеу ауданында «Ақ қайың», «Көлсай», «Сұлусай», «Алатау», «Мұзтау», «Думан» шағынаудандары мен «Каменское плато» тұрғын үй алабын дамыту міндеті тұр. «Думан» ықшамауданыңда жалпы ұзындығы 37 шақырымдық сумен жабдықтау (18,5 шақ.) және кәріз жүйелері (18 шақ.) үшін инженерлік желілерді тарту бойынша жұмыстар аяқталды. «Көлсай», «Мұзтау» ықшамаудандарында жалпы ұзындығы 14 шақырымдық сумен жабдықтау және кәріз жүйесі инженерлік желілерін тарту жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстың аяқталу мерзімі – 2021 жылдың наурыз айы. «Каменское плато» ықшамауданында суқойма салынып жатыр. Жалпы ұзындығы 15,5 шақырымдық сумен жабдықтау және кәріз үшін инженерлік желілерді тарту 2021 жылдың 1-жартысында басталады деп жоспарланған. Осы жобалардың барлығы іске асырылса, шамамен 2500 үйді, яғни 7 мыңнан астам тұрғынды ауызсумен және кәріз жүйесімен қамтамасыз етеді.

      Медеу ауданының бірқатар көшелерінде электр қуатымен жабдықтаудың инженерлік желілерін тарту, жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізілуде.Сонымен қатар Кіші Алматы өзенінің жаяу жүргіншілер аймағын абаттандыру (Республика сарайынан – Гоголь көшесіне дейін). Жұмыстың аяқталуы 2021 жылға жоспарланған. Есентай (Жамақаев көшесінен – субүріккішге дейін) өзені жағалауын қалпына келтіру. Жұмыстың аяқталуы 2021 жылға жоспарланған. Бірақ елді әбігерге салған пандемия осы жұмыстардың уақытында, жоспарға сай аяқталуына мүмкіндік бере ме? Оны уақыт көрсетеді.   

                    «Бюджетке қатысу» бүйірді толтыра ма?

      Алматы қаласының «Бюджетке қатысу» жобасының мақсаты  азаматтардың бастамалары мен ұсыныстары негізінде қала аудандарының аумақтарын дамыту және абаттандыру екен. Түсініктірек айтқанда, алматылықтар ашық талқылау және дауыс беру арқылы қала бюджетін қайда бағыттау керегін анықтайды. Егер бастаманы басқа тұрғындар дауыс беру барысында қолдаса, ол қалалық бюджет есебінен жүзеге асырылады. Бір өтінім 55,5 млн теңгеден аспауы тиіс. Қаржыландырудың жалпы көлемі 6,4 млрд теңгені құрайды. Оны қаланың әрбір ауданына шаққанда 800 млн теңгеден тиеді екен. Ал өткен жылы әр ауданға 500 млн теңгеден бөлініпті.

2021 жылға өтінімдерді қабылдау ағымдағы жылдың 28 тамызында Алматы даму орталығы порталында – Open Almaty басталды. 5 қазандағы жағдай бойынша 428 жобалық ұсыныс берілді. Бұған дейін пилоттық кезеңде 333 жоба ұсынылған болатын, олардың бірқатары аяқталып, пайдалануға берілді. Іске асырылған жобалардың ішінде скейтпарк, сөйлейтін орындық, балалар мен ересектердің спортпен шұғылдануына арналған жайластырылған алаңдар, қала тұрғындарының саябақтары мен демалыс орындары бар.

       Бір ғана Алатау ауданында «Бюджетке қатысу» жобасы аясында тұрғындардың ұсыныстары жүзеге асырылуда, онда әр адам қандай да бір жобаларды іске асыру бойынша жобалық ұсыныстар бере алады. Осы жоба аясында ауданда «Шаңырақ-1» шағынауданында балалар ойын алаңының құрылысына, «Қарасу» шағынауданында «Отан ұлдары мәңгілік есте» монументін күрделі жөндеуге, «Ақбұлақ» шағынауданында жасанды жабыны бар футбол алаңының құрылысына жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Он үш шағынауданда жаңа жолдар салынуда, оның ішінде өткен жылы төрт шағынауданда ұзындығы 32,7 шақырым жол құрылысы аяқталды. Қалған шағынаудандар бойынша құрылыстың толық аяқталуы ағымдағы жылдың соңына дейін жоспарланған (ұзындығы 75,5 шақырым). Сонымен қатар ауданда жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Сегіз шағынаудандағы 73 көшеде ұзындығы 67,4 шақырым жолдарға орташа жөндеу жүргізілуде. Бүгінгі таңда ұзындығы 15,1 шақырым 22 көшеде жөндеу жұмыстары аяқталды, ұзындығы 10,265 шақырымдық 12 көшеде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде, ұзындығы 42 шақырым 39 көшеге асфальт төсеу жоспарлануда.

        Қазіргі уақытта «Шаңырақ-2», «Ұлжан-2», «Өжет» шағынаудандарында орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар инженерлік желілерді жаңғыртуға да көңіл бөлінуде. Бүгінгі таңда жалпы ұзындығы 199 шақырым болатын «Шапағат», «Қарасу», «Алғабас», «Өжет», «Самғау», «Ақбұлақ», «Боралдай» шағынаудандарында желілердің құрылысы басталды. Оның ішінде су – 108 шақырым, су бұру – 91 шақырым. Биыл аудан тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін 300 шақырымдық инженерлік желілерді жүргізуге жобалау-сметалық құжаттама әзірленіпті.

«Көкқайнар», «Томирис», «Шаңырақ-2» шағынаудандарында сарқынды суларды ағызуға арналған 17 кәріздік сорғы станцияларының құрылысы жүргізіліп жатыр.

       Көріп тұрғанымыздай, «Бюджетке қатысу» бойынша көп шаруа басталып кетіпті, келер жылға да жоспар көп көрінеді.  Бірақ бүйірі толы бюджетті дәл қазір ел алдына шығарып, ашық талқыға салу қаншалықты қажет?  Елдегі коронавирус індетінің алдағы уақытта тағы қандай әлсіз жерімізден «ұстайтыны» белгісіз. Сондықтан бүгінгі жағдайда  бюджет қаржысын бей-берекет жұмсамау – әкім үшін үлкен жауапкершілік.   

                                    COVID-19: дайындық қандай?

      Алматыны алда үлкен сынақ күтіп тұр. Қазір Еуропа елдерін есеңгіретіп жатқан коронавирустың екінші толқыны әне-міне дегенше бізге де келері анық. Бұл қауіп  қала басшылығының басын қатыра ма?  

    Бақытжан Сағынтаевтың мәлімдеуінше, бүгінге дейін қала бойынша 7200 төсек-орыннан тұратын 32 ковид стационары дайындалыпты. Соңғы екі айда қалада төрт жаңа клиника: Түрксіб ауданында 500 төсек-орын болатын, Алатау ауданында 300 төсек-орындық жаңа модульді стационар дайындалды. Сондай-ақ сыйымдылығы 215 төсек-орын болатын екі жеке клиника ашылды. Осылайша соңғы үш айда инфекциялық төсек-орын саны екі есе өсті.

      Пандемия кезінде медицина саласында адам тапшылығы байқалды, кәсіби маман тұрмақ, ине шаныштыруға қарапайым медбикеге зар болып қалдық. Әкім бұл проблеманың шешімін тапқандай: екінші толқынды ескере отырып 5500 медицина маманын  арнайы дайындап, резервке қойды. Оған қоса, 450 адамнан тұратын тағы бір резерв жасақталыпты. Бұл санатқа медицина саласындағы ЖОО  мұғалімдері, резидент, интерндер кіреді.

      Ахуалды тұрақтандыру үшін пандемия жағдайында денсаулық сақтау жүйесін басқарудың жаңа моделі әзірленіп, 11 мыңнан астам медициналық жабдық сатып алынды. Қаланың жедел медициналық жәрдем қызметінде диспетчерлік қызмет күшейтілді, автокөліктер саны артты. 35 автокөлік алынды, 100 автокөлік қараша айының соңына дейін алынады. Қаланың барлық инфекциялық стационарларында реанимация және қарқынды терапия бөлімшелері толық жабдықталғанын атап өткен жөн. Диагностикалық бөлімдер мен зертханалар жабдықталған. Осы бағытта үлкен жұмыс атқарылды және материалдық-техникалық база бүгінде жаңа сын-тегеуріндерге және COVID-19-дың жаңа толқынына дайын.

      COVID-19, ЖРВИ, ауруханадан тыс пневмониямен ауыратын науқастарға жедел медициналық көмек көрсету алгоритмі жетілдірілді. Жедел жәрдем  стационарға апарар жолда пациентке КТ-да тексеру жүргізіледі. Ол үшін қалада КТ арнайы орталықтары анықталған. Осылайша қолында КТ зерттеуінің нәтижесі бар науқас ауруханаға түседі, бұл терапияны бірден бастауға мүмкіндік береді. Эпидемиологиялық жағдайды бағалай отырып, Алматы қаласы елімізде бірінші болып клиникаларды инфекциялық және провизорлық стационарларға бөлу қағидатынан бас тартты. Бұл пациенттердің ағымын тиімді басқаруға мүмкіндік берді. Стационарлар үш эшелонға бөлінген. Науқас ауырлық дәрежесіне байланысты қаладағы ковид стационарларының біріне жатқызылады. Бірінші эшелон өте ауыр, ауыр науқастар үшін және қауіп тобындағы ауырлығы орташа дәрежедегі науқастар үшін (60 жастан асқан, созылмалы аурулары бар адамдар). Аталған стационарлар барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген, медициналық ұйымдарда мықты кадрлық әлеует шоғырланған, кезек күттірмейтін міндеттерді шешу үшін барлық қажетті жағдайлар бар. Бүгінде олар қуаты 2985 төсек-орынды құрайтын тоғыз клиника. Екінші эшелон  ауырлығы орташа дәрежедегі пациенттер үшін. Бұл – қайта бейімделген 15 клиника, олардың сыйымдылығы 1850 төсек-орынға шақталған. Үшінші эшелон – обсерваторлар, ол пациенттерді емдеу үшін қолданылады. Оларға  қуаты 2391 төсек-орын болатын сегіз ұйым жатады, оның ішінде 1000 төсек-орын «Халық Арена» базасында ұйымдастырылған кешенге тиесілі. Екінші және үшінші эшелондағы клиникалар жетекші инфекционист және пульмонолог мамандардан құрылған жұмыс тобының тұрақты жетекшілігінде екенін атап өткен жөн. Бұл тәсіл науқастар ағынын нақты басқаруға мүмкіндік береді. Науқас тиісті және уақтылы терапия алады. «Тұрақты» пациенттерді обсерваторларға (үшінші эшелонға) ауыстыру төсек-орын айналымын жеделдетуге мүмкіндік береді, сәйкесінше, бірінші және екінші эшелонның жоғары технологиялық клиникаларының қолжетімділігі артады.

     Реанимациялық науқастарды емдеудің тиімділігін арттыру үшін қалада анестезиология және реаниматология орталығы құрылды, ол өз кезегінде сарапшылар бөлімінен және анестезиологтар мен реаниматологтардың мобильді бригадасынан тұрады. Сараптама бөлімінің құрамына реаниматолог, анестезиолог дәрігерлер, кафедра қызметкерлері, оның ішінде зейнеттегі кандидаттар мен ғылым докторлары қатарынан жетекші мамандар кірді. Мобильді бригадалар реаниматолог мамандарынан тұрады, олар тәулік бойы реанимацияларда тексеру жүргізуді жүзеге асырады, пациенттерге жергілікті жерлерде консультация береді және қажет болған жағдайда телемедицина арқылы пациент туралы деректерді сараптама бөліміне береді. Орталықтың алғашқы жұмыс күнінен бастап оң нәтиже байқалады. Жұмыстың алғашқы аптасында ауыр және өте ауыр жағдайдағы науқастардың саны екі есе азайды. Жұмысқа дейін және одан кейінгі ауыр, сондай-ақ өте ауыр жағдайдағы науқастар туралы барлық деректерді статистикалық өңдеу жүргізілді, осылайша анестезиология және реаниматология орталығының тәжірибесіне енгізу 420 адамның өлімінің алдын алуға мүмкіндік берді. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

      Дәрі-дәрмектің тұрақтандыру қоры құрылыпты. Қазіргі уақытта дәрі-дәрмектер мен ЖҚҚ қажетті қоры бар. «СК-Фармация» бірыңғай дистрибьюторымен және дәрілік заттардың негізгі жеткізушілерімен үнемі жұмыс жүргізіледі. Қала әкімінің қолдауымен тұрақтандыру қоры құрылды, оған жергілікті бюджеттен 10 млрд теңге бөлінді. Жеке дәріханалар деңгейінде препараттармен қамтамасыз ету үшін 5 млрд теңге бөлінді, бұл жеке дәріханаларда дүрлігу тудырмауға мүмкіндік берді және емханалар мен стационарлар деңгейінде дәрі-дәрмектер мен ЖҚҚ қажетті қорын қалыптастыру үшін тағы 5 млрд теңге бөлінді. Осылайша дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі үнемі бақылауда және қала эпидемия дамуының түрлі сценарийлеріне дайын екен. Бұл мәселе бойынша алдын ала кесіп-пішіп ештеңе дей алмаймыз. Десе де, сынақтан өтудің бұл тәсілі қаншалықты тиімді боларын уақыт көрсетер.   

                              Жер дауы қашан шешіледі?

       Алматы қаласында жер дауы – ең күрделі мәселе. Он, тіпті жиырма жылдан бері қордаланып қалған түйінді Сағынтаевтың командасы тарқата ала ма? Бұл мәселе бойынша әкімдіктің тындырған шарасына назар аударайық.

     Биыл жер комиссиясының 27 отырысы өткізіліп, онда азаматтардың, бизнес және мемлекеттік органдар өкілдерінің жалға беру, ұзарту, нысаналы мақсатын өзгерту және басқа да мәселелер бойынша 3680 өтініші қаралды. 2663 өтініш бойынша оң шешім қабылданды, ал 1017 өтініш бойынша жер пайдалану құқығын беруден, ұзартудан, жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгертуден бас тартылды. Алматы қаласы әкімдігінің 2030 жеке тұлғасына және 1182 заңды тұлғасына қатысты 461 оң қаулы қабылданды. Қала әкімі тұрғындармен бірқатар кездесулер өткізді, онда проблемалық жер телімдерінің мәселелері де көтерілді. Түгендеу қорытындысы бойынша Алатау ауданында 930 проблемалық жер учаскесі анықталды, олардың 724-і шешілді, қалғандары жұмыс үстінде. Аталған учаскелер бойынша проблема су қорғау белдеулерімен байланысты. 311 жер учаскесі рәсімделді, яғни 1241 отбасы құқық белгілейтін құжаттарды алды. Сонымен қатар жер пайдаланушылардың тізімімен қаулыларға қосымшаларды дайындау, сондай-ақ Жер кодексіне түзетулерді қабылдау есебінен өтініштерді қарау мерзімдері айтарлықтай қысқартылды:

– сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) өткізуді талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтарды алу 15 жұмыс күнін құрайды (30 жұмыс күні болды);

– жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру – 13 жұмыс күні (30 жұмыс күні болды);

– жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларын бекіту –  4 жұмыс күні (7 жұмыс күні болды). 

     Әлеуметтік нысандарды, мектептер мен білім беру мекемелерін салу мақсатында Алматы қаласының жайлы қалалық орта басқармасына сегіз жер телімі берілді. Бұдан басқа, денешынықтыру-сауықтыру кешендерін салу үшін Алматы қаласының жайлы қалалық орта басқармасына бес жер телімі берілді. Мемлекеттік мекемелерге 130 жер учаскесі бөлінді. 2020 жылдың тоғыз айында мемлекет мұқтажы үшін 54 жер учаскесі алынды. «Дархан» шағынауданында мектеп салу жобасын жүзеге асыру үшін жер сатып алу толығымен аяқталды. Жедел автобус көлігі жүйесі бар көше желісін қайта жаңарту, Орталық стадионның инфрақұрылымын қайта құру және жаңғырту үшін, Рысқұлов даңғылы мен Құлжа тас жолының қиылыстарында жолайрығын салу үшін, аяқталмаған объектілері бар жобаларды іске асыру үшін жер учаскелерін сатып алу жалғасып  жатыр екен. Яғни жер дауы әлі толық шешілген жоқ.

      Бір қарағанда тындырылған шаруадан тындырылуы тиіс шаруасы көп. Басталған істі соңына дейін жеткізе ме, әлде Сағынтаевтың күші орта жолдан таусыла ма? Сараптамаға нүкте қоюға бір мақаланың шамасы жетпейтін сияқты.

Тегтер: жоба мақсат бастама бюджет жоспар

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аян КІШКЕНБАЕВ 17:34
Жалғыз өзі сотталды - 2
Нұрболат ӘЛДИБЕК 09:46
Арсыз болмай, атақ жоқ
Бифат ЕЛТАЕВА 19.01.2021, 09:15
Ата-ананы өзекке тебетін заң қазаққа қажет пе?!
Мүсірепхан МЫҢБАЙ 15.01.2021, 10:07
«Жас Алашым» – жастық шағым
Талас ОМАРБЕКОВ 14.01.2021, 14:05
Отарлық сананың мызғымас ошақтары
Әділ КЕМЕҢГЕР 12.01.2021, 15:49
Теріс жолдан тез тайқыңдар! Ойлан, қазақ элитасы!

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» – әділдіктің трибунасы
    13:59
  • Жәнібек пен Ордаға жол жететін күн бар ма?
    20.01.2021, 09:21
  • Шағаладай шарқ ұрған шақ
    20.01.2021, 09:32
  • "Сатаев - саудагер, бас серіктес - Райымқұлова"
    19.01.2021, 10:30
  • Ата-ананы өзекке тебетін заң қазаққа қажет пе?!
    19.01.2021, 09:15