Біреуге бас қайғы, біреуге «мал» қайғы

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ

20.01.2022, 08:49

6585

Қазақстанның басты құндылығы адам дейтініміз өтірік секілді… Еліміздегі ең құнсыз нәрсе адам өмірі екен. Қаңтардағы қантөгісте құлағымызды тұндырып, көзді ашытатын жарылғыш заттар жарылып, оқ атылып жатқанда, теледидардан кәсіпкерлердің материалдық шығыны сәт сайын жаңарып, хабарланып жатты. Ал оншақты күнге дейін еліміздегі бейберекетсіздік кезінде қанша адам о дүниелік болғанын біле алмай, пұшайман болдық.

Тіпті, «осындай бейберекет кезде зардап шеккен адамды санаудан, жоғалған ұялы телефонды санау оңай болғаны ма? Аласапыранда материалдық шығынды қалай есептеп үлгеріп жатыр», деп қайран қалдық. Өйткені ғаламтор жоқ, атыс тоқтамаған, қоқыс төге шығып, қаңғыған оққа ұшып жатқандар тіркеліп, халыққа есігінің алдындағы дүкеннен нан әкелу мұң болып, қару ұстаған террористерден бір, күштік құрылым өкілдерінен екі қорқып отырған кезде де бизнесмендердің шығыны, зардап шеккен дүние мүлкі есептелініп үлгеріп жатты. Бірақ жараланып, жазықсыз о дүниелік болып жатқандар туралы тіс жарылмаса да, байлардың бары жоқталып жатты. Теледидарды қосқан сайын жаңарып жатқан статистикаға қарап, «адам жанынан артық болып па тәйірі», деп шамымызға тие бастаған тұста мерт болған, жараланған, жоғалған жандардың саны Бас прокуратура тарапынан айтыла бастады-ау әйтеуір...

Рас, барыс жылының басы еліміз үшін ауыр болып тұр. Әйтсе де адамның орны толмайды, бірақ дүние-мүлік, сынған, шағылған, жоғалған нәрсенің орны толары анық. Дегенмен ел ішінде бейберекетсіздік басталғаннан бері есебі жүргізіліп жатқан шығын әлі көбеюде. Соңғы ақпаратқа сүйенсек, Алматы әкімдігінің хабарлауынша, жаппай тәртіпсіздік салдарынан келген шығын көлемі112,6 млрд теңгені құраған көрінеді. Зардап шеккен қызметкерлерге өтемақы көлемі – 617,5 млн теңге көлемінде бекітіліпті. Оның ішінде, бизнес субъектілері – 67 млрд теңге, шағын және орта бизнес – 42 млрд теңге, ірі – 25 млрд теңге болыпты. Ал оның ішінде, азық-түлік емес дүкендер – 20,9 млрд теңге, азық-түлік дүкендері – 5,7 млрд теңге, қару-жарақ дүкендері – 6,4 млрд теңге, ломбардтар – 2,9 млрд теңге, қоғамдық тамақтану нысандары – 1,8 млрд теңге, қаржы ұйымдары – 702 млн теңге, ірі бизнес – 24,9 млрд теңге шығынға ұшыраған көрінеді. Әкімшілік ғимараттар – 22,6 млрд теңге, әкімдік ғимараты – 20 млрд теңге, Бас прокуратура ғимараты – 2 млрд теңге, полиция департаменті және полиция басқарамасының ғимараттары – 205 млн теңге, экопостар – 163 млн теңге, медициналық нысандар – 2 млн теңге шығынға батқан. Материалдық-техникалық база – 16,7 млрд теңге, атап айтқанда, Полиция департаменті техникалық жабдықтау және қару-жарақ – 16 млрд теңге, ТЖД техникалық жабдықтау және қару-жарақ – 89 млн теңге, әкім аппаратының жабдықтары – 182 млн теңге, сергек жүйесі – 250 млн теңге шығынға батқан. Көлік құралдарына кеткен шығын көлемі – 1,9 млрд теңге. Оның ішінде, полиция департаменті – 1,19 млрд теңге, төтенше жағдайлар департаменті – 435 млн теңге, Алматы тазалық – 33 млн теңге, шаруашылық басқармасы – 116 млн теңге, жеке көлік – шығыны 43 млн теңгені құрапты. Бұл сан алдағы уақытта әлі де ұлғая түсетін секілді. Дегенмен күн өткен сайын көбейіп бара жатқан шығын көлемі көңілге күдік ұялатпай қоймайды.

Мәселен, «Француз үйі» сауда дүкенінің атқарушы директоры Галина Кимнің сөзіне сенсек, бүгінгі күні аталмыш сауда үйінің шығыны 5 млрд теңгені құрап отырған көрінеді. Негізінен, әтір сатумен айналысатын дүкенде мародерлік тонау кезінде қымбат әтірлермен бірге, алтындар мен 150 мың теңгенің тондарына дейін болған-мыс. Бірақ дәл қазір әлеуметтік желіде аталмыш дүкеннің бұл шығынына күмәнмен қараушылар көбейіп тұр. Мысалы, әлеуметтік желі қолданушысы Ораз Әлімбеков кәсіпкерлердің шығынына күмәнмен қарап, «Қазақстан халқына» қорынан кәсіпкерлерге көк тиын көмек берілмесін», қор арқылы зардап шеккен кәсіпкерлерге көмек берілетінін естіп алып, тауар иелері шығын көлемін еселеп көтеріп отыр деген пікірде. Әлеуметтік желіге жазған пікірінде Алматыда «Французский дом» деген әтір сататын дүкен желісі бар ғой. Сол дүкен «Қанды қаңтар» оқиғасы кезінде 5 млрд теңге зиян шегіпті-мыс. Талан-тараж кезінде әтірден басқа елтірі сырт киімдер қолды болыпты. 5 млрд шығынның басым бөлігін осындай тон-шапандар құрайды екен. Себебі «Французский домда» бір данасының бағасы 150 мың АҚШ доллары тұратын тон-шапан тізіліп тұрыпты. Апырай-ә!? Сонда ол тон-шапан ненің терісінен тігілген? Мұншама қымбат киімді киіп жүруге кімнің жүрегі дауалады? Осы ақпаратты ақылыма салып таразылай алмай, дал болып қалдым...», — дейді. Оның пікірін қуаттай түскен басқа да желі қолданушыларының бірі «Асап қалғысы келетін кəсіпкерлерді жалған ақпараты үшін соттау керек! Кейбірі өз дүкенін өзі тонап, өздері шағып жүр деп те естіп жатырмыз, Үкіметтен ақша алу үшін. Қарпып қалғысы келетіндерді жіті тексеру керек!» десе, енді бірі «Сол баяғы жемқорлық. Тон сататын, қымбат әтір сататын адам, жай адам емес. Енді әмпәй-жәмпәй болып, Үкіметтің, халықтың есебінен, екі есе қылып ақшаларын шығарып алғысы келіп отыр ғой», деген пікірде. Расында да тек бай-бағыландар ақшасының көптігін сезіне түсу үшін, бағаның буына «мас болып» мақтану үшін кіретін, кейде, тіпті, бағаны ауадан алып қойғандай көрінетін дүкеннің шынайы шығыны бес миллиард дей аламыз ба? Мұндай дүкендердегі тауардың байларға арналған, «понттық» бағасын емес, өзіндік құнын есептесек, шығын көлемі әлдеқайда арзандар ма еді...

Жалпы, еліміздегі зардап шеккен кәсіп иелерінің қай қайсысы болмасын, шығындарын миллиардтарға бағалап отыр. «Сулпак» дүкендер желісі 5,14 млрд десе, «Алсер» бір миллиардтан асырып, «Магнум» он бір миллиардтан асырып отыр. Қалай болмасын, «Сулпактың» құны миллионға жуық техникаларды мыңдап қоймаға жинап қойып, «Магнумның» миллиардтық тауарын мародерлердің бір күн ішінде тасып алуы аздап ақылға сыймай тұрғаны рас. Дәл қазір жүздеген шаңырақ жоғалтқан жақынын жоқтап жатса, біреулер  миллиардтарын түгелдеп әлек. Тіпті, біреулер ел ертеңіне алаңдап отырғанда, енді біреулерге «бас қайғы, енді біріне мал қайғы» кезең болып тұр. Ақыры, қайыр болғай...

 Тек «мүмкіндік туғанда, барынша молынан қарпып қалайын, анау жегенде, мен неге жемеймін, әркім әлінің келгенінше жеп жатыр», деген қомағай пиғыл мемлекеттің түбіне жетпесе болды.

Тегтер: лаңкес қауіп қатер терроризм соғыс қантөгіс мемлекет халық әлеумет қоғам пікір

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Жарас КЕМЕЛЖАН 08:07
Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)
Тұрысбек СӘУКЕТАЕВ 20.05.2022, 08:09
НӘН-байдың заманы мен зауалы
Жарас КЕМЕЛЖАН 20.05.2022, 08:01
Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
Айдын ОЛЖАЙ 19.05.2022, 08:52
Мусин міз бақпайды
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ 18.05.2022, 06:17
Қонаев кімнен кем, кімнен артық еді?
Дос КӨШІМ 17.05.2022, 05:00
Қайран 16 миллиард...

Аңдатпа


  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01
  • Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
    23.05.2022, 10:30
  • Мусин міз бақпайды
    19.05.2022, 08:52
  • Сор болған стрестік активтер
    19.05.2022, 08:56