Бауыры суық қоғам және ағаның жан жылуы

Тұрсын ЖҰРТБАЙ

17.09.2020, 10:24

2661

Мынау бауыры суып бара жатқан қоғамды «жаһандану дәуірі» деп қаншама әспеттегенімізбен де, оның жатбауыр суық сызы барған сайын бетіне сызданып шығып келеді. Ең бастысы, «адамға адам – бауыр, дос, туыс» деген ұғымнан жиіркенгеніміз сондай – адамдық сезімнің басты қасиеті – адам мен адамның арасындағы жылы сезімнен ада болып барамыз.  Мына қара талақтың (екі өкпені қабындырып, қарайтып жіберетін індетті қазақтар «қара талақ» деп атап, оған ұшыраған малды өртеп жіберіп, қора-қопсыны аластайтын болған. Мына індет те соның заманауи асқынған бір түрі) тұйықталған өмір құрсауындағы «мырзақамақта» отырып, терезенің әйнегінен көрінген тар кеңістіктегі көріністерді көңіл көкжиегімен кеңейткісі келетін, өткен мен бүгінді салыстырып-талдамайтын ой тоқтатқан адам аз шығар, сірә.

Соның ішінде мен үшін ең жантүршігерлік көрініс – ұлттық дәстүрі мен салтын, мінезін сақтамақ түгіл, өзінің туған ағасын ағаламайтын меңдуана ұрпақтың қарасының көбейіп бара жатқаны. Олар онсыз да ұзақтығы өлшеулі тар өмірдің жолын кес-кестеп, кешегі мен бүгіннің арасын сынасыз ажыратып, ертеңгі күннің есігін кебір-кебек көкірекпен жаппай еңсере бітеп барады. Ащы болса да, мойындағыңыз келмесе де, мойындауға мәжбүрсіз. Мен де қынжыла отырып мойындаймын және түңілемін. Сондайда қарттардың ашынып кеткенде: «Бұл не деген заманға күнім түсті», – деген өкінішті, ызалы үнмен налыған даусы құлағыма келеді. Егер де кешегі мен бүгіннің, аға мен інінің, аға мен қарындастың ар мен ұяттың әдебіне негізделген сыйласымы сақталып қалған болса, арсыздықпен Абайдың алдында шолжаң қағып: «Ақжарқын, ашық мінез көрінем деп, Көрінген адамменен жыртақтаған», – деген сол Абайдың сөзін ғана емес, өзін де жоққа шығарған бейбастақ іні-бауыр, қақшаңдаған қарындас-қыз шықпас еді-ау. Ашығын айтайын, оған жол берген бүгінгі аға деп аталып жүрген мына біздің өзімізбіз, яғни сіз бен бізбіз. Біздің ағаларымыз қаншама «коммунистеніп» кетсе де, ұлттық болмысқа, жасы үлкенге деген жеккөрінішті-нигилистік көзқарасты қалыптастыратындай қасиетсіздікке жол бермеп еді. Ал оған бүгінгі ағалар, яғни тағы да мына біз, жол беріп алдық. «Арсыз бетке ұялмас жақ» бітіп, бейпілауызданып келе жатқан ұрпақтың бетінен қақпадық. Тілім тасқа, бірақ бүгінгі бір толқынның бойынан үлкен мен кішінің, аға мен інінің, апай-қарындастың арасындағы ілтипаттың сұйылып кеткені анық.

Осындай бір торығудың тығырығына түсіп ап, ойдың тұйығына тіреліп отырған сәтімде Жәнібек Кәрменовтің жамағаты Тоты Тұрсынханова марқұмның өмірінің соңғы айларында сөзін Несіпбекке жаздырып  шығарған «Ағалар-ай» атты әнін Гауһар Жұмадүлдаеваның орындауында шайтанқұлақпен жолдапты. Жоғалып кеткен жерінен әнді дәріс дәптерінен тауып, тірілткен шәкірті Рамазан Стамғазиев болатын. Ал бұл әннің шығу тарихы маған өте жақсы таныс еді. Сол бір өкінішті күндерді еске ала отырып:

«Ағалар-ай, ағалар-ай,

Барында аз  ғұмырды бағаламай,

Абайсыз адаспаңдар бір-біріңнен,

Жарықта жанып тұрған самала-ай.

Болғанда халық – теңіз шалқып жатқан,

Өздерің шырылдайтын шағаладай,

Ағалар-ай, әттең, ағалар-ай!

Ағалар-ай, ағалар-ай,

Ауылын пенделіктің жағаламай,

Басынан бір төбенің жиналсаңшы,

Андыздап әр бұтаны сағаламай.

Түбінен бір жүректің табылсаңшы,

Бауырды бөле жарып, алаламай,

Ағалар-ай, әттең, ағалар-ай!

Ағалар-ай, ағалар-ай,

Көңілін інілердің жараламай,

Бірге ұшып, бірге қонып жүрсеңдерші,

Қатарын бұзбайтұғын бал арадай.

Өздерің қонақтаған бәйтеректің,

Тамырын балталамай, араламай,

Ағалар-ай, әттең, ағалар-ай!

Ағалар-ай, ағалар-ай,

Тартысып бір-біріңді табаламай,

Шоқыға хан көтеріп шықсаңдаршы,

Жақсыны жарға қуып қамаламай.

Аңдыссаң аяғыңнан шалдырарсың,

Жұлқыссаң жыртылмайды жаға қалай.

Ағалар-ай, әттең, ағалар-ай!

Ағалар-ай, ағалар-ай,

Барында аз ғұмырды бағаламай,

Қалың ел – қаптап тұрған қара орманың,

Қысады құшағына жан анадай.

Басыңа баданадай бұршақ жауса,

Тоғайды торғай тұрмас паналамай.

Ағалар-ай, әттең, әттең, әттең, ағалар-ай!» –  

деген  өксікті жолдарды  естігенде, жоғарыда айтылған ағалық пен ініліктің арасындағы жегіқұрттың бізден бұрын да ұлттың жүйкесін шүйкелегені есіме түсті.

Иә, ұлы Абай да: «Атаны бала аңдиды, ағаны – іні», – деп, баз кешіп өтіп еді-ау. Демек, бұл қастаншықпағыр қара пиғылдың тамыры тереңде екен-ау, кессек – соны кессекші, араласақ – соны араласақшы. Кімнен ағалық көрдім, кімге ағалық таныттым?» – деп, құмығып отырып осы ойымды іні-бауырларыма жібердім. Мың бала оқытып жатқан Думанғазы бауырым: «Ағайынның, аға мен інінің, ұстаз бен шәкірттің арасындағы жылылық – ескірген ұғым, тек бизнестік қарым-қатынас бар. Мен студенттерімнің бауырын Абайға жылыта алмай далмын. Не істеймін, жолын айтыңызшы. Көргеніңіз бар, сіз айтыңыз. Сіздерді ағаларыңыз қалай тәрбиеледі, қалай тәлім алдыңыз?» – деп, бар салмақты өзіме аудара салды «көксеңгірім».

   Демек, бұл қоғамның суық тартқан бауырын сезінген жалғыз мен емес екенмін деп  отырғанда, іле Ерланнан – Ерлан Бәтташұлынан: «Менде ағалардан қалғаны үшеуің ғана: Арап, Ғарифолла және өзің. Басқа мені бауырына басқан ешкім жоқ. Тұрсын аға, денсаулығыңыз қалай, өзі? Аман болыңыз», – деген жауап алып, біртүрлі серпіліп қалдым. «Иә, менде де әке мен баланың, аға мен інінің арасын жалғастырып тұрған әлдебір дәнекерлік сіңір бар екен ғой. Ерланның мақтау-мадағы маған қарап қалған жоқ, ал Абай елінің рухани өміріне сондай бір адалдықпен еңбек сіңірген осы ағамның – Бәтташ Сыдықұлының көрсеткен ағалық үлгісі туралы не айттым? Ағалық пен ініліктің қандай жылы сезімі бойымда қалды? Аға-іні-бауыр-бала арасындағы әдеп-дәстүр жалғастығы деген сол емес пе» деген сұрақ ойыма келіп, қолыма қалам алдым. Сөзім жалаң шықпас үшін тәмсілімді, осы үш үбірдің: аға мен інінің, іні мен бауырдың (апай-қарындастың) басын қосатын көңіл толқытатын мысалдан бастайын.

Мынау өмірде көңілге көңіл қосылып, бірігіп, көңіл жұбататын көңілсіз күндер сирек те болса кездеседі. Сондай бір ауыр күнді басымнан өткізіп жатқанда, Бәтташ ағаның өмірден қайтқаны туралы азанаманы оқып, жүрегім шым ете қалды. Анамдай болған апайым Айымхан екеуі бір күнде бақиға жол тартыпты. Ағамыздың бейнесі көз алдыма елестеп, аллау акбарымды айтып:  «Дүние бәйтерегінің тағы бір жапырағы үзіліпті. Артының қайырын берсін. Армансыз емес шығар. Бірақ Айымханға қарағанда дүние қызығын көрді. Артына алаңсыз аттанған шығар» деген мүттайым ой келді.

Ауыр күндерді арқалап Алматыдан Астанадағы жұмысыма келсем, алдымда екі жеделхат жатыр екен. Біреуін қолыма алып, ондағы:  «Орны толмас ауыр қаза – асыл апаңыз Айымханның өмірден өткеніне қайғырып көңіл айтамын. Тіршіліктің таусылмас күйбеңімен жүргенде қашанда іздегенде жаныңнан табылардай, өзінен гөрі өзге үшін көмек қолын созуға даяр тұрар, қолынан келген жақсылығына, шын пейіл, адал ниетіне жан-жүрегін қоса ұсынар қайран апаңыздың қазасы қабырғаңызды қайыстырса да, сізге берік бол демекпін. Қайғы деген пәле осылайша сен күтпеген жерден кенеттен келіп, опық жегізетінін тағы дәлелдеді. Тағдырдың жазғанына амал қанша, бекем болыңыз. Апаңыздың жаны жұмақтың төрінен орын алсын. Марқұмның топырағы торқа болсын. Әулеттеріңізге Алла тағала еш жамандық бермесін!» – деген Ерланның көңіл айтуын оқығанымда, өзегімді ыстық бір қимастық бауырмал сезім қарып өтті.

Осыған қоса: кездескенде бауырына баса кететін, өзім де тығыла түскім келіп тұратын Арап ағамыздың жанды шымырлатқан жұбаныш сөзін оқығанда, көзімнен ыстық жас ыршып кетті.

Алыс-жақынды, үлкенді-кішілі ыстық-суығы араласқан ел жақтағы ағайындардың арасынан менің күрсінісімді түсініп, басу айтқан осы екі азамат қана болды. Сонда Тайырдың:

«Жан сүйер сөз саулықта,

Айтыла бермейді екен ғой.

Жандарыңды жай уақта,

Азырақ ұққан екем ғой», –

деген жолдары ойыма оралды.

Мұндағы  «жан сүйер» деген жолдар маған «жаныңа сүйеніш, демеу болатын сөз» деген астарлы әсер беріп еді. Өйткені менің жай-мекенімді жатқа білетін өзге семейліктер де аз емес болатын. Сол күндердің өзінде маған мұқтажын айтып, тапсырмасын беріп жатқан араластарым да, құраластарым да болды. Сонда ойыма келгені:  «Не нәрсенің бәрі тәрбиеден екен ғой. Өзі қаралы туды көтеріп жүріп, Ерланның менің де жанымды түсінгені, жан жұбатқаны қандай кішіпейілділік. Бұл – сөзсіз, әкесі, менің Бәтташ ағамның тәрбиесі», – деген ой келді.

Егер де Бәтташ ағаның артында қалдырған бір ізетті ізі болса, өнегесі болса, ол сөзсіз жөнге жүйріктігі еді деп, толық сеніммен айта аламын. Өйткені сол жөн-жобаны бізге де үйретіп, сөзімен де, мінезімен де баулыған адамның бірі – осы Бәтташ аға. Жеңсе де жөнімен жеңіп, жығылса да жөнімен жығылып, шалқалап барып, қарқылдай күліп жіберіп, асығыстау қимылдап, қайқайыңқырап барып қолын бір сермеп жібергенде бүлінген дүниені орнына қоятын, көңілде сызаты қалса орнын білдірмей, «дуалап, ұшықтап», тыртықсыз жазып жіберуші еді. Артына зіл қалдырмайтын.

Тіпті ол кісінің кең кеудесінде зіл сақтайтындай орын да жоқ сияқты көрінетін маған. Оның бұл мінезін әркім пайдаланды, соның біреуі мен шығармын деп те ойлаймын (қалжың араластыратындай, кекселікке жеткеннен кейінгі он жыл мөлшерінде). Әрине, жақсы мағынасында. Әсіресе өз мініңді біліп тұрып, соны сездіргің келмегенде ол кісіден бұрын сөйлеп, әңгімені басқа жаққа бұрып жіберетінмін. Ал бір бет алған жағынан ағамыз мойнын жақын қашықтықта бұра қоймайтын да, қайта оралып соққанша тағы бір  «тақырыпты» тауып үлгеретінмін.

Иман-Жүсіптің мешіті ашылғанда Семейден Ғафиз, Нәкен, Бәтташ, Зәрел, Балташ ағаларымыз барды. Солардың көлігіне әдейі отырдым да, жайғаса бере:  «Бәтташ аға! Қазір қай майданда соғысып жүрсіз?» – деп,  таусылмайтын және көңілді тақырып тауып бердім. Оған аяулы ағаларымыз да белсене араласып, соның арқасында бәріне бір еркелеп қалдым. Сонда Бәтташ аға:  «Ей, Тұрсын-ай! Басқа майданды қойшы. Мына шалдардың бітпейтін Мұсақұл соғысын айтсаңшы. Не ұтып тынбайды, не ұтылып тынбайды. Әншейінгі шалдардың қарт Қожағы. Кілең компартияның Құнанбайлары (бірінші хатшылар), біз сияқты қатардағы хатшыларды қорқытып үйреніп алған. Не алдына түсе алмайсың, не қалып қоя алмайсың. Түбегейлі жеңіссіз майдан оңушы ма еді. Ағаңның күйі сол, шырағым», – деп, қолын бір сілтеп қойып, әрқайсысына  «шалдық мінездеме» беріп, кәсіптерін  «әшкерелеп», бәрімізді әңгімеге бір қарық қылды.

Бұрын қалжыңға бармайтын ағаларымның ортасында өстіп бір марқаланып қалғаным бар. Маған ең маңыздысы – ол кісілердің көңіл күйін біліп, көңіл көбеңін көру еді. Әйтеуір, өзара тату екен. Соған ерекше қуандым. Ал Бәтташ ағаның жаңағы сөзінде үш түрлі астар бар еді. Оны таратып жатпайын.

Жөніне көшсек, менің жоғарыдағы ағаларыма жортақтайтын жөнім жоқ еді. Ғафиз ағадан бастап, олардың бәрі де менің өмірім мен шығармашылығыма шипалары тиген, шапағатты жандар болатын. Еркелетіп, еркін өсірген де солардың өздері.

Мен Бәтташ ағаны бұрын да алыстан көріп жүргем, мінбеден жүзі таныс болатын. 1966 жылы қара күзде Бәтташ аға бас идеолог, Әлімқұл Ысқақов жастардың көсемі болған кезде комсомолдық сенбілік ұйымдастырып, тиын-тебен жиып, бұта басқан тас төбе боп жатқан Еңлік-Кебектің басына қойылған ескерткіштің ашылу рәсімінде сөз сөйлеген. Ескерткіштегі жазудағы сөзді де Бәтташ аға жазған болатын. Соны оқып берді. Сол жылы Сирақбай Досмағамбетов ақсақал маған Шәкерімнің «Нартайлақ», «Қалқаман–Мамыр» дастанын көшіртті. Сол кезде Шәкерімнің тағдырымен таныстыра келіп, оны ақтау туралы комиссияға Бәтташ Сыдықовтың жетекшілік еткенін, шығармаларын жариялау туралы шешім шығарғанын, бірақ әлдекімдердің кесірінен жарыққа шықпай қалғанын айтқан еді.

Ал алғаш рет бетпе-бет 1967 жылғы 29  қазан – комсомол мерекесі қарсаңында көрдім. Мектепте 9-сыныпта оқитынмын. Ол кісі аудандық партия комитетінің атынан кезекті салтанатты жиналысқа келіп, сөз сөйледі. Қап-қара шашы артына қайырылған сырықтай ұзын қара жігіт екен. Екпіндеп, екі иығынан дем ала сөйледі. Қасында ауылдың жас тілшісі Тұрсын Құдакелдин мен менімен  «арнайы сөйлесуге келген» ақын ағамыз Мерғали Ибраев бар. Менің көзім, әрине, Мерғали ағада болды. Бәтташ аға сөзін аяқтай бере:  «Әй, Мерғали! Әлгі тілші балаң қайда? Е, мына жігіт пе? Дұрыс, шырағым, аудандық партия комитетінің жұмысын осы ауылда насихаттау сенің мойныңда. Ал енді екеуің әңгімелесе беріңдер», – деп, мектеп директоры Серікқазы Мейірхановпен өзі бір жаққа беттеді.

Мер-ағаңмен оңаша әңгімелестік. Сөйтсем, Мерғали ағамыз біздің ауылдың ең сұлу қызы, біздің ұстазымыз Р-екеңе ғашық екен. Соған сәл  «жеңгетайлық» ету керек көрінеді. Бәтташ ағамыз да одан хабардар болса керек, көптің көзінше мені жекелеп шақырып, «заңдастырып» берген сыңайы сол екен. Неғыласыз, біраз уақыттан соң, Төлеген Жанғалиев жеңгелі болды. Есімде қалғаны да сондықтан шығар.

Ол кісі ауданның идеология жөніндегі хатшысы ретінде мені тілшілердің аудандық жиналысынан қалдырмайтын болды. Қызылтудың парторгы Тілеш Жарқынбаев ағамыз машинасына салып алып, отар аралатады. Жазып тұрамын. Марапаттарын көрсетіп жатады. Бір отырыста: «Шәкерім  қашан ақталады? Сіз комиссия төрағасы болыпсыз ғой», – деп  сұрай қалғанымда: «Сұрағың дұрыс. Бірақ жауапсыз қалдыратын сұрақ та болады. Бұл – соның бірі. Өзің жетілгенше, ұрынбайтын нәрсеге ұрынып жүрме. Ол жолыңды ашпайды, кезегі келеді», – деді. Тағы бір жолы кезіккенімізде Бәтташ аға:  «Әкем, сен ақынбысың? Ақын болсаң, аудандық партия комитетінен аулақ жүр. Сендерге сенсек, газетті жауып тынатын түрлерің бар. Бізді тағы да өлеңге қосып, мазақ қылып жүрерсің. Шәкірің бар, Төлеужаның бар, соның ішінде, Мерғали, сен де барсың, оңып тұрған жоқсыңдар», – деп  «қалжыңдағаны» бар.

Сөйтсем, менің  «пірім» Төлеужан Ысмайылов ағамыз ауданның бірінші хатшысынан бастап, ол кісіге дейінгі бастықтардың бәріне арнап әжуа-әзіл өлең шығарыпты және сол тұста аудандық газетке Төлеужан бастатқан кілең ақындар жинала қалып, бір-екі нөмір шықпай қалса керек. Мен оны қайдан білейін. Содан бастап Қарауылға келгенде аупарткомның кеңсесіне жоламайтын болдым. Бірақ ағалық жан жылуы бір бүйрегімді жылытып жүрді. Қазір ауданның әкімі түгіл, ауылнай, мектеп директоры, сынып жетекшісі қай шәкіртін өстіп бауырына басып жүр? «Тест» деген бүйі бет-бетіне тентіретіп жіберді. Оны бір жылдан бері немерем екеуміз оқып жүрген бірінші-екінші сыныптың жай-күйінен білеміз. Қазір онлайн деген шыққан соң, өңі суық темір ұстаз, темір аға, темір министр, темір нұсқау, темір ғылыми жаңалық пайда болды. Енді балаларымыздың бауыры түгіл, түсін жылытудың өзі мұң болып жүрмесін.

Жә, Бәтташ ағама қайтып оралайын. Оқуға түстік. Демалыста аудандық газетке тәжірибеден өту үшін келдім. Сонда да сәлем бере барғамын жоқ. Бір күні көріп қалып:  «Ей, мен әлгі Құдакелдин қайда кетті?» – деп іздетіп жүрсем, сен Жұртбаев болып кетіпсің ғой. Естідім, сен менің сөзіме өкпелеп жүр екенсің ғой. Мен сені Шәкір мен Төлеужанның соңынан қуып кетпесін деп сақтандырғаным ғой. Оларға бәрібір, енді түзелмейді. Шәкерімнің де уақыты келеді. Сен жассың, ерте солып кетуің мүмкін. Мына партия комитетінің үйі – сенің үйің. Келіп тұр», – деді. Оған бірінші хатшы Ғафиз ағамның мені аудандық автостанцияда автобус тосып тұрғанымды көріп қалып: «Бұдан кейін сені автостанцияда және автобуста көруші болмайын. Сенің түсетін жерің де, көлікпен қамтамасыз ететін де аудандық партия комитеті», – дегені дем беріп, ақ үйге қайта үйірсектей бастадым. Осы ағаларымның қамқорлығының арқасында ел-жұрттың тарихын білдім. Үшінші-бесінші курстың аралығында Шыңғыстаудың қос қапталындағы Абайға қатысты жерлердің әр түп қарағаны мен тобылғысын қалдырмай араладым. Шежіре қарттармен сөйлесіп қалдым. Сөйтіп, ағаларым Абай мен Әуезовке менің кіндігімді байлап берді. Міне, ағаның үлгісі, ұрпақ сабақтастығы, рух жалғастығы деген осы еді. Олардың, яғни ағалардың алақанының жылуы мен қамқорлығы болмаса, Абай әлеміне дәл қазіргідей көкбауыр боп жабыспайтыным анық еді.

Жөн біледі дегеннен шығады, 1971 жылы Абайдың туғанына 125 жыл толуына орай, Рымғали (Нұрғалиев) мен Оралхан (Бөкей) ағаларымды қара тұтып, Қарауылға мерейтойға келдім. Ол өзі бір салтанаты осы күнге дейін ұмытылмайтын мереке болды. Ғафиз ағамыздың да дүлдүл шағы. Кеңес Одағының барлық республикаларынан қонақтар келген. Соның ішінде Бауыржан Момышұлы да бар.

Қайтарда ұшақ ішінде Бәтташ ағаның аты жаңғырықты да кетті. Рымғали аға:  «Одан бәрі де шығады. Оның шешендігін айтпаңыз. Шыбынды пушкамен автоматша атады», – деп түсініктеме беріп жатыр.

Сөйтсем, Баукеңді күтуге Бәтташ аға бөлініпті. Тура табақ тартар кезде қойдың басы жоғалып кетіпті. Шегінетін жер жоқ. Бәтташ аға Баукеңе қос табақ тартқызып, екіншісіне төстікті тұтасымен салдырып, батырдың алдына қояды. Еркелігі мен мінезі қатар жүретін Баукең сәл тосаңсып, қабағын шыта бастағанда:  «Сіз сияқты кәрі күйеуге осы жамбас та жетеді, жезде. Жамбас – батырлығыңыз үшін, төстік – күйеулігіңіз үшін. Мұны сіз түсінеді деп істеп отырмыз», – депті. Сонда Баукең мырс-мырс күліп:  «Рас, рас, кәрі күйеумін. Күйеу түскен үйге бас тартпайды. Қайран жөн білгіш Абай атамның тұқымдары-ай!» – деп мәз болыпты. Бақытжан ағамыздың шешесі Жамал апай Абай үйіне түсетін Әнияр Молдабаевтың немересі еді. Жұрт аузындағы сөз осыдан туып отыр екен.

Үлкенді сыйлай білген Бәтташ аға кішіге өзін сыйлата да алатын, сыйлай да білетін. Университетті тәмамдаған соң, мен қайда барсам да, ерікті болайын деп, жолдаманы  өзіміздің аудандық «Совхоз туы» газетіне алдым. Бас редактор Жағыпар Жүнісжанов ағамызға сәлем айтып, келісіп қойғамын: «Іздемейміз. Алматыда қалғаның дұрыс» деген жауап алғам. Қыс күндері деканымыз Қожакеевтен, Алматы облыстық партия комитетінен «жолдама алған жеріне барсын не ол арадан рұқсат алсын» деген пәрмендер түсе бастады. Ауданға хабарлассам, бұл әңгіме Бәтташ ағамыздан шығып жатыр екен. Телефон арқылы хабарласып, жөнімді айтып: «Алдыңыздан өткенім осы...» – дей беріп ем:  «Әй, Тұрсын, сенің Алматыда жүргенің ауданның, елдің абыройы. Оны біз мақтаныш көреміз. Бірақ жөн деген болады. Бұл сенің – Отаның. Отаныңды менсінбей кетпесін деп, есіңде жүрсін деп, елдің есебінде тұрғаныңды, елдің есебінен шықпайтыныңды айтайын деп, әдейі іздеу салып отырмын. Енді ештеңеге алаңдама. Сені әуреге салмаймын. Обкомыңды да, деканыңды да өзім бітіремін», – деді.

Ертеңінде-ақ Алматы обкомына, деканатқа: «Т.Жұртбаев Абай ауданының мақтанышы. Қабыл көріп, қамқорлық жасауды Абай елі атынан өтінеміз” деген мазмұнда жеделхат келіп, жанымды шақырғаным бар. Білгенге бұл ұлы сабақ.

Көп ұзамай қызметі Семейге ауысты. Ара-тұра сәлем беріп жүрдім. Бір жолы қадап отырып айтып, тізгінді қатты ұстап, сілкілеп, қазіргі Шәкерім көшесінің бойындағы  «кітап-үйге» қонаққа шақырды. Үміт жеңешеміздің бапты дәмін татып, коньяктан ұрттатып (ол әлі ауызданбаған кезім еді) отырып, өзінің жоспарын айтып, кітап жазғысы келетінін, соған көмектес дегендей емеурін білдірді. Мен «оның ұзына қарасын қағазға түсіріп беріңіз»  деп өтіндім.  Аз ойланып отырды да, ыңғай білдірмегенімді сезіп, Ерлан мен Нұрланды шақырып алып:  «Осы екеуіне бас-көз бол. Ерлан тарихшы», – деді. Ерланның аспирант кезіндегі алғашқы мақаласын сол кезде өзім істеп жүрген ғылыми басылым – «Білім және еңбек» журналына жариялап, ағаның ол аманатын да орындадым. Ол кезде журналға ғылым кандидаттарының мақалаларының өзі талданып, сараланып шығатын.

Ес біліп, етек жиып, сөз тізгінін ұстаған тұсымда, 86-жылы ақпан айында Қайымның – 70, Медеудің 60 жасқа толу тойы қатар өтетін болып, Жазушылар одағы мені 15 күнге Семейге іссапарға жіберді. Қайым ағаның кездесулерін тәмамдап, Медеу ағаның шашбауын көтеріп, облыс басшыларының сөзін Бәтташ аға ұстап, Қу, Абыралы, Шыңғыстау өңірін бес күн шарладық. Міне, сол жолы Шәкерімді ақтау туралы комиссия жұмысының жөн-жобасын, басылып қалуының себебін, ол құжаттардың қайда, кімде екендерін еркін көсіліп айтты. Кейін абыз ақынды ақтау туралы жергілікті жерден хат ұйымдастыру барысында Бәтташ ағаның сол жолғы деректері негізгі бағыт-бағдар болды. Оның өзі дербес бір әңгіме. Сол жолы Шыңғыс пен Абыралы өңірінің тарихын, ескі сөздерді, адамдарының тағдырын бұрынғыдан да тереңдей білдім. Бұған Бәтташ ағаның шешендігі мен тапқырлығын қоссаңыз, сол бес күнде бес спектакль көріп шыққандай болдым.

Бұдан кейінгі ағалы-інілі қарым-қатынас тереңдей берді де, ақыры еркін әңгімелесу дәрежесіне дейін жеттік. Сөзге керемет аңғарлы еді, ішіңдегіні емеурініңнен біле қоятын. Қайым ағаны жөнелткенде ме, жоқ, жылын бергенде ме, еске алу дастарханына Мағжан Орынбаев ағадан басқа, Семейдің ардагерлері «себепті-себеппен» келмей қалды. Өйткені Қайым аға мен Мағжан ағаның туыстығы бар еді. Ол тұста Әкежан Қажыгелдиннің әкесі Мағжанмен ресми дастархандас болу тәп-тәуір салмақ  салатын. Қапыда Бәтташ аға қарсы алдымнан шыға келгені. Амандықпен қоса: «Бәтташ аға», – дей беріп ем, «Әй, Тұрсын! Ендігісін айтпа. Біз саясаттың жазылмайтын ауруымен ауырғанбыз. Онсыз ұйықтай алмаймыз, сүйек-саяғымыз қақсайды. Мағжан ағамыз барды ғой. Сол кісінің батасы қабыл болсын», – деп алдымды орап әкетті.

Шындығын мойындаған азаматқа осындайда сүйсінесің. Бәкеңнің ойындағысын жасырғысы келсе де, жасыра алмайтын ақкөңіл осалдығы бар еді. Оның ең үлкен адамгершілік қасиеті де сол аңғалдықтан тамыр тартатын.

Бір кезде маған тапсырып жүрген Ерлан қазір белді ғылым қайраткері. Сәлемі түзу әрі кішіпейіл. Көңілімді қалдырған емес, сөзімді жерге тастаған да емес. Әкесінің  «ағаласып, жағаласып” жүрген інісі болғандықтан ба, жоқ, құлын кезінен көріп қалғандықтан ба, қазір де Ерланды көрсем жұмсағым келіп тұрады.  Жасынан елгезек, зерек, Бәтташ ағамен бірге Шыңғыстың тау-тасын бірге аралап, шежіре қарттардың әңгімесін тыңдап өскен Ерланның  ғылым жолындағы ең ықыласты орындалған парызы әке арманын орындау болды.

 Жинақталуы 50-жылдардың соңында басталған Шәкерімнің мұраларын жариялау, зерттеу туралы әкесі, менің ағам Бәтташ Сыдықұлы бастаған күрделі істі тиянақты түрде жүргізіп, «Шәкерім» энциклопедиясын шығарды, «Шәкерім» атты өмірбаяндық монография жазды. Ол ізденіс заңды түрде «Құнанбай» туралы кітапқа ұласты. Ескерткіш орнатты. Алашорданың шығыс бөлімшесі мен Алаш қаласының тарихы туралы үш бірдей құжаттар жинағын құрастырды. Сөйтіп, Абайдың өміріне қатысты тұлғалар мен дәуір сабақтастығы хақында тұжырымды пікір қалыптастырды. Бұл еңбектер қандай да болсын мемлекеттік алғауға лайық. Ең бастысы, әке мен баланың, аға мен інінің арасындағы рухани дәстүр жалғастығы нақты сипат алды.

Ал Ерлан екеуміздің аға мен іні ретіндегі бұрынғы дәнекерлігіміз де ұстамды, берік, сенімді еді. Ендігі дәнекеріміз Бәтташ ағаға деген ортақ сағыныш болатын шығар. Қазақ қоғамының дәстүрлі күретамыры – ағалық пен ініліктің әдеп-салты берік болса, әр қазақ ағасының, бауырының жан жылуын сезіп отырса, апай-қарындастар иба сақтаса, ұлттың ұлы өзегі ешқашан да үзілмейді. Сонда Абайдың бетін тырнайтын бейбастақ ұрпақ шықпайды. Сендердің де,  айналайын ағайын, ел-жұрт, алтын өзектерің мен әулеттеріңнің жан жылуы суымасын. Алла тағала амандық берсін!

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Махамбет САПАРМҰРАТОВ 15.10.2020, 09:48
Қоғамдағы көп кеселді қолдан жасап отырмыз
Айжан БҮРКІТБАЕВА 13.10.2020, 11:32
Қазақта қайткенде баспана болады?
Сайт әкімшілігі 08.10.2020, 10:06
Балабақша: сан бар, ал сапа қандай?
Жарлы БАЙҒАНИН 08.10.2020, 09:13
Домбырам басы дың, дың!
Әділбек ЖАҚЫП 06.10.2020, 09:43
Сталин неге Шығыс Түркістанның тәуелсіздігін құрбан етті?
Қарлығаш Зарыққанқызы 01.10.2020, 11:07
Халықтың аш құрсақ екенін Үкімет қашан сезінеді?

Аңдатпа


  • Мақаншыда «қинау» фактісі бойынша ауыл тұрғыны полиция қолынан қаза тапты (видео)
    19.10.2020, 15:16
  • Ашық хат
    15.10.2020, 10:44
  • Билік жұртта қалған елу отбасыны көшіре алмай отыр
    15.10.2020, 10:38
  • Біржақты қарамайық...
    15.10.2020, 10:30
  • Жетім бала елге аманат
    13.10.2020, 10:33