АҚШ-тағы сайлау: Қазаққа кім тиімді?

Дос КӨШІМ

11.11.2020, 18:54

2223

      АҚШ-тың сайлау жүйесімен алғаш рет 1994 жылы таныстым. Жеті штатын аралап, сенатқа, жергілікті өкілдік органдарға үміткерлермен кездестім, Сан-Франциско қаласындағы участокте дауыс беруді бақылап, Филадельфияда сайлау нәтижесіне көңілдері толмаған үміткер өкілдерінің бюллетеньдерді қайта санап жатқанының да куәсі болдым.  Есімде қалғаны – АҚШ-тың сайлау жүйесінің өте күрделі екені; олардың сайлау туралы заңы 500 беттен асады екен. Онымен қоса, сайлау үдерісіндегі әрбір жағдайдың шешімі арнайы заң баптары болып көрсетіледі. Әрине, президентінен бастап, шағын ауылдық жерлердегі полиция бастығына дейін сайлау арқылы қызметке келетін елдің (АҚШ-та шамамен жарты миллион адам өз қызметіне сайлау арқылы ие болады) сайлау жүйесі де ерекше болуы шарт. Мені сайлауды өткізетін адамдардың тобы да таңғалдырды; дауыс беру участогындағы сайлау комиссиялары зейнеткерлер мен еріктілерден, негізінен, студенттерден тұрады екен. Ешқайсысы бюджет қызметкері, мектеп директоры не дәрігер емес. Бұл сайлауды өткізушілердің, дауыстарды санаушылардың биліктен тәуелсіз екенінің кепілі де болар. Әлі есімде, дауыс беру аяқталғаннан кейін сайлау комиссиясында жұмыс істеген студенттерге еңбектері үшін 20 доллардан ақша берілді. Бұл болмашы еңбекақы  еріктілердің қоғам үшін жасаған қызметтеріне айтылған алғыстың белгісі екен (сол уақытта мейрамханалардағы бифштекс 24 доллар тұратын).

      Әр штаттағы сайлау жүйесі, дауыс беру тәртібі де әртүрлі. Биылғы сайлауда да кейбір штаттарда сайлаушылар дауыс беру участогына барып дауыс берсе, кейбір штаттың басшылары пошта арқылы дауыс беруді басшылыққа алған. Бір штатта бюллетеньге белгі салса, енді бір штатта бюллетень компостерге салынады. Айтпақшы, жоғарыда айтып өткендей, дауыс беруден соң, бірнеше күнннен кейін, Филадельфиядағы сайлау участогында (кең спортзал екен) мыңдаған бюллетеньді жайып салып, тізерлеп бірдемені жазып жүрген он шақты адамды көрдім. Менің сұрағыма сайлау участогының басшысы: «Жеңіліп қалған үміткердің өкілдері бізге сенбей, бюллетеньдегі белгілерді өздері санап жатыр», – деді. Мен: «Сіздер бюллетеньді тексеруге бересіздер ме?» – деген сұрағыма «Әрине, бұл біздің таза, әділ жұмыс істегеніміздің дәлелі емес пе?» – деген жауап алдым. (Меніңше, алдымыздағы парламент сайлауында жеңіп шыққан партияның бірінші бастамасы өткен жылғы президент сайлауындағы бюллетеньдерді қайтадан тексеріп, дауыстарды қайта санауды талап етуден басталу керек. Сонда ғана билік жүйесінің  әділдікке қадам басқанына сенім болады. Бірақ оппозиция бұған толық қарсы болуы да ғажап емес).

     Мойындауымыз керек, биылғы АҚШ-тағы президенттік сайлаудың барысына Қазақ елінің азаматтары ерекше көңіл бөліп, мұхиттың арғы жағындағы елдің жаңалығына қызыға көз тігіп, кейбіреулері Байден мен Трамптың қайсысы жеңеді деп, қызылкеңірдек болып жатыр. Білмеймін, мүмкін, бұл қызығушылыққа былтырғы президенттік сайлау әсер еткен болар.

      Бұл сайлаудың Қазақ еліне қатысты тағы бір сұрағы – «бізге осы екеуінің қайсысы тиімді?» Әрине, Байденнің де, Трамптың да сыртқы, ішкі саяси ұстанымынан бәріміз хабардармыз. Айта кетейік, америкалықтар үшін таңдаудың басты шарты – экономика мен соған тікелей байланысты болатын әлеуметтік мәселе. Ал бізге олардың сыртқы саясаттағы ұстанымы бірінші орында.

    Бұл жағынан келгенде президенттікке таласып жатқан екі партияның өзіндік ерекшеліктері бар. Республикалық партияның дәстүрлі құндылықтарды жақтайтыны, алпауыт капиталистерді қолдайтыны, басқа елдерге көмектесуді азайтып, «өз қотырын өздері қасуды» жақсы көретіні белгілі. Ал соңғы кезеңдегі өзекті мәселе болып келе жатқан босқындар проблемасында, иммиграция саясатында оқшаулану саясатын ұстанатыны да анық. Трамптың билікке келе сала, Мексикамен арадағы шекараға биік дуал орнатуды қолға алғаны да осы саясаттың салдары. Демек, Трамптың жеңісін Америкаға барып тұрақтағысы келетін немесе жұмысшы визасын алғысы келетін қазақстандықтар қолдамайды. Республикалық партияның демократтардан тағы бір ерекшелігі – басқа елдерге Американың демократиясын таратуға, оларды оқытуға ақша шашудан аулақ. Мойындауымыз керек, АҚШ – демократияны үйрету бағытындағы көптеген халықаралық ұйымдарды қаржыландырып отырған бірден-бір мемлекет. Бұл бағыттағы жұмыстардың қарқыны республикалық партия билікке келсе – бәсеңдеп, ал демократтардың өкілі президент болса – күшейіп отыратыны да құпия емес. Қазақ азаматтарының көпшілігі Трамптың Қытайдағы аз ұлттардың (оның ішінде қазақтар да бар) қысым көруіне байланысты жариялаған мәлімдемелері мен санкцияларына қарап, оның жеңісін жақтауы мүмкін, бірақ әлемдегі адам құқығының бұзылуы, авторитарлық биліктерге қарсылық республикалық партиядан гөрі демократтардың басты бағыты болып табылатынын естен шығармайық.

      Кейбір саясаттанушылар Байденнің билікке келуі Қазақ елінің экономикасына негативті әсер етеді деген пікір білдіріпті. Иә, оның жел мен жарықтан алынатын энергияға деген көзқарасы белгілі. Табиғи энергия бірінші орынға шыққанда онсыз да қиын жағдайда тұрған мұнай өндірісінің, Қазақ елінің бюджетін толтыратын негізгі өнімнің жағдайының не болары белгілі. Бірақ бұл қауіп келешектің мәселесі сияқты. Демократтардың демократия жүйесін, адам құқығын ұстануын қолдай отырып, аборт мәселесінде, біржынысты жандардың бірге тұруын заңдастыру мәселесіне деген көзқарасын қазақ қауымы қолдамайтыны анық. Меніңше, осы сайлаудағы екі партияның көзқарас алшақтығы әлемді жайлаған індетке деген ұстанымнан көрініс тапты. Трамп «экономика дағдарысқа түспеу керек» деп, КОВИД-ті  көзге ілмеуге шақырып, соның салдарынан індеттің таралуы жағынан АҚШ алғашқы орынға шықса, Байден бұл індетке ерекше көңіл бөліп, америкалықтардың денсаулығын қорғауды ту етіп көтерді. Мүмкін, оның ұтысының басты тәсілі де осы болар.

      Байден жеңіске жетсе де, сайлау аяқталды деп айтуға ертерек сияқты. Трамп жағы «сайлауда заңбұзушылықтар болды» деп, жоғарғы сотқа жүгінуге дайын. АҚШ жоғарғы сотының сайлау нәтижесін жоққа шығаруға да, бюллетеньдерді жарамсыз деп тануға да күші жетеді (өткен сайлауда біздің де бақылаушылар мыңдаған заңбұзушылық деректерін сотқа жеткізді. Оны былай қойғанда, телефонға түсірілген заңбұзушылықтың жүздеген бейнедерегі де сот органдарына жетті. Бірақ біздің соқыр сотымыз жұмған аузын ашпай, үнсіз қалды). Демек, әлі де әліптің артын бағуға тура келеді. 

      Жоғарыдағы жорамалдар екі партияның бұрыннан келе жатқан бағыт-бағдарламаларындағы ерекшеліктерден шығатын ой-пікірлер. Себебі АҚШ-тың сыртқы саясаты – ұзақ мерзімге арналған мызғымас стратегия. Оны ешқандай президент өзгерте алмайды.        

Тегтер: сайлау саясат партия бірлік мәселе оппозиция ішкі саясат реформа

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аян КІШКЕНБАЕВ 17:34
Жалғыз өзі сотталды - 2
Нұрболат ӘЛДИБЕК 09:46
Арсыз болмай, атақ жоқ
Бифат ЕЛТАЕВА 19.01.2021, 09:15
Ата-ананы өзекке тебетін заң қазаққа қажет пе?!
Мүсірепхан МЫҢБАЙ 15.01.2021, 10:07
«Жас Алашым» – жастық шағым
Талас ОМАРБЕКОВ 14.01.2021, 14:05
Отарлық сананың мызғымас ошақтары
Әділ КЕМЕҢГЕР 12.01.2021, 15:49
Теріс жолдан тез тайқыңдар! Ойлан, қазақ элитасы!

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» – әділдіктің трибунасы
    13:59
  • Жәнібек пен Ордаға жол жететін күн бар ма?
    20.01.2021, 09:21
  • Шағаладай шарқ ұрған шақ
    20.01.2021, 09:32
  • "Сатаев - саудагер, бас серіктес - Райымқұлова"
    19.01.2021, 10:30
  • Ата-ананы өзекке тебетін заң қазаққа қажет пе?!
    19.01.2021, 09:15