Амангелді Құрмет: Құрылымдардың ішінде Отанға опасыздық жасаған тұлғалар болған

Жарас КЕМЕЛЖАН

20.01.2022, 11:05

6489

Қазақстанның күштік құрылымдарына, оның ішінде әскери салаға, ұлттық қауіпсіздік комитетіне реформа қажет екені қаңтар оқиғасында белгілі болды. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та айтты. Сонымен күштік құрылымдарға қандай реформа қажет, не жетіспейді? Осы сұрақтарды саясаттанушы, халықаралық саясат пен әскери тақырыптарды зерттеп жүрген белгілі журналист Амангелді Құрметұлына қойдық. 

— Амангелді мырза, қаңтар оқиғасы қабырғамызды қақыратып кетті. Ал жұрттың күштік құрылымдарға деген сеніміне селкеу түскендей. Әскери саланы білетін журналист ретінде айтыңызшы, оқиғадан не түйдіңіз: біздің күштік құрылымға не жетіспейді? Таратып айтып берсеңіз…

— Иә, қаңтар оқиғасы қабырғамызды қақыратып-ақ кетті. Күштік құрылымдарға деген халықтың сенімі бұрыннан нашар еді, мына жағдайдан кейін тіптен түсіп кеткендей.

Оқиғадан түйген ойым мынау: біріншіден, біздің күштік құрылымдарда әртүрлі жаттығулар кезінде қалада әрекет ету дағдысы жетіспейтінін байқадық. Екіншіден, күштік құрылымдардың арасында отанға опасыздық жасауға бейіл командирлер кездесіп қалды ма деп күмәнданамын. Үшіншіден, күштік құрылымдарға деген сенім бұрыннан жақсы емес еді, бұдан кейін тіптен нашарлап кетті ме деген ой қалыптасып отыр. Төртіншіден, арнайы жасақтың жеткіліксіз екені байқалып қалды. Айталық, армиялық арнайы күштер, Ұлттық ұланның арнайы күштері, шекара күштерінің арнайы күштері. Бұл спецназдар дайындалғанымен, санының аздық еткені қаңтар оқиғасынан көрініп отыр. Тәртіпсіздік болған қалаларға бөліп жіберуге мүмкіндігіміз келмей қалды. Сондықтан десантты шабуылдаушы шағын топтардың қарасын көбейту маңызды деп білемін. Мұны президент Тоқаев та жиі айтып жүр. Біздің армиядағы шенділер мұндай құрылымдарды көп мөлшерде жасақтауға үлгермей қалды.       

– Мемлекет басшысы күштік құрылымдарға реформа жасау қажет деді. Нақты қандай реформаларға тәуелді?

– Күш құрылымдарының бәріне реформа қажет. Әсіресе ұлттық қауіпсіздік комитетіне айырықша реформа керек. Бұл құрылымдардың бір-бірінен үстемдігі көрініп тұратын. Меніңше, бұдан кейін бұл құрылымдардың функциялары бөлініп, ішкі барлау қызметінің күшейтілгені дұрыс шығар деген ойдамын. Жасыраныты жоқ, осы жолы агентураның нашарлығынан опық жеп қалдық. Кімдердің, қайда, не ұйымдастырып жатқанын тиісті құрылымдар дер кезінде білмеді. Опасыздық элементтер де байқалып қалды. Осыншама кешенді шабуыл кезінде полициямыз қауқарсыз болды.

Сонымен қатар оқиғалар аяқталғаннан кейін келеңсіздіктер көзге түсе бастады. Байқасаңыздар, тұтқындау кезінде адамдарды кінәлі-кінәсіздігін айырмай жатып ұрып-соғу, қамау сияқты қызметтерін асыра пайдалану мәселесі кездесіп жатыр. Меніңше бұл дұрыс емес. Халықтың президентке деген сеніміне селкеу түсіретін факторлар бұл. Өйткені дәл қазіргі жағдайда халықтың мемлекет басшысына сенімі ауадай қажет. Азаматтардың кінәсі анықталмай жатып ұрып-соғу, азаптау халықаралық саясатта да құпталмайтын дүние. Көп жағдайда адам құқығына қатысты мәселелер елге санкциялардың салынуына әкеп соғады.

Күш құрылымдарды реформалау дегенде армияны жеке алып қарайтын болсақ, барлаушы, шабылдаушы десантшы топтар сияқты айырықша топтар үздік техникамен жарақтандырылуы керек. Сонымен бірге офицерлердің адалдығын жетілдіру қажет. Бәлкім оларды материалдық жағынан қолдау, мемлекеттік тұрғыда көмектесу қажет шығар деп ойлаймын. Әйтпесе біздің полицияның саны да, армияның саны да осы жолғы бүлікшілердің санынан бірнеше есе артық екені сөзсіз. Сыртқы барлау органдары 2019 жылы президентіміздің жарлығымен ұлттық қауіпсіздік комитетіне берілген болатын. Менің ойымша, мына жағдайдан кейін тікелей президентке бағынатын, ішкі-сыртқы барлауды теңдей жүргізетін орган ретінде қайта жасақталғаны жөн шығар.          

– Қазақстанның әскери-техникалық базасын әскери әлеуеті озық елдермен салыстыруға келе ме? Немесе бізде қашан түріктердің байрактары сияқты дрондар болады?   

– Әскери техникалық базаны әлеуеті озық елдермен салыстыру қиындау. Өйткені әскери техникалық база дегеніңіз – қорғаныс өнеркәсібі кешенінен бастап армияның дайындығына дейінгі тұтас жүйені қамтиды. Армия дегеніміз шағын мемлекет. Оның білім жүйесі, денсаулық сақтау жүйесі бар. Тіпті мәдениетіне дейін өзіндік ерекшелігі болады. Бұл жағынан озық елдермен салыстырудың қажеті жоқ. Тек елдің қорғаныс қабілеті қай деңгейде дегенге назар аударған дұрыс сияқты. Біз осы күнге дейін Global Power рейтингісінде 53-63 орындардың арасында жүретінбіз. Енді бұл рейтингтің келесі нәтижесі жасалғанша біз кері шегініп кетуіміз мүмкін сияқты. Бұл жерде халық саны, экономикалық әлеуеті, сыртқы қарызы, әскердің саны, техникамен жарақтандырылуы деген сияқты көптеген фактор бар. Бұл факторлардың қағаз жүзіндегі есеп қана екені көрініп отыр.

Армия жалпы тұтас ерекше статусты құрылым ретінде айырықша назарда болғаны дұрыс деген ұстанымдамын. Екіншіден, осы оқиға кезінде армияның барлық күштері тартылмағанын ескеру қажет. Біз қалалардың сыртында тұратын ең жақсы деген бригадаларымызды бүлікшілерге қарсы пайдаланған жоқпыз. Айталық, аэромобильді күштер, десантшылар, теңіз жаяу әскері сияқты қуатты, дайындығы мықты бөлімдерді бүлікті басуға пайдаланбадық. Көбінде Ұлттық ұлан, шекара қызметі, қалалардың төңірегінде орналасқан қорғаныс министрлігіне қарасты әскери бөлімдер бүлікті басуға тартылды. Мысалы, қалаға танктер, ауыр әскери техника кіргізудің мұндай тәртіпсіздікке қажеті жоқ. Сондықтан мұндай бүлікке шағын десантшы, барлаушы шабуылдаушы топтарды пайдаланғанның артықтығы жоқ. Алайда ондай топтардың аздық еткенін әңгіме басында айттым.

Қарулы күштердің әлеуетін түріктердің байрактары сияқты дрондармен бағалау дұрыс емес. Өйткені, ол белгілі бір қақтығыс аймақтарында нәтижелі болғанмен, тұтас армияның қуатын арттыруға келген кезде қолайлы болмауы мүмкін. Алайда армиямызда Қытайда жасалған бірнеше шабуылдаушы дрон бар екені рас. Сонымен бірге, Израилде жасалған барлаушы дрондар да пайдаланылып жүр. Біздің инженерлер «Шағала» деген барлаушы дронды қарулы күштерге тапсырамыз деген. Жуық арада қарулы күштеріміз бұл дронмен де жарақтанатын шығар. Мұндайда дрондар әскерге көп көмегі тиетіні анық. Бірақ ірі армия үшін дрон ғана емес, қуатты әуе күштері, құрлық әскері, теңіз әскері сияқты кешенді әскери топтардың қажет болатынын ескерген жөн. Техникалық жарақтандырылуы барысында кибер қауіпсіздіктің де маңызды екенін ескерген артық етпейді. Ең бастысы армиялық барлау, ҰҚК-нің барлауы, ІІМ-нің агентура қызметі деген сияқты бағыттар біздің елдің қорғаныс қабілетіне өте қажет.

Меніңше күштік құрылымдарды қаруландыру мәселесінде қорғаныс доктринасына негізделген әскери доктрина бекіткен Қазақстан үшін қазіргі қарулану қабілетіміз тым жаман емес. Дегенмен танктерді, ұшақтарды жаңалап, жаңғыртудың артықтығы жоқ. Дрондар алып, антидрондарды жетілдіру қажет. Антидрон деген байрактар сияқты дрондарға қарсы пайдаланатын тұтас жүйе. Біз қазір дрондар аса маңызды деп есептеп жүргендіктен, байрактардың Қазақстан күштік құрылымдарында болғанын қалаймыз. Түрік ақпарат көздерінің таратқан мәліметтеріне сенсек, 2023 жылға қарай Қазақстан Түркиядан байрактардан да қуатты «anka-s» дрондарын сатып алады деген ақпарат бар. Бұл да қарулы күштерге техникалық тұрғыда көп мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Мамандардың даярлығы, сарбаздардың ұрысқа психологиялық әзірлігі сияқты дүниелер аса маңызды. Қаңтар оқиғасы кезінде қазақ сарбаздарының психологиялық жақтан аса ауыр жағдайды бастарынан кешкенін ескеруіміз керек. Сондықтан психологтар мен әлеуметтік сала мамандарын қатыстырып ұдайы зерттеулер жүргізіліп отыру қажет. Кеңселерде ғана жасалатын түрлі есеп картинаға дұрыс баға бермейді.                 

– Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының араласуына соншалық тәуелді болдық па? Қаңтар оқиғасын өз әскеріміз арқылы басуға болмады ма, әлде ұйым шартын орындау үшін әскер шақырдық па?

– Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының араласуына белгілі деңгейде тәуелді болғанымыз рас. Әңгіме басында айтқанымдай, күш құрылымдарының ішінде отанға опасыздық жасаған, осы оқиғаның жымын білдірмей ұйымдастырған лауазымды тұлғалар болған сияқты. Алғашқылары тұтқындалып та жатыр. Дегенмен тергеу аяқталмай тұрып қанша офицер, қанша командир сатқындық жасады дегенді айту да, болжам жасау да қиын. Сол себепті ҰҚШҰ дер кезінде әрекет жасады, бітімгершілік күштер уақытында көмекке келді деп айта аламыз.

ҰҚШҰ дегенде біз Ресейді ғана елестетпеуіміз керек. Оның құрамында Белоруссия, Тәжікстан, Армения, Қырғызстан да бар. Басқасын айтпағанда қырғыздар бізге бауырлас ел. Жалпы ҰҚШҰ әскерлері мемлекеттік маңызы бар нысандарды күзетуге келді. Ол нысандарды күзетіп тұрған өзіміздің арнайы жасақ сарбаздарына лаңкестермен күресуге мүмкіндік тудырды. Бұл ұйымды ресми шақыру арқылы осындай қиын сәттерде қазақ жеріне кіріп кетіп, елдің тыныштығын алған, мемлекетті ыдыратуды мақсат еткен теріс пиғылды күштердің көзін жойдық.

Мәскеу билігі ашықтан ашық арандатуға бармағанымен, Ресейде де ұлтшыл топтардың, әртүрлі ықпалды экономикалық топтардың бар екенін ескеру керек. Олар өз мүддесі үшін маңайындағы елдерге белгілі деңгейде тұрақсыздық орнатып, түбегейлі өздеріне бағынышты болуды қалайтыны рас. Ондай пиғылды саясаткерлер де, медиа өкілдері де бар. Сондықтан ҰҚШҰ-на өтініш айтып, ұйымның әскери күштерін елге кіргізу арқылы ақпараттық майданда елімізге қарсы жасалатын әртүрлі арандатудың алдын алдық. Екіншіден, шын мәнінде бұл әскери көмек болды. Олар өздеріне жүктелген міндетті атқарған соң елдеріне қайтатынын президент те ашық айтты. Тіпті ұйымның алғашқы бөлімдері келісімшарт бойынша өз елдеріне қайтып кетті. Ұйым шартын орындау дегенді басқаша қарау керек. Бұрын батыс елдері ҰҚШҰ-ға басқаша қарайтын, осы оқиғадан кейін олардың пікірі өзгеруі мүмкін, яғни ұйым өзінің іске жарайтын құрылым екенін көрсеткендей болды. Оны НАТО немесе басқа да халықаралық ұйымдардың қалай қабылдайтынын уақыт көрсетеді.

– Сыртқы саясатты жақсы сараптап отырасыз. Түрік елдерінің кеңесі оқиғаға қандай баға беріп жатыр? ҰҚШҰ-ның араласуына бауырлас елдердің көзқарасы қалай?

– Қаңтар оқиғасы басталған кезде түрік елдерінің басшылары да, сыртқы істер министрлері де айырықша жұмыс істегенін атап айту керек. Алғашқы күндері Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев түрік елдерінің басшыларымен жедел телефон арқылы сөйлесіп, жағдайды талқылады. Қ.Тоқаевпен де телефон арқылы бірнеше рет тілдесті. Түрік мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Бағдат Әміреев мырза ұйымға мүше және бақылаушы елдердің барлық сыртқы істер министрлерімен телефон арқылы хабарласты. Әзірбайжан мен Түркияның сыртқы істер министрлері өзара жедел кеңес өткізді. Қысқасы бауырлас түрік елдері басшылары мен түрік елдері ұйымы мәселеге жан жақты баға беруге, бақылап отыруға дайын екендерін көрсетті. Бірақ бұл ұйым әскери сипаттағы құрылым емес, бұл интеграциялық сипаттағы ұйым. Сондықтан ұйымның осы күнге дейінгі келісімшарттарында әскери одақ туралы бірде бір құжат болған жоқ. Қазақстан түркі мемлекеттері ұйымына әскери көмек беру туралы өтініш айта алмайды. Олардың да әскер кіргізуіне ешқандай келісімшарт жоқ. Түрік мемлекеттері ұйымы бауырластығын көрсетіп, қаңтар оқиғасында Қазақстанға келген экономикалық, материалдық шығынға көмектесуге ниет білдірулері мүмкін. Өткенде шұғыл жасаған жиналыстарында Түркияның сыртқы істер министрі бас болып Қазақстанға көмектесетіндерін айтты. Сонымен бірге Қазақстан президенті Тоқаевты та қолдайтындарын ашық білдірді. Бұл сыртқы саясатта мәні бар айрықша қадам. Өйткені байқасаңыздар батыс медиясы Қазақстандағы қаңтар оқиғасын біржақты бейбіт митингі сипатында беру басымдау болды.

Өз басым Қазақстандағы оқиғаға Әзірбайжан медиясының айрықша мән бергенін байқадым. Олар ақпараттарды Ресейден немесе еуропадан емес, Қазақстан баспасөзінен тікелей алуға тырысты. Басқалар сияқты сырттан долбар жасамай, біздің сарапшыларды сөйлетті, мамандарымызды эфирге шығарды. Бұл жағынан келгенде Әзірбайжан медиясына алғыс айту керек. Ал Түркиядағы баспасөздердің қызметіне келер болсақ, әу баста олар оқиғаға басқаша пікір білдірген. «Қазақстанды Ресей басып алатын болды. Тәуелсіздікке қатер төніп тұр» деген сияқты бірқатар сарапшылардың пікірін келтірген еді. ҰҚШҰ әскеріне қатысты да біржақты пікірлер айтылып жатты. Бірақ Түркиядағы Қазақстан елшісі Абзал Сапарбекұлының қызметінің және дипломаттардың еңбегінің арқасында мәселеге түрік баспасөзі қайта қарап, қайтадан пікір білдіре бастады. Мәселенің мәнісін түсінді. Соңғы сағаттарда түрік саясаткерлері қаңтар оқиғасын 2016 жылы Түркияда болған төңкеріс жасауға ұмтылыспен салыстырып жатыр. Мұның өзі бізді түсінуге деген бауырлас елдер ниетінің сәтті мысалы деуге болады. Мұның бәрі дипломатиялық қызметтердің жемісі.

Түрік мемлекеттері ұйымына кіретін барлық елдердің баспасөзін қарап отыруға біздің сол уақытта мүмкіндігіміз болмады. Өйткені интернет қайта қайта өшіп отырды. Бірақ осы оқидан мен бір нәрсе түйдім, түрік мемлекеттері қандай жағдай болса да, бірін бірі қиын жағдайда қалдырмайтынына көзім жетті.

– Әңгімеңізге рақмет!

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Жарас КЕМЕЛЖАН 08:07
Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)
Тұрысбек СӘУКЕТАЕВ 20.05.2022, 08:09
НӘН-байдың заманы мен зауалы
Жарас КЕМЕЛЖАН 20.05.2022, 08:01
Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
Айдын ОЛЖАЙ 19.05.2022, 08:52
Мусин міз бақпайды
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ 18.05.2022, 06:17
Қонаев кімнен кем, кімнен артық еді?
Дос КӨШІМ 17.05.2022, 05:00
Қайран 16 миллиард...

Аңдатпа


  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01
  • Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
    23.05.2022, 10:30
  • Мусин міз бақпайды
    19.05.2022, 08:52
  • Сор болған стрестік активтер
    19.05.2022, 08:56