Арман Шораев: Кейбір саяси шешімдер Мәскеуге тәуелді

Жарас КЕМЕЛЖАН

16.09.2021, 07:50

3785

Осыдан он шақты жыл бұрын қоғамдық-саяси тақырыптарды ашық айтатын азаматтар көп еді. Қазір қатары сиреген. Алдыңғы буын ағалардың көбі өмірден өтті. Орта буынның кейбірі баласының қызметіне кесірі тимесін деп тісін тісіне басып отыр. Ал жастар жағы болашақтан үмітсіз сияқты. Тәуелсіздік құрдастарының кейбірі білім қуып, жақсы жұмыс іздеп шетел асып кетті. Міне, бізде буындар арасында осындай қарама-қайшылықтар бар. Бүгінгі қонағымыз Арман Шораев осы үш буынның екінші тобына жатады. Қоғамдық-саяси тақырыптарды енжар қабылдамайтын азаматтар қатарынан. Оны қарапайым халық «Қазақстан барысы» жобасы арқылы жақсы білсе керек. Бүгінгі сұхбатымызды айтылып жүрсе де, артық етпейтін әңгімелерге арнадық.            

– Арман мырза, Сізден бірінші рет сұхбат алып отырмын. Осы сұхбатқа дайындалғанда, ойымда «Арман Шораев кім?» деген бір сауал тұрды. Сіз кімсіз: журналиссіз бе, әлде оппозиционерсіз бе, әлде спорт менеджерісіз бе, кәсіпкерсіз бе?

– Бұл сұрағыңызға менен гөрі, мені танитындардың жауап бергені дұрыс болар еді. Журналист десеңіз журналиспін. 50 жылымның қақ жартысын осы салаға арнадым. 1989 жылы бұл кәсіпті тілшілік қызметтен бастағанмын. КТК телеарнасының директоры қызметіне дейін көтерілдім. Журналистика деген қызығы мен шыжығы мол кәсіп қой, сол үшін де журналист болғанымды өмір бойы мақтан етемін!

Өзің білесің ғой, журналистік кәсіппен бала-шаға асырау өте қиын. Сондықтан 28 жасымда төрт баламды ешкімнен кем қылмау үшін кәсіпкерлікпен айналыса бастадым. Нақтырақ айтқанда, өзімнің туған жерім Көкшетауда бірден 3 тәуелсіз газет аштым. Содан шығар, біреулер журналист, медиа-менеджер деп жүр, біреулер кәсіпкер дейді. Ал спорт жағына келсек, әрине өзімді спорт менеджерімін деп ауыз толтырып айта аламын. 10 жылдан астам уақыт «Қазақстан барысы» жобасын басқардым. Одан кейін 6 жыл «Қазақ күресі» федерациясының басшысы болдым. Осы уақыт аралығында қазақ күресімен айналысатындардың саны 36 мың адамнан 140 мыңға дейін жетті. Қолға алған жұмысымның нәтижесін қазір халық көріп отыр. Қазақтың ұлттық күрес өнері өз орынын тапты. Соған кішкентай да болса үлесімді қосқаныма қуанамын! Оппозициясыз ба депсіз. Өзімді саналы түрде оппозициялық жолға арнаған адам емеспін, бірақ кез келген жерде, кез келген мәселеге азаматтық позициямды ашық айтамын. Ешкімнің алдында бүгежектемеймін. Ешқандай саяси партиялардың мүшесі де емеспін. Кезінде «Асар» партиясының құрамында болғанмын. Сайлауға қатыстым. Бірақ әділетсіздіктердің кесірінен мәжіліске өте алмадым. Кейін «Асар» партиясы «Нұр Отанға» өтті. Оған қарсы шықтым. «Асарлықтар» бір күнде «Нұр Отан» болып шықты. Мен өзімді ешқашан «Нұр Отан» партиясының мүшесімін деп санаған емеспін.          

– Арман Шораев неге оппозиция дәуірлеп тұрған жылдары ұлтшыл болмай, «өзгеше ойлайтындардың» қатары кеміген жаймашуақ кезде пайда болды? Әлде саяси жобасыз ба?

–Мен ұлтшыл болмасам, 29 жасымда орыстанған Көкшетау қаласында «Бұқпа» деген газет ашпас едім. Газетті толықтай өз қаражатыма шығардым. Басылым осы күнге дейін жарық көреді. Ұлтшылдыққа бұдан басқа қандай дәлел сұрайсыз?

«Бұқпа» жай ғана ақпараттық басылым емес. Ол ағартушылық газет болды. Көкшетаудың орыстанып кеткен қазақтары «Бұқпаны» оқып тіл сындырды, өздерін таныды, намысы оянды. «Бұқпа» Көкше өңіріндегі қазақ тілді журналистердің, ақын-жазушылардың басын біріктірді.

Мен ешқандай саяси жоба емеспін. Көкшетаудың сөзін ұстаған ақын-жазушы Төлеген Қажыбай мен «Бұқпаның» редакторы болған Дәмежан ағаларымның жобасымын. Өзімнің жеке ойым, өмірлік ұстанымым, саяси көзқарасым бар азаматпын. Мен не үшін біреудің жобасы болуым керек? Өзімнің тындырған, атқарған ондаған-жүздеген жұмысым бар. Сондықтан да ешкімге тәуелді емеспін.   

– Ашық сөйлеп жүрсіз, салыстырмалы түрде оппозицияға жақынсыз. Ақиқатты айтып, шындықты жақтап жүргеніңіз үшін таяқ жеген кезіңіз болды ма? (Былтыр Қарағандыда ұсталдыңыз).

– Бізде ешқандай оппозиция жоқ. Оппозиция болып жүргендері – сол рөлді ойнап жүрген саяси әртістер. Ал ашық сөйлеп жүрген себебім, Қазақстан Конституциясында жазылғандай, сөз бостандығын пайдаланып, азаматтық пікірімді ашық айтамын. Менің пікірім біреуге ұнар, біреуге ұнамас, ол – екінші мәселе. Кейде менің пікірім биліктің ұстанымына қайшы келеді. Ол да заңдылық. Өйткені менің журналистік ұстанымым бар, азаматтық пікірім қалыптасқан азаматпын. Мен ешқашан біреу туралы ақылы пост жазып, ақшаға біреу туралы пікір жазған емеспін. Дамыған елдердің қатарына кіреміз десек, әр азамат өзінің ойын ашық айтып, өзінің ұстанымында тұра білуі керек. Себебі, бізді өлтіретін нәрсе – жемқорлық пен жағымпаздық, жалпақшешейлік. Жемқорлықпен күресу үшін сөз бостандығы болуы қажет. Сөз бостандығы дегеніміз – тәуелсіз БАҚ болуы керек деген сөз. Жағымпаздық та біздің жүйенің ең дертті жері. Бір өкінішті нәрсе – Қазақстанда тәуелсіз БАҚ жоққа тән. Сондықтан әлеуметтік желі тәуелсіз баспасөздің қызметін атқарып отыр. Оған да тәубе!

Ашық сөйлеп, ақиқат жолын ұстанғаным үшін бірнеше жерде таяқ жегенім рас. Өзіңіз сұрап отырғандай, былтыр Қарағандыда болған оқиға соның бір көрінісі. Ол күлкілі жағдай. Әрине, сын мен оғаш пікір ешқашан билікке жақпайды. Ол анық. Олар мені бір-екі күн ғана тұтқында ұстап, бостандыққа жіберуге мәжбүр болды. Өйткені заңды түрде олардың мені ұстап отыруға нақты себебі болған жоқ. Сол үшін де сотқа жеткізбей жіберді. Ол кезде мен заң бұзған жоқпын. Ешкімнен кешірім де сұраған жоқпын. Мен өзімнің не айтатынымды жақсы білемін. Айтқан сөзіме жауап бере аламын. Ол үшін ешкімнен кешірім сұрамаймын.

Спорт менеджерісіз. Бұған дейін Олимпиададан алтынсыз қайтпаған едік. Биыл қоланы қанағат етуге тура келді. Кемшілік неден, кімнен кетті? Футболға да жыл сайын миллиардтаған теңге шашамыз. Бразилияға доп тепсін деп бала оқыттық. Бірақ нәтиже жоқ. Спортты дамыту үшін осылай ақша шаша беру керек пе, не істеуіміз керек?

– Спорт менеджері ретінде айтайын, бізде ұлттық спорттың бірнеше түрі бар. Мысалы, күрес, бәйге, көкпар, жамбы ату. Қазақты қазақ қылып келген ұлттық ойындарымыз – осылар. Сол ұлттық спорт түрлерін бүкіл әлемге танытуымыз қажет. Мектеп бағдарламасына енгізіп, бұқаралық спорт ретінде дамытуымыз керек. Футболды айтайық. Ата-бабамыздан қалған спорт па еді? Неге оған миллиардтаған ақша шашамыз? Бюджеттен футбол мен хоккейге бөлініп жатқан соншама қаржы – жемқорлардың жемі. Жартысынан көбі дөкейлердің, әкімдердің құлқынына құйылады. Африкадан, Еуропадан келген қатардан қалған легионерлердің бізге қажеті жоқ. Олардың отаны басқа. Жаны ауырмайды. Намыспен ойнамайды. Шетелден жаны ашымайтын жалдамалы футболшы әкелгенше, аудан орталықтарынан жабық футбол алаңын ашып, ауыл балаларын аладопқа үйреткеніміз өнімді болар еді. Исландияның тәжірибесі – шетелден мықты жаттықтырушыларды жалдайды. Бізге сол жолды таңдап, ауыл-ауданға сондай мықты жаттықтырушыдан бір-бір адам әкеліп, қаржыны соларға шашсақ, соның нәтижесі әлдеқайда жақсы болар еді. Бірнеше жылда әлем чемпиондарын тәрбиелей алмасақ та, қазақ футболының бұғанасы бекитін еді. Шығын да аз болар еді. Спортқа бөлінген ақшамен біз шенеуніктерді асырап жатырмыз. Миллиардтаған қаржы спортшыларға жетіп жатқан жоқ.

Қазақстанда екі трамплин бар. Екеуінің бағасы – 2 млрд доллар. Бізде 200 шаңғышы бар дейік. Оның 90 пайызы басқа ұлт өкілдері. Сонда ақшаны қайда, кімге, не үшін шашып жатырмыз? Ұлыбританияның өзі осыдан он жыл бұрын ғана алғашқы трамплиндерін салды. Өйткені олар қажетті спортқа ғана ақша бөледі. Ал біз ше? Біз көтере алмайтын шоқпарды белге байлауға әуеспіз. Мұның бәрі ысырапшылдық. Бұл спортты дамыту үшін емес, шенеуніктер өздерінің қалтасын толтыру үшін жасалып жатқан қарекет. Олимпиададан қоламен қайтқан спортшылар – сол жемқор шенділердің құрбаны.          

«Қазақстан барысы» сіздің жеке жобаңыз ғой. Дегенмен әлдебір топ сізден сол қазақ күресін қызғанып, сізді спорт саласынан кетіргісі келетін сияқты. Араларыңызда біз білмейтін соғыс болған дейді. Олар кімдер? Олармен қандай қайшылық болып еді?

–2010 жылы қазақ күресімен айналысқан кезде, бұл жобаға ешкім қызықпайтын. Министрлік те, федерациялар да қызыққан жоқ. Бес-алты жылдан кейін, яғни «Қазақстан барысы», «Әлем барысы», «Еуразия барысы» сияқты жарыстардан соң, бұл спортқа қарапайым халық қана емес, шенеуніктер де қызыға бастады. Қызғаныш та болды. Қызғаныштың болғаны дұрыс. Өйткені ұлттық спортқа қалталы азаматтар қызықса, бір-бірінен қызғанса, онда спортқа көңіл бөле бастайды деген сөз. Ондай қызғаныштан қазақ күресі, қазақ спорты дамиды.

«Қазақ күресі» жобасы арқылы біз спорт саласындағы жемқорлықты 100 пайызға жоққа шығардық. Әділетсіздікті де 99 пайызға азайттық. Кезінде менің аяғымнан шалған, жолымды кескісі келген мысықтілеулер қазір жол ортада адасып қалды. Менің мақсатым – қазақ күресін жоғары деңгейге жеткізу еді. Сол мақсатымыз орындалып жатыр. Ендігі меже – ұлттық күресті әлемге таныту. Сол мақсатпен федерацияда қалталы қазақ жігіттері жұмыс істеп жатыр.    

– КТК телеарнасын бірнеше жыл басқардыңыз. Неге кеттіңіз? Биліктегі әлдебір жуандар кетірді деген сөз бар ғой, сол рас па? 

–КТК телеарнасында 8 жылдай басшылық қызмет еттім. Аз уақыт емес. Оның үстіне, мен бір жұмыста 5-6 жылдан артық жүрмейтін адаммын. КТК-да жүрген 4-5 жылдың өзінде жалыға бастадым. Телеарнаны өз деңгейіне көтердім. Қазақстандағы көрермені көп телеарнаға айналдырдым. Күнделікті жаңалықтары рейтингі бойынша 1-орынға шықты. Бірнеше жобаларымыз әлі күнге дейін көрерменнің көзайымы. Қасым Қайсенов туралы жақсы телесериал түсірдік. Оны 65 мемлекет сатып алды. Мені ол жақтан ешкім кетірген жоқ, өз еркіммен бас тарттым.        

«Биліктің тұтас жүйесі ауысу керек. Билікке Сәбет өкіметін көрмеген ойы еркін, санасы тәуелсіз, коммунистік жүйені білмейтін жас ұрпақ келуі керек» деп көп жерде айтасыз. Сосын «Путин биліктен кетпей бізде ешнәрсе өзгермейді» дейсіз. Неге? Путиннің бізге ықпалы болды деген сөз – Қазақстанның әлі толық тәуелсіздік алмағанын көрсете ме?

–Біздің жүйе өзгерген емес. Бұл баяғы Сәбет одағынан келе жатқан ескі жүйе. Шенеуніктер де сол кезеңде тәрбиеленгендер, билікке жабысып алып, тіпті қоштасқылары келмейді. Бұл буын кетпей, жүйе толық ауыспай, біздің елде ешқандай өзгеріс болмайды. Әсіресе Ресеймен шекарамыз 7 мың шақырым. Сол үшін де біздің елдегі кейбір саяси шешімдер Мәскеуге тәуелді. Тіпті ішкі саясатымызда да көршіміздің ықпалы жүріп тұр. Мысалы, алысқа бармай-ақ қояйық, тіл жанашыры Қуат Ахметовтың елден қуылуы – Кремілдің пәрмені деп түсінемін. Ленин мен Сталиннің шапанынан шыққандар билікті босатпай, бізде шынайы тәуелсіздік бола қоймайды-ау деп ойлаймын. Путин – әр қазақтың жауы. Ол – чекист. Чекистер кезінде қазақты атып өлтірген, асылдарымызды қынадай қырғандар. Путин солардың ізбасары. Оның қазаққа жаны ашымайтыны анық. Өзінің қандасы, діндесі – Украин халқына жаны ашымаған адам қазақты аяй ма?       

– Оңтүстіктен солтүстікке көшіп барғысы келетіндерге үй салып беретініңізді естіп қалдық. Жомарттығыңызға рақмет! Үкімет жасайтын үйдей шаруаны неге мойныңызға алып жүрсіз? Мұныңыз теріскейді қазақыландырудан туған ой ма, әлде бизнес пе?

–Бизнес емес. Мен қазақтың ұпайынан ақша табатын арамтамақ шенеуніктердің сойынан емеспін. Егер біз Ресеймен шекараласып жатқан Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Петропавл, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарын қазаққа толтырмасақ, алда-жалда атақонысымыздан айырылып қалуымыз әбден мүмкін. Одан шығатын жалғыз жол – оңтүстік аймақтардан көпбалалы отбасыларды мың-мыңдап көшіру. Көші-қон бағдарламасын дұрыс жүзеге асырып, күнгей аймақтардағы ағайындарды Ресей шекарасына қоныстандырғанда ғана біздің географиялық қауіп азаяр еді. Бұл ұлттық бағдарлама ретінде қабылданып, оны президенттер өздері қадағалап отыруы керек. Алдағы 20 жылда қазақтың санын 20-25 млн-ға көбейтпей, ұйқымыз тыныш болмайды.

– Әңгімеңізге рақмет!

     

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Ажар ОРЫНБАСАР 22.10.2021, 13:32
Мамандықтың озығы бар, тозығы бар
Қуаныш ЕРМЕКОВА 22.10.2021, 12:00
Тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғаларының алдын алу жұмыстары күшейтілуде
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 21.10.2021, 08:55
«Қазпошта» қазаққа жау ма?!
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 20.10.2021, 09:10
Сүйек-саяқты қанағат тұтып...
Нұрболат ӘЛДИБЕК 19.10.2021, 09:46
Жамбылда жол апаты неге жиілеп кетті?
Дос КӨШІМ 19.10.2021, 08:24
«Қажет болған кезде...» қазақ тілін өлтіре салыңдар!

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31