Ататүрік қашан «бостандыққа» шығады

Мәкен УАҚ

03.02.2023, 11:59

2756

    «Жас Алашта» 2014 жылдың 18 қыркүйегінде «Әлі де кеш емес» атты мақалам сол кездегі Шу ауданының әкімі Б.Нұркеновтың назарына деп жарық көрген еді. Осы мақалада Бақытжан Балтабекұлының атқарған еңбектеріне тоқтала келе: – Ататүріктің ескерткіші қандай мақсатпен орталық саябақта орнатылғанын білгім келіп, мына жайды қаперіңізге салғым келіп отыр. Есіңізде болар, өзіңіздің аудан жұртшылығының алдында есеп беру жиынында белгілі мүсінші Қали Қораласбаев ініміздің орталық саябақтағы сәбилер ойнайтын алаңқайға Қобыланды батыр, Қожанасыр, Алдар Көсе, т.б. ертегілер әлемінің кейіпкерлерінің мүсіндерін орнатсақ деген бастама көтерген болатын. Менің өзім де қолдап, «Шу өңірі» газетінде мақала жазғанмын. Әрине, бұл игі істер Қали үшін болмаса мен үшін ғана емес, болашақ ұрпақтарымыздың елін, жерін, Отанын сүйіп, ұлтжанды азамат болып қалыптасуына ауадай қажет шаралар еді ғой. Келешек ұрпақ тағдырын жете түсіне білген ауылдық округ әкімі Азамат Ошанов аудан орталығындағы Аша мөлтек ауданында көпшіліктің өтінішін жүзеге асыра алды. Бірақ Төле би ауылында 7 жылдан аса тым қымбат бағамен халықты жас балалардай алдап, елді шулатып келе жатқан «Париев» ЖШС-на қарсы тұруда ауылдың белсенді азаматтарын қолдап Азамат Серікұлы ашық көріне алмады. Дегенмен балаларға арналған спорт алаңын жарақтандырып, су ішуге арналған аю мүсіні мен жапсарлас көшедегі өзі жаңадан жасатқан футбол алаңына жарық орнатып берді.Дегенмен киелі Шу өңірінде осыдан 555 жылдай бұрын Қазақ мемлекетінің іргетасын қалаған алғашқы хандарымыз Керей мен Жәнібекке ескерткіш орнату жайлы көптен бері бастама ретінде көтеріп келгем-ді. Сол кездегі аудан әкімі Бақытжан Нұркенов менің бұл бастамамнан да хабардар еді,  жоғарыдағы – Мәдениет министрлігіндей құзырлы орындардан рұқсат алуды қажетсінбеді ме, аудан орталығындағы орталық саябаққа орнатуға дайындалған биіктігі 5 метрлік көлемді ескерткіш қаңылтыр темірмен қоршалып, 2014 жылдан бері жабулы қазан күйінде тұрып қалды…  

Өзім де қарап жатпай, осы екі арада Мойынқұм ауданы әкімдігіне ауысқан  Нұркеновтың орнына тағайындалған Шу ауданының әкімі Рүстем Дәулетке хат жазып, қайта-қайта мазалағанымнан ғана  емес, оның  ұлтжанды-парасаттылығының арқасында 2016 жылы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында орталық алаңға алғашқы хандарымыз Керей мен Жәнібекке, Алтын адам және Халық қаһарманы – Қайрат Рысқұлбековке арнайы горельеф кешенін жасатуға қол жеткіздім. Бүгінде тәуелсіздік мерекелері қарсаңында гүл шоқтары қойылумен осы салтанатты игі шара монументтің өзінде өткізіліп келеді.

Дейтұрғанменен өткен жылдары Тәуелсіздік монументі орналасқан алаңға «Мәңгілік ел» атауын бергізуге бастама көтеріп едік, түрлі себептермен аяқсыз қалды. Бұны қозғап отырған себебім, Керей–Жәнібек хандарға арналған горельеф кешенімен жалғаса – Ауған, екінші дүниежүзілік соғысы мен Кеңес Одағы батырларына, Социалистік еңбек ерлерімен қабаттаса Ататүріктің ескерткіші жалғасқан келесі көшеде Балуан Шолақтың зәулім ескерткіші менмұндалап тұр. Бірақ ашығын айтқанда біздің Шу ауданында кезінде Әйтеке би айтқандай: «Өсер елдің ақыны көп, өшер елдің әкімі көп...» демекші, жылда әкім ауысып жататыны, ащы шындық. Осы себептен де шығар Ататүріктің ескерткішін орнату мәселесімен жаңадан тағайындалған әкімдер түбегейлі шешім қабылдап үлгере алмай жатқан сыңайлы.

Соңғы кезде халықаралық жағдайдың шиеленісе түсуі – бізді жан-жақты, яғни қай мемлекеттермен одақтасуға, қандай мұсылман елдерімен жақындасуға, кеңінен ойлануға еріксіз мәжбүрлеуде. «Қайтсем де келмеске кеткен «Кеңес Одағын» қайта құрамын» деп, әуейілікпен екіленіп жүрген В.Путиннің украин халқына жасап жатқан басқыншылық әрекеттері адам шошырлықтай. Ал діні де, тілі де басқа «аспан асты» елінің қандастарымыз бен т.б. өзге ұлт өкілдеріне көрсетіп жатқан зорлықтары да жетіп артылады. Басқаны қайдам, менің ойымша, бізге бір табан жақын түркі елдері көшбасшысының қатарындағы Түркия президенті Реджеп Тайып Эрдоғанды атап өтер едім. Ол мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Анадолы еліне жиілете арнайы шақырып, екі ел арасында, тіптен Орта Азия мемлекеттерімен бірлесе әскери қорғаныс саласында одақтастық құру жайында бекерден-бекер қозғап жүрген жоқ. «Ұйқыдағы ұлттар түбі құрып тынады, не құл боп оянады» деп, осыдан жүз жыл бұрын өсиет қалдырған Ұлы Мұстафа Кемал Ататүрік күллі түрік баласына, оның ішінде қазаққа да айтып кеткенін еске салсақ деймін… Сондықтан Эрдоған шовинистік пиғылдағы ауыздарына келгендерін оттап жүрген орыс қайраткерсымақтарына айбарлана қазақ мемлекетін жан-тәнімен қорғай алатындығын да ашық айта бастады. Сондықтан біз де түрік бауырларға құшағымызды айқара ашып, қонақжайлылық танытумен бірге оларға арқа сүйеуіміз аса қажет. Ол үшін ауданымыздағы Түрік халқы Мәдени қауымдастығы өкілдерінің 2014 жылы ұйымдаса қыруар қаржыға жасатқан даңқты көсемі Мұстафа Кемал Ататүріктің  ескерткішін темір қоршауынан босатып, ҚР мәдениет министрлігіндей құзырлы орындар рұқсатымен салтанатты жағдайда ашылуын жасасақ, қазақ хандығының қазығы қағылып, туы көтерілген киелі Шу өңірі жұртшылығының есінде қаларлықтай үлкен шараға айналатыны рас. Мұстафа Кемал Ататүріктің айбарлы бейнесі сомдалған мүсінді 9 жылғы темір қоршауынан босатып, жарыққа  шығаруды өткен жылдан бері жазудай жазып, айтып келемін. Және тәуелсіздік монументі орналасқан орталық алаң мен тарихи мүсіндердің бел ортасында бой көтеретін Ататүрік ескерткішіне дейінгі көрікті кешендерді «Мәңгілік ел алаңы» атауымен атасақ деймін. Көпшілік, әрине, менің ұлағатты бастамамды қолдайды деген ойдамын. Бұл игі шара – бауырлас Түрік Республикасының құрылғанына 100 жыл (29 қазан 1923 ж) жүзеге асса құба-құп болар еді. Сонда көршілес өзбек, қырғыз, тәжік, түрікмен, т.б. мемлекеттерге үлгілі бастама ретінде Реджеп Эрдоған бауырымыздың армандағанындай күллі мұсылман әлемі аңсаған Тұран Одағының құрылатын мерзімін де жақындата түсетініміз анық!   

Тегтер: қоғам пікір заң

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еркенұр ҚОНЫСБАЙ 05:32
Кәсіптік білім. Диплом тарату – маман дайындау емес
Сайт әкімшілігі 29.03.2023, 10:59
Пікір айтқанда әділ болайық!
Махамбет САПАРМҰРАТҰЛЫ 29.03.2023, 05:46
Жетісайдың «күрескер» әкімі Жыңғылмен күресіп жүр
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 28.03.2023, 06:00
Кешіккен кодекс: Дүйсеноваға миллион, кедейлерге 70 мың теңге
Сайт әкімшілігі 27.03.2023, 05:59
Үй құрылысы азайды, көрсеткіш тағы да төмендей беруі мүмкін
Жарас ШӨКЕ 24.03.2023, 08:53
Салалық журналистиканың медиа өнімдері сұранысқа ие бола бастады

Аңдатпа


  • Үкімет кетті, «Халық әртісі» мен Қошанов қайта оралды
    05:37
  • Айтыскер, блогер һәм тренер
    05:34
  • Кәсіптік білім. Диплом тарату – маман дайындау емес
    05:32
  • Жетісайдың «күрескер» әкімі Жыңғылмен күресіп жүр
    29.03.2023, 05:46
  • Нұртай Базарұлы, зейнеткер: Қарағұсованың заңына қарсылық білдіремін
    29.03.2023, 05:44