Аренадан Алаңға дейін...

Репортаж 

Алмас НҮСІП

18.01.2022, 08:39

3339

Алматыдағы толқуды билік қанша жерден экстремистер мен террористерге аударып баққанымен, халыққа оқ атылды! Жақын (алыс емес) болашақта бұл қасіретті қаңтарда билік ұсынған әлсіз аргумент емес, қаза тапқандардың саны мен көтерілістің себеп-салдары айтылады. Егер президенті бастап, үкіметі қостап, оған әкімері қосылып, мұндай қантөгіске жол берілмегенін шын қаласа мүмкіндіктері бар еді. Біз мұны Алматыдағы ұлы шерудің алғаш басталған сәтін бастан-аяқ көзден өткерген адам ретінде айтып отырмыз.

Жаңа жыл мерекесінен кейінгі тым-тырыс уақыт. Жаңаөзенді қолдау акциясы жер-жерде басталып кеткен. Әлеуметтік желіде «Алматы неге үнсіз?» деген лептегі әңгіме желдей есіп жатқан. Әр жерде 10-20 адамнан топтасып шыққаны болмаса, расында Алматы тоң-торыс жатыр еді. Ақыры 4 қаңтар күні Алматыға қан жүгіргендей болды. «Алматылықтар алаңға (Орталық алаң) жиналып жатыр екен» дегенді естіп шыдап жата алмай қаланы бетке алдық.

Ең бірінші байқалғаны – әшейінде өріп жүретін патрульдік полицияның жоқтығы болды. Осыны сөз қылып келе жатқанымызда, алдымыздан бір емес бірнеше жол-патрульдік полициясының көлігі шыға келді. Біз Орталық алаңға жетіп қалып едік.

Орталық алаң тым-тырыс. Наразылықтың ешқандай белгісі жоқ. WhatsApp арқылы жұрттың Алматы Аренада жиналып жатқанын естідік. Біз барғанда, Момышұлы-Райымбек батыр қиылысынан басталған көлік кептелісі шегіне жетіп тұр екен, жақын арада жете алмасымыз белгілі болды. Шамамен 40-50 минутта Рысқұлов-Момышұлы қиылысына жетпей орналасқан «Магнумге»  көлігімізді қалдырып, ары қарай жаяу тарттық. «Алатау» өнер театрына жақындай түскен сайын құлағымызға әлсіз сарын шалына бастады. Жүрісімізді жеделдете түстік. Театрға жете берістегі кішкене қиылыстан өтіп бара жатқанымызда қасымызға бүйірінде «Кезекші бөлім» деген жазуы бар екі «ГазЕль» тоқтай қалды. Ойланып үлгергенше, шұғыл ашылған есігінен отыз шақты арнайы жасақ («ОМОН») сарбаздары түсе салып бізге қарай жүгірді. Бұл кезде біздің қатарымыз 50-60 қаралы адам еді, ара-тұра ұрандап қойып, бейбіт келе жатқан адамдардың арасында келе жатқанбыз. Жапа-тармағай сол жақ қапталымызда орналасқан Тұрғын үй кешеніне қарай қаштық (бұдан бұрын бірнеше журналисті ұстап әкеткенін естігем). 

Арнайы жасақ өкілдері біздің соңымыздан соңына дейін қуған жоқ. Олардың қайта көлікке отырғанын күтіп тұрдық та, ары қарай жолымызды жалғастырдық. Біз дәл Алатау театрының алдына жақындағанда, ондағы амфитеатр іспеттес доғалана біткен биік баспалдақты босағасында мыңдаған адамның жиналып тұрғанын көрдік. Бер жағында полиция формасын киген жүз қаралы адам тұр – бізге кедергі жасаған жоқ. Одан ары 40-50 «ОМОН» тұр екен, олар да бізге қақ жарылып жол берді. Бұл кезде біздің қатарымыз 300-дей адамға жетіп қалған, бізді театрдың алдында тұрған 2000-дай адам зор қошеметпен қарсы алды. Бұл қошемет бұдан кейін де бірнеше рет қайталанды – жан-жақтан топ-тобымен құйылып келіп жатқан адам қарасы көп еді. «Алатау» өнер театрының алдындағы жұртты көз мөлшермен санап көрдік, 3-4 мың қаралы адам тұрды.

Бізді алғашында қақ жарылып, өткізіп жіберген 50 шақты «ОМОН» арасында қозғалыс жиілей бастады. Жиналғандарды бір-бірлеп, таратуға күш салатындары аңдалды. «Шал кет!»; «Жаңаөзенді қолдаймыз!» деп ұрандап, жиі-жиі Қазақстан әнұранының алғашқы куплеті мен қайырмасын айтып тұрған қалың қауым бірден «Жинал-жинал!» деп ұрандай бастады. У-шу топтың ішінде «қазір шабуылды бастайды, ешкім кейін шегінбесін, ешкімді мыналардың қолына бермейміз!» деген дауыстар естіліп жатты. Бұдан бұрын бірнеше адамды күштеп, автозакқа тиеп әкеткенін білдік. Қыз-қырқынды артқы жаққа жіберіп, алға жігіттер сап түзесіп, қорғанысқа дайындала бастады (бұйрық беріп жүрген ешкім жоқ, бірақ, саналы түрде адамдар осылай топтасып үлгерді). «ОМОН» шабуылды бастады. Сап түзей келіп, дәл қалың топтың қасына жеткенде, жылдамдата жүгіріп, қолдарына іліккен алғашқы ондықты кері сүйрей бастағаны сол еді, арттағы қалың топпен арада қақтығыс пайда болды. Құлақ тұнатындай ызы-қиқу, у-шу басталды да, жарты минутқа жетпей сап тыйылды. «ОМОН» кейін шегінуге мәжбүр болған.

Сол-ақ екен, қорқасоқтап тұрған жұрт рухтанып сала берді. Бірді-екілісі суырылып шығып, арнайы жасақ сарбаздарына «Әке-шешелеріңнен ұялмайсыңдар ма!»; «Халық жағына шығыңдар!» деп, дүрсе қоя берді. Осындай бір-екі адамды өз орталарына кіргізіп, ары қарай сүйреп кетпек болып еді, жұрт жапа-тармағай лап қойды да, ажыратып алды.

«Тоқаев келсін!» «Сағынтаев шықсын!» «Біздің сөзімізді тыңдасын!» деп ұрандап тұрған ел, ақыры, «ең болмаса мыналардың командирі қайда?» деп, сөзін, талабын тыңдайтын лауазымды адам іздей бастады. Өзін «ОМОН»-ның бастағымын» деп таныстырған азаматтық киімдегі 40-тардағы адам аздан кейін әкімнің келетінін айтты. Осыдан кейін жиналған жұрт бір сағаттай күтті. Сосын, тұрды-тұрды да, «ешкім келмейді екен, біз өзіміз барайық» деген шешім қабылдады. Алдымен, «Шаңырақта (Алматы-Аренаға жақын орналасқан Шаңырақ ықшам ауданының символикалық мәні бар – Авт.) жиналуға болатын қандай жер бар?» деп сұрасып алды да, ақырғы шешім – Алматы қаласы әкімдігінің алдындағы Орталық алаңға барайық деп шешті. 

Сол-ақ екен көшені толтыра Момышұлы көшесімен жоғары өрлеген қалың адам жолды түгел жауып тастады. Мұның алдында да кептелісте тұрған көліктер шамасы келгенше, шетке ысырылып жол бере бастады. Момышұлы-Рысқұлов көшелерінің қиылысында бірнеше «КАМАЗ» көлігінде отырғаны бар, жолдың шетінде тұрғаны бар, арнайы қалқан мен дулыға киген, шоқпар ұстаған әскери жасақ күтіп тұр екен, бірді-екілі қызу қанды жігіттер енді соларға лап қойды. Жол шетінде тұрған 18-20 жастағы жауынгерлерді тықсыра келіп, қыспаққа алып, жерге жығып алып, ұрмақшы болғандар болып еді, екінші бір топ келіп оларға ара түсіп тоқтатып алды. Тағы бір топ олар мінген «КАМАЗ»-дарға шабуылдай бастады. Тіпті біреулері жүргізушісін түсіріп тастауға әрекет етіп жатты, шанағындағы әскерді сүйреп жерге түсірмек те болып жатты. Оларды да қалың ел тоқтатып алды. «Ештеңені қиратпайық!», «Бұлар да біреудің баласы, ешкімге тиіспеңдер!» деген сөздер әр тұстан естіліп жатты.

Шерушілерді жолдың жиегінде таспаға түсіріп тұрғанымда бірнеше адам «бауырым, қашанғы «соткаңнан» сығалап отырасың, қосыл бізге!» деген ескерту айтты. Тағы бір тұста қолтықтасып алған үш келіншек: – «Еркектер, қайдасыңдар? Қосылыңдар! Таста андағы «соткаңды!» деді. Бүкіл жол бойы жол жиегінде қызықтап тұрған адам қарасы аз болған жоқ, соның бәріне осындай ескерту айтылып жатты. Райымбек батыр мен Момышұлы көшелерінің қиылысындағы көпір үстінен өтіп келе жатқан қалың топқа көпір астындағы көліктер «1-2; 1-2-3» (Алға, Қазақстан!) деген ритммен «сигнал» беріп қолдау көрсетті. Шерушілер де «Көліктеріңді тастаңдар, жүріңдер алаңға, Қазақ оянды!» деп айғайлады.

Дәл осы көпірден өте берер тұста алдымыздан кездескен «Жедел жәрдем» көлігінің жүргізушісі микрофон арқылы «Шал, кет!» деп айғайлады. Жұрт әлгі көлікке улап-шулап қошемет білдірді де, тағы біраз уақыт бойы «Шал, кет!» деп ұрандап жүріп отырды.

Момышұлы мен Абай қиылысына жақындағанда, шерушілердің ұшы-қиыры мүлде көрінбей қалды. Бір бірін іздеген жігіттердің бірі біз Алтынсарин-Абайға жеткенде, шерудің алды Розыбакиевтен өткенін, соңғы толқын жаңадан Төле би-Момышұлына ілінгенін айтты. Жолдан шексіз қосылып жатқан адам қарасынан бөлек, мемлекеттік нөмірін алып тастаған көліктер де қатарласып, Абай көшесінің қарсы бағытын да толтырып, шеруге ерді. Аузы-мұрнынан шыға адам мінген бір автобус жиі-жиі тоқтап, ішіндегі тынығып алған адамдарды, шаршаған адамдарға ауыстырып, жылжып бара жатты. Жолда өрт сөндірушілердің көлігі кездесіп еді, «мыналар қазір бізге су шашады» деп бір топ лап қойды. Оларды да өзге бір топ тоқтатып алды.

Осы топ ақырына дейін жұбын жазбай, шаршағандарды көлікке отырғызып, ауысып отырып екі сағат дегенде, Орталық алаңға келіп жетті.

Біз алаңға жеткенде, әкімдік алдында ине шаншыр жер қалмапты. Арттағы топ әлі келіп жетпеген, алдыңғы топ Назарбаев-Сәтпаев қиылысы жағында қорған құрып тұрған арнайы жасақтың қасынан бастап, Сәтпаев, Сейфуллин, Желтоқсан көшесін Тимирязев пен Абайға дейін лық толтырып иін тіресіп тұрды.

Билік өкілдері «Алматыдағы наразылыққа шыққандардың ешқандай талабы болған жоқ» дегенді айтты ғой. Біз көргенде, оларды тыңдайтын адам болған жоқ. Егер әкімдік өкілдері келіп арнайы дауыс ұлғайтқыш аппараттарын қосып, «не керек, не қалайсыңдар? Талаптарың қандай?» деп, диалогқа шығып шерушілерден арнайы өкіл сайлап, оңаша отырып сөйлесуге шақырғанда, шерудің беталысы басқалай шешілер еді.

Ұлы дүрмек «Сағынтаев шықсын!» деп ара-тұра айғайлап қойып тұрды. «Шал, кет!» «Біз Жаңаөзенді қолдаймыз!» деген ұрандар да естіліп жатты. Осылай сағаттан аса тұрған соң, кенет құлақ жарған жарылыс естілді де арнайы жасақ құрған қорған ішінен қою көк түтін бұрқ етті. Содан кейін-ақ бұл жарылыс бір сәтке тынған жоқ. Арада 10 минут өтер-өтпестен әкімдік алдында у-шу басталды. «Әкімдікке басып кірді» деп жатты жұрт. Сол жаққа қарай беттей бергенімде, тынысым тарылып көзім ашып сала берді. Сонда барып қана мына көк түтіннің газ екенін түсіндім. Бір сәтке шыдап тұру мүмкін емес еді, бүкіл жұрт кері – Желтоқсан көшесі жаққа жөңкілді. Әкімдік алдында атой салып жүрген қалың топ та шегінуге мәжбүр болды. Қолдарында «Polisia» қалқаны, бастарында дулыға, тіпті үстілеріне «бронижелет» киіп алғандары да бар. Кейіндеу бір жас жігіт рация ұстап жүрді. Әлдекім «Аналар не айтып жатыр?» деп еді: «Полный вперед!» деп жатыр» деді.

Жұрт алға-артқа толқып көп тұрды. Түтін сейіле бере, алға жылжиды, сосын тамағы қырнап, көзі көрмей қалған соң кері шегінеді. Көздері қанталаған, сора-сора жұрт аузы-мұрнын жеңімен, жағасымен қымтап, дүркірей шегінеді. Бұл кезде Алматы-Аренадан шыққан топтың соңы келіп жеткен алаңдағы адам санын есептеу мүмкін емес еді. 40-50 мың бар шығар десіп жатты. Өзім тұрған кішкене ғана аймақты көз мөлшермен санап ем, 2 мыңнан асып кетті, 40 мыңнан аспаса кем емес деп ойлаймын.

Түнгі сағат 2-лер шамасында әскер мен полиция жасағы шабуылды үдете бастады. Желтоқсан мен Сәтпаев қиылысында тұрғанымызда, әлдебір автозак біреуді қағып кетем-ау деместен, қалың топты бұзып кірді де, екі бірдей шулы граната лақтырып ары қарай жұртты жарып өте шықты. Ел жапа-тармағай шегініп үлгерді, әйтпегенде біраз адам астында қалатыны анық еді. Автозак өте салысымен бір қауым ел шуылдасып, бір жерге құжынап кетті. Жүгіріп барып, бет-аузы мен аяқ-қолынан тоқтаусыз қан ағып жатқан, орнынан тұра алмай қалған арықша келген ер адамды қаумалап алған топ «араларыңда дәрігер бар ма?» деп айғайлап жатыр екен. Дәрігер тез табылды. Суретке түсіріп алмақ болғанымда «қаумаламаңдар, ауаны тарылтасыңдар!» деп, жұртты кейін шегіндіріп жүрген екі-үш жігіт жолымды бөгеді.

— Саған «соткаға» түсіретіндей қызық па бұл? — дейді. Түрлері өрт сөндіргендей еліріп алыпты.

Журналист екенімді айттым.

— Журналист болсаң қайтейін, басты қатырмай ары жүр!

Жағдайды түсіндірмек болып ем, тыңдамады. Арғы жақтан біздің кикілжіңімізді естіген екі-үш адам келіп: «Түсіре берсін, мына масқараны ертең әлем көру керек!» деп жатты.

Осыдан соң-ақ, ашық қақтығыс басталды. Жастар өзгелердің тоқта дегеніне қарамастан, қолына ілінген бүкіл сойыл-шоқпар мен тас атаулыны алып арнайы жасаққа ұмтыла бастады. Алматыдағы көтерілістің алғашқы күні арнайы жасақты құтқарған бір нәрсе – шулы граната мен газ болды. Алға лақтырады, жұрт шегінеді, бірақ, жөңкіле қашпайды. Және жаппай қарсы шабайық дегендерді негізгі топ тоқтатып алып отырды. «Тарамаңдар!» «Жинал-жинал!» деген ұрандар жиі естіле бастады. Екі-үш жерден өрт пайда болды. Автозак пен патруль көлігі өртенді.

Түнгі сағат 2:30-дар шамасында арнайы жасақ шулы гранаталарын дәл қалың топтың арасына жара бастады. Аяғының астына түсіп, қан аққан қара санын ұстап, ақсаңдай басып, жол жиегіне қарай шығып бара жатқан адамдарды жиі көзге түсіп жатты.

Шулы граната жарылады, сосын оның түтіні будақтайды. Жұрт жапа-тармағай шегінеді. Осылай шегініп отырып, шерушілердің бір тобы Абай-Желтоқсан жаққа, бір тобы Желтоқсан-Тимирязев жаққа, тағы бір тобы Сәтпаев-Сейфуллин жаққа ығысты да, үшке бөлініп қалды. Тимирязев пен Желтоқсан жаққа шегінген топ (мен сол топтың ішінде болдым) құрылыс жүріп жатқан алып нысанның айналасынан қолға ілігер қорғаныш құралдарының бәрін тасып, бекініс құра бастады. Әр жер әр жерден от көріне бастады. Бірақ бұл бекініс көп ұзамай тас-талқан болды. Енді қалың дүрмек Тимирязев пен Байтұрсынұлы жаққа шегінді. Бұл кезде таңғы сағат 4 болған еді.

Арнайы жасақтың гранатасы таусылды ма, әлде, басқа себебі болды ма, шерушілерді қуаламай, сап түзеп тұрды да қойды. Шерушілер қара киімді жасақ пен полиция өкілдерінің дәл алдына барып: «сендерге бұйрық берсе халыққа оқ атудан тайынбайсыңдар ма сонда?»; «ойланыңдар, биліктің күні бітті!» деп жатты. Арнайы жасақ тарапы «Жігіттер, бізді де түсінсеңдерші, тараңдаршы болды», деген өтініш айтумен болды.

Шерудің екінші, қанды күні бұзақылардың жедел жәрдем көліктерін өртегенін, олардың жұмысына кедергі келтіргені айтылды. Және бір кадрды екі күн бойы қайталап беріп отырды. Мен көргенде жедел жәрдемге жол ашып өткізіп жіберіп тұрды. Жедел жәрдем шерушілердің арасындағы жараланғандарға емес, арнайы жасаққа қарай ғана өтеді. Осыған көңілі толмаған бір топ «Неге «менттерді» ғана емдейсіңдер? Қарапайым халыққа неге келмейсіңдер?» деп жатты. Тағы біреулер «бізге лақтырып жатқан гранатаны осылар тасып жүр, іші толған мент» деп айғайлады. Содан кейін бір-екі жедел жәрдем көлігін тоқтатып тексерді де, жайына жіберді.

Бұл наразылықта байқалған тағы бір нәрсе – адамдардың бір біріне деген сенімі азайғаны еді. Өзара таныстар бірге жүруге тырысады, араларына әлдекім келіп қосылса «органның» адамы емес пе мынау?» деп секемденіп тұрады. Наразылық білдіруді, митингке шығуды көтеріліс деп есептейтін қаншама жас жүрді. Саяси мәдениет жоқ деп жатыр билік, өмірі әділ сайлау дегенді көрмеген, өзі берген дауыстың ештеңе шешпейтінін білетін, билік өкілдері мен күштік құрылымдардан күдерін үзіп болған елде қандай құндылық болсын...

… Бұл шерудің алғашқы күні еді. Оқырман ақ-қарасын өзі айырар, біз көзбен көргенімізді жаздық.

Таңғы сағат 7-де үйге келіп қанша жерден талықсам да ұйықтай алмадым. Ұялы телефонымдағы бағдарлама 13 км-ден аса жаяу жүргенімді көрсетіп тұр екен...

Ертеңіне ешқандай байланыссыз, интернетсіз қалған Алматыда қырғын басталғанын естідік. «24.kz» пен «Qazaqstan» журналистері экстремистер мен террористер, бандиттер мен мородерлармен күресті бастап кетіпті. «Кеше осының алдын алып, ел алдына шығатын ең болмаса бір тұлға болғанда мына қырғын болмас еді ғой», дедім. Шынымен біз тәуелсіздіктің 30 жылдығын халықты соңына ерте алатын бір де бір тұлғасыз қарсы алыппыз (Төлеген Жүкеев пен Жанболат Мамай бастаған топ келіп, елді ұйыстырып көрмек болып еді, ешкім ермей қойды, тіпті олардың өзіне дүрсе қоя бергендер болды). Ал, мыңмен жалғыз алысқан — Абай «көпте ақыл жоқ» дейді...

Тегтер: лаңкес қауіп қатер терроризм соғыс қантөгіс мемлекет халық әлеумет қоғам пікір

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Жарас КЕМЕЛЖАН 08:07
Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)
Тұрысбек СӘУКЕТАЕВ 20.05.2022, 08:09
НӘН-байдың заманы мен зауалы
Жарас КЕМЕЛЖАН 20.05.2022, 08:01
Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
Айдын ОЛЖАЙ 19.05.2022, 08:52
Мусин міз бақпайды
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ 18.05.2022, 06:17
Қонаев кімнен кем, кімнен артық еді?
Дос КӨШІМ 17.05.2022, 05:00
Қайран 16 миллиард...

Аңдатпа


  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01
  • Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
    23.05.2022, 10:30
  • Мусин міз бақпайды
    19.05.2022, 08:52
  • Сор болған стрестік активтер
    19.05.2022, 08:56