Ауған тартысы және қазақ мүддесі

Расул ЖҰМАЛЫ

22.09.2021, 08:35

3178

Осы айдың басында атышулы 2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғаларына 20 жыл толды. Аталған сәттен АҚШ пен оның одақтастарының терроризмге қарсы бастаған күресі көбіне сәтсіз аяқталғанына куәміз. Тіпті сұрапыл соғыстағы басты қарсыласы – «Талибан» бүгінде Ауғанстанда билікке келді. Батыс өркениеті үшін шапалақ іспеттес бұл оқиға бөлек әңгіме. Біз үшін маңыздысы – Ауғанның күні не болмақ? Орталық Азияға, оның ішінде қазаққа нендей қауіп бар?

       Біздің қоғамдық санада әлемдік саясаттағы оқиғалар Отанымызға айтарлықтай әсер етпейді, әлдекімдер өзара жаға ұстасып жатса, одан қазаққа келіп жатқан зиян жоқ сынды түсінік кең тараған. Бұл қате ұстаным. Шындығында, Ресей мен Украинаның басы-қасындағы жағдай болсын, Сириядағы соғыс болсын, толып жатқан басқа түйткілдердің біздің елге деген теріс ықпалы жетерлік. Осындай қауіп-қатерлердің арасында, әрине, Ауғанстанның жөні бөлек.

        Алдымен Американың рөлі жайында бірер сөз. 2001 жылғы Нью-Йорк пен Вашингтонда болған жантүршігерлік террорлық актілерден соң, АҚШ пен оның НАТО-дағы үзеңгілестері ғаламдық лаңкестікке қарсы күрес науқанын осы Ауғанстаннан бастап еді. Тиісті әрекеттердің маңызы батыс үшін тек терроризмді тұншықтырып, кек қайтарумен шектелген жоқ. Үстеме мақсат ретінде  Орталық және Оңтүстік Азияда өзінің саяси мүддесін қамтамасыз ету, Каспий мұнайы айналасындағы дәмелерін бекіту, Иран, Қытай және Ресей секілді геосаяси бәсекелестерінің қақ ортасында туын тігу көзделді. Көп кешікпей, Ауғанстандағы операцияны сүйемелдеу үшін көршілес Пәкістан, Өзбекстан, Қырғызстанда НАТО-ның әскери базалары құрылды.

       Рас, батыстың екпіні Мәскеу, Бейжің, Теһранды қатты састырды. Дей тұрғанмен Орталық Азия республикалары үшін бұл көбіне жағымды жаңалық еді. Біріншіден, аймақтың бұған дейін айтарлықтай еленбей келген стратегиялық маңызы әп-сәтте артып шыға келді. Екіншіден, жергілікті республикалар шешуші әлемдік ойыншылармен байланыстарында қосымша ұпай жинауға мүмкіндік алды. Тарқатып айтқанда, батысқа арқа сүйей отырып, Ресей мен Қытай сияқты алыптардың мысын басатын мықты балама пайда болды. Демократияны желеу еткен АҚШ-тың бұған дейінгі жергілікті ресми биліктерге шүйлігуі күрт әлсіреді. Үшіншіден, Ауғанстаннан туындаған діни экстремизм қаупін ғаламдық ойыншылар есебінен еңсеруге жол ашылды.

        Соңғы жайтқа қатысты аймақтың ахуалы шынымен-ақ мүшкіл еді. 1989 жылы совет әскерлері Ауғанстаннан шығарылғаннан кейін көп ұзамай, бұл елде билікке моджахедтер келді. Алайда бейбіт өмір орнамады. 1990 жылдардың басынан моджахедтерге жаңадан пайда болған «Талибан» қозғалысы қыр көрсетті. Әлгі қос күш өздерін ислам дінін қорғаушы ретінде көрсетіп баққанымен, шиеленістің дені билік үшін таласта жатты. Ауғанстан үшін дәстүрлі діни құндылықтарды ұстанып, оларды зайырлы қоғам шарттарымен ұштастырған моджахедтерді, негізінен алғанда, жергілікті тәжік, өзбек, парсылар қолдап, ал енді олардың артында Ресей, Орталық Азия республикалары мен Иран тұрды. Радикалды, көбіне салафи-уахаби идеологияны арқау етіп, биліктен қағылған пуштундардан құралған «Талибан» болса Пәкістан, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Катар секілді мемлекеттерге арқа сүйеді. Ақыры 1996 жылы «Талибан» ел астанасы  Кабулды бағындырып, Ауған жерінің басым бөлігінде үстемдік орнатты және олар бұл жеңіспен тоқтамады.

        Аумалы-төкпелі, күйзеліске толы 1990 жылдардың бойында Орталық Азиядан оңтүстікке бет алып, қашуға мәжбүрленген діни һәм оппозициялық сарындағы біраз топты тәліптер қамқорлыққа алды. Уақыт өте олар экстремистік қауіптің қосымша факторына айналды. Бұның алғашқы қоңырауы ретінде 1999 жылғы Ауғаннан келген атышулы содырлардың Қырғыз жеріндегі Бәткенге, 2000 жылы Өзбектің Сұрхандария ауданына шабуылдары атауға тұрарлық.

        Ол кезде ішкі дағдарыстан әлі шығып үлгермеген Ресей Ауғанстан істерінде қауқарсыздық танытса, батыс пен Қытай көбіне бейтарап қалды. Осындай қысылтаяң шақта Орталық Азия республикалары оңтүстіктен төнген қатерді залалсыздандыру жолдарын өздігінше іздеп бақты. Ендігі ретте ықпалын жоғалтқан моджахедтердің және олардың көсемі Ахмад Шах Масудтың орнына «Талибанмен» мәмілеге келу амалдарына басымдық берілді. Мәселен, Өзбекстан сыртқы істер министрі  тәліптік үкімет мүшелерімен келіссөздер жүргізді. Қазақстан ресми өкілдері де «Ауғанстанның радикалды билігін әсіреқұбыжық етіп көрсетудің негізі жоқ» деді.

       Бұл үдерістің арты немен аяқталары белгісіз болатын-ды. Бірақ 2001 жылғы 11 қыркүйекте Атлант мұхитының арғы жағында болған жойқын террорлық шабуыл Орталық Азиядағы ахуалды 180 градусқа бұрып жіберді. АҚШ-тағы жарылыстарға әйгілі Усама Бен Ладен мен ол бастаған «Әл-Каида» ұйымы және оларға пана берген «Талибан» қозғалысы жауапты деп жарияланды. Қас-қағым сәтте Американың айбарымен  халықаралық қауымдастық, оның ішінде Орталық Азия республикалары тәліптік режимге қарсы антитеррорлық коалицияға қосылды. АҚШ-тың іргелес аумаққа енуін ұнатпаса да, Ресей мен Қытай әуелінде жаһандық науқанға наразылық білдіруге бара алмады.

       Бастапқыда XXI ғасырлық алып армияның ортағасырлық тәліптік жасаққа қарсы соғысы НАТО-ның толықтай жеңісімен аяқталғандай көрінді. Рас, санаулы айлардың ішінде-ақ «Талибан» билігі құлады. Оның орнына Ауғанстан басшылығына Хамид Карзай жетекшілік еткен батысшыл да зайырлы саясаткерлер қойылды. Американың қыспағымен Пәкістан, Сауд Арабиясы, Әмірліктер сынды тәліптердің кешегі жақтастары коалицияның талаптарына бойсұнды.                   

      Дегенмен оқиға желісі шын мәнінде Вашингтон ойлағандай өрбімеді. Көп ұзамай ауған халқын жауыз биліктен азат етушілердің өздері басқыншыларға айнала бастады. Тәліптердің де күштері, негізінен алғанда, талқанданбағаны, тек астыртын партизандық соғыс әрекеттеріне көшкені анықталды. Айналып келгенде, Усама Бен Ладеннің жойылғанын санамағанда, НАТО күштері діттеген мақсаттарына жетпеді. Қыруар күш пен қаржы жұмсалса да, Ауғанстан сол қалпы тәліптерден тазартылмады. Елдің өзін демократиялық жолға қою жобасы да белгіленген межеден шықпады.

       Есесіне ғаламдық сахнада ықпалы артқан Ресей мен Қытай іргелес Орталық Азиядан НАТО базаларын ығыстыруға бар күшін салды. Тиісті әрекеттер 2010 жылдарға қарай нәтижесін берді. Бұның қосымша себептерінің қатарында жергілікті билеушілердің «түрлі түсті революцияларды қоздырушы АҚШ» деген ресейлік үгіт-насихатқа бой алдырғанын атап өткен жөн.

      Заман ағымымен Американың ғаламдық саясатында да түбегейлі өзгерістер орын алды. Әуелде президент Джордж Буш Ауғанстан мен Иракта бастаған соғысқа АҚШ қоғамы айтарлықтай қолдау білдірген еді. Алайда жүре-бара импершіл бу басылып, соғысқа, өз ұлдарының шалғайда қаза табуына қарсы наразылық күшейді. Сондықтан Ақ үйдің келесі қожайындары – Барак Обама мен Доналд Трампқа сайлауалды бағдарламаларында қоғамдық пікірмен санасуға тура келді. Екіншіден, ғаламның түкпір-түкпіріндегі шиеленістерге араласу Американың әлеуетіне де нұқсан келтіретіні алға тартылды. АҚШ әскерінің 2010 жылдан бастап Ирактан, 2018 жылдан бастап Сириядан шығарылуы айтылғанды қуаттай түсті. Бірақ мәселенің басқа да сезімтал тұстары болды.

      Сонымен, зор шығынға батқан АҚШ ғаламдық арасалмақты сақтап тұру мүмкіндіктерінен айырыла бастады. Ендігі ретте Ақ үй жер-жерде мүддесін жүргізу қамымен ол жақтардағы қауіпсіздік үшін жауапкершілікті Қытай мен Ресей сияқты бәсекелестеріне артуды, сол арқылы оларды әлсірету амалын жөн көрген сыңайлы. Бұның айқын көрінісіне АҚШ-тан 10 мың шақырымда орналасқан, бірақ та әлгі Қытай, Ресей, Иранға тиіп тұрған Ауған жері айналатыны шындыққа ұласты.   

        Атап айтқанда, 2010-18 жылдарда бұл елдегі НАТО әскерлерінің саны 170 мыңнан 14 мыңға дейін қысқартылды. Ресми сылтау – тұрақтылықты сақтау және радикалдарды ауыздықтау міндетін  арнайы дайындықтан өткен жергілікті күштердің қолына тапсыру. Соңғылардың дайындық деңгейі мен сенімділігі сын көтермесе де, ол АҚШ-ты алған бетінен тайдырмады.

      Айтылғанға қоса, 2018 жылы Сирияда «Ислам мемлекеті», «Джабхат-Нусра» сынды қаптаған террорлық ұйымдар жеңіліске ұшыраған соң, Ауғанстандағы жағдай күрт нашарлап кетті. Себеп – ұрыс кезінде қаза тапқан немесе тұтқынға түскен мыңдаған содырды ешкім көрген жоқ. Есесіне кәдімгі жалдамалы кәсіби жасақтар сипатында және ықпалды демеушілердің айдап салуымен олар енді Либия, Судан секілді басқа соғыс қалпындағы мекендерге ағылды. Осылардың арасында Ауғанстан да табылды. Екі оттың ортасында қалған АҚШ пен оның Кабулдағы қосшылары тәліптермен мәміле іздеуге көшті. Онысы «Талибанды» мойындап, НАТО күштерінің Ауғанстаннан біржолата кететіні жайлы уағдаластыққа әкелді. Сөйте тұра, келісімнің межеленген мерзімі – 2021 жылғы 11 қыркүйекті күтпей, тәліптер қарулы күресті бастап кетті және айналдырған бірнеше айдың ішінде елдегі билікті өз қолына шоғырландырды.

       Осы уақытта дипломатияға белсенді түрде жүгінген «Талибан» басшылары қоршаған әлемді өздерінен сескенбеуге сендіріп бағуда. Бірақ Дохада, Мәскеуде, Бейжіңде берілген бұл уәделердің құны қандай? Өткен күндері халықаралық заңдарды өрескел бұзып, тәліптердің Кабулдағы Норвегия елшілігін тас-талқан еткені, еш жазығы жоқ өлең айту мен тыңдауға тыйым салғаны олардың сөзіне үлкен күмән туғызады. Анығы сол –  аймақтың амандығы ең алдымен жергілікті елдердің құзыры мен жауапкершілігі болып табылады. Әлбетте, кез келген түйткіл бейбіт жолмен дипломатия арқылы тарқатылып жатса игі. Алайда тұрақтылықты қамтамасыз етуші басқа да, оның ішінде ұжымдық қорғаныс амалдары мықтап қолға алынғаны шарт.

       Қайтадан еске алсақ, 1990 жылдарда билікке алғаш келгенде «Талибан» Ауған жерімен шектелмеді және бірінші кезекте олар нысанаға оңтүстіктегі одақтас Пәкістанды, не болмаса батыстағы азулы да діни ұстанымы бөлек, шииттік Иранды, не шығыстағы алпауыт Қытайды емес, Орталық Азияны нысанаға алды. Қазір осы сценарийдің қайталанбасына кім кепіл?! Бұған Сирия мен Ирактағы соғыста әбден машықтанған мыңдаған тегі өзбек, тәжік, шешен, қырғыз, қазақ содырлардың басым бөлігі тәліптердің қарамағына келіп құйылғанын қосыңыз. Мәселенің екінші ұшы – дағдарыстан көз ашпай, өзара кикілжіңдерге бой алдырған Орталық Азия республикалары төнген қауіп-қатерге төтеп беруге қауқарлы ма? Оның үстіне Ауғанстандағы дүлей күшті қатарынан 20 жыл тұсауда ұстап келген АҚШ мұхиттың арғы жағына қайтқанда. Ахуалдың дәл осылай өрбуіне барын салған Ресей мен Қытай қауіпсіздікті сақтай ала ма? Тіпті бұл тұрғыдан Орталық Азияға араша түскен күнде ондай қолғабыстың өтемі қандай болмақ? Әсіресе оның үлкен саясатта, әдетте, Тәуелсіздікпен өлшенетінін ескерсек. Ұғынатын ақиқат – қазақ баласы қаншама сезімтал болсын тек ішкі мәселелермен тұйықталып қалмай, айналада өрбіп жатқан үрдістерді мұқият бақылаған және олардың жаман әсерін болдырмау амалдарын қаперде ұстағаны жөн.

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Ажар ОРЫНБАСАР 22.10.2021, 13:32
Мамандықтың озығы бар, тозығы бар
Қуаныш ЕРМЕКОВА 22.10.2021, 12:00
Тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғаларының алдын алу жұмыстары күшейтілуде
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 21.10.2021, 08:55
«Қазпошта» қазаққа жау ма?!
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 20.10.2021, 09:10
Сүйек-саяқты қанағат тұтып...
Нұрболат ӘЛДИБЕК 19.10.2021, 09:46
Жамбылда жол апаты неге жиілеп кетті?
Дос КӨШІМ 19.10.2021, 08:24
«Қажет болған кезде...» қазақ тілін өлтіре салыңдар!

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31