Ата-аналар неге алғашқы қоңыраудан қорқып отыр?

Жақсылық ЫРЫСБАЙ

01.09.2021, 08:19

3441

11 тамыз күнгі үкімет отырысының шешімі бойынша  «2021/22 оқу жылы мектеп, колледж, ЖОО-да офлайн өтеді» деп бекітілгені белгілі. Енді, міне, бүгін алғашқы қоңырау соғылады. Ресми статистика бойынша 1 қыркүйек күні 7475 мектептің есігі айқара ашылып, 3,4 миллион бала мектепке барады. Мұның ішінде 380 мыңнан астам бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды. 

Дегенмен бұл жолғы офлайн оқудың жөні бұрынғыдан өзгерек, оған себеп –  әлемді дендеген коронавирус індеті. Онсыз да пандемия басталғалы бері дау-дамайдың ошағына айналған білім және ғылым министрлігінің бұл шешімі кейбір ата-аналарды қуанта қойған жоқ. Себебі олардың көңілінде түйіні шешілмеген сұрақ көп.

Офлайн оқу дегеніміз де амалсыздан жасалған қадам екені анық. Өткен маусымдарда мектеп оқушыларының қалай онлайн оқығаны бәрімізге мәлім. Кейбір ауылдарда қарапайым интернеттің өзі қолжетімсіз болды. Интернет іздеп ағаш басына өрмелеп, күні бойы тамның үстінде сабақ оқыған баланы да көзіміз көрді. Тіпті бір үйдегі екі-үш оқушы бір телефонға мінгесіп, балаға бас-басына техника алып беруге қолы қысқа ата-анасының мүмкіндігі болмай қиналды. Осыдан соң онсыз да қалт-құлт етіп әрең тұрған білім сапасы құлдырамай қайтеді?!

Нұр-Сұлтан қаласындағы №51 мектеп-гимназиясының директоры Аятжан Ахметжанұлының айтуынша, онлайн оқу кезінде білім сапасы қатты түсіп кеткен, сондықтан да офлайн оқуға көшкен дұрыс.

– Онлайн оқуға толыққанды дайын емес екенімізді алғаш басталғаннан бері айтып келеміз. Дегенмен арада бір жарым жылдай уақыт өтті. Біраз тәжірибе де жинадық. Ары қарай осы үрдіспен жалғастыра беруге де болар еді, мәселе онлайн оқуға дайын болмағанымызда емес, шынын айтқанда, офлайн оқуға оралуымыз керек болды. Себебі онлайн оқу кезінде білім сапасы кемі 40-50 пайызға түсіп кетті. Жасыратын ештеңесі жоқ, жыл бойы сабаққа қатыспаған оқушылар да болды, тіпті кейбір студенттер құрылыста және басқа жерлерде жұмыс істеп жүрді. Міне, осының бәрін қалыпқа келтіру үшін, тәртіп орнату үшін, ең бастысы, әбден құлдыраған білім сапасын жақсарту үшін офлайн оқуға көшуіміз керек – дейді А.Ахметжанұлы.

Әлеуметтанушы Серік Бейсенбаевтың айтуынша, онлайн оқудың көз алдымыздағы зиянынан гөрі болашақтағы зардабы ауыр. Мектепке бармау, экранға телміріп сабақ оқу баланың психологиялық тұрғыдан қалыптасып жетілуіне кері әсерін тигізуі мүмкін.

  • Онлайн оқу кезінде білім сапасының төмендегенін сарапшылар жаппай айтып

жатыр. Мұның психологиялық, экономикалық тұрғыдан да болашақта салдары болатыны туралы түрлі болжамдар жасалды. Сол себепті офлайн оқуға көшуді стратегиялық тұрғыдан дұрыс қабылданған шешім деп ойлаймын. Сондай-ақ мамандардың зерттеу нәтижесіне сүйенсек, білім жүйесін тұтас онлайнға көшіру мүмкін емес. Себебі баланың мектеп партасында отыруы, мұғаліммен тікелей байланысқа түсуінің әсері мүлде бөлек болады. Оны да ескерген жөн.   

Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, білім сапасын арттыру үшін офлайн оқуға көшкеніміз оң шешім. Дегенмен таяқтың екі ұшы болатыны секілді бұл жерде де мәселенің көлеңкелі жағына да үңілгеніміз дұрыс. Яғни офлайн оқимын деп, бала ауру жұқтырып алмай ма?!   

Еліміздің бас мұғалімі А.Аймағамбетовтің айтуынша, офлайн оқуға үрке қарап, баланың денсаулығына алаңдауға негіз аз. Өйткені білім және ғылым министрлігі оқу мекемелері үшін жаңа ереже дайындады, онда қауіп-қатердің алдын алудың барлық мүмкіндіктері қарастырылған. Сонымен, жаңа ереженің басты талаптары қандай?

  • Мектеп ұжымын толық вакцина алуға міндеттеу.
  • Оқушылар мен мұғалімдерге бетперде тағуды міндеттеу.
  • Оқушылар мен мектеп қызметкерлерінің дене қызуын тексеру.
  • Бөлмелерде дезинфекция жүргізу.
  • Мектеп ішіне тек «Ashyq» қосымшасы арқылы кіруге рұқсат ету.
  • Сабақаралық үзілісті әртүрлі уақытқа қою.
  • Бір сыныпты бір кабинетте оқыту.
  • Бұқаралық, мәдени және спорт шараларын өткізуді шектеу.

Министрліктің жаңа ережелерін көз жүгіртіп оқып шықсаңыз, көңілге қонымды сезіледі. Шынымен де барлық қатерге тосқауыл қойылғандай әсер қалдырады. Алайда әр ереженің астарына тереңірек үңілсеңіз, шикіліктің ұшы көріне бастайды. Ең әуелі осы ереже-тәртіптер қаншалықты толық сақталады? Күнде жасырын той тойлап, туған күн өткізіп, вирустың қатерін біле тұра, қамсыз жүрген халық А.Аймағамбетовтің айтқанын істей қоя ма? Күн сайын мектепке келетін 3,4 миллион оқушы, жарты миллионға жуық мұғалім және техникалық қызметкерлер, төменгі сыныптағы балаларын қолынан жетелеп алып келетін ата-ана. Осыншалық адамды қатаң тәртіпке бағындырып, әрқайсысының «Ashyq-ын» тексеріп, бетперде таққанын қадағалау мүмкін бе? Әрине, барынша ережені сақтауға тырысатыны анық, бірақ  мүлт кетуіміз де мүмкін ғой.

«Мектеп ұжымын толық вакцина алуға міндеттеу» деген бір тармақ бар жаңа ережеде. Премьер-министр А.Мамин үкімет отырысында «мұғалімдер мен текникалық қызметкерлер 100 пайыз екпе алуы шарт» деп шегелеп айтты. Премьердің бұл тапсырмасына А.Аймағамбетов: «11 тамызға дейін мұғалімдердің 93 пайызы, техникалық жұмысшылардың 88 пайызы екпе алып болды», – деп жауап берген еді. Ал 24 тамыз күні «мұғалімдер мен техникалық қызметкерлердің екпе алу көрсеткіші 98 пайызға жетті» деді. Министрдің айтуынша, қалған 2 пайыз да 1 қыркүйекке дейін салдырып үлгереді.

  Қош, сонымен, мектеп ұжымы 100 пайыз екпе салдырып бітті. Енді осы арадан тағы бір сұрақтың құлағы қылтияды. Естеріңізде болса, жазда әртүрлі мекеме-орындар екпе салуды міндеттей бастағанда жалған вакцина төлқұжатының саудасы қыза түсті. Тіпті үлкен емханалардың білікті дәрігерлері де осы іске шатылып, сотталды. Жалған вакцина төлқұжатын сатып алғандардың қатарында мұғалімдердің де болғаны жасырын емес. Демек, А.Аймағамбетов айтқан «100 пайыз екпе алған» мұғалімдер мен техникалық қызметкерлердің қаншасының құжаты жалған екенін әзірге ешкім анықтап біле алмайды. Дәл осы сұраққа министрдің өзі: «Мұны әріптестерімнің санасына, ұстаздық ұстанымына тапсырдым», – деп жауап берген-ді.

Сонымен, 1 қыркүйек күні барлық бала мектепке барады. Алғашқы қоңыраудың үні біреуге үміт, енді біреуге күдік сыйлары анық. Бірақ басқа таңдау жоқ. Онлайн оқу тек вирустың бет алысына қарай белгілі болады. Бала ауыра қалған жағдайда кемі 14 күн карантинге жатқызылып, қашықтан оқытылады.

 

Тегтер: оқу білім мектеп директор

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұртаза ҚЫДЫРНИЯЗОВ 03.12.2021, 08:48
Қауіп қайдан?!
Махамбет САПАРМҰРАТОВ 01.12.2021, 09:20
Жауапкершілікке шекесінен қарайтындар ел мүддесіне қызмет етпейді
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 30.11.2021, 09:00
2,5 миллиард теңге кімнің қалтасында кетті?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 25.11.2021, 09:00
Теңгесінде тұрақ, үкіметінде естір құлақ жоқ елдің жайы не болмақ?!
Көпжасар НӘРІБАЕВ 23.11.2021, 14:20
Желтоқсанның себебі мен салдары
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 16.11.2021, 09:03
Ұрпаққа келгенде үкімет те керең, әкім де сараң

Аңдатпа


  • 14 мыңнан аса сотталушы босатылады, Сенат рақымшылық заңын қабылдады
    02.12.2021, 15:50
  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00