Ақбастаулықтар ауылдан көшуге мәжбүр

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

20.01.2023, 07:09

2126

Жердің тоңы жібитін шақ тақап қалды. Қардың көбесі сөгіле сала, төрт түлік малын қырға шығаратын ауылдағы ағайын қазірден қатты уайым кешуде.  Жайылым жердің жеткіліксіздігі әсіресе Абай ауданына қарасты Ақбастау селолық округі тұрғындарының жүйкесін жегідей жеп отыр. 

Бұл елдімекенде 156 отбасы тұрып жатыр. Осындағы сексен бес отбасы малмен күн көреді. Ауылшаруашылығын бірдеңгейлендірудің дерекқоры бойынша, бүгінде халықтың меншігінде 209 ірі қара, 397 ұсақ мал, 211 бас жылқы бар. Тұрғындарға әу баста бекітілген жайылым көлемі 7 мың 107 гектар жерді құрайды. Бүгінде қарашаның бағымдағы малына 5100 гектар жер қажет көрінеді. Ауыл әкімнің сөзіне қарағанда, жергілікті тұрғындар 130 пайыз жайылымды алқаппен  қамтылған. Ендеше, солай болған күннің өзінде, ел неге бүлік тудырып отыр?

— Жекешелендіру жылдары ауылдың 28 мың гектар жері «Сарыарқа» агроөндірістік холдингіне берілген. Қисынға келмейтіні, жеке жер иеленушінің егістік алқабы ауылдағы үйлерден 50 метр шыға басталады. Ала жаз бойы жер қожайынымен кикілжіңнен арылмаймыз. Малдарың егінге түсті деген шағымды естуден қажыдық. Әкім малдарыңды таудың артына апарып бағыңдар, сол маңда 130 пайызға жететін жайылымдарың бар дейді. Ол жерде суат жоқ. Малымызды үйге айдап әкеліп суарамыз. Отбасындағы барлық тірлігімізді тастап, күн ұзақ төрт түліктің соңында жүруге тура келеді. Үйге күндіз 1-2 сағатқа келіп көз шырынымызды алып кетеміз. Бұл азап аздай, мал азығына арналған алқап жоқ. Күнімізді тағы «Сарыарқаға» қаратып қойған. Құнарлы жер холдингтің уысында кеткен. Бір қаралы жұрт жиналып, жер иесінен жылда жалынып-жалпайып шөп шабатын жер сұраймыз. Ол қисапсыз байлығын бергеннің өзінде, әупірімдеп орып алған мал азығының 30 пайызын жер иеленушіге жеткізіп береміз. Келісімге сәйкес, инвестордың бізге қойған талабы осындай. Айтпақшы, биыл бос жатқан жерге байқау жарияланды. Алайда, ол жер нақты ауыл тұрғындарына емес, қалада мекендейтін адамға берілді. Айтыңыздаршы, бұл істің қисыны қандай? Осындай әділетсіздіктер мен мал ұстаудың толып жатқан мехнатынан қажыған елдің қалаға көшу үдерісі жиілеп кетті. Тіпті жайылым жердің тарылуынан ауылда бала саны азайып,  мектебіміз жабылудың алдында тұр, – дейді ауыл тұрғыны Фархат Қуатұлы.

Дегенмен шағымданушының дерегімен ауыл әкімі келіспейтінін жеткізді. Жергілікті басшы тұрғындардың жайылым алаңында бес табиғи су көзі және бір жасанды суат қоймасы барына сендірді. Олардың кейбірінің көзін ашып, толыққанды жұмыс істету үшін қаржы қажет екен. Аудандық мәслихатқа ұсыныс хат жолдаған. Бірақ қалаулылар шешім қабылдауға асығар емес.

Ауыл жерін иеленуде әлі де әлділердің үстемдігі басым. Ақбастаулықтардың айтуынша, жер алудың машақаты көп. Халық байлығы негізінен ауқатты адамдар мен ірі шаруа қожалықтарға беріледі. Қорда ірі капиталы барлар қарабайыр қарашаға қарағанда инвестицияның ауқымын  жоғары көрсетеді. Көбіне, қарапайым халықтың ұтылатын тұсы – осы. Бұл жолы орта деңгейлі бұқара жерден неге қағылды дегенге келсек...

— Округтегі бос жатқан жерге былтыр 22 желтоқсанда байқау жарияланды. Байқауға осындағы шаруа қожалықтары, тұрғындар, басқа да өтініш білдірген азаматтар қатысты. Заң талабына сәйкес өткен байқауда ауылдың байырғы тұрғыны жеңімпаз атанды. Ол кісі сенім хат бойынша ауылдағы бір шаруа қожалықтың басшысы болып табылады. Құжаттары толық емес, әрі талапқа сай болмаған үміткерлер мүмкіндіктен тыс қалды. Сол секілді, қайсібіреулердің бизнес жоспары дұрыс құрылмағандықтан жеңіске жете алмады, – дейді ауыл әкімі Рымбек Мұстафин.

Дейтұрғанмен жер бөлу талабы әлділердің ыңғайына қарай құрастырылғанын жасырмайды. Тәжірибелі мамандардың мәлімдеуінше, тобықтан қағар түйіннен құтылудың жалғыз жолы – қазіргі қолданыстағы «Жер иелену» жөніндегі байырғы заңды бүтіндей жаңартып, жаңасын жасау екенін алға тартуда.

— Бітеу жарға айналған мәселеден құтылудың төте жолы – «қосалқы шаруашылықтар» туралы заң қабылдану керек. Біз тиісті ведомстволарға осы ұсынысымызды 2003 жылдан бері айтып келеміз. Үш жыл бұрын президент жауапты органдарға осы төңіректе нақты тапсырма берген болатын. Алайда, жоғарыдағылар селсоқтық танытуда. Расын айтар болсақ, бұған ірі жер иеленушілер кедергі тудыруда. Мұндай «лоббистер» үкіметте, парламентте, тіпті президент әкімшілігінде отыр.

Міне, миллиондаған, жүздеген гектар жерді басып алған латифунистерді аядай ауылда 5-10 мың гектар жері бар шаруалармен салыстыруға болмайды. Егер жоғарыда айтқан заң бүтіндей жаңартылса, ауылдан кімге және қандай талаппен жер беру,  мал басын реттеу секілді мәселелер өздігінен шешіледі. Мұнымен қоса, мал ұстаушылардың, мал басын реттеу ісі де нақтыланып, (әкімнің шаруашылық кітабында ауылдағы мал басы кем көрсетілген) сонымен қатар әкімнің, мәслихаттың, жергілікті қауымдастықтың, мал дәрігерлердің, есеп жүргізушілердің өз құқықтары мен міндеттері тайға таңба салғандай айқындататын болады, – деді ауыл шаруашылық саласының үздік қызметкері Ниқанбай Омарханов.

Былтыр билік партиясы еліміздің үш ірі аймағында қолданылмай жатқан  140 мың гектардан астам жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылғанын айтып сүйіншілегені есте. Алайда ауылдықтардың басты мұраты басқа еді. Өзге серіктестеріне қарағанда қолы ұзын AMANAT халықтық коалициясы көпшілікке «Жер иелену» жөніндегі ескі заңға қашан реформа жасалатынын жақ ашпай отыр.

Тегтер: ауыл шаршуалығы жер меншік мемлекет

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Ораз ҚАУҒАБАЙ 12:42
Қонаев ата-тегінің ақиқаты
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 09:07
Қарағандыда ашылған жаңалық Еуропада резонанс тудыруда
Батыр ЖАСҰЛАН 07:16
Әкімдер ай қарап жүр ме?
Әділ АҚЫЛБАЙ 01.02.2023, 07:26
Қазақстан қашанғы кландар меншігі болады?
Жарлы БАЙҒАНИН 31.01.2023, 09:00
№36
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 31.01.2023, 07:42
Әбдірахымовқа қатысты құпиялар көбейіп тұр

Аңдатпа


  • Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.
    07:20
  • Әкімдер ай қарап жүр ме?
    07:16
  • Тағдырын «дәретхана дауы» талқандаған...
    07:12
  • «Экстің» пайдасынан зияны асып кеткен жоқ па?!
    01.02.2023, 07:32
  • Бір мандатқа таластырды бұл билік...
    01.02.2023, 07:28