Бөтен

Дос КӨШІМ

02.09.2021, 08:43

6584

Біреулерді, оның ішінде, халыққа танымал адамдарды сынап, мінеп жазу әдетімде жоқ. Бірақ Олжас Сүлейменов туралы бірнеше рет қолыма қалам алуға тура келді. Барлығына, Олжас ағамыздың қазақ халқына, оның құндылықтарына деген пікірлері, ұстанымы ғана себеп болды. Ең бірінші рет мені таңғалдырған мәселе – Олжас ағамыздың атын шығарған «Адамға табын, жер, енді!» деген шығармасы болатын. Мен онда мектеп оқушысымын, кеңестік пафоспен жазылған шығарманың аты ұнамады. Қазақ халқы жерді анаға балап, «Жер-Ана» деп атайтынын бәріміз білеміз, сондықтан «Анаға біз табынуымыз керек емес пе, неліктен анамыз бізге табынуы керек?» деп  таңғалғаным есімде.

       Екінші жағамды ұстатқан жағдай 1991 жылы болды. Қазақстан коммунистік партиясы орталық комитетінің мүшесі болған ақынның компартия атауын өзгертіп, өздерін-өздері жабуына бір ай толмай жатып, мүлдем жаңа партия құрғанын және соның басшысы болғанын түсіне де, қабылдай да алмадым. Әлі есімде, сол уақыттағы бір мақалама «Не Олжас ағамыз компартияның мүшесі болып жүргенде, іштей олардың бағытымен келіспей, демократ болып жүрген, не болмаса, қазір ешқандай «Халық конгресінің» жетекшісі емес,  жасырынып жүрген коммунист болуы әбден мүмкін, себебі адам бір айдың ішінде өзінің саяси көзқарасын өзгертіп, басқа бағыттағы жаңа саяси партияны басқаруы мүмкін емес», деп жазғанмын. Айта кету керек, бұл пікір сол уақыттағы бір сәтте шапандарын ауыстырып киген бұрынғы компартия басшыларының барлығына да арналған болатын-ды.

     Азаттыққа қолы жеткен қазақ халқы ғасырларға созылған отаршылдықтың салдарынан және сол отаршылдық саясатты басқа тәсілдермен одан әрі қарай жалғастырған тоталитарлық кеңес жүйесінің зорлықпен жүргізілген ұлтсыздандыру саясатының нәтижесінде жойылып кете жаздаған ұлттық құндылықтарын қайта жаңғырту кезінде Олжас ағамыз тағы бір қырынан көрінді. Оның Ресейдің ұлыдержавалық саясатын қолдау бағытындағы ой-пікірлері қазақ азаматтарын таңғалдырды, ашу-ызасын тудырды. Әрине, әр адамның жеке пікірі және сол пікірді айту құқығы бар. Бірақ танымал адамдардың пікірлері қоғамдық көзқарас тудырады, ал қоғамдық көзқарас не өзгерістерге, не сол пікірді қолдаушылар мен оған қарсылардың арасындағы жарылысқа, одан әрі кетсе жаулыққа алып келеді. Сондықтан да танымал тұлғалар аузына келгенін қойып қалмай,  әр сөзін байыппен зерделей отырып, ой елегінен өткізіп айтады. Немесе қоғамды екіге жару үшін арнайы арандату мақсатында «айтып қалады».

         Олжастың және соған ұқсаған, кеңес кезінде аты шыққан, өздерін зиялы санайтын тағы басқа жандардың бейнесі – барлық кезеңдерде, барлық халықтарда бар ең трагедиялық көрініс. Өз басым бұларға аяушылықпен қараймын. (Баяғыда Н.Масанов деген тарихшы болды. Ол да «Қазақстанда ұлттық мемлекет құрып жатыр, орыс тілінен айырылсақ – біткеніміз» деген сияқты сөздерді айтудан жалықпайтын. Бірде соған қазақ ұлтшылдарының бірі: «Нұрболат, сен қанша күшенсең де, орыс бола алмайсың. Орыстар сенің мына қарабұжыр түріңді көріп, ешқашан қатарларына қоспайды. Ал қазақтар сені қарғайды. Сен бейшара болып далада қаласың», – дегені бар). Олар орыс мәдениетімен сусындап, сол халықтың салт-дәстүрімен тәрбиеленіп, ең аяныштысы, қазір де өзінің балаларын сол бағытта тәрбиелеп жатқандар.

        Өмір өзгерді, қоғамдық бағыт басқа жаққа бұрылды, бірақ олардың өзгергісі келмеді. Сондықтан бізге, біздің ұстанымымызға, қазақтың мақсат-мүддесіне БӨТЕН болып қалды. Орыстандыру салдары өтіп кеткен Қазақ елінде мұндай адамдар өте көп және күндері өтіп бара жатқанын жақсы түсініп, жандары шығып, шу көтеруге әрқашан дайын. Ең қызығы, бұлар «мен орыстанып кеттім ғой, қазақ мәселесіне араласпайын» демейді, қазақ тілін толық меңгермей, балаларын орыс тіліндегі мектептерге бере отырып, «қазақ тілі – әлсіз, оның әдістемесі – тиімсіз, латын графикасы – түсініксіз» деп сын (!) айтады, қазақ тарихын, ономастиканың негізгі заңдарын білмей тұрып, «елдің, жердің аттарын қазақшалау ақымақтық», қазақ ұлтының салт-дәстүрінен мақұрым бола отырып,  «орыс мәдениетіне ештеңе жете алмайды» деп өзеурейді. Қысқасы, соқыр көргенінен жазбайды.

       Әрине, бәрі бірдей емес. Қазақ тілін меңгере алмаса да, ұлттың болашағы үшін «таза қазақтардан» артық жанын беруге дайын азаматтар да жетерлік. Бірақ екінші топ – таза мәңгүрттердің саны да аз емес, олардың мүмкіндіктері де ауқымды. Олар қазақтықты жақтырмайтын басқа ұлт өкілдерінен де қауіптірек, себебі өздері мәңгүрттеніп кеткен қазақтардың ми қыртысында қазаққа деген, жалпы, қазақ мәселесіне деген қарсылық жатыр. Бұл «міне, бізге осындай надан ұлттан құтылуға тура келді, сондықтан орыстанып кеттік» деген іштей ақталу да болар. Лениннің «Обрусевшие инородцы всегда пересаливают по части истинно русского настроения» деген сөзі де осыларға арналған. (Айта кету керек, сол уақыттағы саяси термин бойынша «истинно русское» деген сөз «қаражүздік» деген мағына берген. Қаражүздіктер – орыстың қарулы, басбұзар әсірешовинистеріне берілген атау). Бір сөзбен айтқанда, орыстанған қазақтар орыс шовинизмі жөнінде орыстардың басбұзар ұлтшылдарынан да асып түседі. Олжас ағамыздыкі – осы ғана.

       Меніңше, осыдан отыз жыл бұрын қызу пікірталастан өткен, талай газет беттерінде, дөңгелек үстелдерде талқыланған, дәлелденген, нүктесі қойылған мәселені қайта көтеру – не ақымақтың, не арандатушының ғана іс-әрекеті. Әрине, орыстілді адамдар үшін Қызылорданың «Кзылорда», Алматының «Алма-Ата», Қарағандының «Караганда» болғаны дыбысталу жағынан ыңғайлы. Бірақ олар өздерінің Ресейде немесе Кеңес Одағында өмір сүріп отырмағанын ұмытып кеткеніне таңғаласың. Олжас ағамыздың айтуына қарағанда (қаланың атын өзгертудегі басты дәлелі), «… самое полнозвучное из них лишились двух открытых гласных. И ударным стал закрытый, заднеязычный полугласный звук, непроизносимый в большинстве развитых языков мира». Бұл, менің ойымша, ана тілін қорлаудың, оны төмендетудің ең анайы көрінісі. Егер «көптеген өркениетті елдердің тілінде айтуға келмесе», туған тіліңді, төл дыбысыңды қолданбау керек екен. Күлесің бе, жылайсың ба? Демек, ақын ағамыз бұл – Қазақ елі екенін, қазақ тілінің – мемлекеттік тіл екенін, сондықтан қазақ тіліндегі ономастикалық атаулардың қазақ тілінің заңдылығымен берілетінін білмейтін сияқты. Бұл көне түркі тілі мен орыс тілін бір адамдай  меңгерген ақынның пікірінен гөрі орыс тілінің күні өтіп бара жатқанын көріп, іші күйген адамның дәлелсіз байбаламына ұқсайды.

     Олжастың тағы бір «ренішіне» көңіл бөліп кеткім келеді: Ол кісі «… нельзя отказываться от улицы имени Луи Пастера, одного из спасателей миллиарда людей» деген пікір айтады (дәл сондай ойды кезінде Н.Назарбаев та айтқан болатын). Әрине, әлемдік деңгейдегі атақты жандар жеткілікті, олардың барлығы құрметке лайық. Алайда Алматыда 2000-дай ғана көше бар екенін ұмытпалық. Егер біз Алматының көшелеріне Архимедтен бастап, барлық әлемдік тұлғалардың аттарын берсек, Абайдың атын беретін көше қалмайтыны анық. Әр ел өзінің тұлғаларына, өзінің ұлыларына көше атын береді. Бұл әлемдік тәжірибе. Айтпақшы, ақын ағамыз «Алма-Атаны»  орыстілді нұсқа деп, тағы шатасыпты.

         1921 жылы Верныйды басқарып отырған бір қазақ большевигінің діни бағытта, қасындағы «Әулиеатаға»  ұқсатып қойған «Алма-Ата» деген атауды көптеген адамдар әлі күнге дейін қала атының орыстілді нұсқасы деп ойлайды екен. Қысқасы, «Алма-Ата» – қаланың орысша атауы емес (Бір затқа, бір құбылысқа т.т. бір ғана атау беріледі. Орыстандыру кезінде отар болған елдің ономастикасын жойып, жер-су аттарын орыстандыру үшін қазақ атауларын «орысшалау» жұмыстары жүргізілген болатын. Соның салдарынан бізде әлі күнге дейін «Өскемен – Устькаменогорск», «Орал – Уральск» т.б. ономастикалық атаулардың орысша нұсқасы бар. Орыстанған билік оларды әлі күнге дейін ауыстырмай, көздің қарашығындай қорғап отыр), «Бекет ата», «Шопан ата», «Қошқар ата» деген сияқты исламдық компоненті бар атаудың бірі. Білместік пе, надандық па, исламдық па, әлде қазақтың «ы» дыбысын айтуға тілі жетпеді ме, әйтеуір, Олжекең де осылардың қатарынан табылыпты.  

        Кез келген мәселеден сабақ ала білуіміз керек. Мен үшін Ожастың «Алма-Атаны» қайтару туралы бастама көтеруі – Ресейдің «Қырым – біздікі!» деген ұранымен бірдей.  Бұны бөтеннің көзқарасы емес, жаудың пікірі деп қабылдаймын. Бірақ ренжімеймін. Бөтен адамның пікірін «бұл бейшара, басқа ұлттың адамы, қазақ туралы не біледі дейсің» деп қабылдаймын. Ал жауыңның айтатыны да, істейтіні де – жаулық. Енді қандай сабақ аламыз дегенге келейік.

        Біріншіден, компартия басшылары, солардың идеологиясын таратушылардың «бұрынғылары» мен естері кіріп, өзгергендері болмайды екен. Біздегі компартияның орталық комитетінің біреуі – демократиялық мемлекет жасаймыз деп, авторитарлық жүйені қалыптастырса, енді біреуі – орыс шовинизмінің етегінен ұстап айырылмай жүр. Соны көргенде компартияның бұрынғы жетекшілерін тәуелсіздіктерін алған мемлекеттің қызметіне қабылдамау туралы заң қабылдаған кейбір елдерге еріксіз риза боласың.

        Екіншіден, талант пен азаматтық – екі бөлек мәселе. Әрине, қазақ халқының тарихында талантты жандардың барлығы халықтың сөзін сөйлеп, шындық үшін шырылдап, өмірлерін құрбандыққа беретін. Халық талант иелерін (Ақан сері, Жаяу Мұса, Махамбет, Балуан Шолақ, Мәди, Абай, Шәкәрім т.т.) сол турашылдығы мен ұлтына берілген жүректері үшін құрметтейтін. Олар сол заманның «оппозициялық пікір айтатын» жандары болды. Кеңес Одағының алғашқы кезеңінде де зиялы қауым, Алаш арыстары ұлттың туын көтеріп, халықтың жыртысын жыртты. Оларды атып, жауып құрта алмаған жүйе Жазушылар одағын, Творчество үйлерін ашып беріп, кітаптарын шығарып, марапаттарға қарық қылып, сол тәсіл арқылы жел қайдан соқса, соның ығына қисаятын таланттарды дайындап шығарды. Демек, талантты Құдайдың беретіні, ал азаматтықты тәрбие мен қоғамның тезі қалыптастыратыны да рас.

Үшіншіден, қазақтықтан кеткен адамдардың қазақ мәселесіне араласулары қоғам үшін де, ұлт үшін де өте қауіпті құбылыс екен. Африканың мумба-юмба тайпасының тамаша ақынының қазақ тілі не болмаса ономастикасы туралы пікірін білдіруі қаншалықты орынсыз болса, орыстанған қазақтардың қазақ мәселесіне пікірін білдіру соншалықты қисынсыз, соншалықты ақымақтық. Орыстанып, тілі мен дінін, ділін ұмытқан жандарды кемсіту не болмаса құқықтарын шектеу ойымда жоқ, тек бізге, қазақтілділерге, ақыл айтуларының ыңғайсыз екенін түсінетін уақыт жеткенін білулері керек деп ойлаймын.

Тегтер: саясат пайым пікір мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұртаза ҚЫДЫРНИЯЗОВ 03.12.2021, 08:48
Қауіп қайдан?!
Махамбет САПАРМҰРАТОВ 01.12.2021, 09:20
Жауапкершілікке шекесінен қарайтындар ел мүддесіне қызмет етпейді
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 30.11.2021, 09:00
2,5 миллиард теңге кімнің қалтасында кетті?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 25.11.2021, 09:00
Теңгесінде тұрақ, үкіметінде естір құлақ жоқ елдің жайы не болмақ?!
Көпжасар НӘРІБАЕВ 23.11.2021, 14:20
Желтоқсанның себебі мен салдары
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 16.11.2021, 09:03
Ұрпаққа келгенде үкімет те керең, әкім де сараң

Аңдатпа


  • 14 мыңнан аса сотталушы босатылады, Сенат рақымшылық заңын қабылдады
    02.12.2021, 15:50
  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00