Ата-ананы өзекке тебетін заң қазаққа қажет пе?!

Бифат ЕЛТАЕВА

19.01.2021, 09:15

3134

(фото ашық ақпарат көздерінен)

   Өткен жылы  қыркүйекте парламент мәжілісінің жалпы отырысында «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы бірінші оқылымда-ақ мақұлданған болатын. Депутаттар заңмен толық танысқан-таныспағанын білмейміз, бірақ жобаны бірден мақұлдап жіберіпті.   Алайда  бұл  заң  халықтың  қарсылығына  тап  болды.

    Қоғам белсенділері «бұл қазақты құрдымға жіберетін заң» дейді. Сондықтан олар Қазақстанда ежелден келе жатқан отбасылық байланыс қасиетінің жойылып кетуінің қаупі бар екенін айтып, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа петиция жариялаған. Аталмыш заңды қарапайым тілмен түсіндіретін болсақ, ата-ананың туған баласына «олай жасама, қолыңды жу, бұлай істеме» деген секілді  қатаң  ескертулер жасауға құқы жоқ. Сондай-ақ балаңыз сіздің қандай да бір ескертуіңізге жер тепкілеп жыласа, учаскелік полиция инспекторы үйіңізге келіп, балаңызды қолыңыздан тартып ала алады. Тағы бір қорқынышты тұсы, аталмыш заңның 5-бабы 11-тармақшасында «адамның құқықтары мен бостандықтарына қысым жасайтын және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ықпал ететін әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді болғызбау» деп жазылған. Егер осы рас болса, ұлымызды ежелден келе жатқан дәстүр бойынша сүндеттей алмақ түгіл, қызымыздың құлағын да тесе алмаймыз деген сөз емес пе?! Сондай-ақ балаңызға жеке бөлме, жайлы кереует секілді қажеттіліктерімен толықтыра алмасаңыз бітті – баламнан айырылдым дей беріңіз. Ал ең сорақысы, балаңызды қайта қайтарып алу үшін кемінде 1-2 ай уақытыңыз кетеді. Біріншіден, сол ескерту жасағаны үшін ата-ананың біреуін психологиялық диспансерге жіберіп, «психологиялық ауытқуы бар ма, жоқ па» деп, түгел тексерістен өткізіп, сотқа жүгіну арқылы баласын әрең дегенде қайтара алады.

   Ақиқатын айтар  болсақ, елімізде соңғы жылдары ата-аналардың балаларына қысым жасағаны көбейген болатын. Ондай жағдайда ата-аналарды жазалауға, ата-ана құқынан айыруға болар, ал балаға бұзақылығы үшін ескерту жасағанға, қажетін әпере алмағаны үшін әр ата-анадан баласын тартып ала берсе, бұл отбасын құрдымға кетірмей ме? Жалпы, баланы қандай жағдайда болсын ата-анасынан ажыратса, балаға психологиялық қысым түспей ме? Бұл жөнінде психологтар не дейді деген сауалға Анжела Бейсенова былай  дейді:

— Бір жағынан, мемлекет бұл заңды мына жағдайға қатысты да шығаруы мүмкін. Қоғамда өз баласына дөрекі қарайтын ата-аналар жетерлік. Мысалы, алдыңғы жылы анасы туған қызын жазалау үшін қақаған аязда есік алдына жалаңаш шығарып жіберген болатын. Мүмкін, осы заң сол ата-аналарды өзгерту үшін шығарылған болу керек. Ал дәл осы заң жобасы негізінде айтар болсам, жай күнде бала ата-анасынан ажыратылатын болса, баланың психологиясына қатты әсерін тигізеді. Бұл өте  қауіпті  тенденция.

   Ал заңгерлер аталмыш заңды батыстың жүйесімен жасалынғанын айтады. Бұл жөнінде заңгер Мадияр Аймурза ата-ана заңда ата-ана емес, асыраушы ретінде жазылғанын, ал асыраушы деген сөздің өзі балаға ұрысуға, нұқуға қақың жоқ дегенді білдіретінін айта келе, «заңның атауы «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң деп аталғанымен, мазмұны оған қарама-қайшы» дейді.

— Мына заң жобасына келетін болсақ, онда келтірілген нормалардың бәрі біздің халқымызға, отбасымызға, табиғи болмысымызға қарсы. Мәселен, «Неке және отбасы» кодексінің 27-бабын алып қарайық, онда ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады дейді. Ал мына заң жобасында қазіргі қамқоршы органдардың қызметін мемлекеттік емес ұйымдардың құзыретіне бермекші. Сонда біздің отбасымызды мемлекеттік емес ұйымдар өз бақылауына алмақшы. Бүгінгі таңда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң жобасы үлкен қоғамдық резонанс тудырып отыр. Өйткені бұл Қазақстан жеріндегі  ежелден келе жатқан отбасылық байланыстардың қасиеттілігі, үлкенге құрмет, балаға деген сүйіспеншілік пен қастерлі қарым-қатынастарға қауіп төндіреді. Бұл жерде зорлық-зомбылықтың төрт түрі белгіленген. Соның ішінде психологиялық заңда балаға ерік бермеуге шектеу жазылған. Сондықтан Қазақстан азаматы ретінде де, заңгер ретінде де, бұл заң жобасының заң ретінде қабылданып кетуіне түбегейлі қарсымын, – дейді заңгер Мадияр Аймурза.

  Міне, заңгер айтқандай, осы мәселелер заң ретінде қабылданып кетсе, шынында да, елге жасалынып жатқан қиянаттың нақ өзі. Қазақтың ұлттық тәрбиесін жою арқылы адамдықтан, ұлттық құндылығынан айырылады. Бұл заң енгізілу үшін алдымен халқымыздың хал-ахуалы дұрыс болу керек. Көп отбасы көп бөлмелі үй түгіл, тар үйдің өзіне жете алмай, пәтерден-пәтерге көшіп жүргенде балаларынан айырылып қала бермек пе? Облыс, аудан әкімдері де заңды қолдамас бұрын, есеп берулерінде осы жұмысты айтқанда заңның түкпіріне неге терең бойлап көрмейді екен? Заң жобасымен таныспады дейін десек, мектептегі оқушыларға да осы заң аясында «ата-анаң ұрысқан жағдайда 111 нөміріне хабарласып, шағымдансаң болады» деген түсініктер де жүріп жатқан көрінеді. Мемлекет бекітті, қандай тапсырма болса да орындаймыз деген басшылардың немқұрайдылығы қашанға дейін жалғаспақ? Кешегі сайқымазақ құсап ант қабылдаған депутаттар осы мәселені шеше ала ма деген күдік те басым. Осы орайда, батыстың қаңсығы бізге таңсық екенін жоғарыдағылар ұмытпаса екен дейміз.

Тегтер: заң өзгерту толықтыру заң жобасы

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Елеусіз МҰРАТ 05.03.2021, 09:19
Қауқары жоқ қадағалау органы қажет пе?
Ғұсман ЖАНДЫБАЕВ 03.03.2021, 13:35
Инновациялық ғасыр дерті
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 03.03.2021, 09:20
Түркістандағы оқиғадан «ҚазТрансГаз» тиісті қорытынды шығара ма?
Мұрат ӘМІРЕНОВ 02.03.2021, 11:35
Ұлттық телеарналардан не көріп жүрміз?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 26.02.2021, 09:05
Өлейін десең – жан қымбат, өлмейін десең – дәрі қымбат
Айжан БҮРКІТБАЕВА 25.02.2021, 12:37
Тарихи орынды талқандауға не себеп?

Аңдатпа


  • "Жас Алаштың" 100 жылдық мерейтойына орай бильярдтан турнир өтеді
    05.03.2021, 16:25
  • Қарағандыдағы үш газет қазақшаға қалқан бола ма?
    05.03.2021, 13:12
  • Әкім бол, туысыңа жақын бол!?.
    04.03.2021, 10:15
  • Сейдағаңның серілері едік
    03.03.2021, 10:12
  • Бес тағдыр – бес тал гүл
    02.03.2021, 10:44