Әр сала осындай белсенді әрекетке барса, қоғам оңалар еді

Мұрат ӨТЕБАЙҰЛЫ

17.06.2022, 14:05

2369

«Жас Алаш» газетіндегі (№26, 12 сәуір 2022ж.) Жарас Кемелжанның 174-бап – қазақтың қасіреті атты мақаласына байланысты өз пікірімді білдіре кеткенді жөн көрдім. Ата заңымызда Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады: «Оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары, сондай-ақ мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық», дейді. Ата заңымыз бізге осындай мүмкіндіктер береді екен. Онда біз не себептен әлеуметтік әділетсіздіктен көз ашпай келеміз?

Соңғы кездері ел басқару жүйесі озбырлықтарға жол беріп, конституциялық құқықтарды өрескел бұзумен сөз бостандығын тежеумен келеді. Өзгеше ойды түрлі тәсілмен басып, жаншу, азаматтарды заңсыз ұстап әкету, сот пен құқық қорғау орындарының сорақы іс-әрекеттері, күштік құрылымдарға ол үшін ешқандай да жаза болмауы қазіргі билік үшін қалыпты жағдайға айналды. Бұрын 37-ші жылы ел азаматтарына «Халық жауы» айдары тағылса, бүгінде ұлтаралық «әлеуметтік араздықты қоздырушы» дейтін айып шықты. Сөйтіп елді қорқыту, үркіту арқылы билеп отырғандай.

Бүгінде күштік құрылымдар мемлекеттің, ел азаматтарының бас амандығынан гөрі биліктің қауіпсіздігін, жеке мүдделерін ғана қорғайтын топқа айналғаны ешкімге жасырын емес. Президент саяси өзгерістің қажеттілігі туралы жиі айтады. Іс жүзінде қалай? Полицияның қосымша қызметі табанынан таусылып, тентіреп жүріп қуатыны – оппозиция, саяси белсенді азаматтар. Оларды ұстайды, қамауға апарады, тергейді, тексереді, сес көрсетеді. Ақылға сыйымсыз қылмыстық істерді қозғауға арланбайды. Елге жалған ақпарат таратады. Басты мақсаттары сол болса керек.

Құқық салтанат құрған демократиялық ел болғанымызда азаматтық пікірін білдіріп, шындықты айтқаны үшін Дулат Ағаділдің шаңырағына баса көктеп кіріп, бейне бір қандықол қарақшыны немесе жанкешті террористі ұстағандай қолын қайырып, кісен салып, түн ортасында қақаған аязда күштеп әкете алар ма еді? Кешегі қаңтардағы қырғында адамдарға жай ғана митинг үшін қатаң жазалауға жол берілмеген болар еді. Егер әрдайым ізгілік салтанат құрып, зұлымдық аласталса біз Алтынбек, Заманбек секілді арыстарымыздан айырылып қалар ма едік? Егер билікте иненің жасуындай жауапкершілік болса, мұндай талай сойқан істерге, бассыздыққа жол бермеуге болар еді. Құқықтық мемлекетке айналмай, жағдай осылай жалғаса береді.

Жарас Кемелжан «Қазақтың қасіреті – 174-бап» атты мақаласында былай дейді: «Біздің Ата заңда үнемі қазақтың есесін жейтін бір бап бар. 174-бапты айтамын: «Ұлттық алауыздықты қоздыру» деп аталады. Талай қаракөз осы баптың құрбаны болып кетті. Тіпті қазаққа қасірет болған 174-баппен азаматтарды соттай салу – ең оңай, жауапкершілігі ең жеңіл үкімге айналды». Жаны бар пікір. Талай қандасымыздың осы баптың құрбаны болып кеткені шындық. Аталмыш мақалада орынды айтылғандай, ұлтшыл – Марғұлан Боранбай мен блогер Данат Намазбайға 174-бап бойынша іс қозғап, 5 жылға соттайтындай, олардың айыбы не еді сонша? Ұлтшыл азаматтардың қоздырған ұлтараздығы – антиресейшілдігі және «жемқорлықпен күресудің радикалды жолдарын ұсынған» деген айып екен. Қисынсыз жері – осы. Кім Ресей әскерінің Украинаға жасаған соғысын айыптап, сынамай жатыр? Оның бәрін ұлтаралық татулықты бүлдірді немесе конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге талпынды деп айыптап, шетінен соттай берсек, кінәсіз кім қалады?

«Жемқорлық – індет, жою – міндет» деп ұрандатамыз-ай келіп, ал енді сол жемқорлықпен күресу, ол қылмыс болып саналғаны ма? «Белсендіні құрбандыққа шалу» арқылы басқаға сабақ болсын» деп шындықты айтқан азаматтардың соңына түсіп жатқандарын қарапайым халық сезіп отыр. Ұлтшыл азаматтар ел сөзін, жұрт тілегін айтып, халықтың алдына шықса, оның несі айып? Қара басының емес, халық мүддесіне қызмет көрсетуінің несі жаман? Ниеті ақ, халыққа тілекші, ашық пікірдегі азаматтарды жау санаудың қажеті қанша? Жағымпазданбағаны, билікті өтірік мақтағаны, ойындағысын ашып айтқаны үшін жазалай берсек, ертең елге кім тірек болады? Қазақстанның                 әр тұрғыны өзін егемен елдің еркін азаматы ретінде сезіне алмаса, қоғам пікірі ескерілмейтін болса, онда біз қандай тәуелсіздікке қол жеткіздік? Бүгінгі биліктің «қоғаммен байланыс орнықтыру, азаматтардың көзқарасын білу арқылы азаматтық қоғам құру» дегенін қайда қоямыз? Сонда соңғы кездері Президент Қ.Тоқаевтың айтқандары, жақын жақтастары мен кеңесшілерінің айтқандарының бәрі де нақты қадам мен шынайы іске жанаспайтын құрғақ сөз болып шыққаны ма? Атқарушы билік президенттің айтқанының бәрін сызып тастайын болса, онда мемлекет басшысы сөзінің шынайлығына қалай көз жеткізуге болады? Ұлтшылдарды қудалау тәуелсіздіктің отыз жылында әлі жалғасып жатыр. Жер мен мемлекет тұтастығына, ел қамына алаңдаған Жанболат Мамайды қамау, «Алға», «Ел тірегі» сияқты партияларды тіркемеу – осылар билікке абырой әкеле ме? Ұлттық сезімдерін жоғалтпаған, туған елінің бүгіні мен ертеңіне алаңдаған халықшыл азаматтарды қуғындау мен өзінікін дұрыс екенін дәлелдеуге бағытталған саяси процестер жалғаса беретін болса, мұндай жағдайда биліктегілер халыққа өзінің саяси бәсекелестіктерінен өлердей қорқатын адам болып көрінеді, ал бұл өз кезегінде халықтың ашу-ызасын туғызады. Биліктегілер бар сенімнен ада болады. Егер билік шын мәнінде диалогқа құлықты болса және толыққанды саяси реформалар жүргізгісі келсе, осындай қитұрқы қадамдардың қажеті боларма еді?

Қаңтар оқиғасынан кейін халықтың көп мәселеде көзі ашыла бастады. Сондықтан кейінгі жағдай басқаша, қазір саяси қудалауға, бұрынғыдай кез келгенді түрмеге сүйрелеуге халық ерік бере қоймайды. Бұрынғы ескі әдетімен ел билеу енді ешқашан биліктің қолынан келмейді. Сондықтан билік қоғамдағы терең өзгерістермен, азаматтардың басым көпшілігімен санасуға мәжбүр. Әйтпесе, бұл билік үшін өте қауіпті.

Тегтер: қоғам пікір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Жарас КЕМЕЛЖАН 30.06.2022, 08:41
Нұрсұлтан Нобельге лайық па?
Доктырхан ТҰРЛЫБЕК 28.06.2022, 12:55
Буденовка қасіреті
Сайт әкімшілігі 27.06.2022, 08:51
Ресей Киевтегі тұрғын үйлерге шабуыл жасады: Көз жұмғандар бар
Жарас КЕМЕЛЖАН 24.06.2022, 09:06
Серікқали Брекешевті киіктің киесі ұрады
Марат ТОҚАШБАЕВ 23.06.2022, 14:00
Германия неге соғыс ашты?
Жарас КЕМЕЛЖАН 23.06.2022, 09:23
Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс

Аңдатпа


  • Бибісара МАТ қойды!
    30.06.2022, 08:37
  • Ажалға апарған адал еңбек
    30.06.2022, 08:26
  • Үкіметке қымбатшылығың «бес тиын»
    29.06.2022, 08:34
  • Әкімдердің қауқары жетпей ме?
    29.06.2022, 08:30
  • Орыс мектептерін қаржыландыру – Ресейге қызмет ету
    29.06.2022, 08:39