Арсыз болмай, атақ жоқ

Нұрболат ӘЛДИБЕК

21.01.2021, 09:46

4954

       Қазір не көп – атақ көп. Соның бірі – «Құрметті азамат». Соңғы кезде осы «Құрметті азаматты» билік шүлен таратқандай оңды-солды үлестіріп, кім көрінген алып жатқаны жасырын емес.

      Осы орайда, «Жас Алаштың» Жамбылдағы қосынына Шу ауданының бір топ еңбек ардагері хабарласып, «Атақ үшін шатақ шығарғалы отырған жоқпыз. Әттеген-айы, аудан  көлеміндегі атақтылардың  кейбірінің  түр-түсі түгіл, атын білмейміз. Қазір алыпсатар саудагер, тиын санаған базаршы, банкротқа ұшыраған кәсіпкер – бәрі-бәрі «құрметті» болып жатыр. Бұл Абай дана айтқандай, «Арсыз болмай, атақ жоқтың» кері болған заман» деп күйініштерін білдірді. 

          Қараш ҚЫПШАҚБАЕВ, Шу ауданының тұрғыны, зейнеткер:

— «Құрметті» деген сөздің қадірі қашты ма, жоқ әлде заман ағымына  қарай  саясат солай бейімдеді ме, әйтеуір,  екінің бірі осы  атаққа құмар бола бастады. Осы «Құрметті» деген  сөздің қадірін қашырып алған сияқтымыз. «Облысқа сіңірген ерен еңбегі үшін», «Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін», ауданның «Құрметті ардагері», «Құрметті депутаты». Таңғалмасқа шара жоқ. Осылай жалғастыра берсек, таяу жылда Қарғабай ауылының  құрметті тұрғыны, Қазақбай ауылының құрметті сатушысы дейтұғын атақтар шықпасына кім кепіл?! Сөз құдіретіне басымызды исек, «құрметті ардагері», «құрметті депутаты» деп айрықша бөлектегенде, ардагерлер мен депутаттардың ішінде құрметсіздері де болғаны ғой деп ойға қалады екенсің.

       Батырхан ӨСЕРБАЕВ, еңбек ардагері, Шу ауданының тұрғыны:

— Өткен жылдың қорытындысында Шу ауданынан «Құрметті азамат» атағын алғандардың тізімін көріп ойға қалдық. Тізімдегілердің облысқа, ауданға атағы шығып, қандай еңбек үлгісін көрсеткенін, әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан қомақты үлесін естімеппіз. Тіпті облыстық тәртіптік кеңесте «өз міндетіне лайық емес» деп ескерту алған, қызмет бабын пайдаланып жазалы болған азаматтардың аудан мәслихаты кеңсесінің құрмет тақтасында суреті ілініп тұрғанын көріп жүрміз.  Әттеген-айы, аудан  көлеміндегі сол «атақтылардың»  кейбірінің  түр-түсі түгіл, атын білмейтініміз былай тұрсын, қандай іспен  мәлім болғанынан бейхабармыз. Қазір алыпсатар саудагер, тиын санаған базаршы, банкротқа ұшыраған кәсіпкер – бәрі «құрметті» болып жатқанда таңғалатын түк қалмаған сияқты. «Арсыз болмай, атақ жоқ». Абай дана айтып кеткен осы ғақлия күні бүгінге дейін  мәнін жоғалтқан емес.

       Несіпхан ҚОҢЫРБАЕВ, зейнеткер-ұстаз, Шу ауданының тұрғыны:

— Кейінгі кезде атақ қуалайтын, онысына еш шімірікпей, өзін лайықты санайтын «ақсақал, көксақалдардың» қарасы көбейіп тұр. Алпысқа иек артса болды, өзін-өзі құрметтіге балап, өмірбаянына жалғауларды көбейтіп,  төсбелгі алуға құмартатындарды көрдік. Төсбелгі деген марапат темірді қазір кез келген шеберханадан жасайтын халдеміз. Ал осы «Құрметті азамат» атағын иеленетіндердің елге сіңірген еңбегі бар ма, жоқ па, оған қарамай-ақ, қоғамдық кеңес, ақсақалдар кеңесі, әкімшілік кеңесі секілді «кеңестер» «өзара кеңесіп», бір-бірінің ұсынғандарын  қоштап, шүлен үлестіретін  болды. Қызмет құлағын ұстағандар бүкіл экономикамыздың өрлеуіне атсалысып, жан-тәнімен жұмыс істеген болып, ал қарапайым кәсіп иелері қол қусырып қарап отырған сияқты. 

        Мұны айтып отырғаным, өткен жылы республикамызға танымал  Оңғарбек Әліппекұлын үшінші рет туған жері Шу ауданының «Құрметті азаматы» атағына Жібек жолы лицей-мектебінің кәсіподақ ұйымынан қолдау хат түсіріп едік, нәтижесіз болды деген педагогикалық ұжымның өтінішіне сауал іздеп, аудандық ақсақалдар алқасының  мүшелеріне жолыққан едік. Олардан «сөздің қысқасы, аудан әкіміне жоғарыдан звонок түсіру керек, әйтпесе босқа әуре боласыңдар» деген «кеңес» алдық. «Сонда не болды?  Өздерін құрметтіге балап жүрген азаматтар  атақтарын осылай иеленсе не болғаны? Ауданымызға келгеніне жыл толмаған әкімге  кімнің қандай еңбегі бар екенін жергілікті «ләппай» ақсақалдар айтпаса қайдан біледі? Сол кезде ардагерлер кеңесінің төрағалығына жүгіріп жүрген, қазіргі төрағасының көріпкелдік жасап айтқаны тура келді. Жыл соңында «жоғарыдан звонок түсіре алмай» әуре болдық. 

        Әліппеки Оңғарбек 1950 жылы туған, биология ғылымының докторы, профессор. Халықаралық ақпараттану академиясының және Қазақстан Республикасының  Ұлттық жаратылыстану академиясының академигі. Қазақстан социологтары ассоциациясының бірінші сыйлығының жеңімпазы, «ҚР Білім министрлігінің медалімен»,  ҚР президенті Н.Назарбаевтың «Алғыс хаты», «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің «Құрметті қызметкері» төсбелгісімен, «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытудағы үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған. Қазақстан Республикасының  ғылым қорына 63 миллиард, 570 миллион теңгенің қаржылық ғылыми жаңалықтарын енгізген, Шу қаласының Жібек жолы лицей-мектебіне 12 миллиондық «Ғарыштық жобалау» аппаратын тарту еткен азамат.

 Міне, осы азаматты құлатып, әкімшіліктің құрылыс бөлімінің басшысы, аудандық мәслихат депутаттары, кооператив төрағасы, филиал директоры, тіпті жекеменшік нотариус қызметкері, қоғамдағы және әлеуметтік дамудағы көрсеткен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері екен. Ойға қалдық. Түрлі «кеңес төрағаларынан» құралған, жасы келсе де, «тасы домалап», әкімшілікті жағалап жүретін кеңес мүшелері өзара келісімге келіп,  өз таныстары мен көз таныстарын тықпалау осылай жалғаса берсе, әспеттеген атақ құнының ел арасында қадірі қашатыны  белгілі. Сондықтан атақтан  шашу шашатын үрдіске сыни көзқараспен қарау керек емес пе? «Құрметті» деп ерекшелеген атақ қазір күлкі шақыратын  күлдібадамға  айналып бара жатқанын іс басындағы азаматтар сезінсе дер едік. «Құрметті» деп айшықтамай-ақ, халық өзі шын бағасын беретінін көзі ашық азаматтардың  сезінетін уақыты  келді емес пе?

Тегтер: атақ дәреже мансап мәртебе

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Елеусіз МҰРАТ 05.03.2021, 09:19
Қауқары жоқ қадағалау органы қажет пе?
Ғұсман ЖАНДЫБАЕВ 03.03.2021, 13:35
Инновациялық ғасыр дерті
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 03.03.2021, 09:20
Түркістандағы оқиғадан «ҚазТрансГаз» тиісті қорытынды шығара ма?
Мұрат ӘМІРЕНОВ 02.03.2021, 11:35
Ұлттық телеарналардан не көріп жүрміз?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 26.02.2021, 09:05
Өлейін десең – жан қымбат, өлмейін десең – дәрі қымбат
Айжан БҮРКІТБАЕВА 25.02.2021, 12:37
Тарихи орынды талқандауға не себеп?

Аңдатпа


  • "Жас Алаштың" 100 жылдық мерейтойына орай бильярдтан турнир өтеді
    05.03.2021, 16:25
  • Қарағандыдағы үш газет қазақшаға қалқан бола ма?
    05.03.2021, 13:12
  • Әкім бол, туысыңа жақын бол!?.
    04.03.2021, 10:15
  • Сейдағаңның серілері едік
    03.03.2021, 10:12
  • Бес тағдыр – бес тал гүл
    02.03.2021, 10:44