Балабақша: сан бар, ал сапа қандай?

Сайт әкімшілігі

08.10.2020, 04:06

1373

Биыл Шымкент  қаласында ұстаздардың кәсіби мерекесі ерекше атап өтілді. Қала әкімі Мұрат Әйтенов мұғалім мәртебесін мейілінше ұлықтауға баса көңіл бөлген сияқты. Қаланың көрікті жерлеріне, көше бойына ең үздік деген педагогтардың суреттерінің ілінгені осыны аңғартады.

Әкім мереке қарсаңында  «Үздік педагог – 2020» байқауының қатысушыларын арнайы қабылдады. 12 ұстазға алғысхат пен 400 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. Республикалық жарыста үздік деп танылған үш ұстазға Білім және ғылым министрлігінің «Үздік педагог» медалі мен 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде сыйақысы берілді. Айта кетері, 12 ұстаз байқауға қаладағы 26 мың педагогтың арасынан іріктелінген болатын.

Мерекеде біз тың бастамаларымен көзге түсіп жүрген Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы, мегаполистің бас мұғалімі Жанат Тәжиеваны әңгімеге тартқан едік.

–  Жанат Арысбекқызы, Шымкент қалалық білім мекемесіне осымен үшінші мәрте басшылық жасап отырсыз. Соңғы жылдары қаланың білім саласындағы жағдай күрт өзгеріп жатыр. 7-8 жыл бұрын Шымкентке көршілес аудандардан көптеген елдімекендер қосылды. Бұл мегаполистің білім саласына түсетін жүктемені қаншалықты ауырлатты?

— Ең алғаш рет қалалық білім бөлімінің басшысы қызметіне 2009 жылы тағайындалдым. Бұл кезде  Шымкент қаласы Оңтүстік Қазақстан облысына қарайтын. Содан бергі аралықта көп өзгерістер жасалды. Соңғы жылдары Шымкент қаласының бас жоспарына сәйкес қаланың аумағы ұлғайды.  2013-2014 жылдары мегаполистің құрамына Сайрам, Төлеби, Ордабасы аудандарындағы 42 елдімекеннен 44 мектеп, 4 балабақша және 1 мектептен тыс мекеме қосылды. Оған дейін  Шымкентте 78 білім ұйымы бар болатын. Бүгінде жалпы мектеп саны 172-ге жетіп отыр. Тиісінше, оқушы саны  169 486-дан 224 618-ге көбейді.

Сол 2013-2014 жылдары Шымкент  қаласының білім ұйымдарына бөлінетін қаржының көлемі 28 миллиард теңге болатын. Мұның ішінде құрылыс жұмыстары, мұғалім жалақысы, ағымдағы жөндеу жұмыстары, басқа да шығындар бар. Ал бүгінгі таңда бөлінетін қаржы 113 миллиард 765 миллион теңгені құрайды. Өздеріңізге белгілі мұғалімдердің жалақысы күннен күнге өсіп жатыр ғой. Сол 2014-2016 жылдары педагогтар орташа 75-85 мың жалақы алатын болса, қазір орташа есеппен 170 мыңды құрайды.

– Сол 2014-тен бері қарай білім саласындағы проблемалар қаншалықты күрделенді? Шешімін таппаған қандай мәселелер бар?

– Жалпы, өз басым саннан гөрі сапаға көбірек мән бергенді дұрыс деп есептеймін. Білім саласындағы өзгерістерді сапалы педагогтар ғана жасай алады. Қалаға Сайрам ауданынан өткен мектептердегі ұстаздардың біліміне көбірек мән бердік. Онда  сырттай диплом алып, сабақ беріп жүрген мұғалімдер көп. Жалған дипломмен жүргендердің де болғаны рас. Жұмысқа қабылдауда сыбайлас жемқорлықтың көп кездесетінін жасыра алмаймыз. Мұның бәрі де айналып келгенде, ұстаздардың біліктілігінің төмендеуіне алып келеді. Ал біліксіз мұғалім білімді шәкірт тәриелеп шығара ала ма? Сондықтан мегаполисте соңғы жылдары ұстаздардың сапасын жақсарту бағытында көптеген жұмыстар жасалып жатыр. Екінші мәселе сыбайлас жемқорлыққа қатысты.

Осыдан 7-8 жыл бұрын білім беру саласында «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің көп кездескені рас. Ең ақыры, жұртшылық баласын балабақшаға орналастыру үшін де тамыр-таныс іздейтін. Ол кезде қалада небары 88  балабақша болды. Ал қазіргі күні олардың саны 526-ға жетіп отыр. Бүгінде кез келген азамат үйінде отырып-ақ балабақшаға өтініш тастай алады. Әрине, жекеменшік балабақшалардың көбейгені, олардың өзара бәсекелесе алатындай деңгейге жеткені жақсы нәтиже.  Бірақ мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында да мәселелер бар. Жекеменшік балабақшалардың саны бар, ал сапасы қандай? Білім және ғылым министрі 2021 жылдан бастап, барлық балабақшаны лицензиялау туралы тапсырма беріп отыр. Яғни, енді біз санға емес сапаға жұмыс істеу деңгейіне көшіп жатырмыз. Президентіміз Жолдауында ваучерлік жүйе туралы атап  өтті. Ол дегеніміз – әр баланың өзінің қаржысы болады. Сонда біздің балабақшадағы қызметкерлер осы қаржыны өзіне тарту үшін, таза бәсекелестік жағдайында, сапаға жұмыс істейтін болады.

Сонымен қатар жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлық фактілері орын алады. Балабақшаға келмеген балаларға мемлекеттік тапсырыс бойынша қаржы аударылады. Түрлі қитұрқылықтарға жол беріледі. Енді осының алдын алу үшін ата-аналардың электронды цифрлы қолтаңба арқылы баласының келгенін растап, табельдеу жүргізетін цифрлы бухгалтерия бағдарламасы ендірілуде.

Білім көрсеткіші жағында да біраз мәселе бар. Жуырда Қазақстан бойынша халықаралық зерттеулер болған еді. Осы зерттеулерге қарағанда, шымкенттік оқушылардың білім көрсеткіші көңіл қуантарлық емес. Оқушылардың теориялық білімін практикада пайдалануына баса мән беруіміз керек екен. Мысалы, физикадан электр қуатын жақсы оқыған бала өмірде үтікті жөндей алмайды. Ал ол жетінші сыныптың бағдарламасында бар дүние. Міне, көрдіңіз бе? Теория мен практиканың байланысына баса мән беру керек. 

— Олқылықтын орнын толтыру мақсатында білім жүйесінде қандай өзгеріс, жаңа талпыныстар бар?

— Жаңартылған білім беру жүйесіне енді-енді көшіп жатырмыз. Сондықтан алдағы уақытта сапаға, практикалық білімге де назар аударып, оң нәтижеге жетеміз деген үміттеміз.

Білім сапасын жоғарылату мақсатында оқушылардың функционалдық сауаттылығын анықтау, алған білімдерін қолдана білу, сыни ойлау, бағыттау жұмыстарын ұйымдастырып отырмыз. Дикторлық тест тәсілі арқылы білім сапасын бақылау жұмыстарын қолға алдық. Жалпы, Шымкент қаласында Дарын мектептерінің саны төртеу болатын. Биыл Абай Құнанбаев атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназиясын аштық. Сонымен қатар дарынды балаларға арналған мамандандырылған бес ІТ лицей-интернаты және кластерін қайта құру арқылы іске қостық. Яғни, бұл бағытта да жаңартылған білім беру жүйесін негізге алып отырмыз.

– Сыбайлас жемқорлық туралы айтып қалдыңыз. Әсіресе, мектепке маман қабылдауда келеңсіз көріністердің алдын алу үшін қандай жобалар бар, олардың нәтижесі қандай?

-Білім беру ұйымдарына педагогтарды іріктеу барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету және сыбайлас жемқорлыққа мүлде төзбеушілікті қалыптастыру мақсатында автоматтандырылған электронды қызметтер жүйесі іске қосылды.  Атап айтқанда, HR-PROCESS бағдарламасымен үздік, сапалы кадрларды жұмысқа алу жобасы бар.Яғни, арнайы жүйеге кіріп, өзіңіздің мамандығыңыз бойынша жұмыс іздейсіз. Табылған жағдайда өтінім бересіз. Компьютер кімді таңдайды, сол адамның білімін тексеру мақсатында ауызша сынаққа әрі кездесуге шақырады. Ол жерде кімдер болады деген сұраққа келер болсақ, ең алдымен мектеп директоры сосын қаладағы ең үздік 100 мұғалімнің 4-еуі компьютер  арқылы таңдалады. Комиссияда кімдердің бары кім екенін, қазір сынаққа кім келетіні алдын ала айтылмайды. Ол жерде психологиялық, білім, логикалық тұрғыда бірнеше сұрақтар қойылады, тақтадағы жазуы, өзін-өзі ұстауы барлығы есепке алынады. Соңында берген жауабыңызға байланысты балл қойылады. Сол бойынша егер де үміткерлер арасынан сіздің жинаған балыңыз жоғары болса, жұмысқа қабылданасыз.

– Әрине, теория жүзінде керемет. Бұл жүйе тәжірибе жүзінде қаншалықты нәтиже беріп жатыр?

–Биыл 1 тамыздан бастап Шымкент қаласындағы 106 мектеп  516 жұмыс орнын порталға жариялады. Жарияланған бос жұмыс орындарына үміткерлер 2304 өтінім берді. Бүгінгі күні 425 бос жұмыс орны бойынша комиссияның 425 отырысы өткізілді. Комиссия отырысында 622 үміткердің 2152 өтініші қаралды. 622 үміткердің ішінен 283 үміткер конкурс  нәтижелері  бойынша жеңімпаз болып табылды және тиісінше мектеп директорларына бос орынға ұсынылды.

Жұмысқа орналасқысы келетін мамандар көбінесе М.Әуезов  атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Аймақтық әлеуметтік инновациялық университеті, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты, Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінен келіп жатыр.

– Осы жерде мектеп директорларын іріктеуіне кеңірек тоқтала кетсеңіз. Кандидаттармен әңгімелесу, іріктеу қалалық әкімдік жанындағы арнайы комиссия арқылы жүргізіледі. Алайда осы комиссия мен мектептегі қамқоршылық кеңестері арасында қарама-қайшылық бар сияқты. Қамқоршылық кеңестері комиссияның отырысына тек өздеріне ұнаған кандидаттарды ғана жіберіп, қалғандарын құлатып жіберетін көрінеді. Мұны жоғарыдағы комиссияның мүшелері айтып отыр.

– Мектеп директорлары Білім және ғылым министрлігінің 57-інші бұйрығының негізінде тағайындалады. Конкурс туралы хабарлама жарияланғаннан кейін комиссия құрылады. Содан кейін қатысушылардың біліктілігі, талапқа сәйкестігі бағаланады. Арнайы тестілеуден өтеді. Содан кейін қамқоршылық кеңестің алдында үміткерлер перспективалық жоспарын дәлелдеп шығады. Одан оң нәтиже алғандар ғана комиссияның әңгімесу отырысына жіберіледі. Алайда мектеп директорлығына тағайындауда арнайы педагогтық резерв құрылған. Бұл жерде қамқоршылық кеңеске барар кезде мәселе туындайтыны рас. Көп жағдайда үміткерлерді лайық емес деп өткізбей жатады. Менің ойымша, бұл жерде мүдделердің қақтығысы бар сияқты. Осы тұрғыда Білім және ғылым министрлігі қамқоршылық кеңестің ережесіне өзгеріс енгізуді ұсынып отырмыз.

— Шымкент Қазақстанда халқының саны тез көбейіп жатқан өңірлердің көш басында келеді.  Мегаполисте мектепті бітіруші түлектер мен мектеп табалдырығын аттаушы бүлдіршіндер санындағы айырмашылық қаншалықты көп? Жыл сайын қанша мектеп салынуы тиіс?  «Үш ауысымды мектеп мәселесі биыл, келесі жылы шешіледі» деген сөз Асқар Мырзахметов облысқа әкім болған кезде айтылатын.  Бұл мәселе қашан шешіледі?

– Биылдың өзінде былтырғы жылмен салыстырғанда 12 000-ға жуық оқушы көп. Бұл біріншіден, біздің аймақта бала туу көрсеткіші жоғары. Екіншіден, миграция есебінен. Мегаполис болғандықтан сырттан көшіп келушілер де, Шымкенттің мектептерінде білім алсақ деген қызығушылар да көп.   

Ал енді үш ауысымды мектеп мәселесі жыл сайын айтылатын тақырып. Жаңа атап өткенімдей, жыл сайын оқушылар саны артпаса кемімейді. Биыл 13 мектептің және 2 өнер мектебінің құрылысы жүруде. Оның ішінде, 2020 жылы 5 100 орындық,  8 және 300 орындық 2 өнер мектебінің  құрылысы пайдалануға беріледі. Қалған 5 нысанның құрылысы 2021 жылға өтпелі. Сонымен қатар апатты мектептер саны 2-ден 1-ге, үш ауысымды мектептер саны 19-дан  14-ке  азаяды. Аталған мәселені толық шешу мақсатында 2023 жылға дейін 34 білім нысанын салу жоспарланған.

Осы жерде атап өткен жөн, өткен оқу жылымен салыстырғанда, оқушы саны артық  мектептерге бала қабылдау азайтылды.  Яғни, №1 мектепке – 237, №9 лицейге  – 52, №65 мектепке – 100 бала аз қабылданды.  Еліміздің ертеңі болар балалардың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына қолайлы жағдай жасау — мемлекеттің тікелей міндеті. Сол себепті, мектеп құрылысы әрқашан маңызды бағыт болып қала береді. Аталған мәселелерді шешу мақсатында Шымкент қаласының орта білім беру саласында жан басына қаржыландыру жүйесін енгізу арқылы жекеменшік-мемлекеттік серіктестік аясында жұмыс істейтін мектептер желісін кеңейту қолға алынған.

– Өкінішке қарай, мектеп оқушылары арасындағы суицид бүгінде үлкен мәселеге айналды. Былтыр, биыл Шымкентте мектеп оқушылары арасында өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары тіркелген бе? Жалпы, осы саладағы статистикаға тоқтала кетсеңіз. 

–Соңғы жылдары балалардың өз-өзіне қол жұмсау фактісі азайып келеді. Бұған  2018 жылдан бергі статистикаға назар аударсаңыз, көз жеткізесіз. 2018 жылы 13 жағдай тіркелген. Ал биыл суицидтен өкінішке қарай, бір бала қайтыс болды. Салыстырмалы түрде қарар болсақ, екі жылда балалар арасындағы өз-өзіне қол жұмсау әрекеттерінің азайғаны байқалады. Жалпы бұл бағытта атқаратын жұмыстар өте көп.

Мегаполисте пандемияның кезінде онлайн білім беру қалай жүріп жатыр?

  – Шымкент қаласы республика бойынша Bilim <a href=«iand-onlinemektep.org/?fbclid=IwAR3-aKkPUvv9ICMSV3KX-9lElkpkcmm_RlIIlNbRJ2Rp_YCjpmg1-mM49tU» style=«font-family:»Times New Roman",serif; color:blue; text-decoration:underline" target="_blank">Iand-Onlinemektep.org

интернет платформасында қашықтан оқытуда екінші орында тұр. Ал Білім және ғылым министрлігі тарапынан ендірілген «Күнделік.кз» электронды журналдар ақпараттық жүйесінде үздік үштікті қорытындылады. Бұл көрсеткіш қыркүйек айының қорытындысы. Яғни, Шымкент қаласында қашықтан оқыту барысы өз деңгейінде деп айтуға болады. Бүгінде қалада 1-4-сыныптар аралығында – 49 640 оқушы 3 344 кезекші сыныпта, ал 174 978 (немесе 78 пайызы) оқушы қашықтан білім алуда.

Шымкентте көпбалалы отбасылар аз емес. Кейде ноутбук, ұялы телефон жетіспей жататыны тағы бар. Бұған мектеп мұғалімдері түсіністік таныта ма? Қашықтан оқыту мәселелері қалай шешімін тауып жатыр?

– Елімізде төтенше мәселелер туындайтындығын, қашықтан оқу жүйесіне көшуді ешкім күткен жоқ. Бұл өзгеріс әсіресе, көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қиындық туғызғаны рас. Онлайн сабақ беруге қажетті құрылғыларды сатып алуға кейбір отбасылардың шамасы жетпейді. Осыған байланысты  көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына ноутбуктер, планшеттер мен компьютерлер берілуде.

Қашықтан білім беру жағдайында 224 618 оқушының 80 780-інде (немесе 36,3 пайызында) компьютерге тапшылық анықталған. Білім беретін ұйымдардағы компьютерлер бірінші кезекте әлеуметтік көмекті қажет ететін 20 150 отбасының 35 798 баласына уақытша берілді. Алдағы уақытта сатып алынатын компьютерлік құрылғылар есебінен 44 982 оқушы қамтылады. Оның ішінде 7 109-ы – аз қамтылған отбасы балаларына, ал 37 873-і компьютерді қажет ететін отбасылардың балаларына беріледі.

Қазіргі таңда қаладағы орта білім беру ұйымдары оқушыларына таратылған компьютер саны 33 840-ты құрап отыр. Бұл көрсеткіш осы жылдың шілдесіне дейін 9226 болған еді. Ал шілде айында 10 975 компьютер сатып алынған. Қыркүйек айының соңындағы мәліметке жүгінсек, 7438 компьютер, 2000 ноутбук және 4201 планшет сатып алынған.

Жоғарыда айтып кеткенімдей, қашықтан білім беру – мәжбүрлік. Бірақ бұл білім сапасына кері әсер етпеуі тиіс. Қазір осыған қажетті барлық жағдай жасалуда. 

— Әңгімеңізге рақмет, қызметіңізге табыс тілейміз!

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тоқтар ЖАҚАШ 09:25
Маминның «малы» мұхит асты
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 19.11.2020, 16:48
Ауылда отырып айына 300 мың теңге табатын 13 жастағы баланың арманы не?
Бифат ЕЛТАЕВА 19.11.2020, 13:11
COVID-19: Дәрумендер шынымен дертке дауа ма, дәрігерлер қандай кеңес береді?
Қарлығаш Зарыққанқызы 17.11.2020, 09:32
Зейнетақы қоры ма, әлде маңдай тердің соры ма?
Тоқтар ЖАҚАШ 12.11.2020, 12:40
Алматының мәселесін шешуге әкім Сағынтаевтың әлі жете ме?
Қарлығаш Зарыққанқызы 12.11.2020, 10:27
Қош бол, инвестор!

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» себепкер болуымен көп балалы ана жер алды
    23.11.2020, 11:20
  • Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
    12:41
  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    23.11.2020, 18:42
  • Семинарға сенбеңіз, қаржылық сауаттылық туралы оқытқан алаяқ ұсталды
    23.11.2020, 10:49
  • Ауыз шаюға арналған сұйықтық коронавирусты емдей ме?
    23.11.2020, 09:56