Болашағы бұлыңғыр басылым, тасада қалған ұлттық жоспар

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

25.08.2021, 09:17

2999

«Жас Алаштың» өткен нөмірлерінің бірінде біз биылдан бастап аудандық, қалалық әкімдіктердің меншігіндегі газеттердің аукцион арқылы сатылып жатқанын жазған едік. Тақырыпқа тағы да айналып соғуға тура келіп отыр.

Былтыр желтоқсанда үкімет қаулысымен бекітілген  «2021-2025 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарына» сәйкес жүріп жатқан газеттерді жаппай сату науқаны аяқталуға жақындап қалды. Түркістан облысында басылымдардың дені жекеменшік қолға өтіп қойды. Бәс саудасында газеттердің нарқы 63 миллион теңгеге дейін көтерілді. Дәлірегі – Қазығұрт аудандық «Қазығұрт тынысы» басылымы аукционда 63 миллион 242 мың теңгеге сатылды. Біз сөйлескен бас редактордың орынбасары Дидар Бегалиевтің айтуынша, газеттің қымбат сатылуына редакция меншігінде 38 сотық жерінің  болуы әсер етіпті. Жер аудан орталығы Қазығұрт елді мекенінің орталығында базарға жапсарлас жатыр. Сатып алған жергілікті  кәсіпкер. Шамасы, ол осы жеріне қызыққан сияқты. Әйтпесе, редакцияның отырған ескі ғимараты, бұзылып тұрған көлігі, азды-көпті мүлкі онша қымбат тұрмаған. Ал газеттің ендігі тағдырының не болары бір Аллаға ғана аян.  

– Нарықтық жағдайда газет өзін-өзі ақтамайды. Ертең шығын көбейіп кетсе, құрылтайшылар редакцияның штатын қысқартып тастауы мүмкін. «Пайда жоқ» деп,  газетті мүлдем жауып тастаса да таңғалмаймыз. Ал мемлекеттік тапсырыс ұдайы бола бере ме, жоқ па? Қысқасы, дәл қазір келешегіміз бұлыңғыр, – деді Д.Бегалиев.

  Облыс орталығы Түркістан қаласында жарық көретін бірден-бір басылым – «Түркістан» газеті де сатылды.

–Газеттің бар мүлкі – жиһаздары мен оргтехникасы 1 миллион 700 мың теңгеге бағаланды. Осы шығармашылық ұжымды сақтап қалып, ары қарай жұмыс істей беру үшін аукционға өзім жеке тұлға ретінде қатыстым, – деді басылымның бас редакторы Мәлік Дәулетов.

       Бұдан бөлек, жергілікті екі кәсіпкер де бақ сынап көріпті. Сауда-саттық қызып кетсе керек, газет 10 миллион 400 мың теңгеге сатылған. Енді Мәлік Дәулетов бір айдың ішінде осы қаражатты төлеуі  тиіс. Одан әрі не боларын уақытында көре жатады.     

Арыс қалалық «Арыс ақиқаты» газеті 1,6 миллион теңгеге саудаланды.  Басылымның бас редакторы Әбдімәлік Ағыбайдың айтуынша, сауда-саттыққа өзінен бөлек, екі кәсіпкер қатысуға ниет білдірген екен. Алайда кәсіпкерлер газеттен ешқандай пайда түспейтінін түсінген соң, бас тартыпты.

–Аукционның қорытындысы бойынша газетті өзім сатып алдым. Ендігі мақсатымыз – жұмысты бұрынғысынша жалғастыра беру, – деді бас редактор.

Шардара аудандық «Өскен өңір» газеті, Бәйдібек аудандық «Алғабас» газеті де сатылды. Созақ аудандық «Созақ үні» газеті, Түлкібас аудандық «Шамшырақ» газеті, Мақтаарал аудандық «Мақтаарал» газеті сенімгерлік басқаруға берілген.  Кентау қалалық «Кентау шұғыласы» газеті аукционға енді қойылып жатыр. Өзге аудандық, қалалық газеттердің тағдыры да бірер аптаның көлемінде шешіледі. 

Бір нәрсе анық – сатылудан редакциялардың ешқайсысы ұтқан жоқ. Соңғы жылдары газеттердің жағдайы онсыз да мәз емес болатын-ды. Күнкөріс тендерге байланған. Оның өзі де көп емес.  Сонда ұтқан қазынаға азды-көпті тиын-тебен түсірген мемлекет қана болып тұр. Есесіне, редакциялар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлықтың бәрінен қағылды. Өйткені бұған дейін көптеген газеттер мемлекет меншігіндегі ғимаратта отырып келген-ді. Жекеменшік қолға өткен соң, олар ғимаратты босатып беруі керек немесе жал ақысын төлеуі тиіс. Себебі әкімдік енді жекеменшік мекемеге ешқандай артықшылық жасай алмайды.

Әрине, газеттердің жекешеленуі де өмір заңдылығы шығар. Алайда халықтың көзі мен құлағы әлеуметтік желі болған заманда басылымдарға деген сұраныстың төмендегені рас. Бірақ бұл осымен бәрі бітті, деген сөз емес. 80-90 жылдық тарихы бар газеттердің рухани салада ешқандай ықпалы, орны қалмады деуге болмайды ғой. Ең бастысы, жаппай сату өңірлік деңгейдегі журналистиканың дамуына кері әсерін тигізеді. Яғни жоғалтатын дүние бар. Бірақ пайданы тек ақшамен өлшейтін  үкімет  қолда барды сақтап қалуға онша құлықты болмай тұр.

Осы орайда, былтыр сәуірде үкімет қаулысымен «Ақпарат саласын дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған ұлттық жоспарының» қабылданғаны еске түседі. Журналистер қауымы осы жоспар бір жаңалық әкеледі деп үміттенген еді. Алайда оның соңы сұйылып кеткен сияқты.

Ұлттық жоспар бойынша өңірлік БАҚ-тарды қолдау үшін  мемлекеттік тапсырыстар берудің тәсілдері қайта қаралатын болған. Тендерде сараптамалық-талдау материалдарына көбірек орын беру жоспарланған. Басылымдарды таратуда  пошта тарифін төмендету, осы қызметтерді тікелей және жанама субсидиялау шараларын қолға алу көзделген. Алайда ұлттық жоспардың қабылданғанына бір жарым жылға жуықтады. Өзгерген ештеңе жоқ. «Осындай бір жоспар қабылданған еді», деген үкіметті де көрмедік.  Бұл, сонда, неғылған немқұрайдылық?!

Тегтер: басылым қазақ басылымдары мәселе қоғам жергілікті билік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұртаза ҚЫДЫРНИЯЗОВ 03.12.2021, 08:48
Қауіп қайдан?!
Махамбет САПАРМҰРАТОВ 01.12.2021, 09:20
Жауапкершілікке шекесінен қарайтындар ел мүддесіне қызмет етпейді
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 30.11.2021, 09:00
2,5 миллиард теңге кімнің қалтасында кетті?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 25.11.2021, 09:00
Теңгесінде тұрақ, үкіметінде естір құлақ жоқ елдің жайы не болмақ?!
Көпжасар НӘРІБАЕВ 23.11.2021, 14:20
Желтоқсанның себебі мен салдары
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 16.11.2021, 09:03
Ұрпаққа келгенде үкімет те керең, әкім де сараң

Аңдатпа


  • 14 мыңнан аса сотталушы босатылады, Сенат рақымшылық заңын қабылдады
    02.12.2021, 15:50
  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00