Біз ертеңіне емес, ертегіге сенетін елміз бе?

Махамбет САПАРМҰРАТҰЛЫ

27.05.2022, 08:44

1875

                                       «Кез келген жасампаздық құлдық қамытын

                                          кигізеді: жаңа биікке көтерілуге міндеттейді».

                                                                                              Альбер Камю,

                                                                    Нобель сыйлығының лауреаты

       Келер күннің келбетін, алдағы заманның ағымын аңғартатын болжамдарға зер салып отыратын әдетіміз бар. Ондай болса, Нострадамуста  неміз бар, өзіміздің Мөңке би бабамыздың жорамалына жүгінсек те жетіп жатыр.  Ұлы дала данышпаны Мөңке бидің болашақты болжаған жорамалына көз салсаңыз, жаға ұстатарлық дәлдікке тап боласыз. Әулие бабамыз сонда не деген дейсіз ғой. «Кер заманның  кезінде – Жақсының атағы кетіп, азабы қалар, Әулиенің аруағы кетіп, мазағы қалар», депті. Бидің жорамалын жасырып-жаппай, бүгінгі күнімізбен салыстырып қарасақ, айна қатесіз келіп тұр. 

      Билік – бесіктен белі шықпаған баладан, еңкейген кәріге дейін аңызбен ауыздандырып, ертегімен әлдиледі. Шолақ болжамнан шалқар шындық шықпайды екен, орындалуы неғайбыл түрлі бағдарлама, жолдау, жоба, идеяларды итке сүйек-саяқ лақтырғандай, жоғарыдан төменге  тықпалап,  елді деградацияға ұшыратып, ертеңіне бей-жай қарайтын бейқам ұлтқа айналдырды.  Елді айтқанына сендіру үшін  қайдағы бір қиял-ғажайып «озық отыз ел» деген ертегіні ойлап тауып, ауыздарынан ағыл-тегіл ақтаруымен болды. Оған «Мәңгілік ел» деген қойыртпақты қосып қойды. Әйтеуір,  ит басына іркіт төгілген заманда өмір сүріп жатқандай болғанбыз. Не деріңіз бар, сол көшбасшылардың «даналық» ойларының дәмін татып, жемісін жеп қарық болғанымызда, бүгінгідей бармақ тістеп, бас шайқап, іштен тынып отырмас едік.

      Кешегі қайғылы қаңтар оқиғасы ертегі айтып елді алдарқатқан биліктің бетпердесін түгел сыпырып тастап, аймандай етті. «Біз мықтымыз, біз бақытты елміз», деп жүргеніміздің бәрі бекер екенін өмірдің өзі көрсетіп берді. Қараңыз, басбұзар бандиттер мұздай қаруланбай-ақ, ауыр артиллериямен атқыламай-ақ, төбемізден бомба жаудырмай-ақ, қолға түскен темірқазықтармен ұрып-соғып күл талқанымызды шығарды. Қазақ ертегілерінің соңы, әдетте, әдемі болып аяқталушы еді, ал биліктің ойлап тапқан ертегілері Отанын сатқан опасыздар туралы болып шықты. Әупірім Тәңірмен әрең дегенде, ес жидық.

      «Жұт жеті ағайынды» деп айтқанда осы – қазақ. Сол жұт деген құрғырыңыз жаңа ғасырда балалап көбейіп, көзбояушылықпен сегіз, мақтаншақтықпен тоғыз, жеке басқа табынушылықпен он болды. Көп жұттың көш басында – көзбояушылық тұр. Сонау 70-ші жылдары орыстың атақты журналисі Василий Песков капитализмнің «апаны» АҚШ-қа сәті түсіп, сапарлап барыпты. Елге оралған соң, редакциядағы әріптестері: «Вася, айтшы, Құрама Штаттарда адам таңғаларлықтай, не ғажап көрдің?», – деп сұрапты. Сонда Песков: «Ыстық су ағады» деген жазуы бар краннан, ыстық су ағады екен», деп қысқа қайрыпты. Мұндай ащы ақиқатты көзбояушылыққа көміліп қалған Кеңес өкіметі шыбын шаққан құрлы көрмеген анық еді. Сол  компартиядан мұраға қалған көзбояушылықпен тәуелсіз еліміз біржолата ат құйрығын кесісіп, айрылысып кете ме десек, жаңылысқан екенбіз, керісінше, отын үрлеп, жаңаша сипат беріп мемлекеттік саясаттың сойылын соғатын сиқырлы таяқшаға айналдырып алды. Билік ертегілері мен көзбояушылық арасынан  қыл өтпейтін татулық орнады. 

      Бүгінгі билік көзбояушылықтан құтыла алмайтын тәрізді. Өйткені батпандап кіріп, мысқалдап шығатын сол бәлекетіңіз қанымызбен араласып, сүйегімізге сіңіп кеткен. Қазақ үкіметі қаны тамып тұрған қымбатшылыққа қалқан бола алмай отыр. Қысқа күнде қырық құбылып, сағат санап шарықтап бара жатқан бағаны тұрақтандыруға тырысып, тыраштанғанынан түк шықпаған сон,  бәрін нарық әлеміне итеріп тастап, кіндігіміз берік байланып қалған Ресейді кінәлаудан да кет әрі емес.

      Жер шарында 30-50 жыл алда жүретін бір ғана ел бар, ол – біз. 30 жылдан бері ерінбей, жалықпай, асығып, аптығып айтып келе жатқан ертегінің аяғы  «Жаңа Қазақстан», «Екінші республика» эпопеясымен  жалғасты.  Бұл да бір «Мәңгілік ел» сияқты көп қойыртпақтың бірі ме деп, жанына жақын тұтып жүргендерді көрмейсің. Билік сонда да қояр емес: «салынады», «беріледі», «құрылады», «жоспарлануда», «бөлінеді», «тұрғызылады», т.б. болымсыз етістіктермен елді алдарқатып, тумаған сиырдың уызымен қарқ қылып жатыр. «Ертеңге қалдырған екі істен, бүгін бітірген бір іс артық» демейді. Сол баяғы көне соқпақ, ескі сүрлеу, таныс әуен. «Өткізу үшін шындықты, Өтірік қостым аздаған» (Қ.Мырза-Әлі) болса бір сәрі-ау, шындық өтірікке көміліп қалып жатыр.

      Жаңа Қазақстанның алдында күйіп тұрған мәселе көп. Соның бірі – баспанамен қамту. Тұрғын үй кезегінде жарты миллион адам тұрғанын ескерсек, «ертегілер» елінің ертеңі ойландырады. Бай-бағландар 10-30 пәтерді бірден сатып алып, жалға беріп пайда көріп жатса, баспанаға зәру байғұстар үміт пен үрейдің ортасында бұрыш кезіп бүрсең қағып жүр. Неткен әділетсіздік десеңізші.

      Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары аяқтары аспаннан салбырап  түсе қалған ашкөз аудан әкімдері ортақ игілік – жерді оңды-солды тарқатты. Суармалы егістік жерлер ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Пысықай мықтылар – 500 га, орташалары – 15-20 га, осалы оңбай, құралақан қалды.  Бұл мәселеге қайта оралмасақ, «Таба алмай жүрген асыңның, Ит жегенін көресің. Ретсіз бөлген үлестің, Айтшы, Құдай төресін» деп өзегіміз өртеніп жүре бермекпіз.  

      Билік аузымен айтылатын ертегінің сарыны саябырсып келеді. Шүкір, делік. Бірақ туған елін тонап, ұрлап, екі жеп биге шыққан ашкөз алпауыттар арамызда қаптап жүр.  Оларға «Қарашада қара үй тұр, Қарайлай жүр артына» (Ж.Кәрменов) деп құлаққағыс қылып қойғанның еш сөкеттігі жоқ.  Осындайда мына бір тәмсіл еске түседі. Баяғыда бір кісі ауылға мешіт салуды ниет етіп тұрғындардан ақша жинауды бастап кетіпті. Ауыл аралап, көше кезіп келе жатып бір үлкен көк дарбазаны қаққан екен, арғы жақтан бұжыр бет, кебеже қарын, мәйкішең мұртты кісі шығып: «Ей, қазақ, саған не керек?»  депті.  Ауыл адамы еш саспастан: «Мырза, ауылға мешіт салмақшы едік, соған атағаңыныз болса берсеңіз», – деп алақанын жайыпты. Әлгі тәкаппар бай жайған алақанға молдау етіп былш еткізіп түкіріп жіберіпті. Ауыл адамы сабыр сақтап, түкірік толы алақанымен бетін бір сипап жіберіп: «Тақсыр, бұл маған атағаныңыз болсын, Аллаға атаған неңіз бар?», – деп қос алақанын қайта жайыпты. Үй иесі ойланып, күмілжіп тұрыпты да: «Ей, пірадар, сен бара бер, мешітке қажетті қаржының бәрін өзім-ақ беремін» депті.  Сол айтпақшы,  бай-бағландарға: «Алаған қолың береген» дейді қазақ, Жаңа Қазақстанға атаған нең бар? деп алақан жаймасақ та, ашығын айтуға болады. Туған елдің төбесін тесіп шалқығандар, енді бір сәт табанға да түсіп көрсін.

      Көне аңыздардың бірінде, афиналықтар биік ғимарат салуға келген екі құрылысшының бірін таңдап алатын болыпты. Құрылысшының бірі асқан шешендікпен болашақ ғимараттың жөн-жобасын, сән-салтанатын, ою-өрнегін қолмен қойғандай қызықтырып айтып, ұзақ сөйлеп түгелге жуық тұрғындардың ықыласын өзіне аударыпты. Екінші құрылысшы: «Құрметті афиналықтар! Оның ауызбен айтқандарын, мен өз қолыммен істеймін» деп қысқа қайрыпты.  Сол айтқандай Жаңа Қазақстан құруға  бет алған билік  көл де, көңіл де толмайтын көбік сөзге көміліп қалмай, нақты іске көшетін сәт келді демекші едік.

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Жарас КЕМЕЛЖАН 24.06.2022, 09:06
Серікқали Брекешевті киіктің киесі ұрады
Марат ТОҚАШБАЕВ 23.06.2022, 14:00
Германия неге соғыс ашты?
Жарас КЕМЕЛЖАН 23.06.2022, 09:23
Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 23.06.2022, 09:20
«Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 22.06.2022, 08:33
Тоғжановтың қиялы...
Күлтегін БЕК 21.06.2022, 08:30
Тоқаев мінез танытты...

Аңдатпа


  • Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
    23.06.2022, 09:23
  • «Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
    23.06.2022, 09:20
  • Ертең «мың ұлысты Қазақстан» боп тұрмайық
    23.06.2022, 09:11
  • Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
    22.06.2022, 08:36
  • Тоғжановтың қиялы...
    22.06.2022, 08:33