Білімдіден білекті озған заман

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ

19.08.2021, 09:34

3348

Токио олимпиадасында әйелдер арасындағы бокс бәсекесінен қола медаль жеңіп алған 23 жасар Үндістан спортшысы Ловлина Боргохаин жеңіске жете сала ел билігінен туған ауылына баратын жолды жөндеп беруді өтінді. Билік  «қола қыздың» айтқанын екі етпестен, сол заматта спортшының туған ауылына тақтайдай тегіс жол салып беруге кірісіп кетті. Қаршадай қыздың сый мен марапатты қара басына тілемей, туған жеріне, жерлестеріне пайдасы бар нәрсе сұрағаны қатты сүйсінтті. Спортшының елін сүйген көңілі жеңіске жеткізіп, Токио төрінде тұрып та туған жерінің мәселесін естен шығармауы, ал спортшысын құрмет тұтқан ел билігінің жеңімпаз қыздың тілегін екі етпеуі – бәрі-бәрі сол сәтте өте жарасымды көрінді. Қара басының қызығынан Үндістанның бір шетіндегі Баромухия ауылына жеткізетін 3,5 шақырым жолдың асфальттануын жоғары қойып, жерлестеріне жағдай жасап берген Ловлина Боргохаинның жеңісінен бұрын, адамдығы талай жанның көңілінен шықты.

Кеше ғана мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев олимпиада жүлдегерлеріне мемлекеттік награда беру туралы қаулыға қол қойды. Токио-2020 ХХХII жазғы олимпиада ойындарындағы жоғары спорттық жетістіктері үшін Елдос Сметов ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен, Зульфия Чиншанло ІІ дәрежелі «Достық» орденімен, ал Дархан Асәділов, Софья Берульцева,  Сәкен Бибосынов,  Қамшыбек Қоңқабаев,  Нұрислам Санаев, Игорь Сон «Құрмет» орденімен марапатталды. Одан бөлек, 75 000 –125 000 доллар арасында қаржылай сыйақы алып, тағы пәтерлі, көлікті болып жатты. «Байдың асын байғұс қызғаныпты» дегендей, спортшылардың сыйларын қызғанып отырғанымыз жоқ. Алсын! Футболды дамытпаса да, легионерлерді байыту үшін, еліміздің атын қарық қылып шығармаса да, «басқа елден қалмайық» деп, доп қуалағандардан да миллиардтарды аяп жатқан жоқпыз ғой. Бөліне берсін, алайда...

Олимпиададан қола алып қайтқан спортшыларымызды қошеметтеп қарсы алып, қаржылай да, қымбат бағалы сыйлықтармен де риза қылып жатқан сәтте Халықаралық математика олимпиадасынан алтын медаль иеленген Айбек Мырзатаев есімді алтын баламыз да елге олжалы оралып жатты. Әлемдік  додада алтыннан алқа таққан ұланымыз әлемнің 107 мемлекетінен қатысқан 600-ден аса оқушының арасынан алтын жүлдені жеңіп алды. Атап айтарлығы, бұл Айбектің алғашқы жеңісі емес, осыған дейін де халықаралық додаларда топ жарып жүрген математик талай рет бірінші орынды иеленген болатын. Осылай талай жерде ел намысын қорғап, алтынды ғана жеңіс деп танитын білімді жасқа  алғыс хат пен ноутбук қана бұйырыпты. Бұл не, білімнің, білімдінің бағасын білмеу ме, әлде білім саласы құрметке лайық емес пе?

Осыдан кейін соңғы жылдары талай білімді жастың елде қалмай, шекара асуының сыры да белгілі болғандай. Өз елімізде қадірі жоқ алтын басты талай жасты шетелдіктер аттай қалап құда түсіп, алып кетіп жатыр. Олар өзге елдің дамуы мен өркендеуі үшін еңбек етуде. Тіпті ата-аналардың өзі қоғамның  осы бір көзқарасынан соң, баласын білімді етуден гөрі спорт секциясына жетектеп баруға көбірек көңіл бөлері сөзсіз. Қазақстан тарихындағы ең бір сүреңсіз олимпиада деп бағаласақ та, қола алған спортшыларды төбемізге көтеріп, білім сайысынан алтын алған оқушыны көзге ілмеуімізге қарап, қоғамның білімділерге көзқарасын анық байқауға болады.

Рас, спорттық додалардың да өз орны бар. Бірақ «Білекті – бірді, білімді мыңды жығатыны»  белгілі ғой. Ендеше еліміздің ертеңі үшін қызмет ететін, мемлекетті дамытатын білімді жастарға көңіл бөліп, олардың білгенін еліміздің өркендеуі жолында пайдалануды неге ұмыттық?

Спортшоу, эстрадашоудан ғылым мен білімге қарай көңіл бөлетін кез жеткен секілді. Спорт жарыстары мен  ән байқауларынан орын алғандарды жарнамалап, елдің де назарын осы үрдіске аударғанымыз соншалық – халық та әншілер мен спортшыларды дәріптеуге еті үйреніп барады. Олар да халыққа қызмет етіп, халықты риза етіп,  халықтың мәселесіне көңіл бөлуден гөрі өздерін қымбат сыйға лайық, сол сыйлық берушілердің сөзін сөйлер жандар ретінде көріп алғандай. Әйтпесе олимпиададан алған сыйын халықтың игілігі үшін жұмсамақ түгіл, халықтың атынан сөйлеп, халықтың мұң-мұқтажын сөйлер спортшы неге сирек? Қай спортшы марапатын халыққа арнап, халық үшін биліктен жол, таза ауызсу сұрап еді?! Спорттық сайыста  орын алып келсе, биліктен мансабы даяр тұратын спортшылардай білімді жастарымызға неге елімізде орын жоқ?

Осындайда еске түседі, Афины олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев чемпион атанған соң, көп ұзамай, 26 жасында Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Айшабибі ауылдық округіне әкім болып кеткені есте. Олимпиада чемпионын ауыл әкімі қылғанымызбен, бұқаралық спорт дамып кете қойған жоқ, есесіне осыдан соң спортшының мансаптық жолы өрге домалап бара жатқанын көріп отырмыз. Тағы бір олимпиада чемпионы –  Ермахан Ибрайымов Алматы қаласының мәслихат депутаты атанған соң, осы жылдың басында парламенттік сайлау кезінде митингіге шығып, қарсылығын білдіргісі келген халықпен жаға жыртысып қалғаны есте. Кейін осы ісіне наразылық білдірген халыққа «Осы уақытқа дейін мен халқыммен бірге болдым және әлі де бірге болатынымды айтқым келеді. Митинг кезінде наразылық білдірген халыққа күш көрсету мақсатында емес, сабырға шақыру үшін барған болатынмын» деп қанша ақталса да, ішкі ниеті аңғарылып қалған болатын. Осыдан соң халық арасынан шығып, олимпиада чемпионы атанып, мемлекеттің сыйақысын алған соң, халықтың мәселесін ұмытып шыға келетін спортшыларымыздың әрекеті қынжылтпай қоймайды.

Бәрі құрысын, спортшыларымыздың бірі «елімнің берген сыйақысын қуаңшылықтан зардап шегіп жатқан өңірдің халқына беремін» десе ғой шіркін. Үндістанның боксшы қызының аузынан шыққан еліне деген жанашырлықтың біздің жігіттеріміздің аузынан шықпауы қынжылтады бәрінен бұрын… Шынымен кімді басымызға көтеріп жүрміз, өзі?!

       P.S. Бет қатталып жатқанда: Токио олимпиадасының қола жүлдесін иеленген Нұрислам Санаев әлеуметтік желідегі парақшасына мемлекеттік сыйақыны мұқтаж жандарға бергісі келетін жазба жариялады. «Мемлекет тарапынан маған берілетін қомақты сыйақыны мен мұқтаж отбасылар мен науқас балалардың еміне жұмсамақпын. Елімізде бақытты отбасылардың саны көп болсын», – деп жазды спортшы. Қашанда елімен бірге болғысы келетін ердің ісі басқаларға да үлгі болғай.

Тегтер: Токио-2020 Олимпиада спорт ұйымдастыру Жапония Қазақстан

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұртаза ҚЫДЫРНИЯЗОВ 03.12.2021, 08:48
Қауіп қайдан?!
Махамбет САПАРМҰРАТОВ 01.12.2021, 09:20
Жауапкершілікке шекесінен қарайтындар ел мүддесіне қызмет етпейді
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 30.11.2021, 09:00
2,5 миллиард теңге кімнің қалтасында кетті?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 25.11.2021, 09:00
Теңгесінде тұрақ, үкіметінде естір құлақ жоқ елдің жайы не болмақ?!
Көпжасар НӘРІБАЕВ 23.11.2021, 14:20
Желтоқсанның себебі мен салдары
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 16.11.2021, 09:03
Ұрпаққа келгенде үкімет те керең, әкім де сараң

Аңдатпа


  • 14 мыңнан аса сотталушы босатылады, Сенат рақымшылық заңын қабылдады
    02.12.2021, 15:50
  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00