Аза мен қаза

Батыр ЖАСҰЛАН

03.09.2021, 08:26

3515

      Біз өткеннен неге сабақ  алмаймыз? Еске түсірсек, тәуелсіздіктің  30 жылында 10 рет аза тұту күні жарияланыпты. Соңғы 20 жылда Қазақстанның  әскери оқ-дәрі қоймасында сегіз жарылыс болды.  

      1949 жылдың 29 тамызында таңғы сағат 07:00-де Семей жерінде 22 килотонналық РДС-1 атом бомбасы жарылды. 72 жылдан кейін Жамбылдың Байзақ ауданында кешкі сағат жетіде тағы да жарылыс болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. 29 тамыз. 72 жылдан кейінгі жарылыс. Екеуі де сағат жетіні көрсетіп тұр.  Бұл сәйкестік пе, кездейсоқтық па? Жеті саны ырымға жақсы еді. Бірақ...

      2021 жылғы 19 ақпанда Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ел алдында есеп беріп тұрған сәтте мінбердегі елтаңба құлап түсті. Ел жақсы ырымға жорыған жоқ. Міне, бес айдан соң облыстың Байзақ ауданында жарылыс болды. Жарылыстың салдарынан 98 адам зардап шекті, 14 адам қаза тапты. Із-түзсіз жоғалып кеткендер де бар. Жоғалғандардан хабар күтіп, ағайын, ата-ана, бала, сүйген жар отыр. Ауыр қаза. Жарылыстан көз ашпаған далам-ай?!.. Біз неге жарылыстан сабақ алмаймыз? Соңғы 30 жылдағы оқиғаларды еске түсірсек,  бұл шын мәнінде тәуелсіздік алғаннан бергі оныншы рет жарияланған Жалпыұлттық аза тұту күні екен.

       1. 2006 жылғы 22 қыркүйек. Қарағанды облысындағы Шахтинск қаласы Ленин атындағы шахтада техногендік апат болып,  41 кенші қаза тапты, жеті  жұмысшы зардап шекті.

      2. 2008 жылғы 14-16 қаңтар. Қарағанды облысының Абай шахтасында метан жарылды. 30 адам қайтыс болды, 14 адам түрлі дәрежеде жарақат алды.  Үш күн аза тұту күні жарияланды.

      3. 2010 жылғы 16 наурыз. Алматы облысының Қызылағаш ауылында суқойма жарылып, 43 адам көз жұмды. Оның 8-і – бала.

      4. 2012 жылғы 5 маусым. Арқанкергендегі қанды  оқиға. 14 шекарашы мен бір қорықшы қаза тапты.

      5. 2012 жылғы 27 желтоқсан. Шымкент маңында АН-72 ұшағы апатқа ұшырады. Борттағы 27 жолаушы экипаж мүшелерімен  бірге қаза тапты.

      6. 2013 жылғы 31 қаңтар. СКАТ компаниясының ұшағы апатқа ұшырады. 21 жолаушы опат болды. Көкшетаудан көтерілген ұшақ Алматыға жетпей құлады.

      7. 2016 жылғы 9 маусым. Ақтөбедегі лаңкестік. Террорлық әрекеттің салдарынан сегіз адам қаза тапты. Арнаулы операция кезінде 18 қылмыскердің көзі жойылды.

       8. 2019 жылғы 28 желтоқсан.  BekAir ұшағыАлматы маңында апатқа ұшырады. 12 адам опат болды.

       9. 2020 жылғы 13 шілде.  Қазақстандықтар коронавирус індетінің құрбандарын еске алды. Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.

       10. 2021 жылғы 29 тамыз. Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы оқ-дәрі қоймасы жарылып, 14 адам қаза тапты. Хабарсыз кеткен бірнеше адам әлі іздестірілуде. Адамдардың қазаға ұшырауына байланысты мемлекет басшысы Жалпыұлттық аза тұту күнін жариялады.

       Сонымен, оныншы рет аза тұтып отырмыз. Бірақ қателіктен сабақ алған министр жоқ. Соңғы Байзақ ауданындағы оқиғаны қосқанда, бұл сегізінші рет болған жарылыс екен. Дерекке жүгінсек, алғашқы жарылыс Сәт Тоқпақбаев қорғаныс министрі болған тұста орын алды. Мұны бұрынғы қорғаныс министрінің өзі де  мойындады. «Мен 1999-2001 жылдары қорғаныс министрі болған кезімде бірден қару-жарақ қоймаларын тазарта бастадым. Содан соң қару-жарақтардың қауіптілерін шығарып, әскери полигондарға жауып тастау керек деген ұсыныс айттым. «Соны жасаймыз» деп жүргенде басқа қызметке ауысып кеттім. Сол кезде өзімнен кейін келгендерге, әсіресе, оңтүстік өңірдегі қару-жарақ қоймаларын тазалау қажеттігін  ескерттім. Жалпы, қару-жарақ қоймалары қатал бақылауда болуы керек еді», – дейді Сәт Тоқпақпаев.

       Бірақ бұл ұсынысты ескерген біреу бар ма? Әскери қоймадағы жарылыстар Тоқпақпаев кеткеннен соң да жалғасты. Даниал Ахметов Қорғаныс министрі болған кезде екі рет, Иманғали Тасмағамбетов, Әділбек Жақсыбеков, Серік Ахметовтердің тұсында бір рет, ал министр Нұрлан  Ермекбаевтың кезінде осымен оқ-дәрі қоймасында екінші рет жарылыс орын алып отыр.

Бірақ одан ығатын министр жоқ. Бірнеше күн бұрынғы сұхбатында оқиғаның салдарын жойып болған соң, отставкаға кететінін айтты. Ал екінші пікірі, тіпті, сорақы. Нұрлан Ермекбаев «министрді кінәлі деу – бір жағынан, надандық» деді. Мысалы, Арыстағы оқ-дәрі қоймасы жарылған сәтте кінәлі ретінде 16 адам сотталды. Ал Ермекбаев қатаң сөгіс алды да, ауыр жазадан құтылды. Ал бұл жолы қайтпек?   Дегенмен   бұл  жолы  президент  Тоқаев  оны   отставкаға   жіберді.  Осылайша  ол  тағы да  жазадан құтылып кете ме?  Бұл  енді  әделетсіздік. Рас,   президенттен де,  елден де кешірім  сұрады.

Бірақ соңғы екі жылда оңтүстік аймақтағы әскери қоймада екі рет болған жарылыстан кейін Ермекбаевты ел кешіре қояр ма екен?! Тіршілік  жалғасар, бірақ жарылыстан жан тапсырғандар және олардың ата-ана, отбасы мен бала-шағасының көз жасын кім құрғатады?!..  

Қысқасы, Байзақтағы оқиға оқ-дәрі қоймасының ғана емес, бұл – отыз жылғы қателіктердің жарылысы болып отыр.

Тегтер: жарылыс оқиға қылмыс тергеу тексеру

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұртаза ҚЫДЫРНИЯЗОВ 03.12.2021, 08:48
Қауіп қайдан?!
Махамбет САПАРМҰРАТОВ 01.12.2021, 09:20
Жауапкершілікке шекесінен қарайтындар ел мүддесіне қызмет етпейді
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 30.11.2021, 09:00
2,5 миллиард теңге кімнің қалтасында кетті?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 25.11.2021, 09:00
Теңгесінде тұрақ, үкіметінде естір құлақ жоқ елдің жайы не болмақ?!
Көпжасар НӘРІБАЕВ 23.11.2021, 14:20
Желтоқсанның себебі мен салдары
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 16.11.2021, 09:03
Ұрпаққа келгенде үкімет те керең, әкім де сараң

Аңдатпа


  • 14 мыңнан аса сотталушы босатылады, Сенат рақымшылық заңын қабылдады
    02.12.2021, 15:50
  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00