Бекзат болмысты Бекзат

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

01.06.2021, 08:24

5580

Бекзат Алтынбеков – елге  танымал  кәсіпкер,  меценат. Қарағанды облыстық  мәслихаттың депутаты. Аймақтағы   ықпалды  тұлға.  Халық көбіне  Бекзат  Алтынбековті   меценат  ретінде  таниды. «Жас Алаштың»  Ұлытау  өңіріндегі  күндерінде сапарлап  жүріп,  елдің  ыстық ықыласына  бөленген   Бекеңмен кеңірек таныстық. Сұхбаттастық.

       – Баяғы заманды  қайдам,  бүгінгі күні «атымтай жомарт» атанып, тапқан табыстың жартысынан  көбіне қайырымдылық  жасау кез келген  азаматтың һәм кәсіпкердің еншісіне жазылмаған.  Дегенмен қалтасының қалыңдығын  емес,  елдің  қамын ойлап, қиналғанға   қол  ұшын созып, игілікті  істердің  бастамашысы  әрі демеушісі  болып  жүрген  азаматтар да  аз емес.  Соның  бірі – өзіңсің.  Қайырымдылық  жасау  шын  ниеттен  туып  жатқан  болар...

      – Адам баласы қанға сіңген, қанда бар қасиеттен ешкім ешқашан қашып құтыла алмайтын сияқты. «Ұяда  не  көрсең, ұшқанда  соны  ілесің»   дегендей, ананың сүті мен әкенің тәлім-тәрбиесімен келе  ме  деп  ойлаймын.  Әкем де, шешем де керемет жандар. Әкем өзі 41 жас өмір сүрді. Бірақ бүгінде қарап отырсам, 80-90-ға келген ақсақалдардан әмбе қадірлі, әмбе құдіретті, әмбе сыйлы өмір сүрген адам.

— Әкеңіз кім  болып еді?

— Әкем қарапайым механизатор болды. Солай  бола  тұрса да,  ел ішінде беделді,   парасаты биік азаматтардың бірі еді.  Мінбеге шығып, елдің алдында сөз сөйлеген уақытта халықты тыңдата да, ұйыта да білетін. Ойласа – ойдың, сөйлесе – сөздің шешені бола білген ерекше адам. Соның ішінде әкемнің бір ғана қасиетін айтқым келеді, ол кісі, шынында, менен өткен керемет,  жомарт адам-тұғын. Ол кісі бала-шағаның, ағайынның бір-бірімен жақын араласқанын ерекше жақсы көрді. Әр сапардан келген сайын  «Қайкежан  (шешемді солай еркелететін), бәленшенің баласы отау құрыпты ғой, соған кіріп шығайық. Біз де кезінде отау болдық,  сол балаларға 50-100 сом  ала барып,  қолдарына  ұстатайық  не  болмаса өткенде алған кілемді солардың үйінің төріне жайып кетейік. Ертең сол балалар есейген уақытта біздің балаларға қарар» деп отыратын.  Осындай әрекеттері жас отау құрғандарды қуантып тастайтын. Әрі өзі сол жақсылығына қомданып, қанаттанып қалатын. Әр сапарында ағайын-туыстың үйіне соғып, дастарханынан ауыз тиіп шықса, соған қатты қуанып, ықылас-пейіліне тойып келетін. Әкем айтқан сол әңгімелердегі ағайын-туыспен әкем қайтқалы 40 жыл өтсе де, араласып келемін.

        Шешем де керемет жан. Әкем екеуі бірін-бірі толықтырып жүретін. Ешқашан шешемнің ренжігенін көрмедім. Ауылдағылар «Ой, Қайкежанның күлкісі-ай» деп тамсанып отыратын. Танымайтын, басқа ауылдан келетіндер шешемнің күлгенін «дарақы  күлкі» деп айтуы мүмкін. Бірақ ол шын пейілмен күліп, шын пейілмен көмектесе білетін. Әкемнен біреу қолындағы соңғы затын сұраса, «әй, бұйырмасын, ол жоқ қой» дейді де, жаңағы адам екінші рет сұрағанда  «ә, жарайды» деп, қолындағы затын бере салатын.  Сонда «бұйырмасын,  жоқ» деп тұрып, қолыңдағы затыңды әлгі кісіге бере саласың» деп шешем күлетін.

         «Әке  көрген  оқ  жонар» демекші,  әкеден  көрген үлгі, әкеден алған  тәлім-тәрбие  болар, қазір  мен  тойға иә  болмаса жиынға барғандағы өзімнің басты мақсатым – жас отбасыны қолдау. Жастар болсын, шәкірттерім болсын тойға шақырса, қуанып сол тойға барамын. Отау құрған отбасыға алғашқы соғымы деп, оларға сый жасағанды жақсы көремін. Оны атағанмен, олар сұрамайды. Сонда да өзім соны сойып, апарып беріп, солардың қуанғанын көріп, қанаттанамын. Неге  екенін қайдам, қолымдағы барды  өзгемен  бөліскім келіп  тұрады. Қайырымдылық  жасауға  бейілмін.  Бұл атымды  шығарайын  деген дарақылық  емес.  Шын  ниеттен туған  дүние.  Алдыма  қаншама адам келді,  кетті.  Сол  көмек сұрай келгендердің  ешқайсысының  қолын  құр  қайтарған  жоқпын.  Барыммен  бөлістім.  Келген  адам қуанып қайтса,  мен  соған  қанаттандым. 

        Рас, шешеміздің де  тәрбиесі  бөлек  болды.  Әкеміз  өмірден  ерте  өтті.  Тапқан жалақысы бәріне жетпесе де, шешеміз тамаққа тоқ қылып өсірді. Аш болған жоқпыз. Біреудің қазанына, қалтасына көзіміз түскен жоқ. Сол үшін анама үлкен алғысымды білдіремін. Кейде айтып отырамын, сол кісі ұзағынан сүрсе екен деп. Шешемнің тағы бір берген тәлімі – дастарханға ет әкелген уақытта етті өзімізге турататын. Етті тураған уақытта қателесіп жатсақ, шешеміз «ертең әкесіз өскен бала» деп айтқызатын болдың-ау, етті неге қиғаштап, жалпақ қып турамайсың»  деп қолымыздан тартып жіберетін. Бізді сондай талаппен өсірді. Сол кезде   мен де  «шешем  ренжімесе екен,  қуанса екен»  деген  бір  ғана  мақсат  болды. Шешеме көмектесіп, сиыр да саудым, май да шайқадым, нан да иледім, тіпті тоқыма да тоқыдым. Шешеме көмектесіп отырып, бауырларымның аяғы тоңбасын деп, жүн  шұлық та,  қолғап та тоқыдым.

        Өмір  мені  ерте есейітті. Осының барлығы менің тұлға  болып қалыптасуыма жол  ашты. Жат адамдардың жылылығы да көп болды. Кезінде әкемнің достары келіп,  5-10 тиын бергендердің немерелеріне де сол жақсылықты қайтарғым кеп тұрады. Осы өмірде қалыптасуыма Махмұт Жарылғаптың да септігі бар. Ол Ақтоғай ауданында газетте редактор да, әкім де болды.  Оқуға түсе алмай қалған уақытта ауылға келіп, орталық қоймада жұмыс істедім. Бір күні Махмұт аға келіп: «Өй, Бекен, сен оқуға түсе алмай қалдың ба, жүр менімен», – деп, бастыққа келіп, мені жұмыстан шығарып алды. Сөйтіп, мені «Ақтоғай» газетіне тілші етіп, жұмысқа орналастырды. Өмірім сол сәттен бастап өзгерді. Ол кісі өміріме  дұрыс бағыт берді. Ондай  жақсылықты еш уақытта  ұмытуға  боламайды.  

— Демек,  қанағатшыл  болу,  қайырымды  болу әке мен шешеден дарыған  болып  тұр  ғой?

— Иә.  Солай  десе де  болады.  Мәселен, «Қоғам өзгерді ме, адам өзгерді ме?» деп сұрақ қойылар  болса,  айтарым: қоғам өз орнында тұр, адам да өз қалпында. Баяғы замандағы адамдардан көзіміз не басымыз артық болып тұрған жоқ. Бірақ еңбек ету, еңбекпен мал табу деген нәрсе кемшін болып кетті  дер едім. Кейде сыртымыздан айтатын шығар, «пай, осыған не жетпейді?» деп. Бірақ мен әр тапқан табысымды Алла берді деп табамын, Алла берген нәрсені неге адамдармен бөліспеймін деген нәрсе жүрегімде тұрады. Өйткені мен қанағатпен өстім, қанағатым өзіме жетеді.

         Құдай маған қанағатшыл әйелді де берді.  Балаларымыз да сондай. «Әке, ананы,  мынаны  алып берші» деп таласып жатқан бала жоқ. Қанағатшыл.  Барға  риза,  «шүкір»  деседі. Біреуі әлі күнге дейін «машина, анау-мынау алып бер» деп қиғылық  салған жоқ. Баланы тәрбиелеу үшін алыстан, шетелден ұстаз іздеудің қажеті жоқ. Қазақи  тәлім-тәрбиенің  өзі  керемет емес  пе?  Жалпы, рухани аш адам ешқашан, еш уақытта да тоймайды. Өмірі тоқ болмаған адамның қарны да тоқ болмайды. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген сөз бар. Сондай қағидаларды жаныма серік етемін. Өмірде алға қойған мақсатым: біреуге пайдаң тимесе де,  зияның тимесе екен деп ойлаймын. Ұстанымым – осы.

— Қазіргі жастарға көңіліңіз тола ма?

— Жастарға көңілім толады. Жастар бұзылып кетті деп айтып жатамыз. Оның себебі – қазір жастарға дұрыс жол көрсетететін ағаның аздығы.  Олардың  алдында бағдаршам болатын ақсақалдардың жоқтығы мен үшін уайым. Сондай-ақ қазір жастар көп нәрсені білгісі, көргісі, үйренгісі келеді. Олар аға деп келіп тұрса, төбең көкке жетеді. Ал сен аға деп келген уақытта айтарың болса екен. Ал енді бүгінгі жастарға көңілім толатыны – олардың ізденгіштігі, жаңалықты бойына жылдам сіңіретіндігі. Міне, жастардың бойында осындай жақсы қасиеттер бар. Тек біз оны өшіріп алмауымыз керек. дұрыс бағытқа салуымыз керек.

         Біз қоғамда қырыққа келіп, қанаты бекіген азаматтан гөрі бесіктен шығып, белі бекімеген, буыны әлі қатпаған балалармен жұмыс жасауымыз керек. Қазіргі ата-аналарға көңілің толама  деп  сұрасаңыз,  мынаны айтар  едім. Әйел азған жерде әлем азады. Әйелдің тәрбиесі дұрысталмайынша, ұрпақ түзелмейді. Қазір бала тәрбиесімен әйелдеріміз қатты шұғылданып кетті. Өзімізден кейінгі інілерімізге қарап отырсам, көп жағдайда келіндер алға түсіп, басқарып отырады.  Өз басымды айтар болсам, біздің отасқанымызға 26 жыл болса да, әйелім бір қадам алға шықпапты.  Әулетіміздегі келіндердің барлығы да осындай. Біз оларға айтып емес, көрсету арқылы үлгі болып келеміз. Жезқазған өңірінде сәлем салатын келіншектердің қатары өте сирек.  Келіншегім қаланың қызы, орыстілді мектепте оқыған. Мен қазақтілді, ол орыстілді болса да, екеуміздің түсіністігіміз жақсы. Ол босаға аттағалы бері менің жұртыма сәлем салып келеді. Оны көрген келіндеріміз де сәлем салады. Келіннің бетінен сүйіп жатқан ата мен қайнағаныкі дұрыс емес. Келін сәлем салды ма – батаңды бер.

— Әңгіме ауанын өзгертсек. Жезқазған өңірі тарихи жерлерге өте бай. Осы өңірде туризм қалай дамып жатыр? Облыстық деңгейде арнайы бағдарлама бар ма?

— Облыстық деңгейде екі жылдың көлемінде ғана арнайы бағдарлама жасақталды. Ертерек жасақтағанда туризм дамып, керегесі кеңейер еді деп ойлаймын. Бірақ әлі де кеш емес. Өңірімізде бір дүниелер жасалынып жатса, екінші мәселелер туындап жатады. Алаша хан, Жошы хан кесенелерін көрдіңіздер.  Киелі   Ұлытау өңірінде  керемет тарихи  орындар  жетерлік.  Жұрттың  барғысы келеді,  көргісі  келеді. Бірақ  әлі  күнге  қызмет ету  саласы  жетілмей  жатыр.  Дұрыс жол  тартылмаған.  Арнайы  көліктер  жүрмейді.  Тарихи  нысандарға  жақын  маңнан  қонақүйлер де  керек.   Келген  туристер тоқтап,  аяқ  суытатын,  қона  жататын,  әлгі  өңірдің  қыр-сырымен кеңірек  танысатындай...   Алайда  осы  жағы  әлі кемшін. Дегенмен  жасалып  жатқан  тірліктер  жоқ  емес.  Мәселен, Жошы хан  кесенесінің жанынан  үлкен кешен  салынып  жатыр.

        Қазір Нұр-Сұлтаннан Алакөлге, Балқашқа жаз басталғанда ұшып жататын адамдардың қатары көп. Сол сияқты Жезқазғанға да ұшып келетін ұшақтардың мәселесін шешу керек болып тұр. Бізде ол жағы да кем. Жалпы, Ұлытау өңірінің туризмді дамытуға мүмкіндігі зор. Қазақстанның бір ғана түсті металлургиясының ашық, үлкен мұражайын жасап  тастауға болады.  Ол жерде алғашқы мыс зауыты тұр, өндірілген кенді байытудың алғашқы фабрикасы бар. Ұлытау төңірегінде Қозы-Көрпеш – Баян сұлу аңызына  байланысты дүниелер  өте көп.  Мысалы, махаббат ұғымы жастарды жетектеп әкететін дүние. Олар Алаша хан, Жошы ханға қызықпауы мүмкін, бірақ Баянның туып-өскен жері қызықтырады. Соған сай, екеуінің махаббат монументін жасауға болады. Баянның «Балталы, Бағаналы ел, Аман бол, Бақалы, Балдырғанды көл, аман бол» деген сөзін  ескерткішке  жазып  қоюға  болар еді.

          Осы  өңірде  аңызда айтылатын  Айбас дарасы, Ана дарасы деген жер  атаулары  әлі  бар.  Бір  сөзбен  айтқанда,  үш  жүздің басын қосқан алтын ұясы,   Алаш  баласының қасиетті  бесігі  болған Ұлытау – туризмнің   ошағы болуға  әбден  тұрарлық өлке.  Тек   оны  дамытамыз  деген ниет  болса  болды.

     – Кезінде  әртүрлі  жағдайларға  байланысты біраз  облыстар қысқартылып,   өзге  облыстарға  қосылды.  Содан  бері біраз  уақыт  өтті. Қазір Жезқазғанның жеке облыс болып қайта құрылуына мүмкіндігі бар ма?

-  Облыс жасаймыз десе, потенциалы бар өлке. Талдықорған да кезінде тозып  кетіп еді, қазір қайта түлеп шықты. Кезінде Алаштың  астанасы болған  Семейді де орталық етіп қайта  құрып, жеке  отау  ретінде  шығаруға   болар еді.  Қазір  90-жылдармен  салыстырғанда еліміздің  жағдайы  түзелді.  Мүмкіндік  көп.  Естуімізше, Түркістан облысын екіге бөліп, тағы бір облыс жасауға болады деп жатыр. Сол  сияқты Жезқазған мен Балқашты да бөліп, екі облыс жасауға мүмкіндік бар. Бұл  аймақтарда  табиғи байлықтар, қазба  байлықтар  мол.  Жеке  облыс болса,   демде   көтеріліп кетуге мүмкіндік жетіп жатыр.

— Облыста «Қазақмыстың» рөлі қандай?

— Ол – облыстық бюджетке қомақты салық салатын ірі кәсіпорын. Бұрнағы жылдары «Қазақмыстың» әлеуметтік салаға беретін көмегі ұшан-теңіз еді. «Қазақмыс» кезінде қаншама ілім-білім саласын, Жезқазғандағы әлеуметтік саланың шешілуіне үлкен үлес  қосқан компания  болды. Тіпті  өзгелерге, мықты кәсіпкерлерге үлгі бола білді. Бірақ не болғанын білмеймін, 2008 жылдан бастап «Қазақмыс» барлық жауапкершіліктен арылып, жергілікті бюджетке балабақшалар мен  халыққа көрсететін қосымша көмекті біздің міндетіміз емес деп қайтарып берді. Бұған  не  әсер  етті,  не  түрткі  болды,  білмеймін.  Десек те,  Жезқазған өңірі тұрғындарының 70-80 пайызының жұмысы  осы «Қазақмыспен» тікелей байланысты.

— Оны қайта неге талап етпеске?

— Оны қайта талап етіп жатқанның өзінде, үкімет солардың жағына шығып тұр.  Қазақстанда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы заңды қабылдау қажет. Бәлкім,  сонда  жөнге келер  деп  ойлаймын. Кәсіпорын бір ғана салық емес, ол біздің экологиямызға, денсаулығымызға қаншама зиянын келтірді. Мысалы, Жезқазғанда «Самсунг» деген бір ғана емдеу орталығын салып берді де, содан кейін тоқтады. Қазір Жезқазған, Сәтбаев аймағында «Қазақмыс» бір нәрсе салып берді дегенді кейінгі 10 жылда естігенім жоқ. Жезқазғанның ішкі жолдарын көріп отырсыздар, сол жолдарды салуға әлеуеті мықты «Қазақмыс» араласқан жерде сапа болатын еді. Өкініштісі, «Қазақмыс»  қазір  жергілікті   халық  үшін  ешқандай  игілікті   тірлік  жасап жатқан  жоқ.

— Өзіңізді халық бір емес, бірнеше рет Жезқазған әкімдігіне ұсынған екен. Сіз бас тартыпсыз. Неге?

— Қазақта «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген аталы сөз бар. Сондықтан әркім өзінің ішкі мүмкіндігі, ішкі дайындығы деген нәрсеге сенімді болу керек. Бізде біреуді мақтап, «қолынан келеді» деп апарып қоямыз. Екі айдан кейін бәрінің  әлем-жәлемі шығып жатады. Әлін білмеген әлек. Қазір әкім боп жүрген жігіттердің барлығына айтарым, көбісі әлін білмей, өзін де, елді де әлекке түсіріп жатады. Сондықтан мен әкім болған кезеңде мен өзімді ұмытып, тек халықтың ғана жағдайын жасап, жұмыс істеуім қажет. Ішкі мүмкіндігімді, ішкі дайындығымды айтсам, ханда қырық уәзірге татитын ақыл болу керек. Демек, сондай дәрежеге жеткенде ғана «иә» деп айтатын шығармын.

— Мәселен, дайындығым жетіп, әкім болдым дегенде,  жұмысты  неден бастар едіңіз?

— Өте күрделі сұрақ. Кез келген жерде ішкі таным мықты болу керек. Халықтың не дейтініне, не сұрайтынына  да дайын болу керек. Қазір халықтың талабы да, сұранысы да өте жоғары. Ал халықтан ең бірінші сұрайтыным – бірлік. Бірлігі бар ел озады. Дегенмен де халықты құртып тұрған – алауыздық. Жұмыс жасатпаймыз ешкімге. Аяқтан  шалуға,  сүрініп кетсе  қаралауға  даяр  тұрамыз. Ру дегенге келсек, руды адам жақындығын білу үшін білсін, бірақ билікке араластырмасын. Өз  басыма  келсем,  жұмысты  неден  бастарымды білгенде  ғана әкім болар едім. Жауабым осы.

— Сіз кәсіпкерсіз. Билік жағынан кәсібіңізге қысым болып жатқан жоқ па?

— Жалпы, не нәрсені де біреудің айтқанымен емес, жүрегіммен жасағанды ұнатамын. Ал біреу айтты ма, басымды кесіп алса да жасамаймын.  Өзім адамгершілік, ар-ұятыммен шаруа жасағанды жақсы көремін. Карантин уақытында үкіметтің  тірлігі  ауру санаумен ғана уақыт өтіп жатыр. Содан болар,  жеке, шағын бизнеске ешкімнің де назары түсіп жатқан жоқ. Қазір құлдырап келе жатыр бәрі. Түбі бұл  жақсылыққа әкелмейді.  Үкіметтің ештеңеге дайын емес екенін білдік. Биліктегілер бұл қайдан шыққан данышпан деп ойлап қалуы мүмкін. Бірақ біз, төменде отырған азаматтар, біліксіз үкіметке деген өкпе-ренішімізді айтуға дайынбыз.        Өзім Алланың жолында жүрген соң, алдай алмайды екенмін. Басқа біреулерде болатын шығар, алайда  мен мемлекеттен ештеңе алып жатқан жоқпын, керісінше, халыққа, үкіметке біз көмектесіп отырмыз. Алдымызға келгендердің барлығына қолдан келгенше көмек беріп отырмын. Халықтың тұрмыс деңгейін тым түсіріп алдық.

— Досыңыз көп пе?

— Досым көп деп айта алмаймын. Алланың өзі беретін, мың досқа бергісіз жалғыз досың болады. Әрине, жаныма  жақыны – Алла берген  серігім, әйелім. Сосын, 30 жылдан бергі сырласатын досым деп, бір ғана Светлана Жумкинаны айтамын. Өзгелер ренжи қоймас. Шындығы  осы –  менің досым Света. Міне, отыз  жыл  болды, араласып-құраласып  келе  жатырмыз.

— Соңғы  жылдары  әдебиет,  мәдениет  және  журналистика  саласында  жүргендерге  өз  атыңыздан «Тұлға» деген  сыйлық  тағайындап,  жыл  сайын  беруді  дәстүрге айналдырдыңыз. Көптеген ақындардың кітаптарын шығаруға көмектесіп жатырсыз. Мұндай игі  шараларды  жасау ойыңызға  қалай  келді?

— Өзім содан рахат аламын. Руханиятқа деген көңілім бөлек. Сондай саланы жақсы көремін. Кейбіреулер айтып жатады, дәрігерлерге неге сый тағайындамайсыз деп.  Сонда мен айтам, «дәрігерге кіріп, амандасып шыққаныңның өзі 5 мың теңге ғой» деп. Журналистердің өз мамандығына деген адалдығы таңғалдырады. Олар өмірде бай, қуатты адам сияқты. Оларды қуатты ететіні – дарыны. Олар сонысымен бай. Ішіндегі сыр мен көңіліндегі ойды ақ қағазға жазып, халқымен  бөліскен уақытта журналистен асқан бақытты адам жоқ. Ақын-жазушыларды айтсақ, көбісі материалдық жағдайын жөндеп алсам деп, біреуді мақтап өлең жазып, қадір-қасиетін түсіріп алады.  

        Қазір өнер саласы ешкімге керексіз болып қалды. Жезқазғанда Серке Қожамқұлов атындағы үлкен театр бар. Сол театрымыздың әр премьерасын жібермей көреміз.  Сол  театрда  жүрген  актерлерге   қолдау керек  екенін  сезіндім. Содан  рөлдерді жақсы сомдағандарға   сыйлық тағайындауды   әдетке айналдырдым. Басында 15-20, 30, 50 мың беретінмін. Олардың соған қуанғанын көріп, мәз болып қалатынмын. Екінші, өзім туып-өскен ауылдың балаларын қолдау мақсатында Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев, класс жетекшім Жанұзақ Асанов атындағы, соғыс ардагері, тарих пәнінің мұғалімі Нұрғалы Құдайбергенов атындағы сыйлық тағайындадым.

Ол кісі тарихтан сабақ бергенде «Құдай жоқ» деп айтатын. Айтып алып, өзі «кешір» дейтін. Сол кісі бізге «түбінде дәрігер мен мұғалім мамандығын таңдаған адам ешқашан өкінбейді» дейтін. Менің мұғалім болуыма сол себепші. Одан кейін журналист болғым келді. Өмірде осы екі мамандықты ғана таңдадым.

Былтыр ақпарат саласы бойынша Сәуле Мешітбаеваға, өнер саласы бойынша Меруерт Өтекешоваға сыйлық бердік. Сыйлыққа ие болған, өзге облыстан келетін қонақтарды қанша күн болса да, тұрақтайтын орынмен қамтамасыз етеміз. Осылайша нағыз мамандарды әспеттеп отырамыз. Қазір екі жобаны бастап жатырмыз. Біріншісі – «Аға буын тұлға», екіншісі – «Үздіктер шеруі» деп отырмыз. Қарағанды облысында «Өнегелі өмір» деген жоба бар.  Мектептер менімен кездесу өткізіп жатады. Кездесудің соңында жақсы із қалдырып отыру үшін стипендиялар тағайындадым. Мектептер ол шәкіртақыны қандай дәрежеде беретінін білмеймін, сол себепті жылына арнайы бір шара өткізіп, тапсыруды жөн көрдім. Қарағанды қаласында өтсін деген ұсыныс болды, бірақ мен Жезқазғанды таңдадым. Өйткені Жезқазған –  қасиетті мекен. Балалар соны көруі керек. Жас мамандар да хабарласып жатады. Өзім құқық колледжінің құрылтайшысымын. Жас мамандар келеді, олармен келісімшарт жасасып, жұмысқа алып дегендей. 7-10 жыл жұмыс істесе, үймен қамтамасыз етемін. Міне,  осындай  игі  шаруалар  жасап жатырмын.

— Әңгімеңізге   рақмет.

Тегтер: тұлға пайым пікір естелік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Заңғар КЕРІМ,арнайы «Жас Алаш» үшін Токиодан 03.08.2021, 09:46
Токио күнделігі: Үміткер спортшылар азайып барады
Еркежан АРЫН 30.07.2021, 17:46
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі: мемлекетпен дау
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 28.07.2021, 08:35
Алдаусыратқан ұсыныстар, «хайп» қуған депутаттар
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 26.07.2021, 09:10
Жұрт кімге, неге сенерін білмей жүр?
Заңғар КЕРІМ,арнайы «Жас Алаш» үшін Токиодан 22.07.2021, 20:55
Ғалымбек Кенжебаев: Қоңқабаев кеткен есені қайтарады
Заңғар КЕРІМ,арнайы «Жас Алаш» үшін Токиодан 20.07.2021, 11:26
Олимпиада-2020: Токиоға жеттік, топ жара аламыз ба?

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58