Әскери әлеуеті әлсіз ұйым Қазақстанға қажет пе?

Батыр ЖАСҰЛАН

26.09.2022, 07:19

1484

Кезінде Ресейдің бастамасымен құрылған ұйымның бүгін іргесі сетіней бастағандай. Жалпы, бұл әскери ұйымның болашағы жоқ екендігі баяғыда-ақ мәлім болған. Мәскеудің ықпалымен сүлдерін зорға сүйреткен ұйым ақыры ыдырап тынады-ау. Өйткені қазірдің өзінде бұл ұйымға мүше елдер арасында ынтымақ жоқ. Алауыздық бар.

Біз Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ред – ҰҚШҰ немесе ОДКБ) туралы айтып отырмыз. 1992 жылдың 15 мамырында Мәскеудің бастамасымен Ташкентте құрылған әскери ұйымға алғашқыда Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан кірді. Кейіннен оған Әзербайжан, Грузия, Белоруссия қосылды. Бес жылдан кейін аталған ұйымнан Өзбекстан, Грузия және Әзербайжан шығып кетті. Ал 2002 жылдан бастап, Ұжымдық қауіпсіздік келісімінің мәртебесі өсіп, ұйым деген атауға ие болды. Алайда 30 жылдан астам уақыт өтсе де, өмір сүріп келе жатқан әскери ұйым бүгін қажет пе? «Егер сырттан жау шабуылдаған жағдайда бәріміз қарсы соққы беруге даярмыз» деген әскери ұйымның әлеуеті мықты дегенге бүгін сену қиын. Кезінде «НАТО-ға қарсы ұйым» ретінде құрылған бұл «әскери одақтың» қазір келешегі күңгірт. Оған соңғы жылдары болып жатқан геосаяи жағдайлар тікелей әсер етіп жатқан сияқты. Бұл ұйымның жойылмауына ең алдымен Ресей мүдделі болып отыр. Бірақ оны ұстап тұра алатындай қазір оларда күш жоқ. Осыдан сегіз ай бұрын Украинаға соғыс ашып,  ойсырай жеңіле бастаған Мәскеу істің бұлай аяқталарын күтпеген сияқты. Украина қарсы шабуылға шығып, өз жерін тазарта бастады. «Әлемдегі екінші армия» делінетін орыстардың әскери әлеуеті әлсіз болып шықты. Бұл бір. Екіншіден, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше  Қырғызстан  мен Тәжікстанның арасында соңғы жылдары дүрдараздық күшейді. Ең соңғы атыс кеше Самарқандта Шанхай ынтымақтастық елдерінің саммиті өтіп жатқан тұста орын алды. Тәжіктер қырғыздың бір ауылын басып алып, өздерінің туын тікті. Адам өлімі болды. Қырғызстан тарапынан 24 адам қаза тауып, 103 азамат жараланған. Екі тарап әскери текетіресті тоқтату туралы келісімге келді. Бірақ күмән көп. Бір ғана мысал, кезінде Қырғызстанның премьер-министрі болған генерал Феликс Кулов  «тәжік президенті Эмомали Рахмон қалыптасқан жағдайға ықпал ете алмайды. Ол атысты тоқтатуға уәде бергенмен, оған бағынбайтын «сақалдылар» арандатуды жалғастыра береді» дегенді айтты. Ақиқаты бар пікір. Рас, Тәжікстанда президентке бағынғысы келмейтін ықпалды топтар жетерлік.

Бұл ғана емес, Орталық Азиядағы үш ел арасында шешілмеген даулы территориялар бар. Сол даулы жерге басып кіріп, тәжіктер қырғызға оқ атып, өктемдігін көрсетуде. Бұл ғана емес, өзбек пен қырғыз шекарасында да оқтын-оқтын оқтың дауысы естіліп қалады. Мұның сыры неде? Дерек көрсеткендей, Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстан территориясында 8 анклав бар. Анклав дегеніміз – бір елдің территориясына екінші бір елдің сұғына енген жері. Дәл сол аймақтарда халық текетіреске түсіп, оқ жиі атылып тұр. Әр ел аталған жерді «біздікі» деп есептейді. 2021 жылы Өзбекстан мен Қырғызстан анклав мәселесінде келісімге келуге тырысқан. Кемпір-Абад су қоймасының 50 гектар жері Өзбекстанға өтіп, территория алмасу әрекеті жасалды. Бірақ қырғыз халқы биліктің бұл әрекетіне қарсы шыққан. Қырғыз бен тәжік арасында да шешілмеген даулы жерлер баршылық. Сондықтан анклав мәселесі Орталық Азиядағы үш елді әлі де болса, алаңдатып отыр.  Ең бір қиыны, «сырттан жау төнсе, бір-бірімізді қорғаймыз» деген ұйымның мүшелері енді бір-біріне оқ атып, адам өлімі орын алып жатыр. Мұндай жағдайда Ресей құрған ҰҚШҰ ұйымына сенуге бола ма? Бұл ғана емес, соңғы кезде Әзербайжан мен Армения арасында Таулы Қарабақ үшін текетірес басталды. Әзербайжандар отыз жылдай Арменияның қарауында болып келген Таулы Қарабақтың басым бөлігін қайтарды. Өткен аптада екі ел арасындағы жағдай тағы ушықты. Осыған байланысты Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан әскери көмек сұрады. Армения –  Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының мүшесі. Бірақ Арменияға болысу арадағы жағдайды ушықтырып жібереді. ҰҚШҰ Хатшылығы Армения мен Әзербайжан шекарасында болған әскери қақтығыстарға қатысты өз ұстанымын жариялады: «ҰҚШҰ әскері Армения мен Әзербайжан қақтығысына араласпайды. ҰҚШҰ бұл жағдайда күш қолдану қолайсыз деп санайды». Қазақстан да осы ұйымның мүшесі ретінде мәселені дипломатиялық жолмен шешуді ұсынды.

Жалпы тоқсаныншы жылдардың басында Ресейдің мүддесі үшін құрылған әскери ұйым бүгін керек пе? Бұл ұйымға мүше болу Қазақстан үшін қаншалықты маңызды? Өз-өздерімен бітімге келе алмай, шекарада атысып жатқан ҰҚШҰ-ына мүше елдер үшін бұл ұйым өміршең деп айту қиын. Жалпы бұл ғана емес, соңғы кезде «Қазақстан бұл әскери ұйымнан шығуы тиіс» деген ойлар да жиі айтыла бастады. Ашығын айтайық, қазір Ресейдің қауһары жоқ. Жалпы жағдайдың күрделі екендігін мына бір ақпараттан-ақ  аңғаруға болар.

Кеше АҚШ Конгресі өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси ханым Ереванға ресми сапармен келді. Мыңдаған армяндар көшеге шығып, Путиннің  портреттерін алып тастады. Митингке шыққандар Арменияның ҰҚШҰ ұйымынан шығу керектігін талап етті. Пелоси ханым Арменияны қолдайтынын айтты. Шетелдегі армяндар да «Армения өзінің саясатын өзгерту керек» деген пікірде. Одардың сенетіні Путин еді. Қазір оның де халі қиын. Әскері Украинада жеңіліс табуда. Жағдай шиеленісіп тұрған уақытта Нэнси Пелоси ханымның Ереванға келуі отқа май құя түскендей. Алдағы уақытта Ресейден қайыр күтпеген Пашинянның қас-қабағы қалай болады? Оның бәрін уақыт көрсетер. Бірақ шын мәнінде Нэнси Пелоси ханымның Ереванға аяқ басқаны, Ресейді алаңдатып отыр. Ал ҰҚШҰ әскери ұйымынан қолдау таппай отырған ресми Ереван енді кімге қарай бұрылады? АҚШ-қа ма, жоқ әлде Ресейге ме? Бір анығы, елде украиндықтарды қолдайтындардың саны артты. Кеше Украинаның мемлекеттік туын көтеріп, мыңдаған армян көшеге шықты. Осының өзі-ақ жағдайдың қалай өрбитінін аңғартып тұрғандай. Бір ақиқаты, көмек сұраған Армения ендігі жерде Ресейден қолдау болмайтынын барған сайын айқын түсініп келе жатқан сияқты. Бұл бір. Екіншіден, Никол Пашинян Самарқанттағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне бармай қалды. Бұл да болса, Путинге көрсеткен наразылығы болар.

Қалай айтқанда да, әлемде геосаяси жағдай өзгерді. Осыған байланысты «Қазақстан ҰҚШҰ ұйымынан шығу керек пе?» деген де мәселелер жиі айтыла бастады. Рас, «мұндай ұйымның еш пайдасы жоқ» деген пікірлер де басым болып барады. Мұндай жағдайда жасанды әскери ұйымнан Қазақстан шын мәнінде шығуы керек пе? Қаңтар оқиғасы кезінде ғана ҰҚШҰ ұйымының әскерін пайдаланған Қазақстанға енді қайтпек керек? Әлде, кейбір сарапшылар армандап жүрген Тұран әскери Одағын құру қажет пе? Бұл арман әзір жүзеге аса қоймас. Ол шындық. Сондықтан бізге өз әскери қуатымызды арттырудан басқа амал жоқ. Никол Пашинян әскери көмек сұраған кезде Әзербайжанмен арадағы жағдайды дипломатиялық жолмен шешуге кеңес берген ресми Астана әзірге аталған ұйымның құрамында қала беретіні ақиқат. ҰҚШҰ ұйымынан шығу күн тәртібінде тұрған жоқ.

–Бірақ қалайда ҰҚШҰ ұйымына қатысу мәселесін Қазақстан қайта қарауы тиіс. Бұл жерде ең қолайлы нұсқа – бейтараптық сақтау. Балама нұсқа ретінде туысқан Түркия және ортаазиялық мемлекеттермен бірге әскери одақ құру. Үшінші нұсқа Қытай бүкіл әлемге Қазақстанның территориялық тұтастығын қорғайтынын жария етті. Бірақ бұл мәлімдемеге қуануға да, қорқуға да болатынын білмейсің. Сондықтан да Қазақстан ешқандай көршіге тәуелді болмай, өзінің әскери қуатын арттыру керек. Армияны жаңа әскери техникамен қайта жарақтандырып, сарбаздардың санын 250 мыңға дейін жеткізу қажет, – дейді саясаттанушы Асхат Асылбеков.

Ақиқатында бұл ұйымнан мән қалмады. Тәжік пен қырғыз шекарасында қантөгіс. Армения мен Әзербайжан дүрдараз. Ресей Украинаға қарсы соғыс ашты. Өзі ҰҚШҰ әскери ұйымына ТМД-дағы алты мемлекет мүше болса, оның үшеуінде тұрақтылық жоқ. Жалпы тыныштығы жоқ ел ережеде айтылғандай, басқалардан бір-бірін қалай қорғайды? Қайта бір-біріне оқ атып жатыр. Өз ішіндегі жанжалды реттей алмай отыр. ҰҚШҰ өлі ұйымға айналды. Мәні қалмаған мұндай ұйым біздің де ұпайымызды түгендемес. Ендеше, ойланған абзал.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Серік МӘЛЕЕВ 10:00
Роман Скляр сатқын ба?
Әділ АҚЫЛБАЙ 08:59
Қазақстанның тәуелсіздігі қыл үстінде тұр
Махамбет САПАРМҰРАТҰЛЫ 30.11.2022, 08:41
Адалдық тұсалса, көзбояушылық күш алады
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 29.11.2022, 09:30
Журналист киллерге кешірім берді
Сайт әкімшілігі 28.11.2022, 09:30
2023 жылы тұрғын үй бағасы өсе ме?
Әділ АҚЫЛБАЙ 25.11.2022, 07:22
Осындай ұлтпыз, қайтеміз енді?

Аңдатпа


  • Кеше мақтап, бүгін даттап, Жаңбыршиндер жүр қаптап...
    09:06
  • Қазақстанның тәуелсіздігі қыл үстінде тұр
    08:59
  • Назарбаев – елдің өткен шағы
    08:55
  • Барға бар, жоққа жоқ мемлекеттік бағдарламалар
    30.11.2022, 08:45
  • Мұғалім мәртебелі ме?
    30.11.2022, 08:43